Зерттеу жұмысының тәжірибелік құндылығы: Зерттеу жұмысы филология факультеті студенттеріне арналады.
Зерттеу жұмысының құрылымы: Зерттеу жұмысы кіріспеден, негізгі бөлім екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1. РОМАННЫҢ ИДЕЯЛЫҚ-ТАҚЫРЫПТЫҚ ЕРЕКШЕЛІГІ
1.1. Шығарманың негізгі идеясы мен тақырыбы
«Өлгендер қайтып келмейді» романының идеялық ерекшелігі туралы сөзді бастамас бұрын, шығарма атауының қойылу себебін анықтап алуға болады. Жазушының шығармасын неге бұлай атағаны жөнінде кезінде оқырмандар тарапынан сұраулар қойылған, түрлі пікірлер болған. «Бұл кітапта өлетін ешкім жоқ қой, жалғыз Сәрсебектен басқасының бәрі дін аман. Керек десеңіз Сәрсебектің өзі де өлмеген, хабарсыз кеткен» деген секілді. «Шығарманың аты – кітаптың кілті. Онда идея болсын. Жазушының сырттан зорлап әкелген идеясы емес, кітаптың өз мазмұнынан шығатын обьективті идея» болғандықтан да – шығарма «Өлгендер қайтып келмейді» деп тегін аталмаған. Автор Бердібек Соқпақбаев өзінің бұл романының атауы туралы кездесулер мен оқырман хаттарында былай деп жауап береді: «Менің көбірек тер төгіп, көп қиналып жазған дүнием – үш дәптерден құралатын «Өлгендер қайтып келмейді» романы. Әуелі осы романның аты жөнінде оқушылар хаттарында немесе кездесулерде берілетін сұрауларда: «Сіз романыңызды неге бұлай атадыңыз?» Өлгендер қайтып келеді деп біреу сізбен дауласты ма? Бұл кітапта ешкім өлмейді ғой, ендеше, неге олай аталған?» деген секілді сөздер айтылады. Шығармаға ат қоя білудің де зор мәні бар. Жазушының өмірге көзқарасы, мінез-құлқы сезіліп тұрады дер едім мен бұдан. Ағылшын жазушысы О.Генри бір кітабын «Король және капуста» деп атаған екен. Жұрт «неге бұлай атадыңыз?» деп сұрағанда беретін жауабы: «Бұл кітаптың ішінде король туралы да, капуста туралы да бір ауыз сөз жоқ. Ненің король, ненің капуста екенін оқырман өзі анықтасын». Өлетін тек адам ба? Іске аспаған арман, қол жетпеген мақсат, бір нәрседен түңіліп, талақ ету, үзілген үміт... Осының бәрі өлген емей немене?.
Шығарманың бас кейіпкері Еркін – жас жігіт. Мақсатыма жетемін деп жүріп, көп сүрінеді. Өмір жолы бұралаң қиын жол екен, кітаптан жаттап алған қағидалар кейде кәдеге аспай өлі жүк болып, далада қалып қоятынын біртін-біртін түсінеді» [1]. Демек, тақырып қоюдағы негізгі идея – соғыс салдарынан болған қазақтың орындалмаған арманы. Тек соғыс салдарынан емес, осындай түрлі оқиғалардың адамның алға қойған арман-мақсатына кедергі болатыны, кейде олар орындалмай да «өлгендер» қатарына кетуін сол заманның басты тақырыбымен өрнекті түрде әсемдеп жеткізе білген.
Шығарма авторы бұл роман арқылы соғыста қаза тапқан жандардың орнын басатын, елге көмек қолын созатын Еркін секілді жастар екендігін түсіндіруге тырысатынын байқаймыз. Шығарманың атауы «Қлгендер қайтып келмейді» болса да, Б. Соқпақбаев романның аяқталар тұсында осыған байланысты қайшы ойын айтады. «Отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын жаны тірі Еркіндерің есен-аман әлі-ақ қайтып келеді» деу арқылы оқырмандарға адам жанының ақтығымен бірге жүретін рухани биіктікті нұсқағандай ой қалдырады. Бұл идены жазушы бірден бере салмайды, оны кейіпкерлердің әрбір сөзімен, әрекетімен, бар болмысымен алдыға көрсетіп беріп отырады.
Басқа шығармаларға қарағанда және басқа кейіпкерлермен салыстыра қарағанда қиын балалық шақтан шыққан Еркіннің жазушы болғанға дейінгі өмірін жазушы керемет суреттеген. Тек оның өмірі ғана емес, барлық бітім болмысы қоса беріліп отырған. Еркіннің тағдыры соғыс жағдайымен қатар келді. Ағасының орнына аға, отбасының қамқоршысы болып қалу Еркінге артылған жүктердің үлкені болды. Қаншама қиындылықты көрсе де, отбасын қорғаумен немесе сол қиындықтан бір сәтке ада болу үшін ФЗО-ға жол тартқан жас баланы көреміз. Мұны өзі қалап алмаса да, ауылдың қызқұмары, ақшаның буына байланған сасық көкірек Нұралының қармағына іліккен Еркіннің басқа амалы да қалмаған еді. Тағдырының былай болып өзгеруін өзі де білмеді, сұрап алғаны ол да емес еді. Алаңсыз балалық шағын бір мезетте соғыс дейтін сұм алып кетті де, бірден ересектік өмірдің ащы дәміне ілесіп кете барды. Қаншама қиындық келіп, жастығымен қауқары жетпей жатса да Мамырбаевымыз салын суға түсірмеді, құламады. Өзінің оқырманын осы бір қасиетімен де елітіп, өзіне баурап алды. Ол сүрінсе оқырманы да онымен бірге қайғыра түсіп, қуанышына бірге қуанды. Оның «осы ит мінезімнен, турашылдығымнан басыма нелер келіп, не кетпеді?!» деген сөзінен біз оның өзін таныған және танитын кейіпкерімізді көреміз. Анасы мен балалары қайтыс болғанда да, кішкентайынан жетімммдік азабын тартып, ағадан айырылып, есейе түссе де, турашылдығынан Нұралыдан ғана емес, бүкіл ғұмырында азап тартып келе жатса да оның еш берілмегені, арманына адалдығы, сол жолда тайынбайтын күрескерлік, табандылық қасиетін көреміз. Оның қарапайымдылығы қандай жағдай болмасын, атақты болып ел аузында болса да көрініс тапты. Сол үшін де оқырманы оны жақсы көрді, онымен бірге өмір сүрді. Еркіннің бойындағы турашылдық, шындықты бетке айту секілді қасиеттер өзгенің бойынан табылмағандықтан елге жақпады. Сол үшін де жолы болмаған сәттері болды. Бірақ оқырман өзінің адалдығынан аттамай, ақ пен қара аражігін ажыратып, басты кейіпкер үшін қам жеді. Бұл да болса жазушының суреткерлік шеберлігінде деп айта аламыз.
Роман үш тараудан тұрады. Тарауын да «дәптер» атауымен алуында да ерекшелік бар. Күнделік-дәптер адамның сыры мен ішкі ойларын түгендейтін дүние болса, басты кейіпкер Еркіннің де барлық ішкі сыры осы кітапқа жазылғандай. Сол себепті жанры бойынша «дәптер» деп алуы – геройдың өмірінің жаңа кезеңдеріне қадам басқаны айқын көрініп тұрады. Сонымен бірге әр тарау сайын, бір дәптерін аяқтаған сайын кейіпкердің өскені, жаңаша ойлары көрініс беріп, дамып отырады.
Бұл шығарма – боямасыз, ашық, айқын шындыққа, психологиялық анализге бағытталған туындылардың бірі. Б.Соқпақбаевтың қай шығармасын алсақ та қарапайым тілмен оқиғаны баяндап отырып, кейіпкердің мінезін, оның кім екенін, не себепті көрермен оны жақсы көріп немесе одан жеритінін бірден ашып көрсететін суреткер жазушы екенін байқаймыз. Оның кез-келген шығармасынан оның өзіне тән жазу стилі көрініс беріп тұрады. Автор сөзді сырлап, әсемдеп жатпайды. Табиғи қолданыспен өткір қылыштай ащы шындықты алдыңа әкеліп береді, суреткерлігінің арқасында оқиғаны, кейіпкерді көркем образға қарапайым жолмен аудара алады.
1967 жылы шыққан «Өлгендер қайтып келмейді» романындағы оқиғалар жазушының сол кездегі оқиғаларды, өмірді толықтай танығанын байққатады. Әлеуметтік қайшылықтар, проблемалар, тартысты сюжеттер осының бір дәлелі болып табылады. Сол себепті де шығармадағы тартысты сахналарды біз негзгі ой емес, жазушының негізгі идеяны жеткізудегі тәсілі ретінде қарастыра аламыз.
Автор сол заманды осы шығармада анығырақ көрсеткен. Бір ғана Еркін ауылында болып жатқан оқиғалар тек сол жердің ғана оқиғасын суреттемейді, сол кезеңдегі Қазақстанның әлеуметтік жағдайынан хабар береді. Соны суреттеуде, адамдар психологиясын жинақтап көрсетуде жазушының қаламгерлігі ацқын көрінеді.
Талданып отырған шығарма – қазақ әдебиетінде соғыс тақырыбында жазылған шығармалардың бірі. Бұл тақырыпты қозғаған шығармалар қаншама, олардың да өзіндік орны бар. Бірақ олардан «Өлгендер қайтып келмейді» романының артықшылығы негізгі көтерген идеясында. Бұл шығармада нақты соғыс емес, сұм соғыстың қазақ ауылдарына қалдырып кеткен ізі айтылады. Яғни соғыстың қазақ ауылдарына жасаған салдары, Нұралыдай басшылардың бірден өзгеріп шыға келуі, «бастық» образына енуі, Еркін секілді кейіпкерлердің әділдік іздеймін деп, өз жақындарын қорғаймын деп елден алыстап кетуі, Қанышадай әйелдердің солып, бұрынғы қалпынан, мінезінен айырылып, сол жағдайға мойынсынуы. Жазушы осыны өзінің суреткерлігімеен жеткізе білген. Ол өзінің бөлек әлемін жасады. Соқпақбаевтың суреткерлік әлемін жасады. Ешкімнен ұрламады, ойы да таза, өзі көрген, құлағы естіген қазақтың тарихын, неше түрлі мінез бен образды арқалаған кейіпкерлерді бақылап, солардың қалпын бейне бір кино лентасындай тізіп көрсете алған. Ол тарихты да, кезеңді де, сол кезеңдегі адамдар психологиясына да терең бара алған.
Басқа әдебиеттермен салыстырғанда Қазақстанның соғыс жылдарындағы жағдайы тура осылай кең ауқымда суреттелмеген еді. . Жазушы суреттеуі бойынша соғыс тек соғыс алаңында елді қорғау мақсатында қан майданға түскендер үшін ғана емес, сыртта олардың келуін күтіп, жауынгерлерге жағдай жасау үшін жұмыс істеген халыққа да ауыр тимегендігін көрсетеді. Сонымен бірге соғыстың тек елге емес, адамға ғана емес, оның адамдық қасиетіне де сыни көзбен қарай алғанын, сынақ болғанын әдемі жеткізе білген. Бұндай жағдайда адамгершілік қасиетті сақтап қалудың өзі қиын. Бәрінде бір проблема көрініс бергенімен, оларды ортақ ететін негізгі қасиеттерінің жоқтығы, әрқайсысының тағдыры әртүрлі екендігімен көрсетуі – жазушының шеберлігін айқындай түседі. Осы арқылы жазушы оқырманын өзіне тартады.
Жазушының шеберлігінің көрініс беретін тұсы – романда оқиғаны бояп сырлап, әсемдемей, қалай бар, сол күйінде шындықты оқырманның алдына әкелуінде. Бұл тек жазушының шеберлігі емес, романның құндылығын асырып көрсететін тұсы.
Жазушы шығармаларындағы негізгі кезең соғыс болуы да сәйкестік емес екені айқын. Оның себебі - автордың сол кезеңдерде өмір сүруі, соғыстан кейінгі кезеңде әдебиет саласына қадам басуы, сол кездегі шығармалармен тақырып, оқырман сұранысы да сәйкес келуі, яғни, жазушы өмір сүрген кезеңмен сәйкес келуінде. Сондықтан да Бердібек Соқпақбаевтың “Өлгендер қайтып келмейді” романы сол кездегі замандас тұлғалардың өмірін айқындап көрсететін туындылар ретінде халық жүрегінен ерекше орын алған. Отан соғысына арналған шығармалар қатарында бұл шығарманың да сәтті шығуына негіз болатын нақты себеп бар. Олар
- жазушылардың өзінің негізгі жазып отқан дүниесін жетік білетіндігінде;
- аталған тақырып бойынша мәліметтерді қарастырып, оны оқырман қауымға жеткілікті түрде жеткізе алатындығында;
- сол кезеңдегі мәселелерді бүгінгі кезеңмен салыстыра суреттеуінде. Жоғарыда айтылған себептер Б. Соқпақбаевтың тек бұл шығармасында емес, барлық шығармасында қамтылған.
Шығарма композициясын құрайтын жақсылық пен жамандық, ар мен намыс, ұят пен ар, сенім мен оған селкеу түсіру, мансап мәселелері – романның негізгі тақырыптарының бірі. Нақты детальдар арқылы кейіпкердің шынайы бет-бейнесін көрсете отырып, оқырманын жамандықтан алыстатып, жирендіріп, жақсылыққа шақыруы, ел басына күн туған шақта қан майданда соғысып жатқан рухты батырлар мен ауылда бүлік шығарып, атақ пен абыройдың шыңына шыққандардың образдарын қарама-қарсы бағтта суреттейді.
Бұл композициялар жазушының кейіпкер бейнесін толықтай ашуына, шығармаға көркемдік мән беруге, негізгі идеяны ұмыттырмауға көмектескен және нақты форма анықталған.
«Өлгендер қайтып келмейді» романының бірінші дәптерінде басты кейіпкер Еркіннің балалық шағы, ағасы соғысқа кеткен кездегі барлық ауыртпалық өзіне қалған шағы айтылса, келесі екі дәптерінде оның студент кезі мен жазушы атанған кездері жайлы жазылған. Бірінші дәптерде қозғалған негізгі тақырыптар мен тартыстар сол дәптермен бірге жабулы деп ойлағанымызбен, келесі тарауларда, керісінше, ол ұлғая түседі. Яғни, жазушы айтқысы келген негзгі идея көрініс табады. Автор сол оқиғалар арқылы кейіпкер өмір сұріп жатқан заманның шындығын бейнелеп, аша түседі. Олардың образын ашып, негізгі мақсаты мен мүдделерін, әлеуметтік қақтығыстарды ашып көрсетуге тырысады. Ол одан сайын өрбіп, әртүрлі оқиғамен жалғасын тауып отырады. Ең бастысы шығарма сюжетінің қозғаушы күші – тартыс болып табылады.
Автор мен қаөарманның негізгі образы бір болғандықтан, әрбір кезең, әрбір дәптер сайын оның образы ашылып, ұлғайып, есейгендігінен және заманға сай өсіп отыратындығынан хабар береді де, жеке кеңістікке ұлассады. Өйткені, «көркем шығармадағы поэтикалық уақыт осы туындының поэтикалық кеңістігі де болып табылады. Көркем образ осы бір өлшемдердің аралығында қалыптасады» [3,221].
Қорытындылай келе, бұл шығарманың негізгі идеясы, тақырыбын соғыс салған іздің қазақ халқына деген әсері деп айта аламыз. Еркін образы арқылы қалыптасқан жəне көрерменге сол арқылы сол кездегі қазақ тұрмысынан хабар беріп, қазақ деген бейнені алдыға əкелуі, бүкіл қазақты көрсетуі бұл шығарманың негізі болып табылады деп айта аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |