Ғ.Мүсірепов «Ұлпан» Есенейдің төрт қос жылқысы «Қаршығалы» шұбарына жақындап келіп, қапталдай төніп қалып еді. Тақырланып қалған жазғы жайлаудан келе жатқан жылқы қарауытқан қалың орманды, өзекті-шілікті өңірге тұяғы тиген соң-ақ ұстарадай өткір тістерін жерге қадай бастады.
Қазақ байлығы жылқысында. Қысқа қарай жылқы малын ықтасыны бар, қара отты шұбарға жақын ұстамасаң — «Байлық — бір жұттық, батыр — бір оқтық» — кейде тақыр-таза жаяу да қаласың. Жаяу қалған адам несімен адам?.. Несімен қазақ? Есеней қазір қаптап-қапталдап, жер түгін тістелей жылжып келе жатқан байлығының алдында едәуір жерде биіктеу жотаның қырқасында ат үстінде тұр. Көз жетпес жиекке дейін созылып-керіліп жатқан кең алқап шын-ақ мақтағандай екен. Жота-жота қалың ормандар. Өзекті-шілікті, тың жатқан қара отты кең шиыр. Ат шашасынан аз-ақ асатын алғашқы жауған ақша қар жердің шөбін әлі жасыра алмапты. Сондай жерге ертерек келіп ірге тепкеніне байдың, көңілі әбден тояттап тұр. Есенейдің қасында төрт адам жолдастары бар еді: ең сенімді серігі — жамағайын түрікпен Мүсіреп, Алдай елінен — аңшы Мүсіреп, руы басқа болса да Есенейдің қоныстасы Бекентай батыр және Есенейдің қосалқы атын жетелеп жүретін жас жігіт, түрікпен Мүсірептің туған інісі — Кенжетай. Түрікпен Мүсіреп аздап сыбызғы тартады. «Боз іңген», «Боз мұнай», «Сүйір батыр», «Алқа кел», «Алғашқым» деген күйлері бар. Одан соңғы құмары бір жақсы ат, қонымды киім, серілеу адам. Қалталарында қалампыр жүреді... Әлі ақ кірмеген сақал-мұртын жарасымды қырқып ұстайды. Алдай Мүсіреп аңшы адам. Балдаққа сүйеген оң қолында «түлкі перісі» атанған томағалы қара бүркіт, арқасында жалғыз оқ, аяқты шиті мылтық. Азырақ асыға сөйлейтін, азырақ асыра сөйлейтін адам. Күн кешкіре келе бұлыңғырланып тұр еді, ұзамай қар жапалақтай бастады. Есеней, алыстан көз тігіп келіп тоқтаған жерін мақтап-мақұлдауларын күткендей жолдастарына қарады. Осы кең қорықты Есенейдің есіне салған аңшы Мүсіреп еді.
Міржақып Дулатов "Бақытсыз Жамал" Бұл күні Ғалимен Жамал әбден сѳйлесіп, әрқайсысы хал-ахуалын біліскен еді. Іштерінен бір-біріне ұнағандығы білініп, «бір кѳрген біліс, екі кѳрген таныс» мұнан былайда кез келіп жүрерміз деп, бұл сапарда айрылысқан еді. Ғали әлі қалың бермеген бір талапты жігіт болғанға, Жамалдың күйеуіне наразылығына қарай екі тараптанда бір-біріне махаббат байланды деуге лайық болды. He үшін десеңіз, екеуінің де сол ойын болған түндегі сѳздері кѳңілдерінен кетпей һәмән бірін-бірі ойлайтын болды. Мұнан кейін Ғали Сәрсенбайдың үйіне бір-екі мәрте келіп кеткен уақытта, Ғали мен Жамалдың бір-біріне кѳз қарауларын байқап тұрған кісі болса, екеуініңде кѳздерінде: «Мен сені жаным-тәніммен сүйемін», - деген жазуды оқығандай болар еді. Ләкін екеуі оңаша жолығуға ешбір реті болмай жүрді. Бір күні Ғали қалаға бара жатыр едім деген болып, Сәрсенбайдың үйіне келіп қонды. Далаға шығып-кіріп жүргенде Ғали Жамалға әдейі бір жолығу үшін келгендігін сездіріп қойғанда, Жамал түнде Ғалидың қасына келуін шүбәсіз деп ойлап қойды. Һәм бұл ойы да теріске кетпей үй іші ұйықтаған уақытта екі жас бір тѳсекте еді. Екеуі әуелі жолыққан күндерінен бері нендей ойлар ойлағандарын, бірін-бірі кѳруге сағынғандарын айтып һәм бастарындағы оқиғаларын да азырақ қозғап қойысты. Екеуі түбегейлі терең ойға бармай, ақырын кѳрерміз, қазірше ойнап-күліп жүрейік деп уағда етіп, араларында шын достық ғаламаттары болып қалды. Екеуі бірдей қазақтың ғұрпында болған қаталарды, жәбіршіліктерді сѳйлеп, Жамал ѳзі ес білгеннен бергі уайымдарын бір минуттың ішінде ұмытып, енді Ғалиды кѳрмей тұрған минуттар бір жылдық кѳрінерін Ғалидың құшағында жатыпайтып білдірді. Осылайша Ғали,Жамал дос болып, әрбір лайықты уақыттарда жолығып, сұхбаттасып жүріп, қыс ѳтіп, жаз да келді. Бұл екеуінің кѳңілдерінде бір ғана ой бар еді.