Атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары


БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ



Pdf көрінісі
бет51/204
Дата06.01.2022
өлшемі3,96 Mb.
#14830
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   204
Байланысты:
{CF395923-CB60-413E-9F69-F9338E1D4631}

zhkadyrov_777@mail.ru 
 
БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ  
ТАҚЫРЫП ЖӘНЕ ИДЕЯ 
 
Аннотация: мақалада Бауыржан Момышұлының әр жылдары жазылған, жарияланған 
мақалаларының  тақырыптары,  онда  көтерілген  идеяның  ұтымдылығы  және  ерекшелігі 
қарастырылады.  Мақалада  автор  өз  ойын  дамытып,  аргумент  және  факт  арқылы 
дәлелдеуі,  автор  ұсыныстарының,  оқырманды  барлық  ой  жүйесі  мен  дәлелдерден 
туындайтын қорытындыға әкелуі, мәселе және оның шешу жолдарының, нақты фактілік 
белгілердің берілуі сараланады. 
 Сондай-ақ,  Бауыржан  Момышұлының  қазақ  әдебиетіндегі  әскери  әдебиеттің 
қалыптасуындағы рөлі және жазушының  әскери тақырыптағы типтік образ  жасаудағы 
шеберлігі мен стиль даралығы, өзіндік публицистикалық ерекшелігі айқындалады.  


134 
 
Тірек сөздерәскери әдебиет, публицист, тақырып, идея, характер, типтік образ, стиль, 
ой түйіні, ой толғаныс, шеберлігі, мақала пішіні.  
 
Публицистикалық ойдың бастауы автор шығармашылығының тылсымында, дарынында 
жататыны бесенеден белгілі. Көсемсөзші қоғамдағы өзін толғандырған мәселелер жайлы ой  
өрбітетіні  және  бар.  Өмірлік  бақылау,  аңғарымпаздық,  тәжірибе  –  қаламгерді  шығарма 
жазуға  итермелейтін  жағдайлар  осылар.  Сөйтіп,  публицистің  жан-жақтылығы,  өзі  жазып 
отырған  тақырыпты  терең  біліп,  меңгеруі  –  шығармашылықтағы  тақырыптық  ізденістің 
бастауы, қаламгер шеберлігінің басты көзі.   
Публицистикадағы  тақырып  таңдау  автордың  шығармашылық  жемісіне  тікелей  әсер 
етері  белгілі.  Мақаланың  сәтті  шығу-шықпауы,  оқырманның  оны  қабылдау-қабылдамауы 
осы  тақырып  таңдаудан  басталады.  Біздіңше,  публицист  Бауыржан    Момышұлы  мақала 
тақырыбын өте сәтті таңдай білген. Кейіп тұрған мәселені назарынан тыс қалдырмаған. Және 
осы  тақырыпты  жан-жақты  ашып,  ары  қарай  өрбітіп,  мәселе  шешімін  тауып,  оны 
болашақпен байланыстырған.  
Қаламгер  шығармашылығындағы  тақырып,  онда  көтерілген  идеяның  ұтымдылығын 
ерекшелеу үшін Б.Момышұлының әр жылдары жазылған, жарияланған мақалаларын алайық.  
«Қазақ  әдебиеті»  газетінің  15  санында  (1965  жыл,  9-сәуір)  жарық  көрген  «Ерлікті 
жырлайық»  мақаласында:  «Совет-герман  майданында  соғыстың  1418  күні  мен  түнге 
созылғаны белгілі. Дүниежүзілік екінші соғыстың өне бойында күллі ауыртпалықтың басым 
көпшілігі  совет  халқының  мойнында  болғаны  да  мәлім.  Біздің  елімізде  соғыс  зардабын 
тартпаған  бірде-бір  семья  жоқ  деп  айтуға  әбден  болады.  Соғыстың  басынан  аяғына  дейін 
герман  қарулы  күштері  мен  оның  Европадағы    сыбайластары  әскерлерінің  60-70  проценті 
совет-герман майданында болды. Демек, дұшпанның басты күшін біз талқандадық, оның бел 
омыртқасын  біз  үздік»,  -  деп  бастайды  герман  фашизмін  талқандағанына  жиырма  жыл 
толуында. 
 Орыс  зерттеушісі  А.Тертычный:  «Мақала  –  ең  алдымен  өзекті,  маңызды  процестер, 
оқиғалар мен құбылыстарды талдауға арналған» [1, 157], - дейді. Міне, публицист те әскери 
тақырыптың  әлқиссасын  осылай  бастап,  мәселені  талдауды  жөн  көреді.  Сондай-ақ 
зерттеушінің  айтуына  қарағанда,  автор  мақаланың  негізгі  бөлігінде  шешімін  таппаған 
мәселенің  мән-мәнісін  ашып  көрсетіп,  талдау  жасайды  [1,157].  Ал  қорытындыда 
проблеманың шешілу жолдары, оған аудитория қандай үлес қоса алатыны көрсетіледі. 
Публицист  Бауыржан  Момышұлы  да  мақаланы  бастағаннан  мына  мәселені  көлденең 
қояды:  «Бүкіл  прогресшіл  адам  баласы    үшін  Совет  Одағының  Ұлы  Отан  соғысындағы 
тарихи  жеңісінің  маңызы  ұшан-теңіз  екенінде  дау  жоқ.  Соған  қарамастан,  көптеген 
буржуазияшыл  бұрмалағыштар  қайткен  күнде  де  біздің  Қарулы  Күштеріміздің  фашизмді 
талқандауда  басты  рөл  атқарғандығын  бүркемелеп,  оның  дүниежүзілік  тарихи  маңызын 
төмендетіп  көрсетуге  тырысады.  Олар,  тіпті,  өз  елдерінің  аса  көрнекті  мемлекет 
қайраткерлерінің бұл туралы сол кезде айтқандарын да ұмытып қалған болып көлгірсінеді» 
[2,  178].  Беларусь  ғалымы  Б.Стрельцов  мақаладағы  проблемаға  жан-жақтан  талдау  жасап, 
әртүрлі  аспектіде  қарастыру  қажет  деген  пікір  білдіреді.  «Мақалада  бәрі  фактіден  бастау 
алады.  Ой,  одан  туындайтын    дәлелдер  тізбегі  өзінен-өзі  пайда  болмайды.  Автордың  ой 
қорытуы  нақты  фактілік  белгіден  басталады.  Бұл  белгі  автор  көзқарасына  қарама-қайшы 
немесе тиісінше сәйкес келеді. Сөйтіп, оқиғаға баға беріледі» [3, 108]. 
Сондай-ақ,  зерттеушінің  ойынша,  «автор  өз  ойын  дамытып,  аргумент  және  факт 
арқылы  дәлелдей  түсіп,  ақыр  аяғы  оқырманды  барлық  ой  жүйесі  мен  дәлелдерден 
туындайтын  қорытындыға  әкеледі.  Бұл  қорытынды  ашық  формада  жасалуы  мүмкін. 
Қорытынды – автор ойының жүйесіндегі логикалық нүкте. Қорытындыда автор ұсыныстары 
қоса  берілуі  мүмкін»  [3,110].  Дәл  осындай  қорытындыны  публицистің  жоғарыдағы 
мақаласынан    байқадық.  Автор  қорытынды  ойларын  келтіріп  қана  қоймай,  проблеманы 
шешу жолдарын, өз ұсыныстарын да айтып өткен. 


135 
 
«Біздің  қатарластарымыз,  біздің  замандастарымыз  көрген  қиыншылықтар,  бастан 
кешкен  қайғылы  да  қуанышты  оқиғалары  ұшан-теңіз.  Бұл  қатал  да  қаһарлы  күндердің 
шежіресін  қазіргі  жастарымыз,  болашақ  ұрпақтарымыз  айқын  білуге  тиіс,  оларға  соғыс 
сұрапылын  көзімізбен    көрген  мына  біздер,  аға  буын  қарт  жауынгерлер  бейнелеп,  түгел 
жеткізуге міндеттіміз. Жастар біздің естеліктерімізден, біздің қаламымыздан туған романдар 
мен повестерден, әңгімелер мен хикаялардан өздеріне қажетті тағылым алып, Отанын шын 
сүю,  қажет  болса  ол  үшін  жанын  қию  рухында  тәрбиеленуге  тиісті»  [1,  180],  -  екенін 
ескертеді  де  «...  жиырма  жылда  қазақтың  советтік  әскери  әдебиеті  қалай  өрбіп  өсті,  соғыс 
тақырыбы,  жастарды  патриоттық,  жауынгерлік  рухта  тәрбиелеу  мәселесі  қалай  көтерілді, 
енді соған көшелік...» деп екінші мәселенің ұшын шығарады.  
Бауыржан  Момышұлы  дәл  осы  зерттеу  мақаласында  қазақ  әдебиетіндегі  әскери 
тақырыптың  барлық  жанрлары    бойынша  әлі  жас  екенін,  оның  бірсыпыра  нақты,  тарихи 
себептері  бар  екенін  тілге  тиек  етеді.  Мәселен,  «Революцияға  дейін  қазақтар  әскерге 
шақырылған  жоқ,  патша  өкіметі  оның  қолына  қару  беруге  сенбеді.  Ал,  1916  жылы 
майданның  қара  жұмыстарына  жігіттер  алу  туралы  патша  жарлығы  қазақ  халқының  заңды 
ызасын  туғызып,  қыр  елі  түгелімен  көтеріліске  аттанды»  [1,180],  -  деп  тарихқа  шолу 
жасайды. Қазақтың әскери-жауынгерлік сана-сезімінің шарықтап өсуіне, ерлік дәстүрі, басқа 
ұлттармен  қатар,  қарулас  сапта  дұшпанмен  бетпе-бет  соғысуы,  содан  кейін  қазақ 
жастарының соғыс тақырыбындағы әдеби шығармаларды қызыға  оқитын болғанын айтып, 
мұнымен  қазақ  халқының  әскери  көркем  әдебиетінің  туып,  қалыптасқанын  жеткізеді. 
Мақалада  автор  Т.Жароковтың  «Шекарада»,  Өтебай  Тұрманжановтың  «Пулеметші», 
Қ.Жұмалиевтің  «Қырдағы  күрес»  поэмасын,  М.Әуезовтың  «Шекарада»,  Ғ.Мүсіреповтің 
«Аманкелді»  атты  драмалық  шығармаларын,  әңгімелері  мен  өлең,  дастандарын  ауызға 
алады. Сөйтіп қазақ әдебиеті мен публицистикасының шарықтау кезеңдерін жазады.  
«Қазақ  әдебиетінде  әскери-патриоттық  тақырыптың  шарықтай  өрістеген  жылдары  – 
Ұлы Отан соғысының күндері. Бұл жылдары қазақ әдебиетінің барлық жанрлары: проза да, 
поэзия  да,  драматургия  да,  очерк  пен  публицистика  да  қарулы  солдаттай  өре  тұрып, 
дұшпанға лап қойды. Соғыс тақырыбы содан бері өткен ширек ғасырдың ішінде кең өріске 
шығып,  жақсы-жақсы  туындылар  берді...»  деп  тақырыпты  аша  түседі.  Совет  Армиясының 
қатарына республикамыздың жазушылары сапына 25-30   сержант  пен офицер қосылғанын, 
олардың  шығармашылығының  құндылығын, яғни  өзі  көріп,  өзі  бастан  өткізген  оқиғаларды 
жазғандығын  қуанышпен  жеткізеді.  Олардың  жауынгер  характерінің  қалыптасуына  сүбелі 
үлес  қосқандығын,  жекпе-жек,  қоян-қолтық  ұрыстың  көріністерін  жақсы  суреттегенін  айта 
отырып,  тылда  жүрген  кейбір  жазушылардың  жазған  туындыларының  кемшіліктерін  көзге 
шұқып  тұрып  көрсетіп,  екіжақты  салыстырады.  Дәлдіктен,  нақтылықтан,  шынайы  өмір 
бейнесінен  айырылып  қалғанын  ашына  айтады.  Жасандылыққа,  жалғандыққа  барып 
ұрынғанын  да  жеткізеді.  Дәл  сол  кездегі  әскери  публицистика  болсын,  әдебиетте  болсын 
ұтымды  туындылар  мен,  кемшін  кеткен  шығармаларды  бөліп-жарып  береді.  Неліктен 
қателікке жол берілді, оның басты себептері қандай, жауап іздеп тақырыпты аша түседі. 
«Әскери  әдебиет  саласында  еңбек  етіп  жүрген  жолдастарымыздың  шығармаларында 
кездесетін  жақсылық,  кемшілік  жақтарын  әлі  де  зерттей  қарап,  тиісті  баға  беретін,  келер 
шығармаларына  биік  талап  қоятын  ретіміз  бар.  Әсіресе,  жағымды,  жағымсыз 
қаһармандардың  бейнесін  жасауда  олақтығымыз  мол.  Кейде  біз  олардың  характерлері  мен 
типтік  образдарының  қоғамның  терең  қабаттарынан  басталатынын,  мінез-құлқының,  жан-
дүниесінің  қалыптасу  диалектикасына  өскен  ортасы  әсер  ететінін  ұмыта  береміз.  Әсіресе, 
біздің жазушылардың батыл шеше алмай жүрген мәселесі – жағымсыз геройлардың бейнесін 
жасау...»  [1,  184],  -  деп  түйінді  таратады.  Тәжірибесі  аз  адам  жағымсыз  жайлардың  неден 
туатынын бірден аңғара алмай қалатынын, совет адамының барлық қасиеттерін бір образдың 
басынан табуға болмайтынын, образдың универсалдығы шығарманың шынайылығына күмән 
туғызатынын,  кейбір  шығармаларда  соғыс  философиясы  өзінің  көркемдік  бейнесін  таба 
алмай қалғанын, әскери шығармаларда кең өрісте қамтыла алмай жатқанын баса айтады.  


136 
 
«...Соғыс  тақырыбындағы  көркем  әдеби  шығарманың  басты  міндеті  –  соғыс 
тәжірибесін  көркем  жинақтау,  жауынгердің  ерлік  характерінің  қалыптасуын,  еңбек 
адамының  майдан  даласындағы  өзгеру  құбылысын,  сондай-ақ  майданнан  оралған 
жауынгердің еңбек сапына барғанда бейбіт тұрмысқа қайтадан үйренісуін суреттеп көрсете 
білу болып табылады»  [1, 187], - дейді автор. Сондай-ақ, қорытындысында Совет Армиясы 
ардагерлерінің өмірбаянының жастарды әскери-патриоттық сезімде тәрбиелеуде үлкен мәні 
бар  екенін,  соғыс  тәжірибесін,  халықтың  жаппай  ерлігі  туралы  хикаяларды  тек  соғыс 
документтерінен  ғана  емес,  ең  алдымен,  адамдардың  тағдырларын  зерттеу  арқылы  тауып, 
шебер пайдалану қажеттілігін алға тартады. Соғыс туралы материалдар әлі де көп зерттеуді, 
жазушының  көркемдік  қорытуын,  шебер  қаламын  күтіп  тұрғанын,  соғыс  туралы  қазақ 
әдебиеті  өзінің  бастау  бұлағын  халық  эпосынан  алатынын  айтып  «совет  адамының  ерлік, 
қаһармандық  бейнесін  көркем  шығармада  бейнелеу  –  қаһармандық  дәуірде      өмір  сүріп 
отырған совет  жазушыларының ең басты, ең қасиетті  борышы» [1,188] деп қорытындылап, 
нүкте  қояды.  Міне,  автор  қортынды  ойларын  келтіріп  қана  қоймай,  проблеманы  шешу 
жолдарын, өз ұсыныстарын осылай айтып өткен.  
«Публицистика ең алдымен бүгінгі күннің жұрт назарын аударып отырған, түсіндіруді, 
пікір  айтуды,  шешуді  қажет  етіп  отырған  қоғамдық-саяси  мәселелерін  көтереді,  соған 
әлеуметтік  талдау  жасайды.  Сол  туралы  жұрттың  қандай  пікір,  қандай  позицияда  болу 
керектігін аңғартады. Сөйтіп қоғамның ілгері дамуына ықпал жасайды» [2, 183]. Автор бұл 
мақаласында  «Еліміздің  шалқар  шежіресінде  ерлер  есімі  мәңгі  сақтаулы,  талайына 
ескерткіштер орнады, көбісі туралы кітаптар да жазылды, ел аузындағы аңыздар да аз емес. 
Бірақ  кейбір  батырлардың  есімі  туып-өскен  қалың  көпшілікке  ғана  емес,  тіпті,  оның  өз 
өлкесінде  де  бейтаныс  боп,  елеусіз  қалып  бара  жатқаны  еріксіз  өкінтеді»  деп  өз  сөзін 
дәлелдей  түседі.  «Қазақстандық  жауынгерлердің  арасынан  369  адам  Совет  Одағының 
Батыры  деген  абыройлы  атақ  алды.  Олардың  бірқатары  туған  отбасына  оралмай,  өмірін 
Отаны  үшін  пида  етті.  Бірқатары  атамекеніміздің  асыл  топырағын  адал  қанымен  суғарып, 
мәңгі мүгедек боп қалды. Енді бір тобы аман-есен елге қайтып, үйіріне қосылып, қазір халық 
игілігі үшін еңбек етіп жүр», - дейді мақалада көтерілген  мәселенің мәнін ашу үшін. «Біздің 
Қазақстан  –  қаһармандар  елі  деп  мақтануға  моральдық  хақымыз  бар.  Өйткені  біздің 
қаһармандық  істеріміздің  табиғатының  өзі  бөлекше:  ол  –  біздің  қоғамның  елдік,  ерлік 
бейнесіне  біткен  жаппай  батырлық»  -  дейді  сонан  соң  материалға  көтеріңкі  рух  бітіріп. 
«Алып  соғыстың  алғашқы    жылында-ақ  біздің  28-ші  панфиловшы  –  Қазақстан  жігіттерінің 
көрсеткен  жауынгерлік  кереметтілігі  жаппай  ерліктің  бейнесі  болса,  тың  дала 
еңбеккерлерінің,  оңтүстік  мақташыларының,  малшыларымыздың  таудай  табыстары  да 
жаппай  қаһармандық  жол  жерде  тумас  еді».  Мұнымен  автор  оқырманның  санасына 
мақтаныш сезімін ұялатып, ұсынысын айтып, халықтық міндетті жеткізеді. «Әрине, барлық 
батырдың бас-басына көк тастан ескерткіш қойып, олар туралы кітап үстіне кітап жазылсын 
деген  ойдан  біз  аулақпыз.  Өйткені  қаһармандықтың  өзі  дардай  даңқ  пен  ерен  есім  үшін 
жасалған жоқ-ты,  ерлік туған сәтте ер ойында ескерткіш те, кітап та болған емес. Ол кезде 
совет  адамы  –  қарапайым  жауынгер  тек  Отан  алдындағы  өз  борышын  өтеуге  тырысты, 
еңбекте  болсын,  соғыста  болсын,  біздің  адамға  тән  артық  бір  қасиет  –  әлеуметтік  парызды 
аяғына  дейін  адал  өтеп  шығу.  Ал,  бірақ  ердің  есімін  де,  ерлігін  де  естен  шығармай, 
құрбандарымызды қадір тұтып, қастерлеп өту – баршамызға ортақ міндет». 
Әр  публицистің  өмір  танымы,  білім  дәрежесі,  ойлау  өрісі  әрқалай  болатыны, 
көсемсөзшілердің  шеберлігі  мен таланты да бірдей емес екені  белгілі  жайт.  Сол тәрізді  әр 
публицистің  өзіне  тән  шеберлігі  мен  стильдік  өрнегі  болады.  Қаламгер  Бауыржан 
Момышұлы қандай тақырыпқа қалам тербесе де, өзіндік жазу мәнері, ой түйінін ашу тәсілі, 
тақырып тарқатудағы шеберлігі, бағамдау, байыптау, мәселені елеп-екшеп, оқырман ойында 
әбден қорытуы, бір сөзбен айтқанда, стиль даралығы анық аңғарылып тұрады.  
Көсемсөзшінің қалыптасу, есею кезеңіндегі шығармашылығын ерекшелейтін бірден-бір 
нәрсе  –  оның  сезімталдығы,  жанашырлығы,  жігерлілігі,  батырлығы,  Отанға,  ұлтқа  деген 
сүйіспеншілігі.  Мұның  бәрі  оның  публицистикасында  айқын  аңғарылады.  Бұл  қаламгер 


137 
 
шығармашылығының  басты  идеясы  екенін  танытады.  Әрбір  шығармасының  негізінде  осы 
қасиеттер  ерекше  байқалады.  Мәселен,  1965  жылдың  14  желтоқсанында  жазылған  «Біз 
революционер ұрпағымыз» атты мақаласында осы қасиеттерді анық әрі айқын байқаймыз. 
Ата  мұрасына,  ата  дәстүріне  дақ  салдырғанымыз  жоқ.  Ананың  ақ  сүтін,  атаның  ақ 
батасын  ақтап,  олардың  дәстүрлерін  жаңа  жағдайда  жаңарттық,  ұлғайттық,  байыттық, 
молайттық  –  космосқа  ұштық,  айға  құшағымызды  жеткіздік.  Бұл  –  әкелер,  ағалар 
ерліктерінің нәтижесі. Ерлік елеусіз қалмасын, ол қастерлінсін, кескіндене кеңісін, ұрандана 
ұлғайсын, ерлік дәстүрі ескірмесін, күннен-күнге жарқырай түссін,  жаңарсын. Келешектен-
келешекке,  ұрпақтан-ұрпаққа  үлгі  өнеге  болуға  жарасын.  Бүгінгі  жаңа  ұрпақ  ерлікті, 
айбындылықты алға апарсын. Ерлік тәрбиеден туады, ол әрқашанда есте болсын». 
Бұл  ретте  публицистің  мақала  пішінін  ұтымды  тапқанын  да  айтып  өту  керек.  Әуелі 
ерліктің  қадір-қасиетін  суреттеп,  қадір-қасиетін  суреттеп,  артынша  оны  ұрпаққа  үлгі  етіп 
көрсетуге  үгіттеген.  Ой  толғанысты  екі  бөлімге  жіктеп,  әңгіме  тиегін  ағытады.  Екінші 
бөлімде  ә  дегеннен  басты  мақсатты,  парызды  айқындайды.  «...Жас  азаматты  тәрбиелеу    - 
біздің идеологиялық жұмысымыздың маңызды да қастерлі, маңдай алды мақсаттарының бірі. 
Жастар  –  біздің  болашағымыз.  Болашақ  –  жастардікі.  Біздің  барша  қауымның  басты 
бағдарлы  тілегі  –  бүгінгі  жас  ұрпақтың  бойына  азаматтық  борыштың  нәрін  ана  сүтіндей 
сіндіре білуде. Ол – біздің аталық, аналық, ағалық қасиетті борышымыз» [2, 192]. Осындай 
мақсатты  қоя  отырып,  міндеттің  мәнін  аша  түседі,  негізгі  парызды  ашып  айтады.  «Қазіргі 
замана  жағдайына  сәйкес  жастарға  идеялық  тәрбие  беру  және  шынықтыру,  олардың 
патриоттық  санасын  өсіру,  үлкен  азаматтық  дәрежеге  баулу,  совет  қоғамының  алдында  әр 
уақытта    жауаптылық  сезімін  олардың  ойына,  бойына  сіңіру  –  басты  міндет  ...Азаматтық 
қасиетке  баулу  жеке-дара  іс  емес...  Отанды  қорғау,  Советтік  қарулы  күштер  қатарында 
қызмет ету – Совет азаматының  қасиетті, абыройлы парызы» [2, 192]. 
Автор, әсіресе, мақалада негізгі мәселені шебер көтерген. Тәрбие мәселесін жан-жақты 
ашуға  тырысқан.  «Әскери  тәрбие  проблемасы  –  бұл  адамды  жөргектен  найзалы  бетпе-бет 
шабуылға  дейін  тәрбиелеу  проблемасы.  Әскери  тәрбиенің  де  тұңғыш  мектебі  –  семья. 
Тұңғыш  тәрбиеші  –  ана.  Міне,  әңгіменің  төркіні  осы  жерден  басталады.  Жастайынан 
жасыған  жаумен  жағаласуға  жарамайды».  Әрмен  қарай  автор  өз  ойын  өмірден  түйген 
тәжірибесінен туған мақал-мәтелмен өрбітеді.  
Бауыржан Момышұлының осы тәсілі өзіндік публицистикалық ерекшелігін танытады. 
«Мақал-мәтел – өмір тәжірибесі. Қиналған, қысылған сәттерің мен шақтарың, сол қысылшаң 
кезден  қалай  құтылғаныңды  ойыңмен  өрнектеп,  сөзбен  кестелесең,  тұжырымдап  қысқа 
бейнелесең,  нақылға  айналады.  Қол  астында  пәлеңдей  мың  солдат  болып,  оның  пәлеңдей 
семьясының тағдыры және сенің мойныңда болса, ойланбай отыра алмайсың. Сонымен бірге 
солдатты өлімге жұмсау  да оңай емес. Қарамағымдағы жауынгерлер маған тек  бағынышты 
ғана болған жоқ. Олардың ішінде ақылгөйлері де көп болды. Кейде солардың ауыздарынан 
маржандай  асыл  сөздер  атқылап  жатады.  Мен  елден  естігендерімді  оймен  елеп-екшей 
бердім. Екшегенімді ерінбей қағазға түсірдім» [2, 199], - дейді Бауыржан Момышұлы. Міне, 
осы  тұжырымын  талдауға  түскен  дәл  осы  мақалада  ұтымды  пайдаланған.  Мәселен,  «Балаң 
жақсы  болып  өссін  десең,  жастайынан  жасытпа.  Жүгенсіз  өскенді  жобаға  түсіру  қиын. 
Балаңды  жөргегінен  жөнге  салып  өсіргін.  Ақылыңды  әдісіңе  жолдас  ет.  Әділетсіздік  – 
әлсіздік, есептілік те – ерлік. Мамандықтың кілті – машықтануда. Ұқыптылық өрге тартады. 
Сергек ой – ер серігі. Елдің атын ер шығарады...» [2, 196]. 
Мақаланы  жазу  барысында  публицист  мәселенің  маңызын  шағып,  оған  тұжырым 
жасайды.  Қорытып,  оқырманға  ой  салады.  Мәселені  ашық  көрсетіп,  оның  шешімін 
айқындайды.  Ұсыныс  білдіреді.  «Бұл  орайда  не  істеу  керек?»  деген  сұраққа  жауап  іздейді. 
«...әрбір  үйде семья реликвиясының бұрышы болуға тиіс... жас ұрпақты әскери-патриоттық 
рухта тәрбиелеуде мектеп пен жоғары оқу орындары орасан үлкен жұмыстар істеуіне толық 
мүмкіншіліктері бар... Отан қорғауда қайтыс болған  батырларға мемориалдық тақта орнату 
қажет-ақ... Совет Одағының Батырлары, азамат соғысының ардагерлері өмір сүрген үйлерге 
мемориалдық  тақталар,  ескерткіштер  орнату,  клубтарда  революциялық  және  жауынгерлік 


138 
 
даңқ бұрыштарын ұйымдастыру қажет. Елді пункттерге, көшелерге, участоктерге Отан үшін 
мерт  болған  ерлер  атын  беру  туралы  мәселені  батыл  көтеретін  уақыт  жетті».  Өткен  мен 
бүгінді байланыстырып «Әскери міндетін өтеуге аттанып бара жатқан жастарды салтанатты 
түрде  шығарып  салу,  Отанға  адал  қызмет  ету  аманатын  тапсыру,  сол  сияқты  күнделікті 
(аудандық,  облыстық)  баспасөзде  жерлестеріміздің  қаһармандығын  паш  ететін 
материалдарды  үзбей  жариялау,  ерлік  күндерді  ерекше  атап,  музейлерде  революциялық, 
жауынгерлік  даңқ  залын  ашу  қажет»  екенін  ескертеді.  «Еңбекте  –  жалқаулыққа,  ұрыста  – 
қорқақтыққа, қоғамда – әдепсіздік пен тәртіпсіздікке жастардың қаны қас болып тәрбиелену 
үшін  үлкен  құралдың  бірі  –  қасиетті  дәстүрімізді,  мейлінше,  насихаттай  білу»  деп  нық 
түйіндейді. Расында да, «публицистика белгілі бір күннің, белгілі бір дәуірдің  тарихын сол 
күннің,  сол  дәуірдің  саясатымен,  философиялық  көзқарасымен  байланыстыра  отырып 
жасайды» [4, 27] дегенге осы тұста және бір рет көз жеткіздік. 
 Қазақ көсемсөзі жанрының өзіндік даму жолын саралап, оның өсіп-өркендеуін кеңістік 
пен  уақыт  аясында,  жаратылыс  үдерісі  контексінде  жаңаша  қарастырған  зерттеуші  Кәкен 
Қамзин  мақалаға  былай  деп  анықтама  берген:  «Біздіңше,  мақала    дегеніміз  –  авторды, 
қоғамның  белсенді  бөлігін  толғандырған  саналы  ой  мен  оның  қағаз  бетіне  түскен 
таңбасының  үйлесімі,  құнды,  байсалды  пікірдің  көсемсөз  жанрына  айналуы».  «Мақала» 
сөзінің  түп-төркінін  «мақал»  деген  сөзден  шыққанын  айта  келе  зерттеуші  мынандай 
тұжырым  жасайды:  «Мақаланың  өң  бойын  идея  көктеп  өтетіні  рас.  Идея  дегеніміз  – 
құбылыс, оқиға, белгілі бір зат туралы жинақталған ой. Жинақы көзқарас пен ұтымды пікір 
мақал  мен  мәтелге  тән  сипат.  Индивидтік  һәм  әлеуметтік  сананы,  адамгершілік,  рухани 
әлемнің көсегесін көгертетін идея да сонда... Мақал мен идея ғайыптан, ойда жоқта жарқ ете 
түспейді,  оның  арғы  жағында,  тасасында  жеке  факті  немесе  фактілер  тізбегі,  дерек,  оқиға, 
құбылыс  тұрады».  Сондай-ақ,  зерттеуші  К.Қамзиннің  ойынша,  мақалада  басқа  жанрларға 
қарағанда  публицист  позициясы  айқын  да  нақты  байқалады.  «Қаламгер  өз  ұстанымын 
барынша  қорғай  біледі,  оппонентке  батыл  да  байыпты  уәж  келтіреді.  Бір  сөзбен  айтқанда, 
сүйегі  мақалдан  өрбіген  мақаланы  жан-жақты  дайындығы  бар  көсемсөзші,  дедукция  әдісін 
жетік  меңгерген  шебер  журналист  жаза  алады»  [5,  240].  Бауыржан  Момышұлының 
қаламынан туған дүниелерде осындай екпінді қадамды аңғара аламыз.  
 
Пайдаланылған әдебиеттер: 
1 Тертычный А. Жанры периодической печати. – Москва: Аспект Пресс, 2006. – С. 157 
2 Момышұлы Б. Соғыс қателікті кешірмейді. Көптомдық шығармалар жинағы. 14-том. – Алматы: Өнер, 
2009. – 304 б. 
3 Стрельцов Б. Основы публицистики. Жанры. – Минск: 1990. – С. 108  
4 Жақып Б. Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары.  Генезис,эволюция, поэтика. – Алматы: 
Білім, 2004. – 368 б. 
5 Қамзин К. Қазақ көсемсөзі жанрларының кемелдену үдерісі: Монография. – Алматы: Экономика, 2009. 
– 400 б. 
 
ӘОЖ 821.512.122 
ҚАДЫРОВ ЖАНБАЙ ТҰРАРҰЛЫ 
 ТОПЫШЕВА АСИЛЬ БАЯНОВНА  
ТУРОВСКАЯ ЕКАТЕРИНА ИВАНОВНА 
М.Қозыбаева атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 
Петропавл, Қазақстан 
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті 
Көкшетау, Қазақстан 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   204




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет