Атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары


МӘТІН ЛИНГВИСТИКАСЫНЫҢ ЗЕРТТЕУ НЫСАНЫ – МӘТІН



Pdf көрінісі
бет100/204
Дата06.01.2022
өлшемі3,96 Mb.
#14830
1   ...   96   97   98   99   100   101   102   103   ...   204
Байланысты:
{CF395923-CB60-413E-9F69-F9338E1D4631}

МӘТІН ЛИНГВИСТИКАСЫНЫҢ ЗЕРТТЕУ НЫСАНЫ – МӘТІН 
 
Аннотация:  мақалада  жаңадан  қалыптаса  бастаған  мәтін  лингвистикасы  саласы 
жайлы  түсінік  берілді.  Мәтін  лингвистикасы  саласының  зерттеу  объектісі  –  мәтінге 
ғалымдарымыздың алуан түрлі анықтамалары ұсынылды. 
Тірек сөздер: мәтін, мәтін лингвистикасы, диалог, монолог, коммуникация. 
 
Мәтін  –  өзіндік  ерешеліктерге,  заңдылықтарға  ие  аса  күрделі  семантикалық-
құрылымдық жүйе. Мәтін арқылы барлық тілдік құралдар жүзеге асатындықтан, ол ерекше 
күрделі  тілдік  таңбаға  жатады.  Осыған  байланысты  мәтінге  талдау  жүргізу  мен  оны  тану, 
мәтіннің  түзілімі  мен  құрылымын  саралау,  мәтінжасам  барысындағы  тілдік  құралдардың 
қызметін анықтап, терең білу қазіргі заманның ең маңызды мәселесіне айналып отыр. 
Адам  баласы  мәтіннің  өзіне  тән  болмыс-қасиетін  зерттеуге  сан  ғасырлардан  бері 
ұмтылып келе жатса да, оның бүгінгі күн талабынан зерттеуді қажет етіп тұрған тұстары әлі 
де көп. Аталған бағытта жаңадан қалыптаса бастаған қазақ мәтін лингвистикасы жас болса 
да  біраз  тәжірибе  жинақтады.  Қазіргі  таңда  ғылымның  тоғысқан,  жаңа  салаларының  пайда 
болып  жатқан  кезеңінде  қазақ  мәтіні  лингвистикасы  мәселелерін  жан-жақты  зерттеу  аса 
қажет. 
Мәтін  лингвистикасы  ХХ  ғасырдың  екінші  жартысынан  бастап  қалыптаса  бастаған, 
соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан тың сала. 
Қазақ  тіл  білімінде  Р.Сыздық,  Т.Қордабаев,  Б.Шалабай,  М.Серғалиев,  Б.Мүсрепова, 
С.Құнанбаева, Ж.Жакыпов, О.Бүркіт, А.Жұбанов, Г.Смагұлова, З.Ерназарова, С.Мұстафина, 
Г.Әзімжанова,Н.Құрманова,  К.Мухлис,  А.Таусоғарова,  Б.Райымбекова,  Ф.Жақсыбаева,  Ж 
.Қайшығұлова,  М.Ахметова  т.б.  мәтін  лингвистикасы  мәселесіне  бірнеше  ғылыми  зерттеу 
еңбектері мен мақалаларын, оқу кұралдарын арнады. 
Мәтін лингвистикасы саласының зерттеу объектісі  - мәтін. Алайда бүгінгі күнге дейін 
мәтін деп нені тану керектігі толық айқындалмай, мәтінге алуан түрлі анықтамалар беріліп 
жүр. Аталған ерекшелік мәтіннің айырықша күрделі тілдік кұбылыс екендігімен және әрбір 
зерттеушінің ұстанымымен байланысты қарастырылады. Мәселен, З.Я.Тураева: «Мәтін  – әр 
түрлі  лексикалық,  логикалық,  грамматикалық  байланыстардан  тұратын  құрылымдық-
мағыналық  бірлік  ретінде  қызмет  ететін  күрделі  тұтастық»,  –  деп  анықтайды  [1,  11].  Ал 
А.И.Новиков    мәтінді    Н.И.Жинкиннің  тұжырымдамасы  негізінде  тіл,  сөйлеу,  интеллект 
факторларының  бір-бірімен  өзара  байланысқан  біртұтас  кешені  деп  қарастырьш,  мәтіннің 


209 
 
басты  белгісіне  сыртқы  және  ішкі  формалардың  бірлігін  жатқызады.  Бұл  жерде  сыртқы 
форма – тікелей қабылданып ұғынылатын тілдік кұралдардың жиынтығы мен автордың түпкі 
ойын  жүзеге  асыратын  олардың  мазмұндық  жағы  болса,  ал  ұғынылатын  нәрсе  оның  ішкі 
формасын  құрайды.  Ішкі  форма  –  берілген  барлық  тілдік  құралдардьщ  жиынтығымен 
тұтастай сәйкес келетін, адамның ақыл-ойында жүзеге асатын ойлаудың түзілісі [2,4-5]. 
Ғалым  М.М.Бахтин  мәтінді  объективті  әлемнің  субъективті  бейнесі  [3,308]  және  кең 
мағынасында екі сананың қарым-қатынасқа түсуінің бір жолы деп қарастырады [3,301]. 
Г.В.Колшанский қолданысындағы мәтін – сөйлемдердің тәртіпсіз жай ғана тізбегі емес, 
ол – қарым-қатынастың тұлғалық және мағыналық бірлігі  деп анықтайды [4,65]. 
И.П.Сусов: «Мәтін – өз табиғатынан екі жақты. Бір жағынан, ол тілдік жүйенің негізгі 
бірлігіне, яғни тар мағынасында тілге жатады, ал екінші жағынан, қарым-қатынас әрекетіне 
жатады.  Мәтін  тілдік  қатысым  мен  тілдік  жүйенің  арасынан  орын  алатын  жай  ғана  нысан 
емес:  ол  тең  дәрежеде  тілдік  болмыстың  осы  екі  аймағына  да  катысты  болады»,  –  деп  өте 
орынды айтқан [5, 90-91]. 
И.Р.Гальперин:  «Мәтін  –  бұл  жазба  құжат  түрінде  объектіленген  және  сол  құжатқа 
сәйкес әдеби тұрғыдан сұрыпталған, тақырыбы бар, лексикалық, грамматикалық, логикалық, 
стилистикалық  амал-тәсілдердің  әр  түрлерімен  байланысып  жататын,  айқын  бағыт  пен 
прагматикалық  мақсатты  иеленген  ерекше  тұлға-бірліктерден  (күрделі  фразалық  тұтасым) 
тұратын аяқталған сөйлеу әрекетінің туындысы», – деп атап көрсетеді [6,18]. 
Түркологиядағы  тілші-ғалымдардың  мәтінге  берген  анықтамаларына  тоқталып  өтсек, 
мәселен, қырғыз мәтінінің қатысымдық құрылымын зерттеген С.Ж.Мусаев мәтінді «қимыл - 
әрекеттегі тіл» деген тұжырымды ұстана отырып анықтайды.  
Ғалым Ф.Ш.Оразбаева тілдік қатынасты іске қосатын бірліктерге тоқтала келіп, мәтінді 
«...  ойлау,  хабарлау,  баяндау,  қабылдау,  пайымдау  құбылыстарымен  байланысты,  адамдар 
арасыңдағы тілдік қатынастың іске асуына негіз болатын қатысымдық жүйелі тұлға» ретінде 
танып, мәтінді тілдік қатынастың мазмұндық тұтастығымен ерекшеленетін бүтін жүйесі деп 
таниды  [7,25-26].  Сөйлеу  тілін  прагмалингвистикалык  тұрғыда  зерттеген  З.Ерназарова: 
«Мәтін деп сөйлеуші мақсатына сай аякталған ойды білдіретін бір немесе бірнеше сөйлемдер 
тізбегін айтады. Тілдің иерархиялық кұрылымында мәтін семантика - синтаксистік құрылым 
ретінде  жоғары  деңгей  болып  есептеледі.  Ал  сөйлеу  бірлігі  ретінде  мәтін  сөйлесіммен 
салыстырғанда  бүтіндік  сипатқа  ие.  Ол  ортақ  мақсаттағы  бірнеше  сөйлесім  тізбегі  болуы 
мүмкін», – деп ой түйеді [8, 158]. А.Жұбанов өз еңбегінде мәтінді тілдің негізгі бірліктерін – 
морфеманы, сөзді, сөз тіркесін, сөйлемді қамтитын күрделі бірлік деп таниды [9,5]. 
Ал  1974  жылы  М.Балақаев,  Е.Жанпейісов,  М.Манасбаев,  М.Томановтардың 
авторлығымен  жарық  көрген  «Қазак  тілінің  стилистикасы»  атты  оқулығында  сөздің  (речь) 
ауызша және жазбаша деп екіге бөліп қарастырылатындығы, олардың ерекшелігі анықталып, 
жазбаша сөздегі ойдың қағазға жазылып жеткізілетіндігі жөнінде мынадай пікір ұсынылады: 
«Сонымен  жазу  –  ол  белгілі  бір  текст.  Бұл  түрлі  текстер  (газет,  журнал,  кітаптардағы 
материалдар)  әр  жай,  күйді  білдіріп  хабарлайды.  Тілдік  белгілерді  сұрыптап  қолдану 
зандылықтары  әдетте  айтылатын  ойдың  мазмұнына  байпанысты.  Ойлау  жұмысының 
нәтижелерін  тіл  сөз  (речь)  арқылы  бейнелейді.  Ал  сөз  арқылы  жеткізілетін  ой  мен  оның 
мазмұнының арасында тығыз байланыстылық болады». Аталған ой тұжырымнан мәтін – тіл 
жүйесін  қолдану  аркылы  қағаз  бетіне  түскен  сөздің  бір  түрі  және    сөйлеудің  хатқа  түскен 
көрінісі түрінде айқындалып тұрғаны байқалады. 
Лингвистикалық сөздіктерде мәтінге төмендегідей анықтамалар ұсынылған: 
«Мәтін  –  тілдік  таңбалардың  мағыналық  және  тұлғалық  байланыстығы  негізінде 
түзілген ізбе-ізділігі» [10,270]. 
«Мәтін – латынша textus байланысу, қосылу, тұтасып кету. Басты қасиеті тұтасым және 
байласым болып саналатын мағыналык байланыстармен біріккен таңба бірліктерінің тізбегі» 
[11,507]. 
«Тіл білімі» сөздігінде мәтін:  
1. Тілдің өмір сүруінің феноменологиялық алғашқы тәсілі (З.Шмидт); 


210 
 
2.  Жүйеленген,  тұтасқан,  тиянақталған  және  мағыналық  жақтан  өзара  байланысқан 
сөйлемдердің тізбегі; 
3. Коммуникацияға қатысушыға тән сөйленімдердің (высказывание) бірізділігі. 
4. Ауызша немесе жазбаша сөйлеу туындылары [12, 374]. 
Ауызша жеткізілген сөз болсын, немесе қағаз бетіне түскен туынды болсын барлығы да 
мәтін ретінде танылады. Ауызша сөйленген сөзден бастап, ұлттық әдеби тіліміздің бірден-бір 
көрсеткіші  болып  саналатын  көркем  әдебиет  шығармалары  да  мәтін  тұрғысынан 
қарастырылады. Себебі олардың бәрі – адамның ақыл-ойы нәтижесінде белгілі бір ақпаратты 
хабарлау мақсатында жүзеге асады. Ой бір тақырып бойынша дамиды. 
Мәтін – әрі жазбаша, әрі ауызша формада қолданыс табатын монологтік әрі диалогтік 
сөйлеу  түрі.  Монолог  (грек,  monos  -  бір,  loqos  -сөз)  –  белсенді  сөйлеу  қызметінің 
нәтижесінде  тікелей  қабылдауға  арналған  сөйлеу  түрі.  Монолог  тек  қана  ауызша  сөйлеу 
ыңғайында  бола  бермей,  жазбаша  түрде  де  кездеседі.  Екі  жағдайда  да  (ауызша  және 
жазбаша) негізгі ерекшелігі – бір адамның сөйлеуі немесе бір адамның ойы [ 10, 279]. 
Диалог  (грек.  сөйлесу,  әңгімелесу)  –  екі  адамның  тіл  катысуы.  Диалогке  қатынасушы 
адамдардың сұрақ-жауап немесе, керісінше, жауап-сұрақ түріндегі сөздері жағдайға және сол 
диалогтің  алдында  немесе  одан  кейін  айтылған  сөйлемдерге  байланысты.  Диалог  ауызекі 
сөйлеу тілінде де, көркем эдебиет шығармасында да көп кездеседі [10, 96]. 
Мәтін  атауы,  жоғарыда  аталғандай,  сөйлеудің  сан  алуан  формаларында  пайдаланыла 
алады. Сонымен катар мәтін лингвистикасында бұл терминді макро және микро мәтіндерді 
бейнелеу мақсатында да қолдану үрдісі айқындалған. Бірақ ғалымдардың көпшілігі мәтін деп 
белгілі бір тәртіппен кұрылған, ұйымдасқан сөйлеуді таниды. Яғни, жүйелі байланыстардың 
нәтижесінде  құрылатын  мәтіннің  берілу  жолдары  да  сан  алуан  болады.  Осыған  орай  мәтін 
жазбаша  әрі  ауызша  формада,  монолог  әрі  диалог  түрінде  кездеседі  және  кез  келген  мәтін 
қандай  формада  көрінсе  де,  қатысым  қызметін  атқарып,  хабарды  жіберуші  (адресант)  мен 
хабарды қабылдаушының (адресат) бірлігінен тұрады. 
Қазақ  тіл  білімінің  атасы  –  Ахмет  Байтұрсынұлы  мәтінді  шығарма  сөз  деп  көрсетіп, 
сөйлеудің бірлігі ретінде қарастырады. Осы орайда, ғалым: “Сөз өнерінен жасалып шығатын 
нәрсенің  жалпы  аты  шығарма  сөз,  ол  аты  қысқартылып  шығарма  деп  айтылады.  Ауыз 
шығарған  сөз  болсын,  жазып  шығарған  сөз  болсын  бәрі  шығарма  болады”,  –  деп  айтқан 
[13,344].  А.Байтұрсынұлы  мәтіннің  (шығарманың)  тақырыптан,  ал  мәтін  (шығарма) 
мазмұнының үш мүшеден, демек, аңдату, мазмұндау, қорытудан тұратындығын түсіндірген. 
Мәтіннің  қатысымдық  қызметін  тудыруға  қатысатын  айтушы  ойының  өзге  үшін 
бағытталатынын алғашқылардың бірі болып атап көрсетеді. 
Қ.Жұбановтың еңбектерінде қазіргі тіл біліміндегі терминдік атаулармен берілмесе де, 
мәтін  мәселесі  жайлы    пікірлердің  кездесетіндігі  анық  сөз  болады.  Мысалы,  Қ.Жұбанов 
мәтінді сөз деп таниды. Ғалымның мәтін жайлы ой-пікірлері тілдің күнделікті қолданыстағы 
қызметіндегі  ерекшеліктерінен  пайда  болатындығы  айқындалады.  Мәтін  қарым-қатынасты 
жүзеге  асырудың  бірден-бір  құралы  деп  түсінген  ғалым  мәтіннің  ауызша  және  жазбаша 
түрлерін бөліп көрсетіп, олардың өзгешеліктерін де байқайды. Бұл туралы  Қ.Жұбанов: “Сөз 
бұйымын  дұрыс  жасап  шығу  үшінде  оның  жасалу  жолын  білу  –  жазылатын  сөзге  ала-бөле 
қарау. Өйткені ауызекі сөйленетін сөздің андай-мұндай қисығын елетпейтін басқа жағдайлар 
бар,  –  деп,  паралингвистикалық  зерттеу  нысанасы  ым-ишара  секілді  кинестикалық  амал-
тәсілдерді  т.б.  атап  көрсетеді  де,  ойын  былайша  сабақтайды:”  –  Жазулы  сөзде  бұл 
кемшіліктердің  бірі  де  жоқ.  Кітаптың  сөзі  қисық  болсын,  дұрыс  болсын,  қалай  жазылған 
болса,  солай  оқылады;  қалай  оқылса,  солай  түсініледі,  немесе  түсініксіз  күйімен  қалып 
қояды. … Сондықтан, әсіресе, жазылатын сөздің қалай құру тетігін білу өте қажет” [14,148]. 
Бұдан біздер ғалымның мәтінді жүйелілік сипаты бар құбылыс деп түсінгендігін көреміз. Бұл 
көтерілген  мәселелер  сол  кезде  мәтін  лингвистикасының  ауқымында  қарастырылмаса  да, 
қазірдің өзінде тіл білімінің осы саласы үшін өзекті, әрі құнды.  


211 
 
Қорыта  келгенде,  оқушылардың  жазбаша  тілін  дамыта  оқыту  үшін,  ең  біріншіден, 
олардың  мәтін  жөнінде  білімін,  түсінігін,  мәтіннің  құрылымдық  ерекшелігі  жайлы 
біліктілігін қалыптастыру қажет.  
Мәтіннің  негізгі  белгілерін  анықтауда  ғалымдардың  пікірлері  түрліше.  Біреулер 
ауызша  және  жазбаша  сөйлеу  формаларын  мәтін  деп  атаса,  көпшілігі  тек  жазбаша  сөйлеу 
нәтижесін  мәтінге  жатқызады.  Алайда,  мәтіннің  мүшеленуі  (бөлшектенуі),  мағыналық 
тұтастық және құрылымдық байланыс сияқты белгілерін барлық зерттеушілер мақұлдайды. 
Мәселен,  Г.Смағұлова  мәтіннің  белгілі  бір  құрамнан  тұратынын  айта  келіп:  «Мәтін  –  тіл 
жүйесіндегі өзінің мәні мен болмысына сай, сөйлемдердің жай ғана тізбегі емес, мағыналық 
–  құрылымдық  күрделі  тұлға.  Ол  –  логикалық,  грамматикалық,  байланыстарға  негізделген, 
тиянақты мазмұнға ие біртұтас қарым-қатынас бірлігі», – деп анықтайды [15,9б].  
Тіл  ғылымында  қазіргі  кезге  дейін  зерттеу  нысаны  болып  жүрген  сөз,  сөз  тіркесі, 
сөйлем,  морфологикалық,  лексикалық  тұлғалар,  фонетикалық  құбылыстар  –  мәтіннің 
құрамына кіретін тілдік бірліктер. Осы орайда қарағанда қазіргі қазақ тілі білімінде мәтінді 
құрылымдық,  мағыналық,  қызметтік  жағынан  жан-жақты  зерттеу  әлі  де  кенжелеп  келе 
жатқан өте маңызды мәселелердің бірі екенін мойындамасқа болмайды.  
 
Пайдаланылған әдебиеттер: 
1 Тураева  З.Я.  Лингвистика  текста  (текст:  структура  и  семантика).  –Москва:  Просвещение,  1986.  –  С. 
127. 
2 Новиков А.И. Семантика текста и ее формализация. – Москва: Наука, 1983. – С. 215. 
3 Бахтин М.М. Эстетика словесного творчества. 2-е. Изд. – Москва: Искусство, 1986. – С.445  
4 Колшанский Г.В. Контекстная семантика. – Москва: Наука, 1980. – С. 152. 
5 Сусов  И.П.  О  двух  путях  исследования  содержания  текста  //  Значение  и  смысл  речевых  образований. 
Межвузовский тематический сборник. – Калинин, 1979. – С. 90-103. 
6 Гальперин И.Р. Текст как объект лингвистического исследования. – Москва: Наука, 1981. – С. 139. 
7 Оразбаева  Ф.Ш.  Тілдік  қатынас:  теориясы  жэне  әдістемесі  (Оқу  құралы).  –  Алматы:Ы.Алтынсарин 
атындағы Қазақтың білім академиясының республикалық баспа кабинеті, 2000. – 208 б. 
8 Ерназарова 3. Сөйлеу тілі синтаксисінің прагмалингвистикалық аспектісі. – Алматы, 2001. – 215 б. 
9 Жубанов  А.К.  Основные  принципы  формализации  содержания  казахского  текста.  –  Алматы,  2002.  – 
С.250.  
10   Қазақ  тілі.  Энциклопедия.  –  Алматы:  Қазақстан  Республикасы  Білім,  мэдениет  жэне  денсаулық 
сактау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998. – 509 б. 
11  Текст // Языкознание. БЭС. – Москва, 1998. – С. 507. 
12  Тіл білімі сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1998. – 544 б. 
13  Байтұрсынов А. Тіл тағлымы. –Алматы,1998. –362 б. 
14  Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1966. –360 б. 
15  Смағұлова Г.Н. Мәтін лингвистикасы. Оқу құралы. –Алматы:Қазақ университеті, 2002. – 112 б. 
 
ОӘЖ 378,1.147 
ИСКАКОВА ГУЛГУЛ ЖЕНИСОВНА 
 ШАЛАБАЙ БЕРДІБАЙ 
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті,  
Көкшетау, Қазақстан 
g.ristina@mail.ru
 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   96   97   98   99   100   101   102   103   ...   204




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет