Абдоминальдік түрі - бұл түрінде ауырсыну эпигастрий, кіндік, мықын және қабырғаасты аймақтарында орналасады. Сондықтан науқас ауырсынуды іш қуысы ағзаларының патологиясымен байланыстырады.
Клиникалық көрінісі асқазан мен он екі елі ішектің жара ауруына, панкреатитке, жіті холециститке, аппендицитке ұқсайды. Диагноз қате қойылғанда науқас хирургиялық емге алынуы ықтимал. Сырқаттың белгілерін сұрыптағанда ауырсынудың іш қуысында басым орналасқанымен, оның көкет күмбезінен жоғары, яғни кеуде қуысында таралуын ескерген жөн.
Диспепсиялық түрі. Абдоминальдік түрінен айрықша, инфарктінің бұл түрінде іш қуысында ауырсыну болмайды. Басты белгісі – тағамдық интоксикацияға ұқсас, диспепсиялық бұзылыстар жүрек айнуы, құсу. Бұл нұсқа мезентериялық артериялардың атеросклерозы және асқорыту жолдарының қосымша аурулары бар қарт науқастарда кездеседі.
Коллапстық түрі. Миокард инфаркті жіті тамыр шамасыздығынан басталады, артериялық және көктамырлық қысымдар күрт төмендейді, науқастың әлі құрып тер басады, терісі бозарады, есі кіресілі – шығасылы болады, ағыл - тегіл терлейді, көктамырлары айқын болмайды. Әрі қарай диурез азаяды және микроциркуляциялық бұзылыстар аса көлемді некроздың дамуында кездеседі.
Церебральдік түрі. Миокард инфаркті неврологиялық белгілерден басталады. Оның белгілері ми қанайналымы бұзылысының көрінісіне ұқсайды. Миокард инфарктінің бұл түрі ауыр церебральдік атеросклерозы бар науқастарда байқалады.
Шеткері (перифериялық) түрі. Бұл түрінде жүрек тұсында, төс маңында, тіпті кеуде сарайында ауырсыну болмайды. Ауырсыну иррадиация аймақтарында ғана (иықта, жақта, мойында т.б.) сезіледі.
Ауырсыну деңгейі әртүрлі, бірақ көбіне айтарлықтай емес. Инфарктінің бұл түрі көбіне ауыр атеросклерозға шалдыққан егде, қарт адамдарға тән.
Симптомсыз ''мылқау'' түрі. Миокард инфаркті жасырын дамиды.
Көрінісінде себепсіз әлсіздік, бастың аздап ауыруы мен айналуы, шамалы ентікпе, тәбеттің төмендеуі, ұйқының бұзылуы, АҚ құбылысы, субфебрильдік қызба байқалуы мүмкін. Науқас өз жағдайын жағымсыз ауа райымен, салқындаумен байланыстырып, бұл белгілерге мән берместен жүре береді. Симптомсыз миокард инфаркті кездейсоқ тексерілгенде немесе ЭКГ-да қалған тыртықтану өзгерістерімен
анықталады. Миокард инфарктісінің симптомсыз түрі кенет өлім себебінің бірі болып табылады.
Оң қарыншаның жіті шамасыздығымен дамитын түрі. Миокард инфаркті оң қарыншаның жіті шамасыздығынан басталады. Бұл жағдайда оң қабырғаасты өткір ауырады, бауыр тез ұлғаяды, жүрек айнуы, құсу байқалады және 18-20 сағаттан кейін ісіну пайда болады. Оң қарыншалық инфаркт кеуденің оң жартысынан түсірілген кеуде тіркемелерінде анықталады.