Егісті күтіп-баптау.
Қант қызылшасының топырағы бос және арам шөптерден таза болуы керек. Тұқымды сепкеннен 3-4 күннен кейін арамшөптер және топырақ қабыршақтарымен күресу үшін жеңіл тырмаға шынжырлы сүйретпені тіркеп көк шыққанға дейінгі тырмалау жүргізеді. Шынжырлы сүйретпе тырмалағанда пайда болған жалдарды тегістеп өтеді. Топырақ қабыршағын бұзуға ротациялық шабықтауыш қолданады.
Қызылшаның көгі пайда болғаннан кейін қатараралықтар топырағын қопсыту, арам шөптерді жою үшін таяз (4-5 см) өңдеу-шабықтау жүргізеді. Нағыз жапырақтың бірінші жұбы пайда болғанда өскіндер қатарына көлденең бағытта қопсытқыш салып оларды сиретеді. Қопсытқыштың табан-пышақтары қатарды (20-23 см ені) қиып өтіп, ұзындығы 23-25 см болып келетін жеке шоқтар қалдырады. Сонан соң шоқтарды қолмен айырып, әрқайсында екі жақсы жетілген өсімдік қалдырады. Бірнеше күннен кейін шоқтарды қайта тексеріп, қате қалдырылған және жаңадан пайда болған өсімдіктер мен арам шөптерді жұлып тастайды. Сөйтіп 1 м қатарда 5-6 өсімдіктен қалдырады. Жинауға дейін қант қызылшасының 1 га орналасқан жиілігі 90-100 мың болуы керек.
Еліміздің қант қызылшасын өндіретін негізгі аймақтарында үлкен алқаптарға арнап еңбек шығынын азайтатын өсіру мен жинаудың жаңа технологиясы қолданылуда. Жаңа технологияның ерекшелігі арнайы тұқым сепкішпен бірөскінді, іріктелген, өнгіштігі жоғары тұқымды нүктелеп себу. Сонымен қатар өсімдіктерді сирету толық механизмнің көмегімен атқарылады. Бірөскінді сорттарды нүктелеп сепкенде тұқым қатарға бірдей арақашықтықта егіледі (1 м қатарға 25-35 тұқымнан). Себумен бірге тыңайтқыш беріліп, топырақ нығыздалады.
Толық қосқұлақ сатысында нағыз жапырақтардың екінші жұбы томпайып біліне бастағанда өскіндерді сирету мақсатында қатарға көлденең торлы тырмамен немесе қатарды бойлай УСМП-5,4К өскін сиреткішін қолданып жаппай қопсытады, Бұл жағдайда қолмен сирету болмайды, ал арамшөптерді отау аракідік жасалынады.
Бірінші сиретуде – қатардың 1 метрінде 7-8 өсімдік қалдырылады. Қажет жағдайда 4-5 күн өткеннен кейін осы агрегаттармен қатарға 45° бұрышпен екінші тырмалауды жүргізеді, сонан соң қатардағы өсімдіктердің орналасуын бір тексеріп, арамшөптердің қалғанын қолмен жұлып тастайды.
Қант қызылшасының вегетация кезендерінде қатараралықтарды 3-4 рет қопсытып үстеп қоректендіреді және бойы биік арам шөптерді бір-екі рет отайды. Қызылша жинайтын комбайндардың жұмысын жақсарту мақсатында жинар алдында қатараралықтарды қопсытуға болады.
Қант қызылшасын суармалы жерлерде өсіргенде сиретуден кейін үстеп қоректендірумен бірге суаратын арықша тартып барып суарады. Оны вегетация кезінде 6-7 рет суарып, артынша қопсыту жүргізеді. Әр суару мөлшері 700-900 м3/га.
Егіс алқабында зиянкестер мен аурулар байқалысымен улы химикаттармен (40% БИ-58, 25% Арриво және т.б.) өңдеу жұмыстарын жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |