"Достар", "Туған жер", "Құрбыма", "Сауыншы жеңгейдің жыры", "Домбыра", "Май келді", "Күйім тасып барады, күйім тасып", т.б. көркемдігі жоғары өлеңдерін ерекше атауға болады. Ақын 1947 жылдан бастап сырқатқа шалдығады. Соның өзінде сол жылы он шақты өлең жазып, "Біздің дастан" поэмасын бастайды. М.Лермонтовтың "Маскарад" драмасын, А.Твардовскийдің әйгілі "Василий Теркин" атты ұзақ та күрделі поэмасын өте шебер аударады. 1948 жылы да Қасым көп жазады, "Дауыл" атты жинағы жарық көреді. Ол туралы үлкен ақын әрі поэзия білгірі Әбділда Тәжібаев "Социалистік Қазақстан" газетінде "Дауылды жырлар" деген мақала жазып, аса жоғары бағалайды. Осы жылдары Пушкин мен Лермонтовтың бірсыпыра өлеңдеріне қоса, Пушкиннің "Полтава" поэмасын аударады. "Балбөбек", "Нұрлы дүние" жинақтарын шығарады. 1952 жылы "Таңдамалы шығармалары" жарық көреді. 1954 жылы бүгінде жұрттың көбі жатқа білетін әйгілі "Өзім туралы" толғауын аяқтайды.
Бала кезінен халықтың ән-жырынан, бай фольклоры мен ауыз әдебиеті шығармаларынан сусындап өскен Қасым Амажоловтың хат танығаннан кейін поэзия алыптарының шығармаларын мұқият зер салып оқығаны, олардың творчествосынан нәр алғаны анық. Бұл ретте алдында өткен айтулы ақындар поэзиясының ықпалы, әсіресе, айқын байқалады. Мәселен, «Сұлудың сымбатынан» (Орал, 1935), Абайдың «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңінің ізі көрінеді.