Асанов камашке даулетқАНҰлы айтыс өнерінің публицистикалық сипаты Электронды оқулық



Pdf көрінісі
бет21/26
Дата27.02.2023
өлшемі1,93 Mb.
#70231
түріОқулық
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26
Айтыстағы экология тақырыбы. Саяси-әлеуметтік тақырып аясындағы 
толғақты проблеманың бірі – экология мәселесі. Туған жер, қоршаған орта, 
табиғатты сүю, қадірлеу қазақ халқының жан-дүниесі, табиғатына тән қасиет. 
Жыраулар поэзиясын зерделей отырып ата-бабаларымыздың туған жер, 
қоршаған ортаны қалай сүйіп, қадірлегеніне іштей риза боламыз. Туған жерін 
Анасына теңеген қазақтай дегдар халықтың бекзада болмысы, жердің асты-
үстін ашкөздене тонап жатқан алпауыт елдерге үлгі болса керек-ті.
Қазтуған жырау (ХҮ ғасыр):


223 
«...Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған.
Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,
Балығы көлге жылқы жаптырмас...» [170, 29 б.]. 
Доспамбет жырау (ХҮІ ғасыр): 
«...Қоғалы көлдер, қом сулар, 
Қоныстар қонған өкінбес...» [171, 31 б.]. 
Ақтамберді жырау (1675-1768): 
«...Жарлауға біткен жапырақ – 
Жамылсақ тоңар ма екеміз. 
Жазыққа біткен бүлдірген –
Сұғынсақ тояр ма екеміз?..» [172, 64 б.]. 
Туған жер, қоршаған орта, табиғатқа деген дәл осындай кіршіксіз сезім 
мен махабатты ақын-жыраулар поэзиясынан көруіміз де бір жағынан заңдылық 
сияқты. Сайын сахарада көшіп-қонып өмір сүрген ата-бабаларымыз табиғатпен 
тамырлас, етене жақын болып ғұмыр кешкен.
Табиғатты сүйіп, оған құрметпен қарау қазақ қанында бар қасиет екендігі 
сондықтан. «Бір қозы дүниеге келсе, бір түп жусан артық өседі», – деп табиғат 
болмысынан сыр түйіп өскен халқымыз үшін Жер-Ананы қадірлеу қасиетті 
борышқа саналған. «Жатып қалған тоқтысы, жайылып мың қой болған» 
қазақтың шұрайлы өлкесі, ХХ ғасырда асты-үсті қопарылып, адам танымастай 
өзгерді.
Тарихшыларымыз 1950 жылдан бастап, Қазақстан нағыз экологиялық апат 
аймағына айналғанын жазады. «Сынақ жарылыстары Қазақстан жері мен 
халқына аса ауыр зардаптар тигізді. Полигондар, ең алдымен, өздері орналасқан 
жерді тоздырды. Ол жердің ауа райы өзгерді. Суы тартылып, ауасы мен шөбі 
ластанды. Экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы, тіршілік үшін өте ауыр болды. 
Аумақтың флорасы мен фаунасы орны толмас шығынға ұшырады, аң мен құс 
қырылды немесе басқа жаққа ауып кетті. Гүлді, нулы алқаптар қаңырап бос 
қалды. Әсіресе, адамдардың тартқан зардаптары жан түршігерлік болды» [173, 
137-138 бб]. 
Кеңес Одағы тұсында Қазақстанда орын алған осындай экологиялық 
апаттың салдары күні бүгінге дейін жалғасып, ол тудырған проблемалар 
зардабын халық әлі бастан кешіп отыр. ХХ ғасыр сексенінші жылдарының 
екінші жартысынан бастап Арал, Семей проблемалары айтыс жырларында 
өткір айтыла бастады.
1991 жылы 5-8 қыркүйек аралығында Павлодар қаласында «Невада-
Семей» қозғалысы аясында өткен «Халық денсаулығы» атты халықаралық 
көркем-публицистикалық акция негізінде өткен республикалық айтыста 
Оңтүстік Қазақстан облысының ақыны Әселхан Қалыбекова көкшетаулық 
Баянғали Әлімжановпен болған сөз сайысында полигон зардаптары туралы 
былай деп толғанады:
«...Тілі жоқ күш қарулар жарылуда,
Полигон Қызылқұмда, Сарықұмда.


224 
Исатай, Махамбеттей батыр болған,
Полигон Еділ, Жайық, Нарыныңда.
Полигон Сарыөзек пен Семейімде,
Сау жер жоқ, бәрін тізіп берейін бе? 
Көк жалын күндіз-түні күркірейді,
Бұрқылдап Байқоңырдың көмейінде...» [174, 82 б.]. 
Әселхан ақынның осы келтірген деректері сол уақытқа дейінгі Қазақстан 
аумағындағы полигон орындарын санамалап көрсетуімен құнды дер едік. Олай 
деуімізге Кеңестер дәуірінде атом сынақтары мемлекеттік құпия іс ретінде 
қаралып, бұқара халыққа жария етілмейтін. Полигон орны тек Семейде деп 
білетін халық егемен ел болған соң, көп жағдайларға БАҚ арқылы қаныға 
бастаған тұс еді. Осы жағдайларды Әселхан ақынның айтыс барысында айтуы 
халық санасын одан сайын сілкіндіре түскендей болды. Кеңестік цензура 
жойылғанымен, «осы қалай болар екен» деп үнемі билікке алаңдап отыратын 
БАҚ өкілдері әлі де болса «ішкі» пендешілік цензурадан арыла алмай көп 
жүрді. «Айтылған сөз – атылған оқ» демекші, айтыс ақындарының соры да, 
бағы да тіл ұшына оралған сөзді іркіп қала алмайтындықтары еді. Бұл қасиет те 
айтыс поэтикасының өзіне тән ерекшелігі болып табылады. Оның үстіне ел 
еңсесін көтеріп, еркін ойлап, батыл сөйлеу үрдістері айтысқа үлкен серпілістер 
әкелді.
Көрнекті ғалым М. Базарбаев «Көрікті ойдан – көркем сөз» атты еңбегінде 
осы мәселеге қатысты мынадай пікір білдіреді: «Түбегейлеп келгенде бұл 
дәуірдегі айтыс біраз өзгерістерге ұшыраған. Ежелгі үрдіс, дағды 
сақталғанымен мазмұн-мағына жағынан басқаша. Қоғамдық орта мен болмыс 
оған өз таңбасын түсірмей қоймайды. Жаңа, бай өмірге сай айтыстың мазмұны 
да жаңарып, байи түсуде» [175, 225 б.]. 
Қоғамдық орта мен болмыстың айтыс өнеріне әсер етуі белгілі бір 
проблема төңірегінде ғана көрінбейді. Ол біз сөз етіп отырған тіл, дін, тарих, 
дәстүр, ауыл тағдыры сияқты көптеген тақырыптарға ортақ ерекшелік болып 
табылады. Айтыста келтірілген проблема ешқашан жалаң айтылмайды.
Қашанда бір-бірімен материалдық һәм рухани тұрғыда сабақтасып 
жататын қоғамдық құбылыстың барлық қыры айтыс жырларында біртұтас ұлт 
проблемасы ретінде көрініс табады. Айтыста келтірілген Арал, Балқаш 
тағдыры, Семей полигонының зардаптары қазақ қоғамы бастан кешіп отырған 
әлеуметтік-тұрмыстық, рухани-моральдық келеңсіздіктермен сабақтастырыла 
жырланды. Мұның өзі жекелеген ауылдық, аймақтық санадан жалпыұлттық 
санаға көтерілген халық зердесінің тереңдігін аңғартса керек. Арал, Семей 
проблемасынан титықтаған халыққа Тәуелсіздік жылдары «протон» мәселесі 
қосылды. 
«...Байқоңырдан «протон» ұшырғандар,
Арқаға құлатады үйінді ғып,
Құлаған протондар сұмдығымен,
Халықты жылатады күйіндіріп.
Бұл күнде протонның аты аталса,


225 
Миынан өтеді елдің құйын жүріп...» [137, 144 б.] 
Қызылордалық ақын Әбілқайыр Сыздықовпен арада өткен айтысында 
астаналық Иманғазы Нұрахметұлы протон проблемасын осылайша баяндайды. 
Протон тақырыбын айтыстарына арқау еткен екі ақын да уақыттың көптеген 
түйткілді мәселелерін халық назарына ұсынады. Екі ақынның жыры да 
әдеттегідей белгілі бір тақырып төңірегін шиырламай, қазақ қоғамының барлық 
қырын ашуға әрекет етеді. Мәселен, мәдениетті қолдау жылындағы ауылдың 
бастан кешіп отырған қиындықтары, қолында техникасы жоқ адамдардың Жер-
Ананы емдеуге қауқарсыздығы, халықтың денсаулығы сияқты көптеген 
көкейкесті мәселелер бір-бірімен сабақтаса өріліп, ойдан ой туып, үлкен келелі 
әңгіме қозғалады. Мұның өзі сайып келгенде, мемлекет, қоғам үшін 
экологияның аса маңызды факторлардың бірі екендігін танытады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет