29. Ахмет Ясауидің дінге және түркі мәдениетіне қызметін көрсетіңіз Ясауи ілімі трансформациялық-трансляциялық тәсілдер арқылы өз болмысын көрсететін дәстүрлі түркілік дүниетанымның аксиологиялық-мазмұндық түлеуіне алып келді. Бұл процесс ислам дінінің дәстүрлі түркілік дүниетанымдық кеңістігіне тарауы, сол мәдениет негізінде қалыптасқан мифологиясына, аңыз-әңгімелері желісіне, жыр дастандарына, қандық-туыстық шежірелеріне, жалпы мәдени құндылықтары негізінде жаңа рух, жаңа кеңістік бере білуімен қоса қабат жүріп жатты. Бұл түркілік дүниетанымдық құндылықтар мен тұғырлардың мазмұндық жағынан түлеуіне әкеліп соқты. Бұл рухани түлеу, санадағы жаңғыру құбылысы көшпелілердің табиғатқа, қоғамға, әлемге, адамға деген көзқарасының көкжиегін кеңітті. Бұл “көзқарас көкжиегі” түркілер үшін Ясауи ілімімен сомдалып, өзіндік ойлаудың жаңа теориялық-практикалық, этико-психологиялық саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік құндылықтар жүйесінің қалыптасуына ықпал етті. Сондықтан бүгінгі қазақ болмысының мәніндегі мазмұн исламдық өркениеттік тұғыр Ясауи ілімі арқылы трансформацияланған деуге ғылыми тұрғыдан толық негіз бар. Ясауи мәдениеті ислам дінінің ішкі (батини) мәні, рухани психотехникалық этикалық кемелденудің өзіндік әдістемелік қағидасы мен ережелері қалыптасқан дәстүрлі түркі сопылық ілімнің қазақ түсінігіндегі, діни танымындағы көрінісі. Осы мәдениет кешегі жетпіс жылдық қызыл империяның темір құрсаулы қыспағынан құтылып, ғылыми атеизмнің көздеген «синтезі» мен көрігінен ерімей аман сақталды. Қазақ өз болмысынан алыстамай, ұлттығы мен дәстүрлі тарихи сабақтастығынан қол үзіп қалмайынша Ясауи мұрасы мен мәдениеті тіршілігін жалғастыра береді. Кешегі коммунистік режим тарихтағы калам мен суфизмнің «улама мен суфилердің» қақтығыстары мен түсініспеушіліктерін зерделеп, өте нәзік ұсталықпен өз мүдделеріне пайдалана білді. Жалпы ориенталистика шығысты аңдып, сырттай бақылап өте арзан әрі оңай олжа қылып келген. Бұл мәселе тарихтан белгілі. Мұндай әрекет бүгін де басқа формада жалғасын табуда. Сондықтан егер біз өткенімізден тағылым, тарихтан сабақ алуды үйренгендей болсақ, онда «Сіз, біз деген халайықтан қаштым мен» деп ескертіп кеткен Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың аманат-өсиетін жадымызда сақтап, кеңпейілділікпен, төзімділікпен өзіміздің біртұтас қазақы мәдениетімізді зерделеуде, зерттеуде өте мұқият әрі сергек болуды сезінгеніміз абзал. Қазіргі таңда қоғамымызда аруақ, әулие, сопылық зікір арқылы қалыптасқан қазақ мұсылмандығын исламға жат дүниетанымдағы жеке ағым ретінде көрсету белең алып барады. Қазақтың дәстүрлі діни түсінігін сынап, оның негізгі ұстанымдары мен идеяларын жоққа шығару әрекеті Құран мен хадис шеңберінде жүріп жатыр. Яғни, діни танымдағы әрбір ұғым, категория, символдар мен тұғырлардың Құранда орын алған-алмағандығы негізгі өлшемге айналды. Бұл жерде тек салафилер ғана емес, исламдағы барлық ағымдар өздерінің негізгі өлшемі ретінде Құранды таниды. Қазақ мұсылмандық түсінігінің негізінде ілім жатыр. Сонымен «Менің хикметтерім Құран мәні» – деген Ясауи ілімі, мәдениеті тарихи санада жатыр. Қазақ мұсылмандығы да Ясауи мәдениеті арқылы Құранға негізделген. Өкінішке орай, бүгін оны мақсатты түрде басқаша түсіндіріп, танытуға тырысушылық тенденциясы жоқ емес. Бұған қоғамдағы дін мәселесі, діни таным мен ғылыми таным арасындағы үйлесімділік пен тепе-теңдіктің болмауы себеп болса, екінші жақтағы, яғни бүгінгі қазақ мұсылман өкілдерінің өздерін қоғамға тиісті дәрежеде түсіндіре алмауы және олардың Ясауи мәдениетін жетік меңгермеуі де осы құбылыстың басты компоненті дер едік. Бұқаралық ақпарат құралдарының дін мен саясат арақатынасына немқұрайлы қарауы және дінді жекелеген топтардың құралына айналдыруы да негізгі фактор. Әлемдік жаҺандық құбылыспен бірге келе жатқан исламофобия, террорлық әрекеттің дінге, исламға негізделуіне көзжұмушылық, түсіне алмаушылық сияқты психологиялық кедергілердің барлығы жалпы алғанда діни танымға тіреліп отыр. Сопылыққа, әулие түсінігіне қарсы шығу деген Ясауиға, бүкіл тарихымызға, мәдениетімізге, сайып келгенде, қазақ халқының тарихына қарсы шығу болып табылады. Өйткені, Ясауиден бастап Асан Қайғы, МәшҺүр Жүсіпке дейінгі қазақ даналары сопылық мәдениет негізінде ой толғады. Бұл – қазақтың дәстүрлі мұсылмандық түсінігінің айнасы – сопылық философия деген сөз. Бүгін салафилік бағыттағы, яғни дәстүрлі ханафи мазхабын мойындамайтын жаһандық саясаттың құралына айналған миссионерлер қазақ мұсылмандық түсінігіне, оның ғасырлар бойы жинақталған, болмысқа айналған түсінік танымын жоққа шығарып бағуда. Бұл дегеніңіз, зардабы кешегі коммунистік идеология жүргізген ұлтсыздандыру саясатынан да асып түсетін қасірет. Бұлар қазақты бүгін ғана мұсылмандықты қабылдаған ел сияқты көрсетіп, өздерін таза ислам атынан, кей жерлерде Алланың атынан сөйлеп, халықты қалыпты діни сенімі мен танымынан бездіруге жұмыс жасауда. Демек, олар қазақтың сан ғасырлық тарихы мен діни тәжірибесін жоққа шығаруды мақсат еткен. Бұл нағыз революциялық тенденция. Ал исламның рухында революция емес, эволюция ғана бар екендігін салафилер сезінбейді. Тек өздерінің танымын ғана тықпалай береді. Еркін сұхбатқа емес, психологиялық қысымға негізделген рухани экспанциясын жүргізіп отыр. Олардың ойынша, қазақтың мұсылмандық түсінігі пұтқа табынушылық екен. Демек өздерін жоғары санап, біздің таным түсінігімізге менсінбеушілік пен сыйламаушылықтарын ашық айтуға батылы жетіп жүр. Бірінші сын, ғибадаттың формасы мен мәніне байланысты, яғни ғибадаттың формасын анықтайтын да, ғибадат етілетін де тек бір Алла ғана. Бұған дау жоқ.Рас, ислам негізі бойынша адамзат баласы Алланы ұлықтау, оған табыну үшін жаратылды. Әр дінде Аллаға табыну формасы әр түрлі. Исламда табыну формасын уақытын ритуалдық негіз ретінде анықтаған Мұхаммед пайғамбар болатын. Қазақтар бұл ғибадат феномені шеңберінің сыртына шыққан емес. Ғибадаттың формасы мен уақытын сол күйінде қабылдайды, шариғатты негізге алады. “Алладан басқа табынар ештеңе жоқ” (Ла мағбуда илла Алла) деп зікір салды. Ғибадаттың мәні мен маңызын, мақсаты мен негізгі идеясын терең түсінеді. Олардың рухани жаттығулары ғибадатқа барар жолдағы рухты әр түрлі кедергілер мен алаңдаушылықтан арылтудың тәсілі ғана. Әрбір зікір, сама, жүректі шынайы ғибадат етуге дайындап, Алла мен адам арасындағы байланыс тірегін күшейтудің құралы, әдістемелік жүйесінің тұғырлары. Екінші сын, сопылық пайғамбардың сүннетіне, формасына, шариғатқа сәйкестігі немесе қайшылығы: мысалы: зікір салу (Алла, Алла, ху, ху) өлең, ракс, сама, шаң, рубаб – бұларды күнәҺарлық деп қарайды. Бұлар бидғат, яғни дінге кейіннен енген жаңашылдық. Енді Алланы еске алу, зікір, салу мәселесіне келейік. Зікір салу Құранда бар. Хадисте бар. Зікір туралы аят көп: Құранның жеті атының бірі – зікір. “... Азықтың ең абзалы – зікір. Қажылықта да мені еске алыңдар”. “Аталарыңызды еске алғандай мені еске алыңдар”, “Қауіптен құтылғаныңызда сізге білмегендеріңізді үйреткен Алланы еске алыңдар”, Жер мен Көктің жаратылуы, күн мен түннің ауысып келуі туралы отырса да, жүрсе де, жатса да Алланы еске алғандар, көк пен жердің жаратылысын терең ойлағандар. “Ей, Жаратушымыз, сен бұларды мәнсіз мақсатсыз жаратпадың. Сен ұлысың. Бізді тозақтың азабынан сақта деген көңіл иелері үшін айғақтар бар”. Демек зікір, Алланы еске алу Алланың бұйрығы. Шариғатта бар деген сөз. Ал енді ислам тарихында би, музыка харам деушілер болған. Бүгін олардың сындары мен міндері құнсызданған. Себебі, бүгін дін ғылым ретінде өткенге қарағанда әлдеқайда дамыды. Экзистенция философиясы, дін феноменологиясы мен психологиясы әр құбылыстың танымы, ұстаным мен мұратын анықтай алатын сатыға көтерілді. Әрине, діни таным табиғаты жағынан күрделі әрі уақыт пен кеңістік, дүниетанымдық мәдени көпқабаттылықты да өз ішінде қамтиды. Сондықтан ислам ешқашан музыканы жатсынбаған. Исламда музыка өмірдің өзі. Жаратылыс сол музыкадан басталған. Исламда, әлемде музыканың теориялық және философиялық теорияларын қамтитын зерттеулерді Әбу Насыр әл-Фараби атамыз жасағаны белгілі, бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Ясауидің музыкалық тұжырымы тікелей әл-Фарабидің саз философиясына негізделген. Ракс – ритуалдық би, сама діни әуен тыңдау – Алланы еске алудың, рухани шабыт шақырудың әдістері ғана. Ал әдіс ешқашан мұрат болмаған. Суфи ұғымы пайғамбар дәуірі кезінде және одан бұрын да болған. Ал осы ұғымның ішкі мәнін толтырған ислам болды. Суфилік Құранмен көктеп, дамыды, тамырын Құраннан алды. Бұған талас болмау керек. Әрбір мәдениет бір жағынан өзінің қасиетті кітабымен тікелей байланысты. Батыс мәдениетінің негізінде Інжіл болғаны сияқты, ислам мәдениетінің негізінде Құран бар. Ислам философиясы, мәдениеті мен өркениетінің ең маңызды қыры болып табылатын сопылықтың негізгі іргетасы – Құран. Сопылықты тарихи процесс ішінде сараласақ, ішінара басқа мәдениет, дүниетанымдармен байланыста болған. Бірақ, сопылық жолындағылар үшін ең бастысы әрі маңыздысы Құран Кәрімнің бұйрығы, көрсеткен жолы мен ұсыныстары. Сондықтан Құран мұсылмандар үшін мәні мен маңызы, орны мен рөлі бірінші орында тұратын Алланың каламы, сөзі (логос). Сопылықтағы Құранның әсері де өзге ислам ғылымдары сияқты ең басты және ең маңызды фактор болып қала береді. Жалпы сопылыққа сын айтушы салафилер кешегі коммунистік идеологияның желісінде оның исламға үйлеспейтін қырлары көп дейді: Қазақ мұсылмандық түсінігінде Алла мәні жағынан бар жерде, ал салафилер бұл түсінікті Құранға сәйкес емес деп таниды. Бұл сынға Құран аяттарымен жауап берер болсақ: “Көкте де, жерде де – Тәңір – Алла”. 43/84. Бұдан басқа Алланың ал-Ахир, ал-Захир, ал-Аууал, ан-Батин және т.б. есімдері бар. Осыған қарап-ақ жоғарыдағы сынның негізсіз екендігін көруге болады. Қазақ мұсылмандық түсінігінде Алла бұл әлемді Мұхаммед үшін жаратты. Ал салафилер болса, бұл түсінікті де Құранға сәйкес келмейді деп таниды. Оған жауап ретінде айтарымыз, Алланың өзі Мұхаммедті адамзаттың тәжі десе, әлемді Алла адам үшін жаратса, адамзат үшін рахмет ретінде жіберілген Мұхаммед пайғамбар болса, бұл сөздің Құранның мәніне сәйкес келмейтін ештеңесі жоқ. Алла, бұл дүние де, о дүние де маған тән (ал-Лайл, 13). (Зариат, 56) – Мен жындарды, адамдарды маған құлшылық етсін деп жараттым. Салафилер қазақ мұсылмандық түсінігіндегі әулиелерге құрмет, молаларды қастерлеуі, өлікке ескерткіш орнатуы, тұмар тағу – олардың исламға әкелген бидғаттары деп қарайды.