Қасқабасов С. Таңдамалы



Pdf көрінісі
бет14/19
Дата19.01.2017
өлшемі1,43 Mb.
#2189
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

қара. Ол туралы тарихи деректер де көп емес. Зерттеушілердің 
анықтауы бойынша, Тәтіқара Қостанай өңірінде, Сарыкөл 
деген жерде, кедей шаруаның үйінде туған. Абылай ханның 
қасында болған, әміршісімен бірге сол уақыттағы қазақ­
қалмақ ұрыстарына түгелдей қатысқан. Сол себепті оның 
өлең­жырлары, негізінен, шайқас кездері туып, жауынгерлік 
сипатта болады. Әрі нақты оқиға және тарихи адамдар жайында 
баян етеді, олардың ерлігі мен ел үшін атқарған іс­әрекетін 
үлгі етіп, жауынгерлерді қиындыққа мойымауға, қандай ауыр 
жағдай болса да абыржымай, жол табуға шақырады. Осындай 
елгезек өлеңдерінің арқасында Тәтіқара көпке танылып, 
атақты жырауға айналады. Өзі ұрыстарға қатыса жүріп, 
қаһармандықпен бірге елдік мәселелерді шешуге де қатысады. 

[
  228  
]
Әсіресе, 1756 жылы Қытайдағы Цинь басқыншылары қазақ 
жеріне кіргенде, солармен болған қақтығыстар кезінде ол 
Абылай ханның қасында жүріп, мемлекеттік мәні бар іс­
шаралардың басы­қасында болады, өзінің тапқырлығын, жау­
жүректігін көрсетеді.
Ғалымдардың айтуынша, осындай бір жорықта Абылай 
ханның ісі алға жүрмепті. Жау басым түсіп, Абылайдың 
жасағы кейін шегінуге мәжбүр болыпты. Өкшелеп қуып келе 
жатқан жау жақындап қалғанда Абылайдың алдынан қатты 
тасып, ернеуінен шығып жатқан өзен шығады. Жасақ ұйлығып 
тұрып қалады, жау арт жақтан тақап, енді­енді үлкен шайқас 
басталмақ. Олай болса, саны аз қазақтар түгел қырылмақ. 
Осылай не істерге білмей абдырап тұрғанда Абылайдың 
жанында тұрған Тәтіқара жауынгерлерге қарап, былай деп 
толғайды:
Қамыстың басы майда, түбі сайда,
Жәнібек Шақшақұлы – болат найза!
Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,
Ер жігіттің ерлігі осындайда! 
Бөкейді айт Сағыр менен дулаттағы,
Деріпсәлі, Маңдайды айт қыпшақтағы.
Өзге батыр қайтса да, бір қайтпайтын,
Сары менен Баянды айт уақтағы.
Ағашта биікті айтсаң, қарағайды айт,
Жігіттік, ерлікті айтсаң, Бөгембайды айт,
Найзасының ұшына жау мінгізген
Еменәлі Керейде ер Жабайды айт!
Осы толғауда есімі аталған батырлар Тәтіқараның сөзінен 
кейін суға лап қояды, олардың соңынан жасақтар түгел судан 
өтіп шығады
24
. Бізге жеткен Тәтіқараның өлеңдері осы тектес 
болып келеді. Бұлардың мазмұны – ұрыс сәті, кейіпкерле­
рі – сол ұрыстың ішінде жүрген тарихи адамдар. Аталған 
шығармаларда Тәтіқара – шайқаста жүрген батыр жырау ғана 
емес, дүниедегі нәрселерге өзінше қарайтын, болып жатқан 
оқиғаны, ситуацияны жіті аңғара алатын, қасында жүрген 
батырлардың әрқайсысының қадір­қасиетін дәл білетін және 

[
 
 229  
]
қажетті жерде оларды нәшіне келтіріп жырлайтын дарын иесі. 
Оның толғаулары – әдеткі афористік, дидактикалық сөз немесе 
ойға шолу емес, оқиғалы болып келеді де, нақты бір эпизодты 
суреттейді, іс­әрекетті көрсетеді, әйтпесе соған итермелейді.
Тәтіқара – жауынгерлік поэзияның ғана өкілі емес. Өзінің 
жыраулық тұлғасын ол қаһармандығымен, әрі жорықтық 
тол ғауларымен ғана көрсетпейді. Оның жыраулық табиғаты 
Абылай ханға соғыстың қарбалас шағында ақыл­кеңес айту, 
оның ерлігін дәріптеу арқылы ғана емес, соны мен қатар бұрын­
ғы үлкен жыраулар тәрізді өз әміршісіне наразылық білдіріп, 
қарсы сөйлеуі мен ой­пікірін ашық айтуынан да танылады. 
Оның «Кеше тоқыраулы судың бойынан» деп басталатын 
толғауы жыраудың реті келгенде ханнан тартынбай, әділдікті 
көзіне айта білгенін дәлелдейді. Тіпті бұл шығармасында 
Тәтіқара ханға жай ғана наразы емес, ол ашық оппозицияға 
шығады, оған қарсы іс­қимылға шақырады. Әдеттегідей, жы­
рау алғашында әміршісінің бұрын кім болғанын айтып, қалай 
билікке келгенін баяндайды да, содан соң ханның мінезі мен 
ісіне риза еместігін білдіреді. Абылайдың бұрын Түркістанда 
Үйсін Төле бидің түйесін баққанын айтып келіп, былай дейді:
Дәл жиырмаға келгенде, 
Ақ сұңқар құстай түледі.
Азуын тасқа біледі, 
Дұшпанға табан тіреді. 
Үш жүздің баласы 
Ақылдасып, жолдасып, 
Хан көтеріп еді. 
Үш жүздің баласын 
Бір баласындай көрмеді. 
Ат құйрығын сүзіңдер, 
Аллалап атқа мініңдер, 
Хан-талау қылып алыңдар
25
.
Бұл толғаудағы Тәтіқараның көңіл­күйі, мінез­құлқы, айт­
қан сөзі – нағыз жырау үрдісі. Осының өзі Тәтіқара жыраулық 
дәстүрдің ауқымында болып, XVIII ғасырдағы әдебиетке 

[
  230  
]
өзіндік үлес қосқанын айғақтайды. Оның «шығармалары өзінің 
қарбалас шақтарда, от­жалында туғандығымен, тәуелсіздік 
жолындағы күрестің қиын кезеңдерінде жұрттың рухын 
көтерген, елге жігер берген ұран іспеттес болғандығымен құн­
ды. Бұл тұрғыдан алғанда, Тәтіқара жырлары, жоғалғандары 
да, біздің заманымызға жеткендері де, өз міндетін атқарды деп 
айта аламыз»
26

XVIII ғасырдағы қазақ ауыз әдебиетін дамытуға үлкен 
үлес қосқан жырау –
 Үмбетей Тілеуұлы. Ол 1706 жылы туған. 
Үмбетейдің әкесі – атақты қобызшы, елдің ескі қаһармандық 
жырлары мен аңыздарын, шешендер мен билер сөзін, халық 
шежіресін жетік білген адам болыпты. Баласының ақындық, 
өнерлік ұстазы өзі болған. Үмбетей жас кезінен бастап әкесінің 
репертуарын түгелдей меңгеріп алады, үлкенді­кішілі дастан­
дарды жырлайды, сөйтіп, ел ішінде танымал болады. Ха­
лық мұрасын игеріп алған Үмбетей ақындық  қабілетін де 
ерте танытады. Оның алғашқы өлең­жырлары өз ағайын­ту­
ыстары мен ауыл адамдарының бойындағы  кемшіліктері 
мен келеңсіз қылықтарын әжуалауға арналған. Бірте­бірте 
өзі жақсы білетін жырауларды үлгі тұтып, философиялық­
дидактикалық толғауға ойысады, әрі өзі шайқастарда көрген 
жауынгер жігіттерге, батырлар мен қолбасшыларға одалар 
арнап, жауынгер жырауға айналады. Жеке басының  биік 
қасиеттері мен ұрыстардағы ерлігі және ақындық таланты 
арқасында Үмбетей қалың жұртшылықтың көзіне  түседі, 
сөйтіп, Абылай ордасына енді. Даңқы шартарапқа  жайылып, 
абыз жырау атанған шағында Үмбетей әйгілі «Бөгембай 
өліміне» деген реквием іспетті жоқтауын және «Бөгембай 
өлімін Абылай ханға естіртуін» шығарады. Үмбетей жырау 
1778 жылы осы күнгі Ақмола облысына қарасты Ерейментауда 
дүниеден көшеді.
Үмбетей жыраудың біздің заманымызға жеткен шығар­
малары айтарлықтай көп емес. Олар, негізінен, белгілі бір 
оқиғаға байланысты болып, нақты адамға арнау түрінде бо лып 
келеді («Бөкеге», «Жауқашарға», «Бұқарға», «Бекболат биге», 
т.б.). Бұларда оқиғаның немесе фактінің өзі болмайды.  Автор 
оларды тәптіштеп жатпайды, сипаттамайды да. Көп жағдайда 
ол адамдардың өзара қатынасын, олардың дауын, яки күдігін 

[
 
 231  
]
өлеңмен шешеді я болмаса өзінің ойын айтып, пікірін білдіреді. 
Сайып келгенде, бұл тәсіл билердің сөздеріне тән. Әдетте, билер 
дау­дамайды шешкенде осын 
дай өлең­жырды пайдаланып, 
сөздің қүдіретін мойындатады. Осы билер секілді Үмбетей 
өзінің арнау өлеңдерінде дидактикалық мәндегі афоризмді 
норматив ретінде қолданады, әрі өзінің ойын дәлелдейтін 
аргумент етіп пайдаланады. Сонымен қатар кейбір тұстарда 
Үмбетей өзінің кейіпкерлеріне мінездеме беріп, жыраудан гөрі 
ақындыққа тән қасиет танытады.
Үмбетей мұрасының ішінде шоқтығы биік, ерекше көзге 
түсетіні – Бөгембай батырдың өліміне байланысты екі шығар­
масы. Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша, даңқты қолбасы 
немесе ардақты адамның қаза болғанын халыққа, әсіресе, 
ханға естіртудің өз рәсімі болған. Мұндай суық хабарды әмір­
шіге тек аса көрнекті, әрі беделді, елдің құрметіне бөлен­
ген абыз жырау немесе шешен­би, яки аузы дуалы ақын 
естірт кен. Еліне еңбегі сіңген батырлар мен хандардың, ұлы 
қайраткерлердің жоқтауын ең алдымен ресми түрде атақты 
ақын­жырау шығарған. Міне, осы екі бірдей функцияны, яғни 
Қанжығалы қарт Бөгембайдың қазасын әрі естіртуді, әрі оны 
жоқтауды Үмбетей атқарған, ал бұл – жыраудың асқардай 
таланты мен күллі қоғам алдындағы ерен еңбегін, таудай биік 
беделін құрмет тұту еді.
«Бөгембай өліміне» – сыртқы формасы жағынан жоқтау, 
тіпті реквием десе де болады. Ал мазмұны жағынан бұл шығар­
ма – Бөгембай батырға арналған гимн. Мұнда Бөгем бай – 
шынайы батыр, күллі халықтың сүйікті қаһарманы ретінде 
бейнеленеді. Автор оның ең маңызды жеңістерін, көрсеткен 
ұлы ерліктерін санамалап баяндайды, оның қалмақтардаң 
тазартып, қазақты қайтадан қоныстандырған жерлерін атай­
ды. Жырау өзінің жоқтауын дәстүрге сәйкес Бөгембайды 
сипаттаумен бастап, оны барынша дәріптеп, Абылай жасақ­
тарындағы қазақтың бас батыры екенін көрсетеді, сол үшін 
неше түрлі теңеулер мен символдарды қолданады.
Уа, Алатаудай Ақшадан 
Асып тудың, Бөгембай, 
Болмашыдай анадан 
Болат тудың, Бөгембай! 

[
  232  
]
Қалақайлап дулатқан, 
Қалдамандап шулатқан
Қалмақты алдың, Бөгембай! 
Құбыла көшкен байтақтың 
Ордасындай Бөгембай! 
Темір жұмсап оқ атқан 
Қорғасындай Бөгембай! 
Қолтығы ала бұғының 
Пәйкесіндей Бөгембай! 
Жалаңқия жерлерден 
Жазбай түсіп түлкі алған 
Білегі жуан бүркіттің 
Тегеурініндей Бөгембай!
27
Бұл толғаудан, біріншіден, оқырман Бөгембайдың әкесі – 
Ақша есімді, анасы – Болмашы деп аталатын адамдар екенін 
аңғарады. Екіншіден, Бөгембай батырдың қайрат­күші, жігері, 
айлакерлігі, алғырлығы, салмақтылығы, тегеуірінділігі алу­
ан түрлі асыл зат пен айбарлы аң­құстың қасиеттеріндей 
екендігіне көз жеткізеді. 
Үмбетей жыраудың «Бөгембай өлімін Абылай ханға ес­
тір  туі» – осы жанрдың дәстүрлі арнасынан бөлек. Түпкі ма­
ғынасына үңілсек, бұл – батыр мен ханның ел тағдырындағы 
ролі мен маңызы, әміршінің мемлекет өмірінде алатын орны 
туралы, дәлірек айтқанда, Абылай ханның заманы жайындағы 
кең диапазонды толғау. Осы толғауында Үмбетей – нағыз абыз, 
шындықты тайсалмай айтатын азулы жырау. Ол – болмыстың 
күйкі тіршілігінен әлдеқайда жоғары тұрған, Абылайдың 
күллі өмір жолын, оның сарбаздарының тыныс­тіршілігін 
бүге­шігесіне дейін біліп, бәрін қырағы көзбен шолып отырған 
дана қарт. Оның статусы өте биік, ол ханмен тең тұр, тіпті кей 
кезде одан да жоғары көрінеді. Оның дауысы зор, үні сенімді, 
әрі қатты, өйткені ол ел туралы, елдің ырысытіпті ханның өзі 
жайында, мемлекеттің тағдыры жөнінде ойлайды, қам жейді. 
Үмбетей өктем сөйлейді. Ол Абылай тұсындағы қалмақтармен 
болған ірі шайқастарды еске түсіріп, сол ұрыстарда жанқияр­
лықпен соғысып, дұшпанды жеңуге шешуші үлес қосқан 
батырларды атайды да: «Ұмыттың ба соны, Абылай?» – деп, 

[
 
 233  
]
ханға қайта­қайта сұрақ қойыпоның жадын жаңғыртып оты­
рады.
Осы естіртудегі Үмбетей айтып отырған шайқастар, Абы­
лайдың іс­қимылы, Бөгембайдың, басқа да батырлардың 
әрекеттері – бәрі өмірде болғаны тарихтан аян. Үмбетей со­
лардың қақ ортасында жүрген, көбісімен аралас­құралас 
болған, жақсы таныс, жолдас ретінде оларға да сөз арнаған. 
Мысалы, Абылайды былай қойғанда Бөгембай, Қабанбай, 
Сары, Баян, Сағынбай, Қаз дауысты Қазыбек, Жәнібек, Құт­
тыбай сияқты тарихи тұлғалардың аталуы мен сипатта­
луы – ойымыздың дәлелі. Басқа бір толғауларында Ақтамберді, 
Бұқар жыраулар, Бекболат билер туралы толғайды. Осылардың 
біразымен сыйлас дос болған Үмбетей өз сырын жасырмай, 
оларды қадірлейтінін ашық айтады. Мұның бәрі Үмбетей 
жыраудың сезімталдығын, уақыттың ділін дәп басып, дәуір 
тынысын, замана мен қоғам үрдісін тани білетін кемеңгерлігін 
дәлелдесе керек. Қоғам өміріндегі жағдайды, хан ордасындағы, 
сарбаздар арасындағы ситуацияны жақсы біліп, көп нәрседен 
хабардар болып отырған Үмбетей өз заманы мен ортасының, 
сол дәуірдің атақты адамдарының әдеби кейпін, өшпес образын 
жасап берді, та рихи оқиғаларды поэзиялық тілмен жырлап, 
әдебиетімізге өз үлесін қосты. Рас, оның шығармалары, жалпы 
жыраулық поэзиядағыдай, форма жағынан алғанда бай емес, 
бірізді, біркелкі 7­8 буынды. Оның есесіне Үмбетей ұйқасқа 
мән берген, ал өлең тармақтарының саны бір тирадада тұрақты 
емес, әркелкі болып келеді. Ескі архаизмдер жоқтың қасы. 
Үмбетей Тілеуұлы – қазақ поэзиясының тарихында XVIII 
ғасырдың нақты оқиғаларын суреттеген ақын, Абылай бастаған 
батырларды мадақтаған, әрі ханға қарсы оппозициялық ой 
қозғаған батыр жырау, өзі ұрысқа қатысып, өлең шығарумен 
бірге бұрынғы батырлар жайындағы жырларды орындаған 
жыршы ретінде бағаланып, өз орнын алады.
Қазақтың поэзиясы ғана емес, күллі әдебиетінің, мәде­
ниетінің тарихындағы аса ірі тұлғалардың бірі – Бұқар 
Қалқаманұлы.  Ол – өз шығармашылығында өзінен бұрынғы 
поэзиялық дәстүрді толығымен бойына сіңірген, әрі аса биік 
дарын иесі. Оның шығармашылығы сонымен бірге өз за­
манындағы қоғамда, оның рухани өмірінде орасан үлкен роль 

[
  234  
]
атқарды және өзінен кейінгі дәуірлердегі қазақ әдебиетінің 
дамуына үлкен ықпал етті. 
Бұқар жырау шамамен 1668 жылы туған. Әкесі Қалқаман 
жаугершілік шақта қаһармандығымен көзге түскен атақты 
батыр болған. Ол баласына мұсылманша білім берген. Аса 
дарынды ақын және қайраткер болған Бұқар Тәуке ханның 
тұсында­ақ көзге түсіп, хан ордасында болады, алайда Тәу­
кеден соңғы билеушілер оны ордадан ығыстырып, үлкен 
аттан шеттетіп тастайды. Егде тарта бастаған шағында бағы 
қайта жанып, Бұқарды Абылай хан өз қасына алады. Сөйтіп, 
ол Абылайдың бас ақылшысы, әрі идеологына айналады. 
Абылай хан көпті көрген Бұқардың бай тәжірибесін, оның 
кемеңгерлігін өте жоғары бағалайды. Қатты қиналып, 
қажыған сәттерде Абылай хан Бұқардан ақыл сұрайтын бол­
ған, алдағыны болжауды өтінеді екен. Бұқар әміршісін қиын­
дықтардан сақтап қалыпты. Ол жүзден астам жасап, 1780 жыл­
дарда қайтыс болғанға ұқсайды. Зираты Далба деген жерде.
Бұқар жыраудың өмірі де, шығармашылығы да үлкен екі 
кезеңге бөлінеді: Абылайға дейінгі және Абылай тұсындағы. 
Осыған орай оның шығармалары да екі топ құрайды. Бір тобына 
Бұқардың қуғын көрген шақта шығарған өлеңдері жатса, 
екінші топтағылары – жыраудың Абылай ордасында жүрген 
уақытында туған толғаулар. Екі топтағы шығармалардың туу 
себебі мен мазмұны, тақырыбы мен сипаты екі басқа.
Бірінші топтағы өлең­жырларда пәлсапалық нақыл басым, 
мұнда жинақтау мен ғибрат айту көбірек. Тіршілікте көргені 
мен түйгені көп Бұқар дүниедегі ең қымбат не нәрсе, ең үлкен 
қасірет немене екенін өте жақсы білген. Ең қымбатты, қадірлі 
нәрсе – өмір, тіршілік, ал, ең үлкен трагедия – қаза, ажал, 
әсіресе зорлық өлім. Сондықтан да ұлы жырау адамдарға ең 
алдымен: «Бірінші тілек тілеңіз бір Аллаға жазбасқа», – деп, 
ақыл айтады және де «жер қайысқан қол келіп,... ардақтап 
жүрген бикешің жылай да жесір қалмасқа»,  деп ескертеді... 
Басынан небір қиын жағдайды, қуанышты да, күйінішті де 
өткізген Бұқар адамдар аман болса екен, олар бір­бірімен тату­
тәтті өмір сүрсе екен деп тілейді. Осы мақсатпен ол тұрмыстық 
та мәні бар дүниеауи, мемлекеттік те маңызы бар өсиет айтады, 
саяси да, этикалық та нормаға қатысты ой­пікір ұсынады.

[
 
 235  
]
Философ ақын ретінде Бұқар жырау жалпыадамзаттық 
мәселені көтереді: қалай адам баласы ұзақ та бақытты ғұмыр 
кешпек және қайтіп мезгілінен бұрын келген ажалдың 
құрығынан кұтылмақ? Бұл сауалға жыраудың өзі жауап 
береді. Ал жауабы өмірдің мәні жайындағы толғау, сұрақ пен 
жау 
ап болып айтылатын өлең түрінде, күмәнсіз ақиқатты 
айту, сондай­ақ адам мен табиғатты, адамдардың хал­ахуалын 
салыстыру я болмаса қарама­қарсы қою формасында болып 
келеді. Мұндай жағдайда өмір құбылыстары мен жағдаяттары 
терең топшылау арқылы жинақтылып беріледі және поэзиялық 
бейнелер мен көркемдеуіш құралдар пайдаланылып, адам 
белгілі бір ситуацияда не істеуі керек, қиындықтан қалай құ­
тылуға болады, қалай оның алдын алуға бола ды, қайтсе жа­
ман болмайды деген мағынада қорытылған тәжірибеден туын­
дайтын ақыл­кеңес, дайын жауап ұсынылады: 
Жар басына қонбаңыз, 
Дауыл соқса, үй кетер. 
Жатқа тізгін бермеңіз, 
Жаламенен бас кетер
28
 .
Немесе: 
Жал-құйрығы қаба деп, 
Жабыдан айғыр салмаңыз! 
Қалың малы арзан деп, 
Жаман қатын алмаңыз! 
Жабыдан айғыр салсаңыз, 
Жауға мінер ат тумас, 
Жаман қатын алсаңыз, 
Топқа кірер ұл тумас!
29
 
Міне, осындай жалпыға қарата «сен өйтпе, өйтсең бұлай 
бо лады», «сен бұлай істе, сонда жақсы болады» деген сияқты 
сөздер, былай қарағанда, «тыйым» салу мен оның себебін 
ашу болып көрінгенімен, өмірлік тәжірибенің негізінде 
туған жай ғана дидактика емес, тіршіліктің диалектикалық 

[
  236  
]
мәні жайындағы, дүниедегі жақсылық пен жамандықтың 
арақатынасы туралы пәлсапалық байламдар. Бұқар жыраудың 
тұжырымдауынша, әлемде өзгермейтін, мәңгі бір қалыпта 
тұратын еш нәрсе жоқ, дүниеде бәрі араласып, алмасып тұрады, 
өзгеріске ұшырайды, өмірде имандылық пен зұлымдылық, 
адамгершілік пен жауыздық қатар жүреді, қай нәрсенің болса 
да пайда болуы да, өшуі де болады, өмір бар жерде өлім бар
дүние алма­кезек.
Айналасын жер тұтқан 
Айды батпас демеңіз! 
Айнала ішсе таусылмас 
Көл суалмас демеңіз! 
Құрсағы құшақ байлардан 
Дәулет таймас демеңіз!
30
Жалпы, Бұқардың Абылай ордасына келгенге дейінгі шы­
ғармалары тақырып жағынан өте бай, әр алуан. Ол тұста 
тұрмыстың ащы­тұщысын татып, қарапайым адамның әлеу­
меттік жағдайын, хал­ахуалын көрген жырау қауымға ортақ, 
көпшілікке маңызды нәрселерді айтып, философиялық тұр­
ғыда әңгімелейді. Мәселен, осы кезеңдегі Бұқар жырау 
поэзиясының басты­басты тақырыптары мыналар: адамның 
тағдыр­талайы мен арман­аңсары, тіршілігі мен тынысы, 
имандылық пен шариғат мәселелері, дүниенің игілігі мен 
байлықтың жалғандығы, жастық пен кәрілік, бай мен жарлы, 
жақсы мен жаман, әйел мен бала, т.т.
Абылай ордасына келгеннен кейінгі Бұқардың шығарма­
шылығы бұқаралықтан гөрі мемлекеттік мәнге ие. Бұл 
уақыттағы толғаулар қоғам үшін аса зәру, тарихи мәнді мә­
селелерге арналған. Сол себепті екінші топтағы поэзия – 
мемлекетке қызмет етуге бағышталған, жоғары функция ат­
қаруға бағытталған, соңдықтан мемлекет те, оның басшысы да 
өте күшті болуға тиіс деген идеяны насихаттап, қоғамдық пікір 
орнықтыруға жұмыс істейді. Мемлекеттің үлкен қайраткері, 
әрі бас идеологі болған Бұқар үшін енді ең маңызды пробле­
ма – Қазақ хандығын сақтап, оның тәуелсіздігін қорғау, 

[
 
 237  
]
үш жүздің ауызбірлігі мен ынтымағы, көрші елдермен тату 
өмір сүру. Ол Қазақ мемлекетінің өз тұсындағы жағдайымен 
бірге келешегі туралы толғанады. Өйткені Ресей мен Қытай 
мемлекеттерінен қауіп төне бастағанын сезген болатын. Елді 
қауіптен құтқарып, хандықты сақтап қалу үшін Абылаймен 
бірлесе қолдан келгеннің бәрін істейді. Соған күш­қуатын, 
ақындық талантын, қызыл тілін жұмсайды. Сол себепті оның 
Абылайға айтқан толғаулары бұрынғылардай жалпылама 
емес, нақты. Ондағы жыраудың кеңесі мен нақыл сөзі тікелей 
ханға арналған, сондықтан ең алдымен елде тыныштық сақтау 
мен халықты қасіреттен құтқару керектігі айтылады. Көптеген 
ұрысқа қатысқан 93 жастағы Бұқар соғыс дегеннің не екенін, 
жаудың тұтқиылдан шабуы қандай болатынын әсте жақсы 
білген. Аса тәжірибелі саясаткер Бұқар көрші мемлекеттер 
әміршілерінің мінез­құлқын, әккі де зымиян саясатын, арам 
ниетін өте жақсы білген, сол үшін ол Абылайға айлакер 
жау 
дың шабуылынан бұрын елді Сырдарияның аржағына, 
Жиделібайсын жеріне көшіру қажеттігін айтады. Өзінің бұл 
ойын Бұқар жырау тарихқа сүйеніп қана дәлелдемейді, сондай­
ақ ол қасиетті кітаптарға да жүгініп, ондағы шүршіттердің 
жаугершілікке шығатыны туралы сөз болатынын тілге тиек 
етеді. Оның үстіне Бұқар жырау Ресейдің біртіндеп Шығысқа 
еніп бара жатқанын, Қазақстан жерінің сыртын орай қамал­
бекіністер сала бастағанын көреді, содан күдіктенеді, әрі 
қауіптенеді.
Қаруы күшті, адамы да, әскері де көп Ресейдің ерте ме, кеш 
пе қазақ жеріне ауыз салатынын Бұқар жырау жақсы біледі, 
онымен соғысуға қазақ елі дәрменсіз екенін де сезеді, соның 
үшін Абылайға орыспен соғыспа деп кеңес береді. Абылайдың 
өзі де мұны жақсы түсінеді, сондықтан ол Ресейге қарсы 
соғыс жүргізген жоқ. Кемеңгерлікке жет кен Бұқар жырау өз 
заманының тынысын дәл байқап, дәуірінің тамырын ұстап 
отырған, ел ішіндегі және сыртқы жағдайларды жіті аңғара 
білген, керек жерде болып жатқан оқиғаға тікелей араласып, 
оның барысына, шешіміне ықпал жасап отырған.
Абылайға қарата айтылған толғауларында Бұқар жырау 
мінсіз әміршінің идеалдық образын жасаған. Абылайды 
өте ақылды да әділетті хан деп білген. Рас, сонымен қатар 

[
  238  
]
жыраулық дәстүр бойынша өзінің азуын да көрсете алған. 
Осы толғауларында Абылайдың ата­анасы туралы, содан соң 
өзі жөнінде әңгімелеп алуы да, содан кейін «айтқан ақылыма 
көнбесең, көресіңді керсетем» дей күш те көрсетеді:
Ашуланба, Абылай! 
Ашулансаң, Абылай, 
Көтерермін, көнермін, 
Көтеріп қазға салармын. 
Өкпеңменен қабынба,
Өтіңменен жарылма, 
Орыспенен соғысып, 
Басыңа мұнша көтерген
Жұртыңа жаулық сағынба!
31
Алайда, қаншама ірілік көрсеткенімен, Бұқар жырау әмір­
шісінен аса алмайды, өйткені оның әмірші қашан да әділ деген 
«патшашыл» иллюзорлық түсінігі басым еді. Бұқар үшін хан – 
елдің басшысы ғана емес, хан – халықтың бақыты мен ырысы 
(«Хан қисайса, бәрі оңбас»). «Сол себепті, – дейді Бұқар, – 
халық ханды басына көтеруі керек, оны құдірет деп тануға 
тиіс, әйтпесе, елдің бәрі бақытсыз болады  («жаулаған ханын 
қара оңбас»)». Әміршінің тұлғасын құдірет тұту керек деген 
түсінікке сүйенген Бұқар жырау өзінің ханы Абылайды еш 
міні жоқ адам етіп («дүниеден шықпай мініңіз»), өте әділ, әрі 
қайырымды, рахымы мол хан  бейнесінде суреттейді («Жетім 
менен жесірге ешбір жа ман  қылмадың, Әділетпен жүрдіңіз, 
әдеппен іске кірдіңіз»). Оны Бұқар жырау «Кең Абылай, кең 
аям», «Хан ием» деп атап, әміршісіне бас ұрады.
Сонымен қатар, Абылайды көтермелеп, дәріптей отырып, 
Бұқар жырау оны кейбір мәселеге байланысты сынға да алады, 
одан халыққа қамқорлық көрсетуді талап етеді («Еліңнің 
қамын жегейсің!»), халықсыз хан да ешнәрсе тындырмайты­
нын айтады («Ханның жақсы болмағы – Қарашының елдігі, 
Қа 
рашы халық сыйласа, Алтыннан болар бесігі»). Мұндай 
шақ тарда жырау халық пен ханның арасына дәнекер болады, 
олардың өзара мәселелерін мемлекеттің мүддесі тұрғысынан, 

[
 
 239  
]
елдің ынтымағы мен тәуелсіздігін сақтау қажеттігін ескеріп, 
шешеді.
Бұқар Қалқаманұлы – ХV­ХVШ ғасырлар арасында ай­
рық 
ша өркендеп, қазақ мемлекетінің нығаюына, ұлттық 
мәдениеттің дамуына зор еңбек сіңірген жыраулық поэзияның 
шарықтау шегіне жеткен тұсында жасаған абыз­жыраулардың 
өкілі болды. Ол бір өзі бірнеше бағытта, бірнеше салада көрінді. 
Әрі аса дарынды импровизатор­жырау, әрі мемлекеттің көр­
некті бас идеологі, әрі ханның кемеңгер ақылшысы, сенім­
ді серігі бола білді. Өкінішке қарай, XVIII ғасырдың екін­
ші жартысында басталған Ресейдің экспансиясы сол жүз­
жылдықтың соңына таман Қазақстанның көпшілік жерін 
жаулап алумен аяқталды да, осыдан былай Қазақ мемлекеті өз 
дербестігінен айырылды, Ресей империясының құрамына енді. 
Қазақ хандығы жеке мемлекет ретінде жойылған соң, оның 
идеологі болған, қазақ елінің тұтас мемлекеттігін жақтап, сол 
идеяны жырлаған классик жыраулар да, жыраулық поэзия 
да тарихи аренадан кетті. Енді олардың орнына мәдениет 
пен әдебиет әлеміне ақындар келді. Ақындар қазақ елінде 
бұрын да болған, бірақ олар қалың бұқара ішінде тұрмыс­
салтқа байланысты өлеңдер шығарып, өзара айтысқа түсіп 
жүретін, қарапайым жұртшылыққа қызмет ететін. XVIII ға­
сырдың соңынан бас тап ақындардың ролі көтеріле бастады, 
олардың өнернамалық қызметі кеңейе түсті, сөйтіп ақындар 
поэзиясы қоғамдық мәнге ие бола бастады. Алайда, ол поэзия 
бұрынғы жыраулық поэзия сияқты болмады, мемлекеттік 
мәселелерге араласа алмады, олар араласатындай қазақтың 
өз мемлекеті де болмады. Бұл процестің басқа да жағы бар еді. 
Абыздық сипаттағы, әрі мемлекетке, әміршіге қызмет еткен 
жыраулар поэзиясын енді әдебиетті мемлекеттік, әрі ресми 
идеологиялық функциядан азат еткен, сондай­ақ әдебиет пен 
өнерді ақсүйектер ордасынан бұқараның ортасына, қатардағы 
қазақтың үйіне көшірген, әрі әдебиетке демократиялық сипат 
берген профессионал ақындар поэзиясы алмастырды. Соның 
нәтижесінде қазақ әдебиеті жаңа бағытқа бет бұрды жаңа 
сапаға көшті, жаңа мазмұнға ие болды, соны тақырыптар тапты.
Ендігі жерде Отанды сыртқы жаудан қорғау тақырыбы 
ығысып, оның орнына лирика дами бастайды. Қоғамда, оның 

[
  240  
]
рухани мәдениетінде әдебиет өз алдына жеке сала болып 
істейді. Бұрынғы жыраулық поэзиядан қалған әдеби үрдіс 
көркем өрнектер ары қарай ақындар шығармашылығында 
жалғасын табады. Бұл, ретте, әсіресе, Көтеш ақын (1745-1818) 
мен  Шал ақынның (1748-1819) дәнекерлік қызметі ерек­
ше. Олар ежелгі жыраулық поэзияның үлгісінде де, жа­
ңаша да өлең шығарып, бір жағынан ескі дидактикалық 
мазмұндағы не жақсы, не жаман, алдамшы дәулет пен 
жалған өмір туралы толғаса, екінші жағынан, тұрмысқа, 
салт­сана мен әдет­ғұрыпқа байланысты тақыраптарды да 
жыр лайды. Осы екеуінің шығармашылығынан бастап қазақ 
өлеңінің формасына да өзгеріс енеді. Олар байырғы жыраулық 
поэзиядағы формалық еркіндікті шектей бастайды, яғни ерікті 
шумақ, еркін ұйқас, еркін бунақтар бірден жойылмағанымен, 
ығысуға мәжбүр болады. Бұрынғы толғауларға тән тирадалық 
еркін құрылыммен қатар 4 тармақты шумақ қолданылады. 
Сондай­ақ жыраулар толғауларындағы ұйқас ерікті болып, 
бірнеше тармақта қатарымен келіп, көп жағдайда ұйқаспен 
бірге ырғаққа құрылса, ақындар поэзиясында ұйқас ааба 
түрінде қатал сақталатын болады және ырғақтан гөрі 
әуездеп айтуға бейімделеді. Тіпті, бірте­бірте толғаудың ор­
нына 11 буын ды қара өлең формасы орнығады, ертеден келе 
жатқан 7­8, кейде одан да көп буыннан тұратын тармақ енді 
міндетті түрде 11 буыннан құралатын болады.
Сол сияқты жыраулық поэзиядағы қаһарманды мәндегі 
эпикалық сипат та бірте­бірте лирикалық сарынға ойысады, 
адамның сыртқы іс­әрекетінен гөрі ойы, көңіл күйі көрсетіле 
бастайды. Және ақындар шығармалары жыраулық поэзияға 
қарағанда жалпылықтан нақтылыққа бет бұрған, сюжетке 
құрылған, оқиғалы болып келеді. Әрине, бұл көрсетілген 
айырмашылықтар – жыраулық поэзия мен ақындар поэзия­
сының арасында «қытай қорғаны» бар деген сөз емес. Олар – 
қазақ ауыз әдебиетінің даму барысындағы бағыттар мен ке­
зеңдер, бірін­бірі жалғастырып, сөйтіп, ұлттық поэзиямызды 
байытып отырған дәстүрлер мен жаңалықтар.
XVIII ғасырдың соңынан бастап қазақ әдебиетінде мүлде 
жаңа мазмұндағы, соны сипаттағы поэзия пайда болады да, ол 
XIX ғасырда зор қарқынмен дамиды. Бұл ұлт­азаттық поэзиясы 

[
 
 241  
]
еді. Ресейдің отаршылдық саясаты мен іс­қимылдарына қарсы 
болған халық көтерілістерін жырлаған поэзия болатын. Ол 
XX ғасырда да өшкен жоқ. Қайта бұл жүзжылдықта көтеріліс 
поэзиясымен қатар отарға түскен елдің хал­ахуалын барынша 
шыншылдықпен зарлап да сынай айтқан поэзия өріс алды. 
Сөйтіп, Дулат, Шортанбай, Мұрат сияқты дарынды ақындар 
XIX ғасырда жаңаша қарқынмен дамуға бет алған жазба 
әдебиетпен бірге, тізерлесе, қосақтаса ел мұңын жоқтайды, 
халықтың тұрмыс­тіршілігін, көңіл күйін бейнеледі. Жы­
раулар қалыптастырған классикалық ауыз әдебиеті XIX ға­
сырда ақындар шығармасы арқылы ары қарай дами түсті. 
Жәңгір хан тұсындағы Байтоқ жырау мен Кенесарыны хан 
деп дәріптеген Нысанбай, Досқожалар жыраулық поэзияның 
соңғы үлгілері болды да, енді ауыз әдебиеті ақындар поэзиясы 
түрінде дамып, жыраулық дәстүрдің көркемдік қуаты мен 
елдік сипатын жалғастыра, тереңдете, ірілендіре жырлаған 
кетті. Бұл тұста ол жазба әдебиетпен қатарласа өмір сүріп, 
XX ғасырда да өзінің өміршеңдігін көрсетті.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет