Жақсыз сөйлемдердің түрлері. Жақсыз сөйлемдердің түр-түрі олардың
баяндауыштарына қарай айрылады. Олардың баяндауыштары көбінесе күрделі болады
да, мынадай құрамда жұмсалады:
1.-у, -мақ жұрнақты тұйық рай тұлғалы қимыл есімі мен керек сөздерінен
құралған баяндауышы бар сөйлемдер көбінесе жақсыз сөйлем болады: Бізге көбірек
оқу керек. Əркімге де тезірек өту керек. Бұл жұмысты тез қолға алу керек. Осы
мысалдардағыдай, керек сөзі бар жақсыз сөйлемдерді «жақты» етіп те айтуға болады.
2. Барыс септікті тұйық рай тұлғалы етістікке есімше, көсемше тұлғалы етістікке
бол етістігі көмекші болу арқылы жақсыз сөйлем жасалады. Тұқымды құрғатпай – ақ
себе беруге болады. Отырықшы дегендердің өздерін де көшпелі деп есептеуге болады.
Күрделі баяндауыш құрамында барыс септікті тұйық рай тұлғалы етістіктен кейін
тура келу көмекшісі айтылу арқылы да жақсыз сөйлем жасалады. Саған аздап
досыңның желігін басуға тура келер. Сендермен хош айтысуға тура келіп тұр.
4. Барыс септіктегі тұйық рай тұлғалы етістіктен болған күрделі баяндауыштың
құрамында мүмкін (мүмкін емес) сөзі айтылу арқылы да сөйлем жақсыз болады:
Сан жүзіндегі адамнан көшеде аяқ алып жүруге мүмкін емес еді. Əріне, мұндай
жағдайда маған мұнда оқытушы болып қалуға мүмкін емес еді.
Кейбір есімді сөйлемнің құрамында барыс жалғаулы толықтауыш болса да,
сөйлем жақсызға айналады. Мысалы: (Ол) жұмаққа бармақ шығар – Оған қайдағы
жұмақ!
5. Бірдеңені арман ете айтылатын күрделі баяндауышты сөйлемнің негізгі сөзі
келер шақтық есімше болып, одан кейін сұраулы –ма ме шылау жəне көмекші – е (ді,
дің) етістігі айтылып та жақсыз сөйлем жасалады.
Бұл сөйлемдерің баяндауыштарына кім шабар ма еді? Кім жатар ма еді? деп сұрақ
қойып бастауышын іздесек, онда мен, сен, ол, біз, сіз дегендердің бірі алдымызға
көлденең тартыла қалмайды. Олардың бірінің орнына кім болса сол, мен де, сен де, ол
да деген ұғым пайда болады да, ол тек ойда сақталып, көпке тəн мағыналық бастауыш
болады. Сол сияқты, Өзін барып көретін екен! -Əкем-ай, айтуға да ұят, айытпауыма да
болмай тұр деген сөйлемдер де – сондай жақсыз сөйлемдер.
Белгісіз жақты жəне жалпылама жақты сөйлемдер. Бірқатар сөйлемнің
граммтикалық бастауышы ерекше айтылмайды да, істелген іс-əрекет, əйтеуір, бір
белгісіз субъектілерге тəн болып ұғынылады. Мысалы: Қалпақты қыста киймейді,
жазда киеді деген сөйлем–жақты, бірақ бастауышы белгісіз. Осындай бастауышы
белгісіз – жақты сөйлемдер былай жасалады.
1.ІІІ жақ, ауыспалы шақ тұлғалы етістіктерден болған баяндауыштар осы шақтық
мағынада айтылу арқылы кейде бастауышы белгісіз сөйлем жасалады:
Ол жақта жылкының етін жемейді. Нарларды көбінесе жүкке пайдаланады.
2.Өткен, келер шақтық, 3 – жақтық тұлғадағы етістіктер не есімшілер баяндауыш
болғанда, сөйлемнің бастауышы белгісіз болуы мүмкін.
Оның ұлдарын, сүйікті ұлдарын, ертең əкеткелі отыр, - əкеткенде де біржола көз
көрмеске əкетпекші…
Кейде баяндауышы ІІ жақтық жіктік жалғауда айтылған сөйлемдердің
бастауыштары болмай, үш жаққа бірдей ортақ мағынада, жалпылауыш жақты сөйлем
болып жұмсалады. Қарағандының кешегі өткен күйін адам баласының көзі көрмесін.
Бұл сияқты жалпылауыш жақты сөйлемдер мақалды, мəтелді сөйлемдерде жиі
кездеседі. Жақсы жерде жатсаң, жақсы-жақсы түс көрерсің,
Жаман жерге жатсаң, жаман-жаман түс көрерсің,
Еңбек етсең, емерсің.
Толымды жəне толымсыз сөйлем. Сөйлем арқылы хабарланатын ойға қатысты
сөздер кейде түгел айтылып, кейде олардың кейбіреулері ғана айтылуы мүмкін.
Мысалы: Сырдың суы ышқынып ағады деген сөйлемде, ондағы ойға қатысты мүшелер
түгел айтылған.
Ойға қатысты мүшелері түгел айтылған сөйлем толымды болады да, ойға қатысты
мүшелері түгел айтылмаған олқы сөйлемдер иолымсыз болады.
Толымсыз сөйлемде тұрлаулы жəне тұрлаусыз мүшелердің бірі не бірнешеуі
түсіріліп айтылуы мүмкін Бірақ сол түсірілген мүшенің қай сөз екені алдыңғы
сөйлемнен, толымсыз сөйлемдегі басқа мүшелердің жалғауларынан, сөйлемдердің,
сөздердің өз ара қатысынан белгілі болып тұрады. Толымсыз сөйлемдер əсіресе сөйлеу
тіліне, солай болғандықтан, диалогтысөйлемдерге тəн:
Кім жазды?
Слесарь Лапшин.
Бұл екі сөйлемнің алдыңғысында не жазғаны айтылмаған. Слесарь Лапшин деген
сөйлемде анықтауыш пен бастауыш қана айтылған. Ал баяндауыш пен тура
толықтауыш ерекше айтылмаған. Сонда да өз ара сөйлеуші кісілерге де, оларды
оқушыларға да əңгіме не жайында болып отырғанын мына үзіндіден толық аңғаруға
болады.
Өз ара беттесіп сөйлескен кісілер арасындағы тілдестік қатынас толымсыз
сөйлемдерді өзінен - өзі түсінікті етіп тұрады. Ондайда сөйлемді толымды етіп айту
стильдік қате болады. Диалогты сөйлемдердің əрқайсысы жəне оларға берілетін
комментарий сызықшамен айрылып жазылады.
Дəметкен, мынаны қарашы… ойбай-ау, не бетімді айтайын, мына шіркін шашын
қырқып қойған ба?
Көйлегін қара!
Масқара!…
Мына біреу жалаң аяқ қой…
Тпа, бəлекет, өзіңмен кет!
Жасы келдіңіз, Мейрам Омарович! Іздеп отыр едік, -деді Щербаков.
Атаулы сөйлем. Енді бірқатар сойлемдер саралаған бастауыш пен баяндауыштан
құралмай, тек бастауыш ыңғайындағы созден, сөз тіркестерінен құралады. Түн. Клуб
толы адам. Музыка. Атаулы сөйлемдер, осындай, жеке сөзді не сөз тіркесін айрықша
сөйлемдік интонациямен айту арқылы жасалады.
Атаулы сөйлемдердің мазмұны осы шақтағы болмысты, құбылысты білдірумен
байланысты болады. Сондықтан олар өткен шақтағы оқиға, іс жайындағы ой болмайды,
көбінесе мезгілді, айналамыздағы табиғат құбылыстарын, заттардың сол заттық бейнелі
қалпын айтуға арналған болады. Ондай атаулы сөйлемдер көбінесе көркем əдебиетте,
табиғаттың суреті ретінде қолданылады. Олар жазушының тіліне ықшамды, көркемдік
нəр беріп, болмысты, жаратылысты суреттеудің ерекше стильдік тəсілі ретінде
жұмсалады. Айдала. Көлдің биік қабағы. Əлсіз жел. Күн батып барады.
Кейбір авторлар атаулы сөйлемдер қатарына кітаптың, мақаланың, өлеңнің,
əңгіме завод-фабрикалардың аттарын да жаткызады. Ол дұрыс емес, олар кобінесе,
жалқы есім, сөз тіркесі болады.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1.Хабарлы сөйлем дегеніміз не?
2. Сұраулы сөйлемнің жасалуында сұраулық шылаулардың қызметі қандай?
3.Бұйрықты сөйлем мен лепті сөйлемнің ұқсастығы мен айырмашылықтары
қандай?
4.Жай сөйлемнің қандай түрлері бар?
Пайдаланатын əдебиеттер
1.Аманжолов С. Қазақ əдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы. Алматы. 1992.
2. Əміров Р., Əмірова Ж. Жай сөйлем синтаксисі. Алматы. 1996
3. Балақаев М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Алматы. 1997
4. Балақаев М. Қазіргі қазақ тілі. Алматы. 1992.
5. Бектұров Ш.Қазақ тілі. Алматы. 2006
6. Cайрамбаев Т. Сөз тіркестері мен жай сөйлем синтаксисі. 1991.
ОҚШАУ СӨЗДЕР ЖƏНЕ ОНЫҢ ТҮРЛЕРI.
ЖОСПАР:
1. Қаратпа сөздердің сипаттамасы.
2. Қыстырма сөздер, жасалу жолдары
3. Одағай сөздер, ерекшеліктері.
Тірек сөздер: оқшау сөздердің түрлері, қаратпа, қыстырма, одағай сөздер,
қолданылу ерекшеліктері.
Сөйлем арқылы айтылатын ойға қатысты сөздер өз ара мағыналық жəне
грамматикалық байланыс негізінде тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелер қызметінде
жұмсалса, бірқатар сөздер мен сөз тіркестері сөйлемнің құрамына еніп, оның
мағынасын дəлдеуге қатысты болғанмен, сөйлемдегі басқа сөздермен синтаксистік
байланыста болмайды. Сондықтан соңғылар сөйлем мүшесі қызметін атқармай,
сөйлемдегі басқа мүшелерден оқшауланып айтылады. Мысалы: Жолдастар,
тынышланыңдар: Кел, балалар, оқылық! Дегендерде, жолдастар, балалар деген сөздер
сөйлемдегі өзге сөздермен жалпы мағыналық байланыста тұр, бірақ олармен меңгеру-
меңгерілу, қиысу, қабысу сияқты байланыста тұрған жоқ, олардан бөлектеніп шығып
тұр. Мұндағы жолдастар, балалар дегендердің айтылу əуені де басқаша.
Осылардай, сөйлемдегі сөздермен синтаксистік байланысқа енбей, олардан дауыс
ырғағы арқылы бөлектеніп айтылатын сөздер сөйлемдегі оқшау сөздер болады. Олар
оқшауланып айтылуына лайық, жазуда басқа сөздерден белгілі тыныс белгілерімен,
көбінесе үтірмен, бөлінеді.
Сөйлемдегі оқшау сөздер белгілі мүшелік қызмет атқармағанмен, сөйлем арқылы
айтылатын ойды дəлдеңкірей түсуде ерекше қызмет атқарады. Олар сөйлемге тигізетін
мағыналық əсеріне қарай жəне қандай сөздерден жасалуына қарай үшке бөлінеді:
қаратпа сөз, қыстырма сөз, одағай сөз.
Қаратпа сөз. Қаратпа сөздің сипаттамасы. Біреуге арналып айтылған сөйлем оның
кімге арналғанын білдіретін сөз не сөз тіркесі болуы мүмкін.
Қаратпа сөз диалогта, шешендік сөзде, үндеуде, поэзияда жəне түрлі хаттар мен іс
қағаздарында қолданылады. Осыларда олардың жұмалу мақсаты, мағыналары əр түрлі
болады. Айтылған ойдың кімге арналғанын, кісінің оған назарын аударумен қатар, олар
сөйлеушінің көңіл күйін, модальдықты, кісінің сезімін білдіреді. Ол үшін қаратпа
сөздердің мағыналары, тұлғалары, құрамы құбылып отырады. Шырағым, сен
абыржыма.
Қаратпа қызметінде жұмсалатын сөздер, көбінесе кісінің аты, фамилиясы, əкесінің
аты жəне кім? деген сұрақ қоюға болатын шырақ, нағашы, апа сияқты зат есімдер. Олар
бұл қызметте түбір күйінде, көптік, тəуелдік жалғаулы қалпында – атау септігінде –
жұмсалады:
Дəмелі, бақшаға барайық, - деді Рахмет.
Ақа, қозың бүгін түгел ме?
Түгел, қарағым.
Əй, Олжабек, бері кел.
Балалар, аманбысың, шырақтарым,
Майысып көлге біткен құрақтарым?
Отыра қал, тумалар,
Төңірегімді қаумап.
Қарағым, бермен кел, Бізге де көңіл бөл.
Қазақ тілінде біреуді жақсы көріп жылы лебіз білдіру үшін қаратпа орнына қалқам,
күнім, айым, сəулем сөздерін балама етіп айтады.
Көркем əдебиетте, əсіресе өлеңдерде, дала, Отаным, Қаскелең, өлең,домбыра
сияқты не? сұрағы қойылатын жансыз зат есімдер де жанды заттың баламасы ретінде
қаратпа сөз қызметінде жұмсала беріледі:
Тыңда, дала, жамбылды,
Тыңда, Қастек, Қаскелең,
Сөйлесін кəрі бауырың.
Кейде, əсіресе əрі сұраулы, əрі лепті сойлемдерде, қаратпа сөздер қайталақтап не
басқа сөзбен алмастырылып екі рет айтылуы мүмкін:
Бала, ай бала, қайдасың? – деді аттылы адам.
Ау, Барша, қарағым-ау, мұның қалай?
Қаратпа сөздер дара жəне сөз тіркесінен құралған күрделі болуы мұмкін.
Тəкаппар болып өскен терек, ақылың қысқа бойың ұзын!
Қаратпа сөз сөйлемнің басында келгенде, одан кейін үтірне леп белгісі қойылады.
Леп белгісі қаратпа сөз ерекше сезіммен, одан кейін пауза жасалып айтылганда
қойылады.
Жолдастар! Сөз ұйым бригадирі Асанға берілді. Қымбатты жолдастар! Жан
серігім-домбырам!
Қаратпа сөз сөйлем ортасында тұрғанда, оның екі жағынан, соңында тұрғанда, одан
бұрын үтір қойылады. Ризамын, балам, ризамын!
Егер бір сөйлемде одағай, қаратпа жəне қыстырма сөздер қатар келсе, олар да
үтірмен бөлініп жазылады. Е, сен, жаңылмасам, біздің қақпанға талай кездескен кəрі
қасқыр көрінесің!
Қыстырма сөз. Сөйлемде айтылған ойға, оның айтылу амалына жазушының,
сөйлеушінің қалай қарайтынын білдіретін сөздер болады. Мысалы: Көп білім алу үшін,
əрине, көп оқу керек.
Сөйлемдегі ойға, оның айтылу тəсіліне айтыушының қалай қарайтынын білдіретін
оқшау сөз кыстырма сөз болады.
Қыстырма сөздер сөйлемдегі басқа сөздермен байланыспай, белгілі сөйлем мүшесі
болмай, олардан оқшау тұрады. Қыстырма сөздер сөйлемдегі баса сөздерден
оқшауланып, ерекше интонациямен айтылады. Сондықтан басында келсе, үтір олардан
кейін, ортасында келсе, екі жағынан, сөйлемнің соңында келсе, олардан бұрын
қойылады. Мысалы: Бала, тым болмаса, шеге соғуды үйренсейші, кім біледі, бір
күндерде сол өнерінің де керегі болар, -депті.
Қыстырма қызметінде көбінесе, модальды сөздер мен модальдық ұғымды бар сөз
тіркестері жəне сөйлемдер жұмсалады.
Қыстырма сөздерді мағынасына қарай мынадай негізгі топтарға бөлуге болады: 1.
Кісінің көңіл күйін, сезімін білдіретін қыстырма сөздер: несін айтасың, бақтымызға,
амал қанша т.б.
2. Айтылған ойга нануды, жорамалдауды білдіретін қыстырма сөздер əріне,
əлбетте, рас, сөз жоқ, сірə, мүмкін, шамасы, расында , шынын айту керек, өзіңіз білесіз.
Əріне, еңбексіз ер де, жер де көгермейді.
3. Ойдың айтылу амалын, тəсілін білдіретін қыстырма сөздер: қысқасы, сайып
келгенде, былайша айтқанда, жалпы алғанда, демек, ендеше т.б.
4. Айтылған ойға басқаның не айтушының пікірі тұлғасынан қарағандықты
білдіретін қыстырма сөздер: сіздіңше, мен білсем, оның айтуына қарағанда,… айтуы
бойынша т.б. Мысалы: Менің айтып отырғаным, сіздіңше, дұрыс емес.
4.
Айтылған ойлардың өз ара қатынасын білдіретін қыстырма сөздер: бірінші,
екіңші(ден), ақырында, керсінше, сөйтіп.
Жоғарыда келтірілген қыстырма сөдер дегеніміздің бірқатары сөйлемдегі сөздерге
қатысына қарай кейде сөйлем мүшесі қызметінде де жұмсалуы мүмкін. Ондай да
қыстырма сөздер сөйлем мүшелерінен оқшауланып айтылмайды, сондықтан олар
үтірмен бөлініп жазылмайды.
Одағай сөздер. Одағай дегеніміз кісінің сезімін, көңіл күйін, еркін білдіретін,
дербес грамматикалық тұлғалары жоқ сөздер.
Одағай сөздер не жеке сөйлем ретінде не сөйлем құрамындағы оқшау сөз
кызметінде жұмсалады: Уа, қой, деймін, бала! Мə-ə-ə, онысы несі?! Ей, Сапақ, сен
тиіспей жайыңа жүр!
Одағайлар мысалдардағыдай, сөйлемдегі сөздермен синтаксистік байланыста
болмайды жəне белгілі сөйлем мүшесінің қызметінде жұмсалмай, олардан оқшауланып,
өзгеше əунемен айтылып, басқа сөздерден бөлек тұрады. Ондай сөздерге «одағай» деп
ат қойылуы да осыдан. Сол айтылу ерекшелігіне қарай, жазуда олардан кейін леп
белгісі қойылады не болмаса сөйлемдегі басқа сөздерден үтірмен бөлінеді.
Одағайлардың мағыналары əр əлуан болады. Мысалы, пай-пай, па, алақай кісінің
жанға жайлы сезімін білдірсе, ойбай, ту-у, қап деген одағайлар кісінің қорқыныш -
өкінішін білдіреді. Осындай, кісінің түрлі эмоциялық көңіл күйін білдіретін бір одағай
түрлі мағынада жұмсала береді.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1.Оқшау сөздерге жалпы сипаттама берің.
2.Қаратпа сөздердің қолданылу ерекшеліктері қандай?
3. Қыстырма сөздердің мағыналық топтары қандай?
4.Одағай сөздердің сөйлемдегі қызметі қандай?
Пайдаланылатын əдебиеттер:
1. Əміров Р., Əмірова Ж. Жай сөйлем синтаксисі. Алматы. 1996.
2. Балақаев М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Алматы. 1997.
3. Балақаев М. Қазіргі қазақ тілі. Алматы. 1992.
4. Томанов М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі қыстырмалар. Алм. 1983
5.А.Ысқақов Қазіргі қазақ тілі.Алматы. 1992ж.
6. Сайрамбаев Т. Синтаксистің кейбір мəселелері.Алматы. 1996
7.Томанов М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі қаратпалар. Алматы. 1984
ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМ ЖƏНЕ ОНЫҢ ТҮРЛЕРI.
САЛАЛАС ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМ.
ЖОСПАРЫ:
1.Құрмалас сөйлем туралы түсінік.
2.Құрмалас сөйлемнің жай сөйлемнен өзгешелігі.
3. Жай сөйлемдердің бір – бірімен құрмаласу тəсілдері.
4.Салалас құрмалас сөйлем.
5. Салас құрмалас сөйлемнің түрлері.
«Құрмалас» деген сөз практикалық тілде қолданылмайды, тек лингвистикалық
əдебиеттерде грамматикалық термін ретінде ғана қолданылады. Бұл термін – «құра»,
«құрау» деген сөздерден туған туынды сөз. «Құрмалас» деген сөздің мағынасы өзі атау
болған категорияның мазмұнына сай келеді. Өйткені «құрмалас» деп аталатын сөйлем
- екі немесе одан да көп жай сөйлемдерден құралатын құранды категория.
Функциялары жағынан алғанда, жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің бір – бірінен
ешқандай өзгешелігі жоқ: екеуі де ойды жарыққа шығарудың (рас, алдыңғысы жеке бір
ойды, соңғысы құрамды күрделі ойды), оны басқаларға білдірудің құралы. Жай сөйлем
мен құрмалас сөйлемнің бір – бірінен өзгешеліктері – олардың сыртқы құрылыстары
мен ішкі мазмұндарында.
Бұл өзгешеліктерді байқау үшін төменде келтірілген екі мысалды талдап көрейік.
Өзінің олақтығына ыза болған Сейіт ауылға қарай тез аяңдап кетті. Аяқ басысы
біржола түзеліп, тізесі бүгілмей, бөксесі боқшаланбай, көлеңке сымбатты да түзеле
қалыпты. Бұл мысалдың алдыңғысы–жай сөйлем де, соңғысы– құрмалас сөйлем. Құрам
жағынан алғанда алдыңғы жай сөйлем жеке сөздерге ғана, жіктеле алады. Сөйлем
мүшесінен күрделірек бөлшек оның құрамында жоқ. Ал соңғы құрмалас сөйлемді
алатын болсақ, ол əрқайсысы өз ішінен жеке сөйлемге жіктеле алатын төрт түрлі
сөйлемдік бөлшектерден құралған. Оның бірінші сөйлемі–аяқ басысы біржола түзіліп,
екіншісі сөйлемі-тізесі бүгілмей, үшіңші сөйлемі -бөксесі боқшаланбай, төртінші
сөйлемі - көлеңке сымбаты да түзіле қалыпты.
Сөйтіп, құрамы жағынан алғанда, жай сөйлемдер жее мүшелерден құралатын
болса, құрмалас сөйлемдер жай сөйлемдерден құралады.
Айтылмақшы ойдың көлеміне, контекске байланысты, жай сөйлем құрамындағы
сөз сапаның əр түрлі болып келетіні сияқты, құрмалас сөйлем құрамындағы жай
сөйлемдер саны да бір де аз, бірде көп болып құбылып отырады. Мысалы, жоғарыда
келтірілген құрмалас сөйлем құрамында төрт жай сөйлем болса, Ащылы шөптің
тұқымы да күшті, мал тез семіреді жəне ащыға семірген малдың еті де, сүті де тұщыға
семірген малдан күшті болады деген құрмалас үш жай сөйлемнен құралған.
Əдеби тіліміздің фактілеріне қарағанда, прозалық шығармаларда, құрмалас
сөйлемнің көп кездесетін түрлері – екі я үш жай сөйлемнен құралатындары. Ал
поэзияда тіпті он шақты жай сөйлемнен құралып, бір ғана құрмалас болып тұратын
шумақтар кездесе береді.
(1)Көктем келіп, (2) күн жылып,
(3) Тоң қақырап, (4) қар еріп,
(5) Гүлдірдеп өзінен сарқырап,
(6) айдын көлдер жарқырап,
(7) Қиқулап ұшып қалқылдап,
(8) Қараша қаз сымпылдап,
(9) Құстар қайтып келеді. (Жамбыл)
Бұл арада ескерте кететін бір нəрсе – құрмалас сөйлем мен жай сөйлемнің бір –
бірінен өзгешелігі – олардағы сөз санына байланысты емес. Көлемі, сөз саны жағынан
жай сөйлемнен əлдеқайда шағын болып кететін құрмалас сойлемдер жиі кездесе
береді. Мысалы: Бұл күнге дейінгі қазақ дəстүрінде жоқ бір мінездің тапа – тал түсте
атой бергеніне Игілік те қатты сүйсініп қалды. Түн ортасы боп қалды, бірақ Əсияда əлі
ұйқы жоқ. Бұл мысалдың бірінші сөйлемі көлемі жағынан соңғы сөйлемнен екі есе
үлкен. Бірақ соған қарамастан, құрмалас ол жай сөлем де, кейінгісі - көлемнің
шағындағына қарамастан, құрмалас сөйлем. Өйткені соңғы мысал əрқайсысы өзіне тəн
бастауыш, баяндауышы жəне басқа да тұрлаусыз мүшелері бар сөйлемдік бөлшектерге
жіктеле алады, ал мысалдың алдыңғы сөйлемінде ол қасиет жоқ. Бұл жағдай сөйлем
мен құрмалас сөйлемнің бір–бірінен құрамдық–структуралық өзгешелігінен мағыналық
өзгешелігі. Сонымен бірге, құрмалас сөйлем мен жай сөйлемнің бір–бірінен мағыналық
өзгешеліктері де болады.
Жай сөйлем қаншама жайылма болғанмен, ол жалаң бір ғана ойды білдіреді де,
құрмалас сөйлем өз ара байланысты екі немесе одан да көп жеке ойлардан құралған
күрделі ойды білдіреді. Құрмалас сөйлемге білдіретін аныктама да оның осы айтылған
мағыналық жəне жоғарыда көрсетілген структуралық белгілеріне негізделеді. Сол
белгілері тұрғысынан қарап, анықтама беретін болсақ, құрмалас сөйлем деп мағыналық
жағынан бір – біріне байланысты екі немесе одан да көп жай сөйлемдерден құралып,
күрделі ойды білдіретін сөйлемді айтамыз.
Құрмалас сөйлем жай сөйлемдерден құралады дегенге қарап, оны кез келген жай
сөйлемдердің кездейсоқ тіркесе салған тобы деп түсінуге тағы да болмайды. Құрмалас
сөйлем – компоненттері бір – бірімен органикалық байланыста, берік бірлікте тұратын
жəне біріне – бірі бағынышты, өз ара шарттас болып келетін күрделі мағыналық бір
бүтін болып табылады. Оның құрамындағы компоненттер сөйлем деп аталғандарымен,
əдеттегі дербес жай сөйлемдермен бір емес компоненттері интонациялық жағынан
тиянақсыз, аяқталған ойды білдіре алмайтын, бүтіннің бір бөлшегі ғана болып
табылады. Ол бөлшек өзі сияқты басқа бір бөлшектермен байланыста тұрғанда ғана бір
бүтін бола алады. Егер бұл бірліктері бұзылса–ақ, олар өздерінің алғашқы мəндерін,
құрмалас сөйлем құрамында тұргандағы мəндерін, жояды. Мысалы: Балапандар
қанаттағанша, дəуіт те қанаттанады деген құрмалас сөйлем–осы тұрған қалбалапандар
қанаттағанғанша деген болса, екінші жартысы–дауіт те қанаттанады. Бұл–екі
жартының бірігіп, бір бүтін болып тұрғандағы білдіретің мағынасы олардың жеке –
жеке тұрғандағы мағыналарындай, балапандардың немесе дəуіттің қанаттындығы
жайында емес, солардың қанаттануларының бір мезгілдің ішінде болатындығы
жайында. Ал бұл екі компоненттің бірлігі бұзылатын болса, осы негізгі мағына
жойылады.Сонымен біоге, əр компоненттің формалық жəне интонациялық
ерекшеліктері де өзгереді.
Тілдік категориялардың басқа да түрлері сияқты, құрмалас сөйлемдердің де өзіне
тəн қалыптасу, даму тарихы бар. Тілдік категориялар ішінде ойды білдіретін бірден –
бір көрсеткіш - сөйлем. Сөйлемге «біршама аяқталған ойды білlіреді» деп, анықтама
беретініміздің себебі де сол. Сөйлем мен ой бірі форма, екіншісі соның мазмұны
ретінде өз ара тығыз байланыста, берік бірлікте болатын категориялар. Бұл екеуі де –
қоғамның өмір сүрген уақты бойына болып келе жатқан жəне сол қоғамның
материалдық, идеялық дамуына, соның қажетіне карай бірте – бірте дамып отыратын
қоғамдық құбылыс. Сойлем ойдың формасы, ой сөйлемнің мазмұны болғандықтан, бұл
екеуінің қалыптасу, даму тарихын да бірлікте қарау қажет. Ой дамып жетілмеген,
күрделенбеген замандарда күрделі ойдың көрсеткіші болып табылатын сөйлемдердің,
яғни құрмалас сөйлемдердің, болуы да мүмкін емес. Құралмас сөйлем адамның ой
өрісінің, дүние тануының кеңейіп, күрделі ойлардың туып, дамуына байланысты, сол
ойдың көрсеткіші ретінде қалыптасып дамыған.
Тіл дамуының қазіргі дəуірінде тілдерде, солардың ішінде қазақ тілінде де,
құрмалас сөйлемнің неше алуан күрделі түрлері кездеседі. Бірақ солардың бəрі бірдей
белгілі бір уақыт ішіңде, бірден пайда бола қалмаған. Олар тілдің өзіндік ішкі даму
заңына лайықты бірте – бірте қалыптасып жетілген.
Жай сөйлемдердің бір – бірімен құрмаласу тəсілдері.
Жай сөйлемдері бір – бірімен ұштастырып, оларды бір бүтін етіп тұратын жəне
олардың арасындағы əр алувн мағыналық қарым – қатнастарды айқындайтын тəсілдер,
формалар түрлі – түрлі болады. Атап айтқанда, жай сөйлемдер бір – бірімен мынадай
тəсілдер арқылы құрмаласады:
а) құрмалас құрамына енетін жай сөйлемдердің бастапқысының баяндауышы
тиянақсыз формада айтылу арқылы;
ə)жай сөйлемдер арасында немесе жай сөйлемдер ішінде шылау я шылау мəнді
сөздер келу арқылы;
в) құрмалас сөйлем компоненттердің орнын тəртібі арқылы.
Енді осылардың əрқайсысына жеке – жеке тоқтайық.
Достарыңызбен бөлісу: |