Тұқымдық қызылша өсіру. Бірінші жылы өсірілген және тұқым алу үшін сақтауға қойылған тамыржемістер аналықтар, немесе тұқымдықтар деп аталады.
Тұқымдық қызылша өсірудің негізгі тәсілдері фабрикалық қызылша өсіру технологиясына жақын. Тұқымдық қызылша егістерін фабрикалық бірге ауыспалы егістің сәйкес танаптарындағы құнары жоғары учаскелерге орналастырады.
Өсіру жағдайлары тамыржеміс өнімінің артуына ғана емес, оның тұқымдық өнімділігі мен алынатын тұқымның өнімдік сапасына үлкен әсер етеді.
Тұқымдық қызылшаны қатараралықтары 45,0 см етіп жақсы агротехникалық мезгілдерде себеді.
Тұқымдық қызылша өсірудің басты ерекшелігі өсімдіктерді өте жиі орналастыру – гектарға кемінде 140-160 мың өсімдік. Оған қатардағы өсімдіктерді жақын орналастырумен қол жеткізуге болады. Кәдімгі қатараралықпен сепкенде қатардағы өсімдіктердің ара қашықтығы 14-16 см аспауы керек. Тұқымдық қызылшаның өте біркелкі орналасуына нүктелеп себетін тұқым сепкіштермен жетуге болады.
Тұқымдық қызылшаны жинау мерзімінің маңызы зор.
Ыстық мерзімде ерте жиналған тамырлар тез солып қалады және шоқалап сақтауда зең басып кетеді. Ерте жинауда да «қыңырлар» саны көбейеді. Сондықтан тұқымдық қызылшаны мүмкіндігінше тәуліктік орташа температура 6-8°С дейін төмендеп тұрақты салқын түскенде, бірақ үсік ұруға дейін жинаған дұрыс.
Тұқымдық қызылшаны жинау үшін пышағы алынған қызылша комбайнын пайдаланады. Онда қызылшаны қазу мен жерден суырып алу толық механизацияланады. Қазып алынған тамыржемісті топырақтан тазартады және бүршіктерін зақымдамай жапырақтарын кесіп тастайды. Тек орталық бүршікті ғана қалтырып, қалғандарын біркелкі жетілу мен тұқым өнімі арту үшін кесіп тастауға да болады.
Тазалау кезінде ауру, бұтақтанған және зақымданған тамыржемістерді алып тастайды. Тазаланған тамыржемістерді уақытша жауып қояды да жалпы өнімді жинауды бітірісімен қыста сақтайтын жерге алып кетеді.
Тамыржемістерді шоқалап немесе ені 70 см (екі тамыр ұзындығы), тереңдігі 75-90 см, ұзындығы өз ыңғайына қарай қазылған жерде сақтайды. Шоқада тамырларды қабатпен, тегіс қатарлап қояды. Тамырлар өзара жанаспас үшін тамырдың әр қатарын 3-4 см қабатты топырақпен жабады. Шоқаның үстін қатып қалудан сақтау үшін топырақпен жауып тастайды, қыста қар жетіспейтін жағдайда шоқаны қосымша көңмен жабады. Жақсы сақталу үшін қажет температура 3-4°С.
Қызылшаның тұқым өнімі топырақтың құнарына тікелей байланысты. Сондықтан тұқымдық тамыржемістерді жақсы алғы дақылдардан кейін орналастырады, органикалық және минералдық тыңайтқыштар береді. Оған ең жақсы алғы дақыл тыңайтылған сүрі жерден кейінгі күздіктер мен дәндібұршақтар.
Көктемде тамыржемістерді отырғызғанда жергілікті органикалық-минералдық тыңайтқыштарды гектарына мынандай мөлшерде береді: көң 5-6 т, N - 15-20 кг, Р2О5 -30-40, К2О - 10-15 кг. Одан басқа жертаған жапырақтанғанда гүлсидам пайда болар алдында 20-30 кг-нан толық минералдық (NРК) тыңайтқыштармен өсімдіктерді үстеп қоректендіреді.
Тамыржемістерді отырғызуға дайындауға - алдынала (5-6 күн бұрын) шоқадан оларды аршып алу, шіріген, ауру және мүрік тамырларды алып тастау, үйіндіде оларды ояту, немесе жылумен өңдеулер жатады.
Тамыржемістерді дала жұмыстарының бірінші аптасында отырғызады. Тұқымдықтарды отырғызуды кешіктіруге болмайды, 10-14 күнге кешігуден тұқым өнімі 25% төмендейді. Тамыржемістерді алдын-ала белгіленген танап жерлеріне топырақ бетінен 2-3 см төменге тігінен отырғызады. Тамырдың қоректену алаңы 4900 см2 (70x70) болғанда 1 га жерге 20,4 мың тамыр орналасады.
Өсімдікті күтіп-баптаудағы көп рет кесе-көлденең қопсытулардан басқа, гүлдеу алдында гүлсидам өркендердің бас және бүйір бұтақтарын қырқудың топырақты қопсыған және таза күйде ұстап тұрудың маңызы зор. Жаппай гүлдеу кезеңінде өсімдіктерді қосымша тозаңдандырудың да атқаратын рөлі ерекше.
Қант қызылшасы тұқымының пісуі, гүлдеу сияқты бірдей емес. Гүлдеудің біркелкі еместігі тұқымдық егісті жинауды қиындатады, онымен қоймай піскен тұқымдар тез шашылады. Піскен бұтақтарды таңдап кесу, көп қол еңбегін қажет етеді. Бірақ тұқым орылған бұтада да пісіп-жетілетіндіктен тұқымдық егісті жаппай оруды ерте мезгілде, барлық тұқымның үштен бірі піскенде лафетті және аспалы дестелегішпен жүргізіледі. Тұқымның піскендігінің белгілеріне тұқым тізбесінің қоңырлануы, тұқым жарығының ұн сияқты болуы жатады.
Тұқымдықтың орылған бұталарын қалыңдығын 30 см етіп бостап баулайды да қатарлап қойып кептіреді.
Соңғы кездері тұқымдықты дестелеу тәсілімен жинау қолданыла бастады.
Тұқымдықтарды жинау алдында кейде химиялық заттардың (магний хлораты, натрий хлораты, кальций цианамиді) әлсіз ерітінділерімен жапырақтарды түсіру (дефолиация) және тамырында тұрған өсімдікті кептіру (десикация) үшін егісті өңдейді. Бұл тұқымдық егісті комбайнмен жинауға мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |