Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар қызметiнің үлгілік қағидалары 1. Жалпы қағидалар 1. Осы Үлгілік қағидалар әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзете қолдау көрсеткіштерін белгілеу, білім беру оқу бағдарламаларының түрін айқындау және білім беру ұйымдарына жіберу мақсатында ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың психофизикалық бұзылыстарын диагностикалауды жүзеге асыратын психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар (бұдан әрі - ПМПК) қызметiн ұйымдастыру тәртiбiн анықтайды.
2. ПМПК - арнайы бiлiм беру ұйымы болып табылады және облыстың, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкiмдерінің шешiмiмен 60 мың бала тұрғынға арналып ашылады.
3. ПМПК өз жұмысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларының орталық атқарушы органдарының нормативтік құқықтық актілерін және өзге де нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады
4. ПМПК ұйымдастырушылық-құқықтық нысандағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк мекеме ретінде мөрi және мөртаңбасы, сондай-ақ белгiленген үлгiдегi маңдайша жазуы болады.
2. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар қызметiнің тәртібi
5. ПМПК-ның негізгі міндеттері:
1) туылғаннан 18-гe дейiнгi балалардың, оның ішінде психофизикалық жағдайларының скринингі нәтижелері бойынша денсаулық сақтау ұйымдары, ата-аналардың (заңды өкілдерінің) келісімімен психологиялық-педагогикалық консилиум бойынша білім беру ұйымдары жіберген ерте жастағы балалардың психологиялық-медициналық-педагогикалық тексеру;
2) ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеу және оқыту мәселелерi бойынша олардың ата-аналарына (заңды өкілдеріне), білім беру ұйымдарының педагогтарына кеңестік көмек көрсету, психологиялық-педагогикалық консилиумдардың қызметіне қатысу;
3) әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау көрсеткіштерін айқындау;
4) ерекше білім беруге қажеттілігі бар баланың білім беру бағдарламасының түрін анықтау;
5) ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың есебін жүргізу және олардың арнайы білімдік және әлеуметтік қызмет көрсету қажеттілігі туралы есебін қалыптастыру;
6) психофизикалық бұзылыстары бар балаларды тереңдетіп тексеру, емдеу үшiн, оның ішінде мүгедектігі жөнінде, денсаулық жағдайына байланысты үйде оқыту қажеттілігі туралы, басқа медициналық және әлеуметтік қызметтерді алу бойынша сұрақтарды шешу, мақсатында ұйымдарға жолдау;
7) баланың жай-күйiнiң өзгеруiне байланысты қажет болған жағдайда бұрынғы ПМПК-ның қорытындысы мен ұсыныстарын растау, нақтылау және өзгерту;
8) білім берудің басқару органдарына арнайы және инклюзивті білім беру ұйымдары желісін дамыту және ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға әлеуметтік, білім беру және медициналық қызмет көрсету жөнінде ұсынымдар енгізу;
9) ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды уақытында анықтау және түзеу-педагогикалық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау және әлеуметтiк қорғау ұйымдарымен бiрлесе жұмыс iстеу.
6. ПМПК қажетті медициналық және психодиагностикалық құрал-жабдықтары бар жеке ғимаратта ашылады. ПМПК жиһазбен, кiлемдермен, компьютерлiк техникалармен, электрондық байланыстармен, автокөлiкпен қамтамасыз етіледі.
7. Балалардың ПМПК-ға жіберілуі ата-аналарының (заңды өкілдерінің), білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, қоғамдық ұйымдарының бастамасымен ата-аналарының (заңды өкілдерінің) келісімі арқылы жүзеге асырылады.
ПМПК-ға балаларды қабылдау алдын ала тіркеу бойынша ата-аналарының (заңды өкілдерінің) бірге ерiп келуiмен жүзеге асырылады.
Көлік болған жағдайда ПМПК-ның мамандары ауыр психофизикалық бұзылулары бар балаларды үйлеріне барып қарайды.
8. Тіркеуші балаларды консультацияға алдын ала жазу, тіркеу және құжаттамаларды есепке алу жұмыстарын жүзеге асырады.
Статист ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың есебін жүргізіп, олардың саны мен қажеттіліктері туралы жиынтық есебін құрастырады.
9. Диагностикалық тексеру мен консультация беруді төмендегі мамандар жүзеге асырады:
1) педагогикалық қызметкерлер (психолог, мұғалім-логопед (логопед), дефектолог (олигофренопедагог, сурдопедагог, тифлопедагог), әлеуметтік педагог;
2) медициналық қызметкерлер (невропатолог-дәрігер, психиатр-дәрігер, офтальмолог-дәрігер, оториноларинголог-дәрігер (сурдолог).
10. Бірінші тексеруге анамнез жинау, тексерудің барлық түрі, баланың психофизикалық жағдайын бағалау, ата-аналарына (заңды өкілдеріне) кеңес беру кіреді. Бірінші тексеру 1-4 қабылдау барысында жүргізіледі. Қабылдаудың ұзақтығы бір сағат, баланың шаршауы жоғары болғанда 20- 30 минут.
11. Қайта тексеру ПМПК-ның жалпы қорытындысын нақтылау немесе өзгерту мақсатында жүргiзiледi, ең алдымен диагностикалық топтарда, диагностикалық оқу-түзеу сабақтарынан, бiлiм беру ұйымдарындағы сынама оқытудан кейiн интеллектуалдық немесе тілдік даму кемiстiгiнің деңгейiн нақтылау қажеттiгi болған жағдайда жүргізіледі.
12. Психикалық бұзылыстар (аурулар), психикалық және мінез-құлықтық ауытқушылықтары, соның ішінде психобелсенді заттарды қолдану салдарынан болған және де суицидалдық мінез-құлық болған жағдайда тереңдетілген тексерулер жүргізу үшін медициналық мекемелерге ұйымдарға жіберіледі. Психикалық бұзылыстар жөніндегі ПМПК қорытындысы әрекеттегі аурулардың халықаралық жіктемесіне сәйкес шифрленіп көрсетіледі.
13. Тексерулер нәтижелері негізінде ПМПК-ның жалпы қорытындысы қабылданады, баланың жеке психофизикалық ерекшеліктеріне қарай түзете-дамыта оқыту барысындағы білім беру бағдарламасының түрі жайлы жөнінде коллегиялық шешім шығарылады.
Қажет болған жағдайда медициналық, білім беру және әлеуметтік қызмет көрсету бойынша ұсынымдар қарастырылған оңалтудың жеке бағдарламасы құрастырылады, ата-аналарға (заңды өкілдеріне) кеңес беру іске асырылады.
14. ПМПК тексеру нәтижелерінің негізінде Арнайы білім беру ұйымдарына анықтау бойынша нұсқауға, ПМПК қызметiнің үлгілік қағидаларының 1-қосымшасына сәйкес ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалар білім беру ұйымдарына жіберіледі және білім беру ұйымдарына жолданған балалардың тізімін қалыптастырады.
15. ПМПК қорытындысы мен ұсынымдары ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды арнайы және жалпы білім беру ұйымдарына жіберуге негіз болады.
Дәрігерлік-консультациялық комиссиясының (ДКК) бала денсаулығы туралы анықтамасы үйде жеке тегін оқытуға негіз бола алады. Үй жағдайында оқытылатын баланың оқу бағдарламасының түрі (жалпы орта, арнайы) ПМПК қорытындысының негізінде анықталады.
16. Балаларға терең және динамикалық тұрғыда психологиялық-медициналық-педагогикалық көмек көрсету үшін ПМПК-да түзеу-диагностикалық топтар құрылады.