Мұғалім баланы тексерердің алдында ол туралы құжаттармен, медициналық-педагогикалық комиссияның (сарапшылардың) берген деректерімен танысып алу керек. Ең маңыздысы баланың өзі айналасындағы дүние болмыстарды бағдарлауын; оның кейбір қызметтерінің ерекшеліктерін және оның тұрақтылығын, саналылығын, нәтежиелілігін бағдарлай алатынын; оның сөйлеу тілінің ерекшелігін, білімі мен дағдысын анықтау керек. Мұғалім баланың арнайы мектепте қайда келгенін, жай мектепте қашан келіп, онда қанша жыл оқығанын және ол мектептің оқу бағдарламасын қандай қиындықтарға байланысты игере алмағаны жөніндегі мағлұматтармен тиянақты түрде танысу керек. Медициналық құжаттарды тексеріп қараған кезде есту қабілетінің, көруінің, қимыл ерекшеліктерінің және соматикалық (денесіндегі) ауруларының жағдайларымен танысады. Осы деректерді біліп-танысу бала мектепке келген күннен бастап оған қандай тәсілді қолданып ықпал етуді анықтауға жәрдем береді.
Мектепке келгеннен кейінгі алғашқы апталардың ішінде мұғалім балаларды бұрынғыдан толығырақ тексеріп, бала өзінің үй іші туралы және қанша жан тұратынын, олардың туыстық қатынастарын анықтайды. Баланың ата-анасына қалай қарайтынын, олардың қандай жерде, кім болып жұмыс немесе қызмет істейтінін қаншалықты білетінін анықтау қажет. Танысып білудің осы кезеңінде балалардың өсімдіктер, жануарлар, жыл маусымдары туралы қаншалықты және қалай білетінін, топтағы заттарды (көкөністер, жемістер, ағаштар, үй жануарлары және басқалары) және тектестердің құрамына кіретін заттардың аттарын (көкөніс, қияр, сәбіз, жуа, шалқан т.б) жалпы және жеке атаулы сөзбен қаншалықты атай алатындықтарын анықтайды, қарапайым талдау қорытындысының деңгейін көрсетеді.
Бұдан бұрын айтылғандай, оқу жұмысы жеке түрінде емес, сыныптағы сабақ үстінде бәріне бірдей жалпы жүргізіледі. Бұл көріністер әңгіме өткізу барысында айқындалады, мысалы, бейнелі сурет бойынша өткізілетін әңгімелер тақырыптары: «Жанұя», «Біздің отбасы», «Бақ», «Бақша». Мұғалім балалардың назарын бейнелі сурет бойынша өткізіліп жатқан әңгімеден олардың отбасы туралы әңгімеге оңай аударады. Ой-өрісінің ауқымын кеңейтетін қызықты әрі көңілді әңгіме саяхаттан немесе серуеннен қайтып келген соң жүргізіледі. Бейнелі суретті пайдалану оқушылардың табиғат
ғажаптарын және олардың түрлі құбылыстарын өз көздерімен көріп, қолдарымен ұстап байқауларына, естерінде жаңа бейнелердің тууына және оларды жадында тұрақты сақтауларына көмегін тигізеді. Осы мақсатпен бейнелі суреттердің жіктелуі бойынша жаттығулар (өзің білетін жануарларды, өсімдіктерді іріктеп ал; үй жануарларын бір жағына, жабайы жануарларды екінші жағына бөл, т.б), «Төртінші артық» ойынын жүргізуді ұсынады. Домино, лото сияқты үстелдің үстінде ойнайтын әр түрлі ойындарды қойылған мақсатқа бейімдеп пайдалануға болады.