ПублийКорнелий Тацит (б.э. 50–120 жылдар аралығы) атақты шешен болды. Оның негізгі тарихи еңбектері «Тарих» (14 кітаптан 1–4 кітаптар және 5 кітаптың басы сақталынған) және «Анналдар» (16 кітаптан бізге 1–6, 11–16 кітаптар жетті) деп аталды. Бұлардан басқа «Агри́кола», «Германия», «Шешендер туралы диалог» еңбектері бар.
Жас уақытында әртүрлі мемлекеттік қызметтерді атқарған. Сот ісіне араласып, сенатор болып, мемлекеттік қызметтің ең жоғарғы деңгейі консулдыққа дейін өскен. Өз заманындағы саяси құбылыстарға көңілі толмай, көрген–білгендерін, санасына тоқығандарын қағазға түсіріп кетуге тырысқан.
Осындай мақсат қойған Тацит деректерді мұқият қарастырып, келешектегі кітабы үшін материал жинай бастайды. Әсіресе соңғы он жылдың оқиғаларын ол жіпке тізген моншақтай етіп, түсінікті, жинақы фразаларды пайдалана отырып, шығармасын латынның классикалық әдебиетінің жақсы дәстүрінде жазып шығады.
Антикалық тарихшылардың ішінде Тацит деректерді пайдалануда шеберлігімен көзге түскендердің бірі. Өкініштісі, ол өз дерек көздерін қайдан алғандығын айтпайды. Зерттеушілердің пайымдауынша ол саяси памфлеттерді, заңнамалық актлерді, Рим қайраткерлерінің естеліктерін кеңінен пайдаланған. Өткен тарихи оқиғаларға қатынасқан тұлғалармен кездесіп, олардан ақпарат алған. Тацит деректерді сол күйінде өз шығармасына кіргізбейді. Реті келсе оларды бір–бірімен салыстыру әдісін пайдаланады. Қорыта айтқанда Тацит тек өз заманының ғана белгілі тарихшысы емес, оның шығармалары осы күнге дейін өз маңызын жойған жоқ.
Рим тарихнамасының соңғы өкілі – Аммиан Марцеллин.Шамамен 330–395 жылдар аралығында өмір сүрген. Оның өмірбаяны жөніндегі мәлімет тым мардымсыз. Тегі жағынан Кіші Азиядағы гректер отбасынан болуы керек. Рим–парсы соғыстарына қатынасқан, Рим империясының батыс бөлігінде мемлекеттік қызметте болған.
Оның жалғыз еңбегі «Әрекет» (Деяния) латын тілінде жазылған. Кейде кітаптың аты «Рим тарихы» деп те аталады. Француз, итальян тілдеріндегі нұсқалары да қазақшаға аударғанда «тарих» деген мағынаны білдіреді. Бізге дейін жеткен бөлігі Рим тарихының 353–378 жылдар арасын қамтиды.
Алғашқыда еңбек 30 кітаптан тұрған. 96–378 жылдардағы Рим тарихы баяндалған. Бірақ бізге жеткені тек 18 кітабы ғана. Автор оқиғаның хронологиясын сақтай отыра, аналитикалық әдісті пайдалана отыра баяндайды.
Бірақ, Аммиан антикалық авторлардың дәстүріндегі тарихи экскурс әдісін де ұмытпайды. Кітаптың тақырыбына байланысы жоқ Рим империясының географиялық, этнографиялық сипаттамасын береді. Жер сілкінісі, күннің, айдың тұтылуы сияқты табғат құбылыстарына тоқталады, әскери машиналар, мерует тастар, діни–философиялық ойлар, тағдыр туралы, келешекті болжау мүмкіншіліктері т.б. с.с. мәселелер сөз болады.
Аммиан Марцеллин антика дәуірінің соңғы авторы. Сондықтан ол өзіне дейінгі авторлардың еңбектерін толығынан пайдаланды. Бірақ ол көбіне өзі пайдаланған дерек көздеріне сілтеме жасамайды. Оның шығармасына негіз болған авторларды шартты түрде екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа аты аталған авторлар, екіншісіне аты шығармада көрсетілмегендер кіреді.
Дәстүр бойынша ол өз шығармасына белгілі қайраткерлердің сөйлеген сөздерімен хаттарын да пайдаланған. Олардың саны – 3 хат, 12 сөз. (Парсы патшасы II Шапур менимператор Констанци арасындағы хаттар, Констанци мен Юлианның жазысқан хаттары, Констанци, Юлианның сөздері).
Осыған қарамай, антика заманының тарихшылары нақтылы материалдар жинап, оларды талдаудан, сараптаудан өткізіп тарихты білімнен ғылымға айналуына жақындады. Грек–Рим авторларының еңбектерінде Қазақ жеріндегі саяси–экономикалық жағдай жөнінде де деректер кездеседі.