Топырақ өңдеу жүйесі. Қант қызылша танабы тереңге жыртылуы тиіс, өйткені өсімдік қуатты тамыр жүйесін қалыптастыруы және микробиологиялық үрдістердің белсенді жүруі, ылғал мен қоректік заттар қорының жиналуы топырақты өңдеуге тікелей байланысты.
Қант қызылшасы танабының топырағын өңдеу - негізгі (сүдігер) және тұқым себер алды өңдеулерден тұрады. Сүдігер тарту алғы дақылдар мен топырақ-климат жағдайларына байланысты. Ол негізінен танапты арам шөптерден тазартуға жене топырақта ылғал мен қоректік заттар жинауға бағытталуы тиіс.
Топырақты негізгі өңдеуге - аңызды сыдыра жыртудан және тереңге сүдігер тартудан тұрады. Аңызды мүмкіндігінше ерте сыдыра жырту үшін қант қызылшасын егуге арналған танаптағы сабандарды жиналған астықтармен бірге алып кету керек.
Сыдыра жыртуды 10-12 см тереңдікке дискілі немесе түренді сыдыртқыштармен, сүдігер тартуды - мүмкіндігінше ерте, 30-32 см тереңдікке шолақ түренді соқамен атқарады.
Жинаудан кейін жылы ауа райы ұзақ болатын жағдайда жақсартылған топырақты жартылай сүрілеп өңдеу жүйесін пайдалануға болады. Мұндай топырақты өңдеу жүйесі арам шөптермен тиімді күресуді және топырақта көп ылғал мен қоректік заттардың жиналуын қамтамасыз етеді.
Суармалы жерлерде алғы дақылдар өнімін жинағаннан кейін танаптарға жеңіл түрде тегістеу жүргізеді, сонан соң гектарына 1000-1200 м3 мөлшерде жырту алдында суарады. Егер қант қызылшасы дәнді дақылдардан кейін егілетін болса, оларды жинағаннан кейін артынша суару жүргізіледі. Аңызды: 7-10 см, содан соң 12-14 см тереңдікке сыдыра жыртып тыңайтқыштарды топыраққа сіңіреді. Сүдігер 28-30 см тереңдікке тартылады.
Тұқымды себер алды өңдеу - сүйреткісі бар тісті тырмамен (екі ізбен) тырмалау және 5-6 см тереңдікке себер алды қопсыту мен тырмалаудан тұрады. Топырақты себер алды дайындауда гектарына 4 кг мөлшерінде эптам гербициді қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |