12 бап: Баланың көзқарастарын құрметтеу Бала өзіне қатысты барлық мәселе бойынша көзқарасын еркін білдіруге құқылы. Ересектер баланың пікіріне құлақ асулары қажет.
13 бап: Пікірді еркін білдіру Бала өз пікірі мен сезімін жазбаша, ауызша, сурет арқылы немесе басқа түрде еркін білдіруге құқылы, тек бұл басқа адамдарға зиянын келтірмеуі керек.
14 бап: Ой және дін бостандығы Балалар ойлау, пікір білдіру және діни сенім бостандығына құқылы, алайда бұл басқалардың құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтірмеуі керек. Ата-аналар немесе қамқоршылар балаға есею барысында осы құқықты дұрыс пайдалануды үйрету үшін жетекшілік жасай алады.
15 бап. Қауымдастық еркіндігі Бала өзі қалаған топтарға қосылуға немесе топтар мен ұйымдар құруға құқылы, тек бұл басқа адамдарға зиянын келтірмеуі керек.
16 бап: Жеке өмір құқығын қорғау Әрбір баланың жеке өмірге құқығы бар. Заң балалардың жеке және отбасылық өміріне, үйіне, қарым-қатынасы мен беделіне (немесе жақсы атына) кез-келген заңсыз қол сұғудан қорғауы керек.
17 бап: Ақпаратқа қолжетімділік Балалар Интернеттен, радиодан, теледидардан, газеттерден, кітаптардан және басқа да ақпарат көздерінен ақпарат алуға құқылы. Ересектер балалар алатын ақпараттың оларға зиян тигізбейтіндігіне көз жеткізуі керек. Үкіметтер бұқаралық ақпарат құралдарын балалардың рухани және мәдени дамуына ықпалын тигізетін, оларға түсінікті тілде материалдар таратуға ынталандыруы қажет.
18 бап: Ата-ананың жауапкершілігі Баланың тәрбиесі үшін негізгі жауапкершілік ата-аналардың мойнына жүктеледі. Егер баланың ата-анасы болмаған жағдайда, бұл жауапкершілік «қамқоршы» деп аталатын басқа ересек адамға жүктеледі. Ата-аналар мен қамқоршылар әрдайым баланың мүддесі үшін әрекет етуі тиіс. Үкіметтер оларға көмектесуі керек. Егер баланың екі ата-анасы бар болса, онда баланың тәрбиесіне екеуі бірдей жауапты.
19 бап: Зорлық-зомбылықтан қорғау Үкіметтер баланы ата-аналар немесе басқа адамдар тарапынан болатын зорлық-зомбықтың барлық түрлерінен, немқұрайлылық пен қиянат көрсетушіліктен қорғауы қажет, сондай-ақ ересектерден қатыгездік көрген балаға көмектесуге міндетті.