1.2. Кейіпкер бейнесіне шолу
Шығарманың бас қаһарманы Еркін Мамырбаевты бірінші дәптерде 15-16 жастағы жеткіншек ретінде көреміз де, үшінші дәптерде отызды алқамдаған шағында көріп, аяқтаймыз. Демек, осы шығарманы оқи отыра біз бірнеше кезеңдерді көре аламыз.
Еркіннің соғысқа дейінгі өмірі арқылы қазақ халқының соғысқа дейінгі кезеңдегі тұрмыс-тіршілігі;
Соғыс кезіндегі өмір, оның қиыншылықтары, басты кейіпкердің сол кезеңде жасаған амалдары, өмір сүру жолындағы әрекеттері мен адамдық қасиеттері;
Еркіннің студенттік, жазушылық шағы. Яғни, соғыстан кейінгі өмір.
Көз алдымызда кейіпкер өседі, оның бастапқы нүктесі мен соңғы даму нүктесі де бар. Ана бауырынан кеше ажыраған жас бозбала мен оның адамзаттық дәрежеге көтерілген жазушы кейпінде көруге дейінгі оның жүріп өткен жолдары мен сүрген жылдарын шынайы қалпында оқи отыра, кейіпкермен бірге өсеміз.
Шығармада көп те кейіпкер жоқ, тіпті, олардың оқиғалары да алғаш оқыған оқырманға елеусіз болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, жазушының шеберлігі осы тұста көрінген. Ол бір бүтін елдің тағдырын тек бір кейіпкер бейнесімен бере салған.
Романдағы оқиғаның барлығын басты кейіпкер Еркін баяндап отырады. Соның баяндауы арқылы оқырман кейіпкердің негізгі бет-бейнесін де анық көре алады. Жазушыға жүк артпайды, басты образ – Еркіннің өзі. Дәлірек айтқанда, романның негізі – Еркін Мамырбаевтың басынан кешкендері. Бұл роман сонысымен де ерекше, кейіпкер атымен бәрінің баяндалуы оқырманға соның ішінде бірге жүргендей күй кештіреді. «Менің атым қожа» шығармасын да, «Балалық шаққа саяхаты» да тура осындай стильде жазылған. Демек, бұл жазушының өзіндік стилінен хабар береді.
«Алғашқы бөлімдегі Еркін қазақтың көп қара домалақ ұлдарының бірі. Еті тірі, намысқой, пысық. Шеше баурында, аға аясында өсіп келе жатқан. Осы кезде соғыс оты лап етіп, ер-азаматты соғысқа ала бастайды. Еркіннің ағасы Сәрсебек енді ғана осылған келіншегінің көзін жаудыратып, әскерге аттанады. Сол күннен бастап үй-ішінің ауыртпалығы, жеңгесін жат көзден, пәле-жаладан сақтау Еркін мойнына түскен салмақ. Соғыс деген майдан шебіндегі қиян-кескі ұрыс, өлім, өлтіру, окоп, бүкіл елдегі көп қарым—қатынастарды өзгерткен, неше түрлі қиыншылық, ауыртпалық тудырған алапат. Таршылық, ауыртпалық, тұрмыстағыжетіспеушілік үстіне сан-алуан психологиялық проблемалар, моральдық қиын түйінділер пайда болған» [3].
Осындай өмірдегі күрделі процестер Еркін секілді бала, бозбаланың жас тірлігіне ай-шайға қартпастан, аяқ астынан килігеді. Бұл ұйпап-тұйпап келген соғыс жылдарының қаһарлы дауылы. Жазушы Қазақстан жағдайында жиі кездескен келеңсіз көріністің біразын Нұралы бейнесі арқылы шенейді. Жас жігеттер, ортан қолдай азаматтардың майданға кеткенін пайдаланып, жетім-жесірлерге көз алартқан, оп-оңай төсек жаңартып, дәулет жинаған, тіпті байып кеткендер болғаны өтірік емес. Романшы өмірлік материалды сұрыптай отырып, қызықты көркем образ жасаған.
Тартыстың басы – Нұралының Еркінді елден қуып шығудың амалын таппай, оны ФЗО-ға жіберуінде еді. Ауылдан қзап шықпаған Мамырбаевтың қиындыққа толы өмірі арқылы негізгі тартыстың алғашқы беттерін бастаған болатын. Жазушының бейнелеуінен ақкөңіл, аңғал жігіттің осндай қиындықтарға тап болуына соғыстың тигізген зардабы көп еендігін көреміз. Ауылдың сол кезеңдегі барлық бет-бейнесі басты кейіпер арқылы беріліп отыратындықтан жазушы оқырманын сол оқиғаға сендіріп отырады. Былай қарасақ, соғысып жатқан, майдандағы жауынгерлер арасында жап-жас Еркін де жүргенін байқаймыз. Оның да осы бір тартысқа деген, соғысқа деген өкпе-назы, ішкі сезімдері, лағнеті оның басына түскен оқиғалар арқылы көрініс табады.
Денсаулық жағдайымен жұмысқа жарамаған Еркінді Сарыбел дейтін елді мекенге мұғалім етіп жіберуімен екінші дәптер басталады. Еркін қайда барса да соғыстың ізі, соғыс ссалған қаншама бейнелер, қаншама тағдыр жүреді. Балалық шақта қалыптасқан алғашқы махаббаттың жібі, Еркін мен Ғалияның арасындағы сезімдері толықтай тоқтаған кезде, араға Еркін мен Алтынның жаңа лаулаған махаббаттары басталады. Әрине, Нұралы секілді бейнелер қашан да Еркіндей адамгершілігі мол жанға қарсы жүреді. Сның бірі ретінде Сегізбайды айта аламыз . Екеуі де ауыр уақытта қара бастарының қамын ойлаған жандар. Екеуі де ретін, ебін тауып, төсек жаңартуды ойлайтындар және оны да жасағандар. Екіншіде біріншіге қарағанда есеп көп, аздап айлакер, қу. Еркін – Сегізбай – Алтын араларындағы үштік қарым-қатынас арқылы жазушы классикалық әдебиеттер жалғасын көрсетеді. Соғыс жағдайымен бай-бағланның біріне тұрмысқа шығуға мәжбүр болған қыз және жас қыздарды әйелдікке алатын «бастық» образы. Үшіншісі, әрине, махаббат пен сезім отында жүрген жас жігіт.
Роман композициясынан бірсарындылық басымырақ. Оның себебі де айқын. Негізгісі – шығарманың тек өмірбаяндық сипат алуында. Тек Еркіннің басынан өткен оқиғаларды сипаттау арқылы оқырманды жалықтырып алуы басым болады. Оқиға тек Еркіннің баяндауымен және тек соның ғана сезімдері мен өмірі баяндалатындықтан композицияда кішкене бірсарындылық көрініс табады. Бірақ жазушының суреткерлігі, қаламгерлік шеберлігі бұл қателіктердің алдын алып отырады.
Студент Еркіннің өмірі − соғыстан кейінгі жылдардағы студенттер өмірі. Оқуға қабылдауда. Оқытуда, тұрмыс-тірішілікте күлкіли жайлар мол кездеседі. Адамды ойлантатын, еріксіз күрсіндіретін халдерді жазушы көз алдыңызға әкеледі. Анау декан Даулетбаев, анау доцент Беделбаевтар, егер соғыс қолдың саласындай азаматтарды, білімді жігіттерді жалмап жұтып қоймаса, жастардың есіл-уақытын рәсуа етіп, ауыздарына келгенді айтып, бекерге тұра алмас еді ғой. Әсіресе Даулетбаев бейнесін романшы есте қалатын қанық бояулармен жасаған. Беталды лағып жөнелетін кездері, аяқастынан білгішсінгені, студенттен ет дәметкені, өлең шығаруы – осының бәрі жадыңда сақталып қалады» [4,81].
Жазушы пародия, гротеск, иронияны шебер пайдаланады. Астар, емеурін мол. Елуінші жылдардағы мектеп тұрмысын романшы үшінші дәптерде жан-жақты суреттеген. Институт бітірген маман Еркін мен Зағипа Қазақстанның орталықтан шалғай аудандарының біріне мұғалімдік жұмысқа келген. Олар әртүрлі жағдайларға тап болады. Автор негізгі оқиғаға қатысы жоқ жанама кейіпкерлердің бейнесін қызықты жасаған. Басқа жақтан келгендерді жақтырмайтын пойызда кездескен кемпір, ру сұрайтын мектеп директоры, ленинградтық Маша мен Саша бұларды ұмытуыңыз қиын. Аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Еркінмен Зағипаға барғаннан көмектессе, Жақыбаев, Iлиясовтар ертең білімді адамдар орнымызды алып қояды деп қарсы тұрады.
Еркін мен Зағипаның отау құрған кездерінен бастап барлық ғұмырында қуанатын да, қайғыратын да сәттері тең болды. Оның үстіне өлеңмен өскен, оқиғаны баяндауынан оқырманға сенімділік берген Еркіннің жазушылық өнерге баруы да көпшілікті сендіре алды.
Үшінші бөлімнң бірталай беттері Еркіннің шығармашылық барлау кезеңіне, әдеби орталықтағы алғашқы қадамдарына арналған. Редакцияның күнделікті жұмысына. Киностудия қызметіне байланысты дәл табылғандетальдар қызықты суреттер, сәтті персонаждар баршылық.
Б.Соқпақбаевтың ұзақ уақыт соңына түсіп, көп еңбек етудің арқасында туған «Өлгенде қайтып келмейді» романы, 40-жылдардағы қазақ өмірін реалистікпен бейнелейтін маңызды шығарма, келелі келісімді тапқан туынды. Жазушы қиындық, ауыртпалықты жеңіп, тірішіліктің кең жолына түскен жағымды қаһарман бейнесін жасаған. Қызықты образдары бар, тілі шебер, стилі сұлу жаңа романымен Б.Соқпақбаев қабырғалы қаламгер екендігін көрсетті. Оның қаламынантуған көп қырлы, көп сырлы «Өлгендер қайтып келмейді» романы қазақ әдебиетінің көркем қосынына қосылған елеулі еңбек екеніне көз жеткізе түседі. Шығарманың жалпы айтар ойы жазушының өзі жасаған ортаның енді қайтып қайталанбайтынын паш еткендей. Былай қарағанда «Өлгендердің қайтып келмейтінін» елдің бәрі біледі. Жәй қарапайым ғана сөз. Мұнда өлгендерге қайта тіріл деп жатқан жазушы жоқ. Немесе, көктеп тосын бір оқиғаларды әкеліп, сенің басыңды қатырып жатқан да ештеңе жоқ.. Бар болғаны жазушы жасаған ортаның өзіндік көрік пәлсапасы, өзіндік өрнегі, тірлігі және сол ортаны өз қалпындасуреттей алатын тілі мен сезімі ғана. Сонымен жазушы өз халқының бүкіл тарихы болмағанмен, өзі жасаған дәуірдегі болмыс жаратылысын әдемі баяндап береді. Және ол тірілікке сол тұстағы заманның жағымсыз жағын қарапайым ғана күлкіге іліктіріп және оны ащы әзілдің астарын беретін сипама сөзбен сілесін қатырып отыратындығы ғажап.
Сөзіміз дәлелді болу үшін, бұған бірнеше мысалдар келтіруге болады. Жазушы: «Апамның сандығының бір бұрышы толған дәрі-дәрмек. Кейбірі қағазға оралған, кейбірі шүберекке түйілген, кейбірі былайынша тастай салынған. Бір жері ауырса, содан көңілі түскен біреуін алып, ішін жатады. Кейде тәуір болып жазылады, кейде бұрынғысынан бетер ауырып қалады». Міне жазушы аңғарған аңқау анасының, қала берді бүкіл халқының бұрынғы кейуаналық мінез-құлқы. Немесе тағы бір мысал келтірейік: «Нұралі Сәрсенбекті мойнынан қапсыра құшақтап алып, ілемейлеп сүйіп жатыр.
Бердібек Соқпақбаев бұл шығармасындағы басты кейіпкер Еркін арқылы жастық дәурені, бозбала шағы соғыс жылдарымен сәйкес келген қаншама жанның, қаншама ұрпақтың тағдырын көрсеткісі келген. Жалындаған оттың ортасында қандай суық пен ыстық болса да қаймықпайтын, шыңдалып, қайрала түскен қатарластарының замандастарының бейнесін жасаған. Оны шығармадағы әрбір кейіпкердің қажырлы, қайратты, рухы асқақа, өмірге деген сенімдері жоғары қасиеттері көрсете алады. «Көркем әдебиет жастар тірлігін суреттегенде сыры мен сымбаты үйлескен жаны сұлу, мұраты асқақ жігіттер мен қыздардың барша ұнамды қасиеттерін жинақтап, нанымдылық дәрежеге жеткізе көрсетуі, ол үшін суреткерлік шыншылдық психологтік жітілік, ең бастысы, шаттыққа бермес әдемі мұң, әдемі үміт, кәусәр мөлдірлік керектігі, сонда ғана көркем образдардың табиғи, таза болмысы бағалы екені мәлім» [5,54] - деп белгілі ғалым Б.Майтанов айтқандай, шығармадағы кейіпкерлер бейнесі бейне бір сол заманның рухын, сол заманның аурасын көрсетіп тұрды.
Жазушының кейіпкер бейнесін жасауда ұстанған бір әдісі бар. Ол оның мінезін ұстанымын, әлеуметтік қайшлықты, ар мен намысын, адамгершілік қасиеттерінің бәрін алдыға әкеле отырып, типтендірген. Қазіргі кезде суреткерге қойылатып басты талап негізігі характерді анықтау болатын болса, автордың кез-келген қарап отырсақ, барлығы осы ұстанымға сай етіп жасалған. Кейіпкерлер мінезін талдауда Соқпақбаевқа жететін ешкімді көрмейміз. Оның жақсы жағын, ішкі мінезін, характерін, адамгершілік қасиетін алып қарастыруда алдына жан салмайды. Бірақ кейде Б. Соқпақбаев адамның көлеңкелі тұстарына да ойысып, ауып кететінін байқаймыз. Осындай сәттерде біржақтылау болатын кезден автор аса қиналмай шыға бастайды. Оны біз Еркіннің институт бітіріп, ауданға жұмыс істеген кездерінен анық көре аламыз.
«Менің ойымша қаламгердің «Өлгендер қайтып келмейді» атты шығармасы ғасырдан-ғасырға оқылатын бірегей туынды. Жалпы махаббатты жалған түсіндіретін жағдайлар болып тұратындығы өмір дәлелдеген шындық екендігі ақиқат. Алайда осы бір ғажайып ұғымды қыз бен жігіт арасындағы, еркек пен әйел арасындағы сезім деп те қарауға болады. Дегенмен, бұл ұғымның екінші жағы бар. Ол - әлеуметтік махаббат. Ол адамдардың бір-біріне деген жаны ашу сезімі, сүйіспеншілігі», - дейді Әкім Тарази.
«Бұл шығарманың ендігі бір айтап айтар үлкен қасиеті – көркемдік қуатында. Туынды бірінші жақтан жазылған. Бұл жазушыдан үлкен психолог болуды талап етеді. Бұл тәсілдің қиындығы – автор реті келген жерде еркіндік ала алмай, көбіне бас қаһарманның көрінер ортасына қара ойыса береді. Романның сюжеттік желісіне арқау болар оқиғаларды өрбіту, ондағы жасалмақ образдардың нақышын өрнектей түсу, іс-әрекеттердің ситуацияға сай келіп, жанды бейнелері жасау жазушыдан айрықша көркемдік шеберлік шешімін қажет етеді. Жалпы Б.Соқпақбаев шығармалары түрлі сюжетке құрылғанымен, тақырып пен идеялық мақсат тұрғысынан бір-бірімен іштей сабақтастық тауып, образдар әлемі жағынан өзара байланысып, тұтастық сипат алып жатады. Бұл, әсіресе, жазушының «Өлгендер қайтып келмейді», «Балалық шаққа саяхат» шығармаларында айқын байқалады. Бұл шығармаларды ерекше байланыстырып тұран тақырып, идея және тартыс көріністері деуге болады. Жазушы кейіпкерлері әр шығармада әр алуан болып келгенімен, әдеби үндесу жағынан бір идеяға қызмет ететін, бір мақсатты көздейтін көркем бейнелер болып табылады. Өйткені қаламгердің кейіпкерлері өз кезіндегі саясат ықпалына бағындырылмаған, тек қана қоғам сипатын дәріптеу, мадақтау мақсатында емес, адам тағдырына, қандай қоғамда өмір сүруіне қарамастан, адам тағдырының түрлі қалтарыстан ақтара көрсетуге бағыттала сомдалған кейіпкерлер еді» [6].
«Өлгендер қайтып келмейді» романының негізгі мақсаты – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы ерлікті көрсетуді де, лапылдаған патриотизмді де, көзге түсер ерен еңбекті де жазу емес. Негізгі мақсат – халыққа шындықты жеткізу. Оқырман сол кезеңдегі болған оқиғалардан нені естігісі келді, нені көз алдына елестеткісі келді, ал шын мәнінде не болды? Барлығын бүкпесіз ашық айту жазушының және романның негізгі мақсатының бірі болды деп айта аламыз.
Әрбір кейіпкерің ішінде барлық сезімдер бірігіп жатыр – ашуғы да, торығу да, ар мен намыстың таразыға түскен кезі де. Тіпті, аңғалдықпен арамзалық жасаған сәттерде осының ішінде. Ерлік жасауға, батырлық істің бастамасы болуға ешкім талпынбайды. Көкірегін керіп, осының бәрі менің арқам деп жатқан да ешімді көрмейсіғ, барлығының қамы - осы соғыстан аман шығу мақсатында жасалған жұмыс. «Балалардың оқуды тастағанына ең алдымен колхоз қуанады. Бір бала оқу тастаса, колхозға бір жұмыскер қосылғаны. Екі бала тастаса, екі жұмыскер қосылғаны. Бригадир маған екі ат, бір арбаны қуана-қуана берді». Жас болса да отбасына бас болған Еркін елдің жағдайын көре тұра барлық балалық шағын сол жолға беріп, жаспын демей іске кірісті. Оның тағдыры қым-қиғаш жолға қарай итермелеп, талай сынаққа жол ашты.
Б.Соқпақбаевтың кейіпкерлерінің барлығы жас ейіпкерлер. Олар тынбай, тағдырдың тәлкегінде жүретін жандар. Сонда да тоқтамай, алға қарай жүруді тоқтатпайтын батыл да қайсар жандар. «Балалық шаққа саяхаттағы» Бердібектің, «Өлгендер қайтып келмейдідегі» Еркіннің, «Менің атым Қожадағы» Қожаның ылғи жаңсақ басып, небір пәле-жалаға ұшырап жүретіні сондықтан.
Еркін де дәл солай ауылындағы Нұралыдай дөкеймен сөзге келіспей қалып, әділдіктің жағында боламын деп жүріп, ауылдан қуылды. ФЗО-дан қашамын деп жүріп, түрме дейтін тозақтың отына да түседі. Аштықты да, жалаңаштықты да, қайыршылықты да көреді. Бірақ Соқпақбаевтың басқа кейіпкерлері сияқты алдыға жүруді тоқтатпайды. Басы тауға да, тасқа да соғылса да арманын, өзінің алға қойған мақсатын еш ұмытпай, соған қарай қадам басады. Әрқашан шындық жағында боламын деп үлкейген, есейген сәтінде де бірнеше кедергілерге тап болады. Барлық мұратын – шындыққа бұрады, адалдықтың ақ жібін аттамайды.
«Өлгендер қайтып келмейді» романын жастық шағын соғыс өрті шарпыған, әкесіз, ағасыз өскен ұрпақтың өсіп-жетілунің, саналы азамат санатына қосылуының көркем шежіресі деуге де болады. Алыстағы ауылда туып-өскен қазақтың қара домалақ баласының бір басын тауға да, тасқа да соғып жүріп өткен өмір жолы тағылымды. Жазушы бір кейіпкердің тағдыры арқылы сол кезеңдегі замандастардың типтік бейнесін жасаған. Халқымыздың басынан өткен небір зобалаңдар: қайғы-қасіреті, қуаныш-сүйеніші, қысы мен жазы, тоқшылығы мен жоқшылығы – бәрі-бәрі қаз-қалпында көз алдымыздан өтеді. Жазушы қаламы сол өмірдің қас-қағым сәтін қалт жібермей, ащысын ащыдай, тәттісін тәттідей дәл береді, «Өлгендер қайтып келмейді» деп күрсіне отырып, оларды өлместей етіп қайта тірілтеді.
Еркіннің есейіп, институтын бітіріп алыс ауданға ұстазық қызметке ауысқан кезінен бастап соғыстың тағы бір маңызды салаға тигізген салдарын көре аламыз. Еркін ауылдық жерге мұғалім болып барған кезде басқа мұғалімдердің балаға білім үйретпек түгілі өздерін әрең ұстап алып жүргендерін, тек директорға жағынып, жалпаншақтап өмір сұрумен келе жатқандарын көріп, іші ашиды. Осы бір проблеманы көтеру үшін де біршама қиындықтарға ұшырайды. Соғыстың білім беру саласына салған аур ізі осындайда көрініс табады. Жазушы бқл тақырыпты да өзінше бөлек етіп алып, оған мән бере қарап жазады. Ол тек сол кезеңді ғана емес, қазіргі кезең көзімен де қарап сол тақырыпқа ерекше тоқтала түседі.
Бердібек Соқпақбаев бұл романда, әсіресе, адам психологиясына терең енеді, оны өзінше зерттейді. Оған негіз деп біз Еркіннің образы айта аламыз. Еркіннің басына түскен қандай да бір ауыртпалық болмасын оны біз адамның өрге шығуына, жақсы ғұмыр сүруіне апаратын кішкене баспалдақтар ретінде қабылдауымызды қалайды. Ол қиындықтар, ондай негізгі проблемалар әрқашан да болып тұратынын, тек Еркін секілді іштегі адамдық қасиетті жоғалтпай, ар мен ождаанды сақтап қалу арқылы негізгі көздеген мақсат пен мұратқа жетуге болатынын түсіндіргісі келеді.
Романды оқып отырған кезде барға аспайтын, «жоқ» деп саспайтын Бибісара ана және сүйген жарын майданға аттандырып, сол үйдің бүкіл ауыртпалығын көтерген Қаныша жеңге бейнесі, сол кездегі елге бас-көз болудың орнына қатын мен баланы дырау қамшының астына алған Нұрәлі бейнесі, сүйкімді де сұлу Ғалия бейнесі шығармада өзіндік ерекшеліктерімен көрінеді. Сонымен бірге, осы романдағы көпшілік кейіпкерлер – өмірде болған кейіпкерлер, тіпті, кейбірінің есімдері өзгермеген күйінде көрініс тапқан. Соған қарап біз жазушының суреткерлігін аса жоғары бағалай аламыз. Неге? Өмірде болған кейіпкерлерді көркем образға айналдыру тұсында автордың жазушылық шеберлігі аса үлкен ыждаһаттылықпен орындағаны көрініс береді. Бердібек Соқпақбаев – осындай үлкен талаптың үдесінен шыға алған жазушы дей аламыз.
Бұл шығармада соғыстың өзі емес, жазушының бұл шығарма арқылы айтқысы келгені – алыстағы ауылда қалған соғыстың жаңғырығы. Сонымен бірге осы жердегі жазушының негізгі жеткізгісі келген ойы мен идеясы – соғыстың адамға, адамның адамжығына, адамгершілік қасиеттеріне сынақ болып келгені. Сол арқылы адамды сынап, қаншалықты олардың өзгеріп сала бергенін немесе жақыны мен жанын сақтауда Құдай берген не өзі қалыптастырған табиғат мінезін сақтап қалғанын көрсетуі. Осындай қиын жағдайларда адамдық қассиетті сақтап қалудың үлкен күш екенін көрсеткісі келген. Яғни, романның негізгі көтерген мәселесі – ар мен ождан мәселесі. Бұны жоғары да да айтып өттік.
Жоғарыда айтып кеткен кейіпкерлердің бәрінің басына түскен ауыртпалық – бір. Ол, сөзсіз, соғыс. Бірақ әрқайсысы әртүрлі әрекет етеді. Жазушы кейіпкерлерін түрлі ситуацияларға сала отырып, олардың характерлерін ашып тастайды. «Дəрежедейтін кімді де азды-көпті әлек қылатын нəрсе ғой.Колхозға председатель болғаннан кейін Нұрəлі өзгере бастады. Мінезінде паңдық, тəкаппарлық пайда болды. Жуантық қарны алты айлық баласы бар əйелдің қарнындай бұл тиыпалға шығып барады.Нұрəлі бұны мақтаныш көріп, қуанатын тəрізді. Қарнын əзер көтеріп жүрген адам боп, кеудесін артқа жіберіп, алшаң басып жүреді. Бет алдынан келмесе, қапталындағы жұртты онша байқамауға тырысады.Танитұрып,танымай қалады,«сен кімсің,ей?»дейді.
«Соғыс біреуге соғыс болса,біреу үшін ырыс.Нұрəлі үшін ырыс.Басына беймезгіл келіп қонған кезі соқыр бақ. Əйтпесе, кешегі ел аман, жұрттыныш кез болса, оның қолы бұл қызметке жетер ме еді? Жетпес пе еді?Тұйықтың көшесінде менен мықты кімің бар деп,қоразсынып жүрер ме еді,жүрмес пе еді?!»[7].
Сонымен бірге мына бір үзінді бар. «Алматыға жақындаған сайын күйзеліп, қорлануым асқына түседі. Ерді намыс өлтіреді деген рас сөз. Ауыр тұрмыс адамның тауын шағып, мұқатады екен. Тіпті ез ете бастайды екен. Бұрынғыдай басымнан сөз асырмас өжеттігім, əділдік жолында құрбан боп, жанып кетуге дайын түратындығым қазір жоқ. Айналамдағы өмірге тым селсоқ-салқын қарайтын болғанмын.
Қорқақ болып тумасам да, қорқақ бола бастағандаймын. Жалтақ болып тумасам да, жалтақ бола бастағандаймын. Жаза өтеп келе жатырмын деген бір ауыз сөздің өзі-ақ еңсемді көтертпейді»[7]. Бұл тек Еркіннің ғана емес, жазушының да ойы.
Жоғарыда аталған кейіпкерлердің барлығы – мықты образдар. Қаныша образы – соғыс жылдарындағы ерін соғыстан күткен әйелдерге ескерткіш іспеттес образ.
Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романы – пафостық шарттылықтарға бағынбаған шығарма. Дәуірдің ащы шындығын халықтың ішінен іздеді.
Өлгеннің қайта тірілгенін кім көрген? Жазушы төл туындысының тақырыбын «Адам өмірі тесік шелекке құйылған су тәрізді болады екен. Тіршіліктің оны-мұны шаруа қамымен күйбеңдеп, басың қатып жүргенде, бір күні сарқылып бітіп қалғаныңды білмей де, байқамай да қалады екенсің», – деген түйінінің өзі тұнып тұрған философия ғой. Романның басты кейіпкері Еркін Мамырбаевтың қиралаңы мол тағдыр жолы, жазушы болып қалыптасуы, оның бітім-болмысы өзгеше шебер суреттелген. Бұғанасы қатпаған жас баланың тағдыры алапат соғысқа тұспа-тұс келеді. Үйінің тірегі жалғыз ағасы Сәрсебек соғысқа аттанып, жалғыз анасы мен жеңгесіне бас-көз болу Еркінге жүктелген аманат еді. Ауылдағы сасық кеуде, қыз құмар Нұрәлі болыспен бір бітімге келе алмай адамдықты ту еткен жас ақыры өз отбасынан жырақ, Қарағандыдағы ФЗО-ға жол тартты. Бірақ жігері құм болып жасымайды. Оқырманын қуантатыны да осы - Еркіннің күрескерлік қасиеті. Ол құлағанда оқырман бірге күйінеді. Түрменің де дәмін татып, қиыры жоқ алыстарда қызмет жасап, сүйген қызы өзгенің бағына айналса да, екі баласын – ет жүрегі перзенттерін, аяулы анасын жер қойнына берсе де, талай әділетсіздіктің, көпе көрнеу жаланың құрбаны болып қызмет істеген жылы орнынан безініп, асқақ арманын орындаған Алматыға мейірім іздеп келіп, баспада журналист-қаламгер қызметін атқарып, ел-жұртқа жазушы болып танылса да, ол адамдықтан аспады. Сол турашыл, сол шыншыл, сол бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын мінезін ту еткен Еркін өз қалпында қала берді. Кейде «осы ит мінезімнен, турашылдығымнан басыма нелер келіп, не кетпеді?!», – деп күйінеді ол. Әсілі, турашылдық, шыншылдық, ең бастысы, адамдық бұл ит мінез емес, керісінше, асыл қасиет, екінің бірінің бойында жоқ болмыс. Әрине, шындық қай заманда да ешкімге жақпаған? Жылпос адамдар шындықты қабылдай алмайды. Неге? Өйткені, Еркіннің бойындағы өзі үшін «ит мінез», біз үшін «асыл қасиет» оларда жоқ.
Шығарманың басталуындағы жеңіл юмор бірте-бірте сарказмға айнала бастайды.
«Есік алды абыр-сабыр көп кісі. Əйелдер, балалар. Қазан асылған, қой сойылған. Қатарынан қойылған қос самауырдың лапылдаған жалыны аспанға атады. Қора жақтан келіп, аттан топ етіп түсіп жатырмын.
Қазан басындағы əйелдер өзімнің көршілес жеңгелерім. Біреуі мені көріп:
— Еркін келді! Сүйінші! Сүйінші аламыз! — деп жүгірді. Соңынан жəне бір əйел жүгіріп келді.
Екеулеп бас сап, қалта-қалтамды ақтарып, жұлмалап жүр. «Нең бар, нең жоқ» демейді. Өзім оқушы болсам, өзім жұмыс басынан келсем, нем болушы еді. Үстімдегі киімдерім жамаулы, ескі жұмыс киімдері. Шалбарымның бір қалтасы үңірейген тесік. Жеңгелерімнің біреуінің əумесерлене сұққан қолы сол тесіктен сумаң етіп ары өтіп кетті. Жалаңаш санымды бір-ақ барып қапты. Ойбай деп, қолын жылан шағып немесе əлдене тістеп алғандай бақырып, қайтадан суырып алғанда ғана білді...» [7,4].
Осы бір үзінділерден басталатын оқиғада астарлы юмор бар. Басты кейіпкер Еркіннің қалтасының тесіктігінің өзі бірнеше мағынаны көрсетеді. Біріншіден, ол балалықпен болған дүние. Кішкентай балалардың ойын үстінде киімдеріне қарамауын көреміз де, екіншіден сол кездегі халықтың тұрмыс-тіршілігінің негізгі бейнесін көреміз. Яғни, жазушы астарлы юмор арқылы шығарманы бастайды да соңы сарказмға ұласады. Шығарма қарқынды түрде дами түседіде, кейіпкер Еркіннің әрбір жаңа тәжірибесімен, жаңа жасқа қадам басқанымен, жаңа оқиғаға тап болғанымен басты оқиға өрби түседі. Сонымен бірге шығарманың қарқыны да, оқырманға ұсынары да дами түседі. Сонда біз бұл шығарманы уақытқа арналған биографиялық роман ретінде де қарастыра аламыз.
Романды идеялық тұрғысынан алғанда – Еркіннің ғана емес, соғыс тауқыметі кезіндегі қаншама адамның арманы мен алға қойған мақсатын өлдіге балатқан кезеңді көреміз. Ашып айтқанда, шығарманың басты кейіпкері Еркіннің ғана асыл армандары құрдымға кетпеді, сол кезде өмір сүрген бүкіл халықтың армандары, соғыста елді қорғаған батырлардың арманы да бірге жоқ болды, келмеске кетті. Осы бір идеяны басты негізге алған бұлшығарма өзін тақырыптық тұрғысынан ақтады және мазмұндық тұрғысынан басты қаһарманның ішкі және сыртқы диалогтарымен аша білді деп толық айта аламыз.
Бұл тарауды қорытындылай келе, жазушы Б. Соқпақбаев оқырманына негізгі идеяны басты кейіпкер Еркін арқылы беріп қана қоймай, қосалқы кейіпкерлер арқылы соғыс кезіндегі заман келбетін, қазақ келбетін ашып көрсетеді. Мысалы, жеңгесі арқылы соғыстан жолдасын күткен əйелдер бейнесін, Нұрəлі арқылы пасық басшылар образын қалыптастырып, ашып көрсеткен. Яғни, кейіпкерлер бейнесі арқылы қазіргі заманмен сабақтастық жəне сол замандағы шындық ешқандай бүкпесіз айтылған. Біріншіден, жазушының шындығы, екіншіден суреткерлік қабілеті арқасында шығарма өз оқырманын тауып, үздік романдардың бірі бола білді.
Достарыңызбен бөлісу: |