ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНІҢ ЖАҢА ПАРАДИГМАЛАРЫ
ӘОЖ 81’373.2
БАЙЫСХАН АРАЙ
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Нұр-Сұлтан, Қазақстан
ai.kz.best@mail.ru
МИФОНИМ ҰҒЫМЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЖІКТЕЛІСІ
Аннотация: мақалада тіл біліміндегі мифоним ұғымына берілген анықтамаларға
талдаулар жасалады. Ғалымдардың мифонимдерді өзіндік ерекшеліктеріне қарай
жіктеулеріне тоқтала отырып, әрқайсысына тән ерекшеліктер айқындалады.
Мифоним терминінің ішінен бөлініп шығатын мифоантропоним, мифоперсоним,
мифотопоним, мифоуосмоним мифозооним, мифофитоним секілді терминдердің
әрқайсысының мағыналық ерешеліктеріне түрлі мысалдар арқылы түсінік беріледі.
Тірек сөздер: лингвистика, ономастика, мифоним, миф, мифоантропоним,
мифоперсоним, мифозооним, мифокосмоним, мифотопоним, мифофитоним
Қазақ халқының өзімен бірге жасасып келе жатқан қазыналарының бірі – аңыз-
әңгімелер және мифтер. Бұлар есте жоқ ескі замандарда пайда болып, әрленіп, түрленіп,
бірақ жоғалып кетпей бүгінгі күнге жеткен. Аңыз-әңгімелер мен мифтерден халқымыздың
тұрмыс-тіршілігі мен өмір салтын, дүниетанымы мен ұғым-түсініктерін тануға, солар
арқылы ұлтымыздың бет-бейнесін, болмыс-бітімін байқауға болады. Сонымен бірге аңыз-
әңгімелердің барлығында белгілі дәрежеде шындық жататыны белгілі. Әрине, ғасырлар бойы
айтыла-айтыла келіп, ол шындықтың бүркемеленіп көмескіленіп келетіні де рас. Кейде, тіпті
бір ғана аңыздың өзін әркім әр жаққа тартып, өз жеріне, өз ата-бабаларына қарай бұрмалап,
міншіктеуге тырысатын жағдайлар да ұшырасады. Сондықтан болар, бір ғана аңыздың
бірнеше нұсқалары кезіксе, оған таң қалуға болмайды [1,687]. Сонымен қатар бұл аңыздар
бізге мифонимдерді жеткізуші бірден-бір дереккөз болып табылады. Мифонимдерді дұрыс
түсіну үшін біз әрине миф ұғымына жүгінеміз. Миф ұғымын алғаш ғылыми тұрғыдан
қарастырған С.Қасқабасов: «осы күнге дейін біз қазақ фольклорында миф жанры бар деп
194
айтпаппыз. Көбіне мифологиялық түсініктер, мотивтер, кейіпкерлер бар деп жалпылама
түрде айтып, сырғып өтеді екенбіз. Оның басты себебі, біздің ойымызша, миф жанрын
европалықтарша түсінгендіктен. Әдетте миф десе ойымызға ежелгі Греция мен Римнің
тамаша әңгімелері түседі. Міне, сол өлшемнен келеміз де, қазақ фольклорында миф жоқ
дейміз, тіпті бар ма екен деп іздемейміз», – деп миф жанрының әлі де жұмбақ жақтары көп
екенін атап көрсеткен. Ғылымда мифке берілген анықтама өте көп. Анықтамалардың
көпшілігі антика дәуіріндегі дамыған мифологияға арналған және мифтің атқаратын
қызметіне (түсіндірмелі, психологиялық, әлеуметтік т.т) оның дінмен, өнермен,
философиямен, әр түрлі ырымдармен, ертегімен және әпсана-хикаятпен арақатынасына
байланысты негізделген. Егер анықтаманы жиынтықтап айтсақ, үлкен екі топқа бөлінеді:
біріншісі – миф дегеніміз дүние туралы фантастикалық түсінік, әлемде билік жүргізетін
құдайлар мен рухтардың ғажайып образдарының жүйесі (системасы), екіншісі – миф
дегеніміз құдайлар мен алыптар жайындағы ауызекі әңгіме [2,71]. Бұл анықтамадан біз
мифонимдер деп тек қиял-ғажайып оброздарды танимыз деген ой қалыптаспауы керек.
Себебі кез-келген мәселеге байланысты көзқарастар әртүрлі болып отырады. Мысалға,
Әбдуәли Қайдар «Қазақтар ана тілі әлемінде: этнолингвистикалық сөздігінің» «Қоғам»
бөлімінде миф ұғымына «көне дәуірдегі адамдардың дүниенің пайда болуы, табиғат
құбылыстары, құдайлар мен ғажайып батырлар туралы шығарған аңыздары» – деп анықтама
береді. Алайда оны діни мифтер, қиял-ғажайып мифтер, космогониялық мифтер деп 3 топқа
жіктейді. Бұлайша жіктеудің ерекшелігі космогониялық мифонимдермен байланысты болып
тұр. Себебі халықтың сонау ерте кезеңдердегі дүние құбылыстарына, олардың
жаратылыстарына деген қызығушылығының нәтижесінде түрлі мифтік әңгімелерге арқау
болып туындаған космологиялық атаулар әрине мифонимдер құрамына кіреді. Ғалым өзінің
аталған еңбегінде бірнеше мифонимдерге талдау жасап, оларға анықтама береді. Мысалға,
қазақ халқының түрлі мифтерінде жиі кездесетені «мыстан кемпір» атауын алып, оның
сыртқы бейнесін сипаттап береді [3,711].
Ендігі кезекте мифонимдерді жүйелеу мәселесіне келсек, алғаш болып мифоним
ұғымына теориялық анықтама берген А.В.Суперанскаяның пікірі бойынша, оған шын
мәнінде ешқашан болмаған адам, жануар, өсімдік, халық, географиялық және
космографиялық нысандардың атаулары кіреді. Оның ішінде саяси діндер мен демонимияда
(жоғары және төмен, мейірімді және қараниет сынды түрлі рухтардың атаулары) жарқын
көрініс беретін теонимияның (құдай атауларының) орыны ерекше. Дегенмен ғалым
мифонимдерді антропонимдік атауларға ұқсас кейіпкерлер мен титандар атауы,
антропонимия мен теонимияның арасында аралық жағдайда тұрады деп көрсетеді.
Мифологиядағы атаулар, мифологияның өзі тәрізді адамзат тарихының алғашқы кезеңін
зерттеушілер үшін айтарлықтай қызығушылық тудырады. Себебі бұл кезде адам өзін
қоршаған ортадан әлі толық ажыратпаған, анимистикалық танымда болған еді. Ол өзін
қоршаған заттардың бәрінде адамға ұқсас жан бар деп ойлады. Бұған қоса жан материалдық
тұрғыда шынайы болып елестеді; оның өзі тиесілі затқа сәйкес пішіні, кескіні болды. Осыған
сәйкес фетишизм – заттарға немесе олардың ғажайып күшіне деген сенім, зоолатрия –
жануарларға табыну, терротеизм – жануарларды пір тұту сынды алғашқы діни көзқарастар
пайда болды. Суперанский өз еңбегінде мифоним ұғымын теориялық тұрғыдан жан-жақты
аша отырып, аңыздар мен мифтерде осы өмірде ешқашан болмаған, бірақ оның осы өмірде
бар екеніне адамдар еш күмән келтірмеген заттар мен кейіпкерлер өте көп кездесетінін
айтады. Осындай атау ретінде Өмір ағашы, Жақсылық пен жамандықты тану ағашы сынды
мифофитонимдерді келтіреді [4,185].
Бұндай классификация жасау Н.В.Подольскаяның «Словарь русской ономастической
терминологии» деген еңбегінде де кездеседі. Ғалым мифонимдерді мифоантропоним (нақты
өмірде кездесуі мүмкін адам бейнесіндегі кейіпкерлер аты), мифоперсоним (тек мифтерде
кездесетін қиялдан туған кейіпкерлер аты), мифотопоним (адам болуы мүмкін деп
елестеткен құбылыстар нәтижесінде туындаған географиялық нысандардың атаулары),
мифозооним (шынайы өмірде кездеспейтін, адам танымында болуы мүмкін тіршілік
195
иелерінің атауы) мифофитоним (факт жүзінде жоқ, тек адам қиялында туындаған өсімдіктер
атауы) сынды топтарға жіктейді. Теонимдерді ғалым жеке алып қарастыра отырып, оның
себебін кез-келген мифте, әсіресе ертегілерде құдай атаулары кездеспейтінімен түсіндіреді.
Теонимдер жалқы есімдер арасында ерекше категория құрайды дейді ғалым. Еңбек сөздік
ретінде жазылғандықтан ғалым «М» дыбысынан басталатын терминдер құрамында
мифоним, мифоантропоним, мофоперсоним, мифотопоним, мифозооним, мифофитоним
атауларына анықтама береді. Мысалы: мифоним (мифологиялық жалқы есімдер) –
мифтердегі, эпопеялардағы, ертегілердегі ономастикалық кеңістікті құрайтын кез-келген
салаға байланысты атаулар деп көрсетілген. Ол грек тілінен mif –миф, ертегі және onim- атау
сөздерінен құралған. Н.В. Подольская мысал ретінде Гомердің «Илиада» дастанында
Ахиллес соғысқа шығар алдында, оның атының тілге келетінін айтып, бұл метафора да емес,
мысал да емес миф дейді. Себебі ат сөйлеу қабілеті мен ақыл-ой қабілетіне ие болады [5,84].
Және мұнда кездесіп отырған Ахиллес атау ретінде мифоним.
Мифология саласына байланысты алғаш болып жазылған ғылыми еңбектердің бірі
1990 жылы Москвада басылған «Мифологический словарь» атты энциклопедия болды.
Энциклопедияда әліпби ретімен мифологиялық туындыларда кездесетін онимдерге анықтама
беріліп, туыстас тілдердегі ұқсастықтары мен айырмашылықтары сөз боған. Мысалға,
Жалмауыз кемпір атауына назар аударсақ – қазақтарда, қырғыздарда (желмогуз кемпир) қарт
кемпір бейнесіндегі, сирек жағдайда жеті басты шайтан. Жалмауыз кемпір – адамжегіш,
балаларды ұрлаушы; ол су бетінде өкпе болып жүзіп жүреді де, адам жақындаған кезде жеті
басты кемпірге айналып, ол адамды қинап, ұлын беруге мәжбүр етеді (Ер Төстік ертегісі)
Жалмауыз кемпір туралы сюжет мыстан кемпір туралы ертегілерге ұқсас болып келеді де,
көбіне жаратушы ана туралы мифке барып саяды. Бұл кейде шаман-сиқыршының, әулет
оттығының иесінің, «өлілер әлемінің» өкілі ретінде, қамқоршының және белгілі бір зат
немесе құбылыстың иесі кейпінде де көрінеді [6,212].
Ал қазақ тілі ғылымында мифология саласын зерттеуге 1992 жылдан бастап алғаш
қадам жасалды. С.Қондыбай осы жылы «Қазақ мифологиясына кіріспе» деген еңбегін
жариялады. Бұл еңбек 2005 жылы орыс тілінде «Казахская мифология. Краткий словарь»
деген атпен қайта басылды. Мұның ерекшелігі қысқа әрі нұсқа, сөздік үлгісінде берілген.
Арғы қазақтардың тарихын және қазақтардың мифтік шығармашылығын 3 кезеңге бөліп
көрсеткен. Сондай-ақ еңбек 2008 жылы «Қазақ мифологиясына кіріспе» деген атаумен
толықтырып, қайта жаңартылып басылды. Бұл еңбектің алдыңғы сөздікпен салыстырғанда
басты құндылығы сол қазаққа тән мифтік кейіпкелер мен мифтік танымға байланысты
атауларға анықтама, түсінік берілген. Мысалға, Түлен атауына берілген анықтамаға назар
аударсақ: «Қазақ тіліндегі «түлен түрту» деген сөз тіркесінің жын-шайтанға қатысты
айтылуына қарап, мифтік реконструкциялауға болатын ұғым, яғни Түлен – белгісіз сипатты
мифтік кейіпкер. Қосымша ретінде саха-якут тіліндегі «түлүөн» - «қырсық, әбігер» сөзін
келтіруге болады» [7,46].
Тікелей ономастикалық мақсаттағы еңбек болмаса да 2002 жылы басылған «Қазақтың
мифтік әңгімелері» атты еңбекте мифтік туындылардың космогониялық мифтер, тотемдік
мифтер, антропогондық мифтер, эсхатологиялық мифтер [8,3-8] сынды топтарға
бөлінетіндігі туралы айтылып, әр қайсысына қысқаша түсінік берілген. Бұл жіктеліс кейінгі
біздің классификациямызға қажетті материал болып отыр. Еңбектің тағы бір құндылығы
мифтік аңыздардың 21 тақырыптық топқа бөлініп берілуінде.
Мифология саласына байланысты келесі бір құнды еңбек 2003 жылы Москва
қаласында басылған «Мифы народов мира» атты энциклопедия. Еңбек 2 томнан құралған.
Әліпби ретімен мифтік туындыларда кездесетін онимдерге тілдік тұрғыдан анықтама
берілген. Мысалға, Мыстан кемпір – қазақ мифологиясындағы сұрықсыз жалмауыз.
Мыстан кемпір барлық батыр қаһармандардың жамандыққа ұшырауының себепкері ретінде,
балаларды ауыстырып жіберу, сайыс кезінде желаяқты алдау арқылы озып кетпек болу, жер
асты патшалығындағы тұтқындарды жалмап жіберу сынды оқиғалармен көрінеді. Мыстан
кемпір (жалмауыз кемпір де солай) туралы танымның соңғы кезеңі қамқор ана бейнесіне
196
келіп саяды. Мыстан кемпір бейнесі негізінен қиял-ғажайып ертегілерде сақталған.
Қырғыздарда мыстан кемпір – бес адамның қанын сорған, кәрі кемпір, жын-перілердің
қатарынан шыққан кейіпкер. Мыстан бейнесі бұдан өзге Шығыс сібір татарларының (мус-
кортка) және Қалмақ АССР-нда тұратын татарларының (мустан-башлык), сондай-ақ
өзбектердің (мастон-кампир) қиял-ғажайып ертегілерінде кездеседі [9,189].
2006 жылы Алматы қаласында К.Ғабитханұлы «Қазақ мифологиясының тілдік
көрінісі», – деген еңбегін жариялады. Еңбекте мифология саласына байланысты онимдік
атауларға сай талдау көп кездеспесе де, лексикалық қорда мифонимдердің алатын орны
ерекше екені атап өтілген. Сонымен қатар «Абжыландай арбады» тұрақты сөз тіркесінің
құрамындағы Абжылан атауына тілдік талдау жасалған [10,83].
Мифология саласы ғылыми тұрғыдан енді ғана қолға алына бастағанын қазақ
ономастикасының даму жолынан-ақ көріп отырмыз. Ж.Ә.Айтмұхамбет 2010 жылы «Мифтің
поэтикадағы қызметі» деген еңбегінде мифология саласына байланысты құнды пікірлер
келтірсе, 2013 жылы «Мифопоэтика» және 2016 жылы Астана қаласында жарық көрген
«Миф. Мифология. Мифопоэтика» атты монографиясында бұл деректерді толықтыра түседі.
Автор өз еңбегінде «Мифология – барлық халықта өткен адамзат сана-сезімінің алғашқы
тарихи формасы... Тұрпайы көзқарас ықпалынан өту кезеңінде ғылым адамзат дүниесіне
мифология деп аталатын ауқымды әрі жан-жақты құбылысты алып келді. Бұл – әлем
халықтарына түгел қатысты адамзат санасының өте ерекше қабаты. Бұл қабат қазақ
халқының рухани мұрасында ерекше байқалады. Оның іздері фольклорда, ескі аңыз-
әңгімелерде, тілде сақталған» – деген тұжырым жасаған [11,7]. Сонымен қатар еңбекте қазақ
мифологиясында жиі кездесетін мифтік қаһармандар мен адамзат танымының алғашқы
баспалдағы саналатын әлемді үштік құрылымда елестетуге байланысты туған
топонимикалық атауларға көбірек тоқталған. Фольклорлық туындылардан көптеген
мысалдар келтірілген.
Келесі бір құнды еңбек 2016 жылы жарық көрген «Қазақтың мифтік кейіпкерлері» –
деген еңбек. Бұл еңбектің басты ерекшелігі мифтік кейіпкерлерді сипаттайтын мәтіндер мен
фольклортанушы ғалымдардың тұжырымдары негізінде жасалған талдаулар енгізілуінде.
Сонымен қатар мифтік әңгімелер мазмұны жағынан, кейіпкерлердің оброздық ерекшеліктері
жағынан олар: тотемдік кейіпкерлер, шамандық кейіпкерлер, демонологиялық кейіпкерлер,
хтоникалық кейіпкерлер, ілкі қаһармандар, трансформацияланған кейіпкерлер сынды
бірнеше топқа жіктелген [12].
Біз осы жіктеулерге, басқа да ғалымдардың анықтамасына сүйене отырып
мифонимдерді төмендегідей мағыналық топтарға жүйелеп отырмыз.
Кесте -1
Бұл жіктелістерге толығырақ тоқталып өтсек:
1. Мифоантропонимдер ұғымын кең көлемде алып, оны бірнеше шағын топшаларға
бөлдік. а) Мифоантропоним (шағын топша атауы ретінде) – адам өзі шынайы өмірде болады
деп елестеткен оброздар негізінде қалыптасқан мифтерде, мысалдарда кездесетін адамзат
атауы [5,84]. Бұған біз Күнікей, Ертөстік, Бапы хан, Алпамыс сынды кейіпкерлер мен ерекше
қабілетке ие Таусоғар, Желаяқ, Саққұлақты енгізіп отырмыз.
Мифонимдер
Мифо-
антропонимдер
Мифо-
топонимдер
Мифо-
космонимдер
Мифо-
фитоним
Мифо-
зоонимдер
197
ә) Мифоперсонимдер – тек мифтерде, мысалдарда, ертегілерде кездесетін ғажайып
кейіпкерлер атауы [5,84]: Бекторы, Жалмауыз кемпір, Мыстан, Жезтырнақ, Албасты,
Төбекөз, т.б. ( Жезтырнақ – қазақ мифтерінде сұлу әйел бейнесінде келетін жез мұрынды
Достарыңызбен бөлісу: |