Психотерапияның маңызды салаларының бірі қазіргі таңда арт-терапия әдісі болып табылады. Арт-терапия әдісі даму үстіндегі психотерапия әдістерінің жаңа түрі болып табылады. Аталған терапияның түрі қазіргі таңда үлкен жетістіктерге ие. Алғашқы арт-терапия түсінігі енгізілген кезде оны тек сырқат, ауру немесе демалыс үйіндегі емделушілерге ғана қолданған болса, қазіргі кезде оның қолданыс аясы, шеңбері кеңеюде, яғни бұл терапия адамның шығармашылық жағдайын дамытып қана қоймай, адамның бойындағы ресурстарының мүмкіндігін түсініп ашуға да жағдай жасайды. Арт-терапия сөзін қазақшаға тікелей аударғанда “өнермен емдеу” деген мағынаны білдіреді. Оны ғылымға, жалпы қолданысқа ең алғаш Адриан Хилл енгізген болатын. Осы психотерапияның түрі, яғни арт-терапияның мән жайын ашу және оны қазақ тіліндегі ортада бейімдеуді іске асыру. Сонымен қатар осы арт-терапияны қолдану арқылы қол жеткізуге болатын мақсаттар туралы айтылады.
Арт-терапия терминін (art-therapy тікелей аударғанда қазақша баламасы “өнермен емдеу” деген мағынаны білдіреді) қолданысқа 1938 жылы Адриан Хилл туберкулезбен ауырған санаториядағылармен жұмысында алғаш рет енгізген. Көп кешікпей бұл сөз тіркесі ауруханалармен психикалық денсаулық сақтау орталықтарда жүргізілетін өнерге қатысты қызметтердің барлық түріне қолданыла бастады. Бірақ көбісі бұл анықтаманы өте кең мағынада және нақты емес деп санайды. Өнерді сапалы терапиялық мақсаттарда қолданудағы құндылығы, символикалық деңгейде әртүрлі сезімдермен тәжірибе жүргізу арқылы оларға көрініс беру және зерттеу болып табылады. Символдарды іске асыруын алғашқы қауымдық адамдардың үңгірдегі суреттерден және кейінгілерден бақылауға болады. Біздің ертедегі ата-бабаларымыз символикалық бейнелерді өздерінің әлемдегі орны мен адамның күнелтуін айыру үшін қолданған. Өнер қоғамдық құрлыспен пайда болған көрініс болып табылады. Біздің дәуірімізде бұл өнердің жаңа стильдерінің пайда болуы моральдық, мәдениетті құндылықтардың өзгеруінің дәлелденуіне себеп болды.
Арт-терапия әдісі дамуының бастауына психоанализдік көзқарастар әсер етті. Осы көзқарастар бойынша соңғы өнім, көркемдік емделушінің іс-әрекеті ол сурет немесе мүсін, ол бейсаналы психикалық процестердің көрінуі болып саналады. 20-жылдардағы осы салада көп зерттеулер жүргізген Принцхорн өзінің ауруларды емдеушілерінің шығармашылығын және психикалық, классикалық зерттеулерінен мынадай қорытындыға келді: өнер – ауру адамдардың көбінесе олардың интенсивті ішкі шиеленістеріне әсер етеді.
Америка Құрама Штаттарында өнерді терапиялық мақсаттарда алғаш қолданғандардың бірі Маргарет Наумбург болды. Бұл саладағы еңбек етуін ол Нью-Иорк штатындағы психотерапиялық институтында мінез-құлқында ауытқуы бар мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс жасау арқылы бастаған. Кейіннен Маргарет Наубург Нью-Йорк штатында арттерапия саласында мамандар дайындау үшін психоаналитикалық бағдарламаларды жасайды. Маргарет Наубург жұмыстары психоанализ бағытының психологиядағы негізін салушы З. Фрейдтің көзқарастарына негізделген: ондағы алғашқы ойлар мен қобалжулар, санадан тыс вербалды емес түрде пайда болады және бейне мен символдар формасында көрініс береді. Арт-терапия терапевтпен емделушінің арасындағы символикалық деңгейдегі қарымқатынастың тәсілі ретінде қолданылады. Көркемдік шығармалардың бейнелерінің барлық түрі бейсаналық үрдістер, яғни қорқыныш, ішкі шиеленістер, балалық шақтағы елестер, естеліктер, түс көру және тағы басқа көріністер, психотерапевтермен З. Фрейдтік бағдарларды талдайды. Ал З. Фрейдтің өзі болса өз емдеу жұмыстарында арт-терапияны қолданбайды.
Арт-терапияның дамуындағы жаңа кезең ХХ ғасырдың 60-шы жылдарының аяғы мен 70-ші жылдардың басынан басталады. Әсіресе осы жылдардың бас кезінде арт-терапиялық топтардың жұмысының мынадай формасы, топтық интерактивті арт-терапияның бастауы қалана бастады. Мұндай топтық арт-терапияның жұмысының формасы пайда болуына өмірдегі көптеген жағдайлармен байланысты, олардың қатарында:
-әлеуметтік-саясаттық, институционалды және мәдениеттік контекстердің өзгеруі;
-клиенттердің психотерапиялық тілектерінің және қажеттіліктерінің өзгеруімен, оған қоса эмоциялық құрылымдық бұзылулары;
-топтық психотерапияларының практика және теориялық тез дамуы және арт-терапиялық іс-әрекетке жетудегі біртіндеп ассимиляциялау;
-арт-терапиялық топ жүргізушілерінің кәсіби өсуімен және арт-терапиялық білім беру жүйесінің дамуымен байланысты.
ХХ ғасырдың екінші жартысында алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда, арт-терапия техникасының даралануы және тым қиындығын айтуға болады. Сонымен қатар айта кететін жайт арт-терапия психотерапияның ішіндегі жаңа әдістердің бірі. Арт-терапияның дамуына Америка Құрама Штаттарында Маргарет Наубург көп әсерін тигізді. Маргарет Наубург З. Фрейдтің көзқарастарына сүйенді, яғни бейсаналы көріністер спонтандық шығармашылық үрдісінде көрініс беруі, мысалы, мүсін соғу және сурет салуда. Арт-терапияның дамуына едәуір әсер еткен З. Фрейдтің бейсаналық туралы ілімі, персоналды және әмбебаптық символдар туралы ілімі болып табылады.
Арт-терапия әдісін мектеп жасына дейінгі балаларға жүргізу арқылы, бірнеше жетістіктерге жетуге болады. Ендігі кезекте арт-терапия әдісін жүргізуде қол жеткізетін негізгі мақсатына тоқталып өтсек:
-Агрессияға болмаса басқа да негативті сезімдерге әлеуметтік шығар жолды табуға мүмкіндік береді. Суреттермен, мүсіндермен жұмыс жасау күштеуді бәсеңдетудің қауіпсіз түрі болып табылады.
-Емдеу процесін жеңілдетеді. Түсініксіз ішкі шиеленістер және қобалжулар көбінесе көру бейнелерінің көмегімен вербалды психотерапия кезінде сөзбен айтқанға қарағанда көрсету оңай болып табылады. Вербалды емес қарым-қатынас санадан тез шығады.
-Интерпретацияға және диагностикалық қорытындыларға материалдар алуға болады. Көркем шығарманың өнімі арқылы емделуші мәселенің бар екенін жоққа шығарады, яғни оны жеңілдетеді. Терапевтке емделушінің көркем жұмыстың стилі және мазмұны, емделуші туралы ақпарат береді, сол арқылы терапевт өзінің еңбектеріне интерпретация жасау арқылы емделушіге көмек көрсетеді.
-Емделушінің дағдыға айналған ойлары мен сезімдерімен жұмыс жасау. Кей кездері вербалды емес амал, бірден-бір күшті қобалжулармен сендірулерді анықтауға, көрсетуге мүмкіндік береді.
-Терапевт пен емделушінің арасындағы қарым-қатынасты жақсарту үшін көркем ісәрекетке бірлесіп қатысу олар арасындағы тиімді қарым-қатынасқа, эмпатия және өзара түсінушіліктің туындауына алып келеді.
-Клиенттің ішкі қадағалау сезімін жоғарылату. Суреттермен картиналардан жұмыс болмаса, мүсін соғу жұмыстарында түстерді және формаларды тәртіпке салу қарастырылмайды.
-Клиентті зейінді қабылдауға және сезімдерді шоғырландыруға бейімдеу. Таңдамалы өнермен жұмыстар ауқымды мүмкіндік тәжірибе жасауға, кинестетикалық және көру түйсіктеріне, қабылдау қабілеттіліктерінің дамуына қолайлы жағдай жасайды.
-Клиенттің көркемдік қабілеттерін дамыту және өзін-өзі бағалауын арттыру. Арт-терапияның соңғы өнімі клиентті қанағаттану, рахат алу сезімі, ол жасырын таланттың көрінуінің және олардың дамуының нәтежесі.
Жоғарыда аталған әсерлерден басқа көркем өнерді психокоррекциялық топпен жұмыста қолданудың қосымша нәтежесі, қиялға түрткі және дау-дамайға топ мүшелерінің қарымқатынасын ретке келтіруге көмектеседі. Өнер қуаныш әкеледі, бұл ешқандай жағдайға тәуелсіз (өзінен-өзі маңызды), бұл қуаныш біздің санамыздан тыс пайда болады ма, болмаса ол саналы әрекеттің нәтежесі ме ол әлі күнге дейін бізге белгісіз.
Арт-терапиядағы диагностиканы қолданудың келесі кезеңдерін атап көрсетуге болады:
1. Дайындық кезеңі, яғни шығармашылық жұмысқа дайындық. Бұл кезеңнің міндеті – топ мүшелерінің спонтандық көркем-сурет ісәрекетіне дайын болулары және топ мүшелерінің өзара тіл табысып, қарым-қатынасқа түсе алуы. Бұл жерде психологиялық ойындар, қимылқозғалыс, билейтін жаттығулар, бейнелеу өнері кіреді. Осы жаттығуларды орындаған кезде саналы түрде бақылау жойылады да релаксация жүреді. Визуалды, аудиалды, кинестетикaлық сезімдерді дамыту. Бұл жерде әуен және би терапиясының элементтері бар суретті пайдалануға болады. Көптеген кеңестік, шетелдік ғалымдардың (С.С. Корсаков, В.М. Бехтерев, К. Швабе және т.б) айтуынша әуенді терапия ретінде пайдаланады. Әуен адамның көңіл-күйіне әсер етеді және емдеу үрдісіне көп әсерін тигізе отырып, толық жазылуына мүмкіндік беріп, өзінің ішкі жан-дүниесін білуге, түсінуге мүмкіндік береді. Терапия кезінде сөзі жоқ әуенді таңдау керек және дауысы топ мүшелерінің біреуіне ұнамай қалса да, басқа әуен қосу керек. Соңын бимен және қимыл-қозғалыс терапиясымен ұштастыруға болады.
2. Жеке дара бейнелеу жұмысымен шұғылдану. Бұл кезең өзінің түйінді мәселесі мен жан күйзелісін зерттеуге арналған жеке-дара бейнелеу жұмысы. Спонтандық шығармада, яғни бейнелеу жұмысында адамның санадан тыс процестері (қорқыныш, түс көру, ішкі қарамақайшылықтар, балалық шақтағы елестер) көрінеді. Сонымен қатар арт-терапия адамның ішкі күйін ашуға көмектеседі. Осының арқасында адам ауызша айтпай-ақ өзінің мәселесі жайында түсінеді және өзінің бойындағы қасиеттерін тани отырып, талдау жасап үйренеді. Топ мүшелерінің суреттері арқылы қимыл-қозғалыс тәртіптерін білуге болады. Топ мүшелері экспрессияға дайындалу деңгейі арқылы арт-терапевтпен қатынасқа түседі және өзінің күйзелістерін ашық айта алуларынан ерекшеленеді. Кейбір адамдар суретін идеалды, әдемі салуға тырысады. Бұл кезде оларға суреттің әдемілігі бағаланбайды деп ескерткен жөн. Керісінше, ең қажеттісі спонтанды шығармашылық үрдіс, сурет салушының эмоциялық жай-күйі, оның ішкі дүниесі және өзін-өзі көрсетудегі адекватты заттар. Бұл кезең жанама диагностика болады. Жобалау әдістемелерінің талдауы бойынша талдауға болады. Сурет салып отырған кезеңде жеке адамның «осында және қазір» принципін, күйзелістерін жасыруын, сезімдерін бақылап отыруын қадағалап қарау керек. Түрлі-түсті бояулар нақты түрде көңіл-күй мен психикалық күйдің нюанстарын көрсетеді. Өте қатты күйзелісте жүрген адамға, қорқыныш сезімі бар және агрессиясы бар адамға пластилиндік материалмен жұмыс жасаған өте жақсы көмектеседі. Бұл техниканы қолдау арқылы сенімсіздікті жоюға, жағдайға байланысты үрейді жоюға болады.
3. Вербалды және вербалды емес қарым-қатынасты жақсарту. Бұл кезеңнің міндеті топ ішіндегі қарым-қатынасты жақсартуға жағдай жасау болып табылады. Топ мүшелерінің әрқайсысына өз жұмыстарын көрсетіп, бейнелеу жұмысы кезінде пайда болған байланыстар, ойлар, сезімдер жайлы айтулары керек. Топ мүшелерінің ашық болуы, ашылуы, сол адамның жеке ерекшеліктеріне, арт-терапевтке, топ мүшелеріне деген сенімінен айқын көруге болады. Егер де клиент белгілі бір себептермен суреті жайлы айтқысы келмесе, оны қинауға болмайды. Топ мүшелеріне салған суреттеріне ат қойып, әңгіме айтуларын сұрауға болады. Мұндай бастама ішкі жан дүниелерін ашуға көмектеседі. Топ мүшелерінің суреттері арқылы барлық мағұлмат алуға болады.
4. Кішкентай топтар арасындағы топтық жұмыс. Топ мүшелері кішкентай қойылымдарды қоюына болады.
5. Рефлексиялық талдау. Бұл қорытынды кезең болып саналады. Яғни, өздерін және басқа да топ мүшелерін жақыннан түсінісе бастайды. Арт-терапия шығармашылық процесс, оның белгілі бір нұсқаулары, талаптары болмауы керек және топ мүшелері берілген тапсырманы қалай орындайды, қандай түспен бояйды, оны өзі біледі. Сонымен қатар арт-терапияда басқалармен салыстырушылық болмауы керек. Суреттің әдемілігі талданбайды, мағынасы талданады. Арт-терапевт топ мүшелеріне тапсырма бергеннен кейін, олардың бейнелеу, көркемдік іс-әрекетіне неғұрлым көп араласпаса, соғұрлым эффект жақсы болады. Арт-терапия сабағында әуенді, әнді, қимыл-қозғалысты, биді, драманы, поэзияны, шығарманы пайдалануға болады.