Атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары


СӘБИТ МҰҚАНОВ ПРОЗАСЫНЫҢ ПОЭТИКАСЫ



Pdf көрінісі
бет50/204
Дата06.01.2022
өлшемі3,96 Mb.
#14830
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   204
Байланысты:
{CF395923-CB60-413E-9F69-F9338E1D4631}

СӘБИТ МҰҚАНОВ ПРОЗАСЫНЫҢ ПОЭТИКАСЫ 
Аннотация:  мақалада  С.  Мұқанов  поэтикасы  қарастырылады.  Жазушының 
шығармаларына  тән  өмірлік  материалдың  мол  қамтылуы,  өмір  шындығы  мен 
этнографиялық бояудың, кейіпкерлердің ойлау жүйесі, тіл байлығының өз дәуіріне сай шығу 
ерекшеліктері  талданады.  С.  Мұқановтың  алуан  түрлі  кәсіп  иелерінің  жарқын  бейнесін 
тартымды  бейнелеудегі  шеберлігі  баяндалады.  Автордың  «Балуан  Шолақ»,  «Адасқандар» 
шығармаларындағы  халық  тарихы  мен  тағдырын  сабақтастыра  суреттеуі  эпикалық 
жүйеде қалыптасқан қаламгер дағдысын аңғартады. 
Тірек сөздерәңгіме, очерк, инверсиялық ырғақ, реалистік проза, кейіпкер характері, 
көркем образ, прототип. 
 
Жиырмасыншы  жылдары  әңгіме  жанрында  С.Мұқанов  әр  кезеңде  сирек  те  болмаса 
шеберлік  мектебі  саналатын  әңгіме  жанрына  ат  басын  бұрып  отырған.  Әңгімелерінен 
суреткерлік  нышан  («Әсия»,  1925),  өтпелі  дәуір  шындығы  («Азғын»,  1927;  «Кер  заман», 
1928;  «Әмеңгерлік  азабы»,  1928),  өндіріс  тақырыбы  («Суалмас  сауын»,  1933;  «Алтын 
аймақ»,  1934-37),  Ұлы  Отан  соғысы  оқиғасы  («Тіл  алушылар»,  1942;  «Батыр  қыз»,  1944), 
көтерілген  тың  («Аспаз»)  сырына  қанығамыз.  «Аспаз»  туындысы  кезінде  Отарлық 
«Работница»  журналында  жарияланып,  басылымның  жылдық  жүлдесін  алған.  Повесть 
жанрында  жазушы  өндіре  еңбектенгенмен,  әр  кезеңде  «Ақбөпенің  сыры»  (1927),  «Достар» 
(1937)    шығармаларын  жазады.  «Балуан  Шолақ»    жиырмасыншы  ғасыр  басында  тіршілік 
кешкен,  өз  көзімен  көрген  аяулы  өнерпаз  өмірінен  жазылған  шығарма.  «Болашақтың 
баласы», «Жарқын жолмен» – балаларға арналған повестер. Мұның алғашқысында баланың 
жоқшылық,  таршылықта  өткен  өмірі  бейнеленсе,  соңғысында  бақытты  балалық  шақ 
жайында  жазылады.  Сәбит  Мұқанов  –  кең  тынысты  романшы  ретінде  дүние  жүзіне  мәлім. 
Қазақ  халқы  өткен  ірі  тарихи,  саяси-әлеуметтік  кезеңдерінен  көптеген  эпикалық  шығарма 
жазған  С.Мұқанов  қазақ  романистикасын  және  бір  белеңге  көтереді.  Өрелі  туындылармен 
қазақ әдебиетін байытты. 
Сәбит  Мұқанов    проза  саласында  да  қазақ  кеңес  әдебиетіне  елеулі  үлес  қосқан 
жазушының  бірі.  Оның  «Ботакөз»,  «Сырдария»,  «Мөлдір  махаббат»  романдары  мен  «Өмір 
мектебі», «Есею жылдары» атты өмірбаяндық трилогиясы, көптеген очерк, әңгімелері қазақ 
кеңес әдебиетінің даму тарихында айрықша орын алған шығармалар.    
Прозалық  шығармаларын  жазушы  алғаш  әңгіме,  очерк,  публицистикалық 
мақалалардан  бастады.  Алғашқы  кездегі  «Әсия»,  «Кер  заман»,  «Әмеңгерлік  азабы»  тәрізді 
шығармалары жазушының үйрену, творчестволық жаттығу тәжірибелерін аңғартқандай.  
Сәбит Мұқанов әңгімелерінің ерекшеліктерін түйіп айтар болсақ: біріншіден, өмірлік 
материалды  мол  қамтиды;  екіншіден,  өз  кезеңінің  өмірлік  шындығын,  этнографиялық 
бояуларын  қос-қабат  көрсетіп  отырады;  үшіншіден,  кейіпкерлердің  ойлау  жүйесі,  тіл 
байламы өз кезеңіне сай шығуына зер салады.  
«Балуан Шолақтың» негізгі арқауы – қазақтың ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың 
басында  өмір  сүрген  атақты  әнші,  ақын,  композитор,  балуан  дегендей  –  бір  басына  алуан 


130 
 
өнер жинаған өнерпазы – Нұрмағанбет Баймырзаұлы өмірі. «Соқтықпалы, соқпақсыз кезде» 
өмір  кешкен  Ақберген  өнерпазының  есімінің  аңызға  айналып  Балуан  Шолақ  аталуына  өз 
перзентіне деген халық махаббаты жатады. 
Қолына  қалам  ұстап,  жазушы  атанғанның  баршасы  бірден  кез  келген  тақырыпты 
игеріп  жазып  кетуге  дерменді  бола  бермейді.  Жазушының  өмірде  көп  зерттеп  еншілейтін 
тақырыбы болады. Ал Сәбит Мұқанов талантының бір ерекшелігі – ол қамтып, зерттеп қалам 
тартпаған  тақырып  сирек.  Қай  тақырыпты  нысанаға  алса  да  оны  халық  тарихы  мен  
тағдырына сабақтастыра қамти суреттеп кең полотно жасау, эпикалық жүйеде қалыптасқан 
қаламгер дағдысы. «Балуан Шолақ»  та осындай творчестволық мәнерде жазылған. Бұл – бір 
Нұрмағамбет өмірін суреттеумен шектелмей,  қазақ халқының  революция алдындағы  тұтас 
тіршілік-тынысын  елестетерлік  шығарма.  Туынды  бізге  осындай  кең  тынысымен,  бай 
мазмұнымен қымбат.  
«Балуан  Шолақ»  әдебиетіміздегі  өнерпаз  тағдырына  жазылған  тұңғыш  көркем 
шығарма  емес.  Бұл  туындының  алдында  поэзияда  –  «Сұлушаш»,  «Құлагер»,  «Күй», 
«Көкшетау»  поэмалары,  прозада  –  атақты  «Абай»  романы  бар.  Соған  қарамасатан  өнер 
тақырыбы, өнерпаз тағдыры жайлы алғашқы  прозалық шығрамалардың бірі  болып дүниеге 
келген «Балуан Шолақтың» дербес қызықты творчестволық сыр-сипаты бар. Халқымыздың 
рухани өмірінде атқарған үлкен рөлі бар.  
Ұлы  Отан  соғысының  ауыр  күндерінде  жазылған  шығарманы  халықтың  сүйіп 
қабылдауында – «Балуан Шолақ» табиғатындағы романтикалық – патриоттық пафостың көп 
себебі  бар  еді.    Сәбит  Мұқановтың  қаламгерлік  табиғатында  уақыт  ағымы,  уақыт  талабы 
деген  мәселе  бірінші  орында  тұрады.  Жазушының  Балуан  Шолақ  тақырыбына  әйтеуір  бір 
айналып соғары анық-ты. Ал, қырқыншы жылдары жедел жазып, бұл  шығармасын жылдам 
жарыққа  шығаруында  –  оның  уақыт  талабына  жауап  беру,  жауынгерлерге  патриоттық 
тақырыптағы  шығармасымен  ықпал  ету  мақсаты  жатыр.  Уақыт  ағымымен  қатар  жүзетін 
жазушы  соғыс  жылдары  туған  көркем  шығармасына  өзінің  отаншылдық  идеясын  терең 
сіңірді.  «Балуан  Шолақтың»  бағасын  арттыратын    қасиеттерінің  бірі  деп  біз  шығарманың  
Ұлы Отан соғысы  жылдары сан-мыңдаған  совет жауынгерлерінің  фашизмге өшпенділігін, 
туған  Отанға  мейір  махабат  сезімін  туғызуын    айтар  едік.  Архивтік  деректерге  қарағанда 
«Балуан  Шолақ»  майданда    жауынгерлердің  сүйіп  оқитын  шығармасына  айналған. 
Жауынгерлер  қан  майданда  жүріп  «Балуан  Шолақты»  Н.  Островскийдің  «Құрыш  қалай 
шынықты»,  А.  Бектің  «Арпалыс»  секілді  шығармаларымен  қатар  оқып,  рухтанса  керек  [1, 
119]. 
Жазушы  Балуан  Шолақпен  1913  жылы,    қазіргі  Солтүстік  Қазақстан  облысы, 
Мареевка  деген  жерде  жүздеседі.  Әнін  тыңдайды.    Өнерін  қызықтайды.  Сонда  бала  көңіл 
ақын,  әнші,  балуан  болсам  –  Балуан  Шолақтай  болуға  тырысармын-ау  деп  аттанады. 
Жазушы өзінің мемуарлық  «Өмір мектебі»  атты трилогиясының  алғашқы кітабында Балуан 
Шолақпен  кездесуін әсерлей суреттеп,  өнерпаздың портретін жасайды.  «...жауырыны кең, 
төсі жалпақ болғанмен, дене құрылысы асып кеткен ірі емес ортадан аз-ақ  биік еткен, бұл 
топта одан да биік те,  денелі де кісілер бар... кескіні бірсыдырғы көркем екен: имектеу зор 
мұрынды, қалық қабақты,  қою қасты,  үлкен қара  көзді, ат  жақты, қою ұзын қара мұртты, 
дөңгелектеу қою  қара сақалды...» дейді [2, 233]. 
Балуан  Шолақ  өмірінен    шығарма  жазылуына    халық  ақындарының    әсері  болды 
дейтініміз  –  Жамбыл  Сәбеңді  еркелетіп  үнемі  Балуан  Шолақ  дейді  екен.  Балуанның  әнін 
айтқызып,  сүйсіне  тыңдар  екен.  Сондай-ақ  Сәбең  Шашубаймен  жиі  хат  жазысып,  Кененді 
сапарларға бірге ертіп жүрген.  
«Балуан Шолақ» 1942 жылы тұңғыш  жарық көруінде «Батырлық поэма» аталды. Бұл 
алғашқы нұсқаның  инверсиялық ырғақ – бітімі, ой ағыны ақындық стихияны сездіретіні де 
рас  еді.  Бірақ  реалистік    прозаның  талғам-талабы  бұл  жанрлық  анықтаманы  көтере  
қоймағандай.    Кейін  өзгертілді.  Көптеген  зерттеулер,  жөндеулерден  соң  шығарма  1956 
жылғы  басылымында  повесть  делінді.  Ал  1972  жылы  он  алты  томдық  таңдамалы 
шығармалар жинағының  үшінші кітабына «Аңыз» болып енеді.  


131 
 
«Балуан  Шолақ»  таза  тарихи  пландағы  шығармалар  санатына    жатқызуға  келе 
бермейді.  Сәбит  Мұқанов  Балуан  Шолақ    өмірі  жайлы  ел  аузында    сақталған  аңыз, 
әңгімелерге  еркін  сүйенеді.  Сондай-ақ  ең  бастысы  –  жазушы  Балуан  Шолақтың    өз  ән-
өлеңдеріне  көбірек жүгінеді.  Творчество психологиясы арқылы жазушы сол  ән-өлеңдердің 
тууына себепкер тарихи-әлеуметтік  жайларды барлап,  бақылай білген. Сол творчестволық  
процесті аңғару арқылы – оның авторы, балуан Шолақ тұлғасына барлау жасайды.  
«Балуан Шолақ» – дүниеге келген кезінен күні бүгінге дейін оқушы  талғамына жауап 
беріп,  тәрбиелеп  келе  жатқан  шығарма.  Бүгінгі  оқырмандық    аясы  әбден  кеңіген    «Балуан 
Шолақ» одақтас  республикалар мен шетел тілдеріне аудырылып, жарық көрді.   
Жазушы  Сәбит  Мұқановтың  өлеңмен  жазылған  «Сұлушаш»  романынан  кейінгі 
әдебиеттегі ірі адымды, айтулы туындысы – «Адасқандар». Бұл – бүгінде «Мөлдір махаббат» 
аталып,  жас  оқырманға  ғашықтық  ғаламатын  ұғындырып  жүрген  романның  алғашқы 
нұсқасы. Аталмыш туынды да өзінің тақырыптық ерекшелігі, жанрлық жаңалығы, формалық 
тосындығы,  лабороториялық  жазылу  сырларымен  оқушысын  бір  алуан  сырға  кенелтетін 
шығарма.  Өзінің  әлеуметтік-психологиялық  талдау  мәнерімен,  шымыр  оқиғалық 
болмысымен қазақ совет прозасындағы алғашқы жақсы, үздік үлгілердің бірінен саналады.  
Жазушы  романда  жастар  өмірін  бейнеледі.  Қазақ  даласындағы  жиырмасыншы 
жылдардың әлеуметтік үлкен мәні бар проблемасы – қазақ жастарының оқуы, қазақ қызының 
теңдік  алуы,  жаңаның  жарқырап  өмірге  енуі,  ескінің  қасарысқан  мінезі  романда  шынайы 
көрініс  тапқан.  «Адасқандар»  романының  желісі  өзіміз  ұнатып  оқыған  «Мөлдір  махаббат» 
романына  ұқсас.  Бірінші  бөлім  –  Бүркіттің  сыры,  екінші  бөлім  –  Бәтестің  сыры.  Алғашқы 
бөлімде  «Ақын»,  «Боран»,  «Жирен жорға»,  «Лашын»,  «Қант» тараулары сезімді,  тартымды 
жазылған.  Екінші  бөлімдегі  «Еркекшора»,  «Өсек»,  «Әзәзіл»,  «Қырық  қыз»,  «Ұзақ  жол», 
«Кездескен  кесір»,  «Ұмытқан  достар»,  «Адастым»  секілді  тараулар  Бәтестің  бүкіл 
трагедиясын береді.  
«Адасқандар»  –  ақын  Сәбиттің  атына  прозашы  деген  лауазымды  қосқан  тұңғыш 
романы.  Сюжетті,  сюжетсіз  саяси  лирика,  науқандық  өлеңдер  жазып,  поэмаға  қадам  жасай 
бастаған  Сәбит  Мұқановтың  бір  жанрдан  келесісіне  ойысуы,  онда  да  шеберлік  мектебі 
саналатын  әңгімеде  әбден  ширап  болмай  романға  ден  қоюы  да  ірілік  және  осы  шығармада 
алға  қойған  мақсатпен  абыроймен  алып  шыққанын  көреміз.  Мұнда  жазушыға  септесетін 
қандай сыр бар? Алдымен жазушының өскелең дарыны. Одан соң – таптық санасының ерте 
оянуы, тақырыпқа таптық тұрғыдан келуі. Сондай-ақ романға арқау болған өмірлік оқиғаның 
сүбелілігі жазушыға септесті.  
Сәбит  Мұқанов оқиғаға таптық тұрғыдан келді. Сол себепті де сот процесінде талап 
қойыңқырап  сөйлеген  секілді  шығармада  да  Сұлтанбекті  (Бүркіт)  бай  баласы  деп  шеттете 
қарады.  Осының  өзі  ол  кезде  үлкен  жетістік  болатын.  Тек  прототип  тағдырына  тереңірек 
үңіліп, жан сезіміне бойлаңқырағанда, махаббат желілерін аша түскенде құба-құп еді.  
Қай-қай  шығарма  да  жарық  көрген  уақытымен  таразыланады.  «Адасқандар»  жарық 
көрген  1931  жылы  қазақ  әдебиетінде  қандай  сүбелі,  қандай  сүйекті  шығармалар  бар  еді? 
Роман сыншылары «Адасқандар» романы дүниеге келгенде қазақ прозасының қоржыны бос 
еді  дегісі  келеді.  Бұл  –  жазушыны  жалғыз  шапқан  жүйрік  ету.  Ойлап  отырсақ,  ол  кезде  де 
бірсыпыра сүйекті шығармалар бар екен. Бірақ, қазір олардың бірін білсек, бірін білмейміз. 
Алайда  «Адасқандардың»  мықтылығы  сонда  –  ол  тәжірибелі  қаламнан  туған  талай-талай 
шығармаңыздың алдына түсіп қос ғашық жырын жырлап, мұңын мұңдады. Сол кезде оқушы 
біткен  «Адасқандар»  романын  сұрап  жүріп,  іздеп  жүріп  оқитын  халге  жеткен  екен  [3,  256-
257]. 
Ойды  қорыта  келе,  роман  сол  кезең  талғамымен  таразылағанда  толығып  туған. 
Сыншы  ғалымдардың  айтуынша  жазушының  осы  шығармада  өмірлік  материалдан  дұрыс 
қорытынды  шығарып,  әділ  көрсеткен  бір  мәселесі  бар.  Сот  процесі  материалдарымен 
танысқандар Мұстафа Көшеков жазықсыз өлтірілген секілді әсер ететіндігін айтады. Мұндай 
шешімге  Сәбит  Мұқанов  та  келген  екен.  Солай  дей  тұра  Сәбит  Мұқанов  оның  ұнамсыз 
әрекеттерін  де  танып,  реалистік  шыншылдықпен  суреттейді.  Таптық  тілегі,  таптық  жүрегі 


132 
 
жазушының  қаламын  қанша  тартқылағанымен  Мұстафаның  моральдық  тұрғыдан  өзін-өзі 
өлтіргендігі  шығарманың  көркемдік  шешіміне  айналды.  Бұл  –  жазушы  үшін  үлкен  жеңіс, 
алған бір асу болып табылған [4, 111-112]. 
Сонымен  қатар  шығарманың  сол  кездегі  формалық  жаңалығын  да  айтуымыз  керек. 
Отызыншы  жылдары  күнделік-сыр  формасында  жазылған  реалистік  шығарма  қазақ 
әдебиетінде  туа  қойған  жоқ-ты.  «Адасқандардың»  әдебиетімізге  әкелген  бір  жаңалығы 
осында  жатыр.  Бұл  ретте  жазушыға  Сұлтанбек  дәптерінің  әсері  болғаны  сөзсіз.  Сөйте  тұра 
осы  күнделік  формасының  авторды  адым  аштырмай  тұсайтын  кездері  де  бар.  Мәселен, 
Мүсәпірдің  характерін  ашу  үшін  автор  Бүркітке  ұзақ-сонар  әңгіме  айтқызады.  Қосақ 
арасында  жүретін  жанама  кейіпкер  Еркінге  арнайы  «дәптер»  ашады.  Бұл  –  автордың 
жаңалықты форманы игеріп кете алмауынан туындайтын кейбір кемшіліктер. Бұл – форманы 
өзіне,  айтар  идеясына  бағындырудан  гөрі,  форманың  ырқына  көніп  кетушіліктің  әсері  деп 
білеміз.  Жазушы  романның  екінші  басылымында  «Еркіннің  сыры»  аталатын  тарауды  алып 
тастап, ол оқиғаны Бүркіттің хаты арқылы береді. Бұл – сығымды, ұтымды шықты [3, 118]. 
Романда  Бүркіт  бейнесі  бір  есептен  –  феодалдық  байлықтың  құрбаны  болып 
бейнеленеді.  Бүркіт  бойында  айтқаны  болып,  ішкені  табылып,  кедейді  ығытына  жүргізіп 
үйренген  жанның  психологиясы  бар.  Саяси-әлеуметтік  жаңа  өзгерістер  тұсында 
ондайлардың  көбі  жол  таппай  адасты,  содан  келіп  өзін-өзі  құрбандыққа  шалды  емес  пе? 
Бүркіт те осындай типтің бірі. Жазушы шығарманы «Адасқандар» немесе «Бай баласы» деп 
атағанда мәселенің осы жағын да ескерген секілді. 
Жазушының  кейіпкер  характерін  ірі  қамтитынын  Бәтес  бейнесінен  де  аңғарамыз. 
Қарапайым қазақ қызының «Қызыл отау» арқылы басына бостандық алып, астанаға аттанып 
бара  жатқанын,  жолаушылармен  бірге  оқуға  бел  байлап  шығуын  қалай  ірілік  демейсің? 
«Адасқандар» – Бәтес сыры, оның қазақ қызы ретіндегі трагедиясы жүрекке өте жылы әсер 
етеді.  Расын  айтсақ,  алғашқы  нұсқада  әдемі,  күрделі  берілген  Бәтес  сыры  «Мөлдір 
махаббатта»  қасаң  тартып  кеткенін  байқаймыз.  Бәтес  кім?  «Адасқандарға»  дейін  ұлы 
Октябрь  революциясы  жеңісі  арқасында  өз  бас  ботандығын  алып,  жаңа  өмір  үшін  күресте 
әке-шешесімен  кетісуге  дейін  барған  қазақ  қызының  образын  жасаған  роман  қазақ 
әдебиетінде  болды  ма?  Шағын  жанрларда  бәлкім  ондай  бейнелер  бірен-саран  шығар.  Ал 
роман  жанрында  қазақ  қызының  осындай  күрес  жолын  көрсеткен  тұңғыш  шығарма  – 
«Адасқандар»  болса  керек.  Бәтес  –  түн  түнеткен  бостандық  таңына  ұмтылған,  сол  жолда 
кіммен де күреске еркін барған қазақ қыздарының жиынтық бейнесі.  
Ал,  көркем  образ  ретінде  Мүсәпір  –  жазушының  аярлық  пен  адалдық  жайлы 
концепциясын арқалап жүрген күшті образдардың бірі. 
Айтылған  жетістіктер  «Адасқандар»  романының  уақытынан  оза  жазылған  жақсы 
туынды болғанын айғақтайды. Кезінде романды қазақ әдебиетші, сыншыларының бір парасы 
жақсы қабылдады да, бір парасы сыншыл көзқараспен қарады [3, 83-89]. 
Өз кезінде жұрт назарын аударған шығарма 1935 жылы орыс тіліне басылып шықты 
да  «Комсомольская  правда»  газеті  романның идеялық  ұстамсыздығын  атап көрсетіп,  қатты 
сынға  алды.  Жазушы  сол  тұста  айтылған  сындардан  тиісті  қорытынды  шығарып, 
кемшіліктерін жөндеп, толықтырып қайта жазып, 1959 жылы «Мөлдір махаббат» деген атпен 
жаңадан жариялады. 
С.Мұқанов қоғамның барлық топтары өкілдерінің аса бай портрет галереясын жасады 
десек артық айтқандық болмас еді. Оның кітаптарында әсіресе халықтың өз ішінен шыққан 
қарапайым  адамдардың,  ер  көңілді,  адал  бейнетқорлардың:  аңшылар  мен  малшылардың, 
ұсталар  мен  ер-тұрман  шеберлерінің,  етікшілері  мен  тігіншілердің,  зергерлер  мен 
кілемшілердің - өз ісмерлігін мақтан тұтатын және оның үстіне суырып салма ақындығы мен 
ділмар шешендігі бар, әнші-жыршылығы бар алуан түрлі кәсіп иелерінің образдары өте-мөте 
тартымды  шыққан.  Мәселен,  саяткер  аңшы  Ораз  бен  Аткелтірдің,  жаны  сұлу  халық 
шеберлері Қабдол мен Хасеннің, Жабайдың, сондай-ақ дарынды домбырашы, ертегішілердің 
жарқын бейнелері ұмытылмай есте қалады. Солардың арасынан шоқтығы асып, ерекшк көз 
тартатындары – Ақан сері мен Балуан Шолақ. Олар – Сарыарқада жиырмасыншы ғасырдың 


133 
 
бас шенінде өмір сүрген, ел арасында атышулы өнер ардагерлері, әрі ақын, әрі композитор, 
әрі әншілер. С.Мұқанов оларды жас кезінде көргендіктен, бірінші кітабында олар жайын аса 
қызғылықты әңгімелейді, солар арқылы революцияға дейінгі халықтың дарынды ұлдарының 
қайғылы-қазалы тағдырын бейнелі суреттермен көз алдымызға елестетеді. 
Еш уақытта қайталанбайтын, ешбір теңдесі жоқ осы парасатты жандар арқылы Сәбит 
Мұқанов  халық  даналығының  рухани  асыл  қазынасын,  оның  толқын  боп  атылғалы  тұнып 
тұрған ішкі тегеуірін күштерінің молдығын айқара ашып көрсете білді [5, 17]. 
Жазушы  басқа  бір  топты  да  ерекше  сүйіспеншілікпен  суреттейді.  Олар  –  қазақтың 
революцияға дейінгі үркердей ғана демократияшыл интеллигенциясы: Баймағамбет Ізтөлин, 
Спандияр  Көбеев,  Мырзағазы,  Хамит,  Ғабит  Мүсірепов.  Баймағамбет  Ізтөлиннің  бейнесі 
айрықша  айқын,  ерекше  сүйіспеншілікпен  суреттелген,  әңгіме  арқауына  оның  өлеңдерінің 
еніп отыруы да сәтті шешім болып шыққан. 
 
Пайдаланылған әдебиеттер: 
1  Ергөбеков Қ. Сәбит Мұқанов тағлымы. – Алматы: Жазушы, 1990. – 290 б. 
2  Ергөбеков Қ. Жан жылуы. – Алматы: Жалын, 1981. – 282 б. 
3  Мұқанов С. Таңдамалы шығармалар. – Алматы: Жазушы, 1980. – 416 б. 
4 Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. – Астана: 2002. – 528 б. 
5 Кәкішұлы Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы.  – Алматы: 2003. – 497 б. 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
ӘОЖ 821.512.122 
ҚАДЫРОВ ЖАНБАЙ ТҰРАРҰЛЫ 
 ИСКАКОВА ЛИНА ҚҰДАБАЕВНА 
ШАПАУОВ ӘЛІБИ ҚАБЫКЕНҰЛЫ 
М.Қозыбаева атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 
Петропавл, Қазақстан 
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті 
Көкшетау, Қазақстан 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   204




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет