Антика тарихнамасы – бұл антика дәуірінде жазылған, грек және латын тілдеріндегі тарихи шығармалар. Бұл кезеңнің хронологиясы б.з.д. 1000 жылдан – б.з. 500 жылға дейінгі уақыт аралығын қамтиды.
Көне грек тарихнамасы.Алғашқы кезде тарих көркем прозаның жанры ғана болды. Оның пайда болған жері – грек мәдениетінің орталығы кіші азиялық Иония, яғни Милет. Логогра́фтар (грек сөзі логос – сөз, графо – жазамын) деп аталатын бұл топ екі бағытқа бөлінді. Бірі – тарихшылар, екіншілері – сөз жазатындар. Бұлардың екі дәуірінің болғандығы белгілі. Аға ұрпағы – ҮІ–Ү ғасырлардың алғашқы жартысы. Кадм Милетский, Гекатей Милеский, Скилак.
Бүгінгі ғылымға белгілі ең алғашқы жазушы әрі әдебиетші – Кіші Азиядағы Милет қаласының тұрғыны Пандион баласы Кадм.Шамамен біздің дәуірімізге дейінгі ҮІ ғасырдың басында дүниеге келген. Өмір сүрген уақыты да, оның өмірбаяны да бізге беймәлім.
Византияда Х ғасырда жазылған Суда сөздігінде (Suidae Lexicon 1854 жылы грек тілінде жарияланған) оның төрт кітаптан тұратын «Милет және жалпы Ионияның пайда болуы» деп аталған шығарма жазғандығы айтылады. Финикия әліпбиін алғаш Грекия еліне әкелгенде осы Кадм екендігін де осы деректен оқимыз. ІХ–Х ғасырдағы болгар жазушысы Храбрдың «Сказание о письменах .....» деген шығармасында Кадмның грек әліпбиінің 16 әрпіне 3 әріп қосқаны жөнінде мәлімет бар.
Тарихта Кадм есімді бірнеше адам болған сияқты. Жоғардағы деректе 12 кітаптан тұратын «Аттика тарихын» жазған Архелай баласы Кадм туралы айтылады. Бұлардың қайсысы бұрын өмір сүргендігі тағы белгісіз. Орыстың 1890–1907 жылдары жылдары жазылған 82 томдық Брокгауз Ф. А. және Ефронның И.А. энциклопедиясында грек әдебиетінде бұларға дейін прозамен жазылған шығармалардың болмағанды айтады.
Милетте туған екінші бір автор Гектай. Шамамен б.д.д. 550 – 490 жылдары өмір сүрген. Көне грек тарихшысы, әрі географы. Геродоттың рухани әкесі, оған дем беруші.
Оның заманы – гректердің парсыларға қарсы соғыстарының заманы. Гектай барлық саяси оқиғаларға қатынасқан адам. Тіпті парсыларға елші ретіндегі қызметі де тарихта қалған.
Бізге белгілісі оның «Шежіре» және «Әлемге саяхат немесе Жердің сипаттамасы» деп аталатын екі шығармасы. Оның өзі толық сақталмаған. Тек одан кейінгі авторлардың оған сілтемесі арқылы белгілі болып отыр.
Гектай алыс жерлерге саяхат жасаған, Африкада болған. Оның географиялық шығармаларында Азия, Африка және Европа елдеріне сипаттама береді. Ол елдердің табиғаты, өзен–көлдері, тұрғындары жөнінде мәлімет береді. Әлемнің картасын жасауға тырысқан, Анаксимандра картасын толықтыра-ды. Бізге дейін оның 300 фрагменттері жаткен. Әсіресе Африка жөнінде толық мағұлымат беруге талаптанады. Оның пигмей тайпасы туралы жазғандары осы күнгі этнограф–зерттеушілерді қызықтырары анық. Көне Мысыр жерінде абыздарға өзін құдайдың 16-ұрпағымын деп таныстырады. Әрине олар бұған сенбейді, бірақ оның тегін адам еместігін түсінеді.
Оның біздің пәнімізге жақын «Шежіре» еңбегінде өзіне белгілі әулеттерді тарихи оқиғалармен байланыстырады. Мұнда ол аңыз–әңгімелерді, географиялық атауларды қарапайым скептицизм тұрғысынан қарастырмай, рациональді түсіндіруге тырысады. Яғни, Гектай ондай шығармаларға тарих дерек ретінде қарады деп айтуға толық мүмкіншілігіміз бар. Өкініштісі шығарма бізге толық жеткен жоқ, фрагменттерін Геродот өз еңбегін жазу барысында пайдаланғаны белгілі.