«Қазақ Әдебиеттану ғылымы: ДӘСТҮр және сабақтастық» атты


ӘҢГІМЕ - ШЕБЕРЛІК МЕКТЕБІ



Pdf көрінісі
бет13/92
Дата23.10.2023
өлшемі2,56 Mb.
#120672
түріСабақ
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   92
Байланысты:
kazak-adebiettanu

ӘҢГІМЕ - ШЕБЕРЛІК МЕКТЕБІ 
 
Гүлзира Аяпова
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Филология ғылымдарының кандидаты 
Атырау қ., Қазақстан 
Поэзиядан бастап, парасатты прозаға ауысып, драматургияда жалғасын тапқан 
З.Қабдоловтың шығармашылық жолы одан әрі әдебиеттану ғылымы сынды кең арнаға 
айналғаны белгілі. З.Қабдолов «Жанр сыры» атты монографиясына кейіннен «Шеберлік 
мектебі» деп басқаша атау беріп, «Жебе» [1] кітабына енгізген. Мұнда қазақ әдебиетіндегі 


46 
әңгіие жанрына, оның жалпы жай-күйіне, теориялық мәселелеріне тоқталған. Сондықтан да 
аталған зерттеу еңбекті ғалымның әдеби қисын туралы ойына (шеберлік мектебіне) кіріспе 
ретінде бағалап алдымен зерделеуді жөн көрдік. Себебі, «Жанр сыры» - ғалымның тұңғыш 
рет жарық көрген көлемді зерттеуі. Бұл қазақ әдебиетіндегі шағын жанрлық форманың 
ерекше бір құнды түрі – әңгіменің көркемдік-идеялық табиғатын ашатын алғашқы 
монографиясы [2,168]. 
З.Қабдолов «Шеберлік мектебі» («Жанр сыры») монографиясына эпиграф ретінде 
дүние жүзі әдебиеті классиктерінің бірі Сомерсет Моэмнің әңгіме туралы әйгілі 
анықтамасын берген.
Еңбектің құрылысына назар аударайық: 
Кілт (кіріспе орнына) 
І тарау. Сыр (көркем әңгіменің тарихы мен теориясы ) 
ІІ тарау. Шындық (көркем әңгіменің қазіргі хал-жайы ) 
ІІІ тарау. Ой. (көркем әңгіменің кейбір келелі мәселелері ) 
Түйін (қорытынды орнына) 
Ғылыми еңбектің көкейге қонымды, тап-тұйнақтай архитектоникалық құрылысын 
тегін келітірп отырған жоқпыз. Кіріспе бөлімде әдеби шығарманың алдына қояр басты 
мақсаты – адам бейнесін жасау екендігі, жалпы прозаның ең жинақы жанры – әңгіменің 
кейбіреулер ойлағандай оңай жанр еместігі, көптеген қаламгерлеріміздің тісі батпай 
жүргендігі, сондықтан да бұл бағытта жеткен жетістіктеріміз бен «әттеген-айларды» 
саралау көзделгені сөз болады. Зерттеуші қазақ әдебиетінде әңгіме аз жазылмағанын, бірақ 
көбіне нашар жазылатындығын тілге тиек етіп әңгіме жазу мәселесін көтереді. 
Зерттеуші сонымен бірге әңгіменің шеберлік мектебі екендігін баса көрсетеді. 
Атақты суреткерлердің бәрі де әуелі әңгіме жазып, шыңдалу мектебінде бағын сынағандар. 
Қазақ прозасында М.Әуезовтен бастап С.Мұқанов, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин 
шығармашылықтарын әңгіме жанрынан бастағаны белгілі. З.Қабдолов ұлтымыздың 
кемеңгер жазушылары Б.Майлиннің, М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің әңгімелерін талдап, 
жаңадан қалам тартып жүрген прозаиктерге үлгі ретінде ұсынады. Ол үшін «Шұғаның 
белгісі», «Қорғансыздың күні», «Талпақ танау» сынды классикалық әңгімелері алынған.
Тіл шеберлігі, суреттеу мәнері, кейіпкердің сомдалуы, бейнелеу құралдарының 
қолданылуы бүге-шігесіне дейін нақты мысалдармен дәйектеледі. Кейіпкер сөздерінің мәні, 
портрет пен адам характерінің ара қатынасы, мінездеу тәсілдері,табиғат көріністерінің 
оқиғалар өрісінде өзара біте қайнасуы шеберлік ерекшеліктері тұрғысында қарастырылады. 
«Шұғаның белгісіндегі» Шұға мен Әбдірахман, «Қорғаныздың күніндегі» Ақан 
болыс пен Қалтай, «Талпақ танаудағы» Есен қарт бейнелерін ашу үшін қандай мінездеулер 
мен детальдар қажет болғандығы сараланады. Жазушы сөз өнерінің шебері болуға тиіс. 
Шеберлікті игеру жазушының басты ерекшелігі екенін ұсынады. Әңгіме жазу – шеберлік 
мектебінен өту деп түйіндейді автор негізгі нысанасын. 
Еңбектің «Шындық» атты тарауында көркем әңгіменің 50-жылдардағы хал-жайына, 
болмыс-бітіміне талдау жасалады. Автор талдау нәтижелерін былай ұсынады: 
1)
Халықтың әңгіме жанрын қызыға оқуы, замандас тұлғасын көргісі келетіндігі. 
Осыған байланысты баспасөз беттерінде бұл жанрға кең орын берілуі; 
2)
Әңгіме жанры төңірегінде сыншылар пікір таласының тууы; 
3)
Әңгіменің көп жазылып жүргендігі [1,101]. 
Жалпы, сынның тұтасқан қорытындысы – қазақ әңгімесінің оқушы талғамы мен 
талабынан төмендігі. З.Қабдолов сол кезеңдегі әңгіме тақырыбына қатысты сыншылар 
тұжырымының дұрыс-бұрыстығын да саралауға талаптанған. Атап айтқанда, 
Н.Ғабдуллиннің «Әңгіме жанрын сөз еткенде» атты мақаласына көзқарасын білдіреді. 
«Әңгіме шындықты танытады деу жеткіліксіз. Әңгіме шындықты қалай танытады? Гәп 
сонда ғой. Осы арадан келіп бір үлкен, бір күрделі мәселе алдымызға тартылады. Ол – 
ұнамды кейіпкер проблемасы» дейді З.Қабдолов. Одан әрі ұнамды кейіпкер сипатына 
нақтылы мән дарытады: «Өзі өмір сүрген дәуірдің ең үлкен шындығын бойына жиған, өзі 


47 
тіршілік еткен елеулі ортаның ең жақсы қасиеттерін бойына сіңірген күрделі де кесек образ-
типтік тұлға болып табылса керек». Бұл-әдеби қисын. З.Қабдолов осы қисын сипатына орай 
қазақ әңгімесі оған қандай үлес қосып отырғандығына жауап іздейді. Зерттеу нысанасына 
елуге жуық әңгімелер ілігіп, егжей-тегжейлі қарастырады. Бұл орайда зерттеуші мынадай 
ерекшеліктерді атап өтеді: біріншіден, автордың көпшілігі өңшең жастар; екіншіден, әгіме 
тақырыптарының көпшілігі тың; үшіншіден, әңгімелерден байқалған жақсылық-нақтылық; 
төртіншіден, әңгімелерде өміріміздің күнгей жақтарымен қатар көлеңкелі тұстарының да 
қаламға ілігуі; бесіншіден, идеялық-көркемдік қасиеттері айұын әңгімелердің тууы.
Жалпы, қазақ әңгімелерінен байқалған осындай белгілерді айта келіп, Ә.Нәбиев,
Қ.Исабаев, С.Шаймерденов, З.Иманбаев, Н.Ғабдуллин, Т.Ахтанов, С.Адамбеков, 
М.Сүндетов, Ш.Құмарова, С.Мұратбеков, Қ.Ысқақов және т.б. қаламгерлер шағын 
жанрдағы туындыларын талдайды. М.Әуезовтің «Қараш-қараш» атты кітабындағы 
әңгімелерді автор шын мәніндегі көркем дүниелер деп бағалап, психологизм, нәзіктік, 
сыршылдық, шыншылдық, шеберлік сынды үлгі тұтынатын қасиеттерді нақты көрсеткен. 
Ә.Сәрсенбаевтың «Офицер күнделігі» атты кітабындағы от ортасында жүріп жазған он 
төрт шығармасын жоғары бағалайды. Зерттелеген кезең жылдарындағы әңгімелер жетістігі 
ретінде бес қасиет айтылғанымен, алайда олар әлі жеткіліксіз екендігі де сөз болады. Бұл 
ізденіс кенделігінің белгісі деп біледі. Әңгімелер оқылмайды, оқырман көңілі толмайды. 
Мұның басты себептері де аталған. Зерттеуші қазіргі қазақ әңгімелерінің кемшілігі неде, 
соған шолу жасап өтеді. Бұл орайда Қ.Исабаевтың «Баян», «Қазақ вальсі», «Эльбаның 
ашуы», «Шаруа бақыты» әңгімелері мен С.Алдабергеновтің «Алға» жинағындағы 
әңгімелердің тілі сынға алынады. Көптеген сөйлемдері орашолақ құрылып, сөздер дәл 
орнын таппай тұратынын дәлелдеп көрсетеді. «Тағы бір кемшілік – сөз кедейлігі», дейді 
автор. Мұны З.Иманбаевтың «Бастама» атты әңгімелер жинағымен дәйектейді. Ғалым-
сыншы бір ғана «бұлт» сөзі жинақтағы табиғат суреттерінің – пейзаждық баяндаулардың 
кез-келгенінде қаптап жүретінін қынжыла атайды. Әр жерден үзінділер келітіріп, кітаптағы 
тіл жұтаңдығына оқушының көзін жеткізеді. Үшінші кемшілік – оқиға жасандылығы. 
Мұны З.Иманбаевтың «Кешкі әбігер», С.Алдабергеновтің «Туралық», М.Қощығұловтың 
«Кім кінәлі» сынды әңгімелеріндегі оқиғалармен дәлелдейді.
Еңбектің «Ой» аталатын тарауында «Көркем әңгіменің кейбір келелі мәселелері» 
айдарымен әңгіме жанрының теориялық қисындарына назар аудартады. Әңгіме не үшін 
жазылады? Әдебиет теориясында көркем шығарма оқушыға ой салу үшін жазылады 
делінген. Ал оқырман қызықтырған нәрсені ғана оқиды. Демек, оқушыны қызықтыру керек. 
Сонда жазушы оқушысын қызықтырамын деп қолдан жасалған оқиғаларды жаза беруі 
керек пе? З.Қабдолов бұл сұрақтарға байланысты суреттелген оқиғадағы адам мінезі, адам 
тағдыры көрікті, көрнекі бейнесімен даралануы керек деп талап қояды. Сөйтіп, образды 
көркем әңгімедегі басты мәселе деп жоғары бағалайды. З.Қабдолов әр шығарма өз 
жаңалығымен ерекшеленеді дейді. Әр жаңа әңгіме оқырманға өмірдің, адам характерінің 
бұрын ешкімнің қаламына ілінбеген сырлы құпиясын ақанда ғана құнды болмақ. Автор 
жазушылар үшін қажетті шеберлік критерийлерін атап өтеді. Бұл мәселеде ол бейне бір 
дәріс беруші ұстадай көзге шалынады: «Жазушылық шеберліктің критерийлері көп, - дейді, 
автор, - көркем тіл, оларды оның даму заңдарын терең білу, шындықтың ең керекті 
құбылыстарын таңдау, суреттілік, жинақтау, идеялық тазалық, композициялық және 
сюжеттік тартымдылық» [1,135]. 
З.Қабдолов тақырып таңдау мәселесіне де ерекше мән береді. Жазушылардың 
тақырып таңдаудағы кемшілігіне де пікірін ұсынып отырады. «Тақырып – шебеолікпен 
шектелген жөн» деген пікірі тек сынауға арналған қасаң пікір ғана емес, әдебиетіміздің 
өркендеуіне үлес қосатын талаптардың бірі болып табылады. Себебі, көркем шығарманың 
жазылуы, тууы ең алдымен тақырыптан басталады. Жазушы оқырманға жеткізер ойын 
екшеп, қорытып жалпы шығарма желісімен терең байланыстырған өмір құбылысын 
тақырып ретінде ұсынады. Өйткені, «бәрінен бұрын тақырып пайда болады. Тақырып пайда 


48 
болады да жазушыны азапқа сала бастайды. Тақырып санаға сіңіп, ойға орныққан сайын, 
адам, зат образдары, болашақ пейзаж жұрнақтары туып тұтаса береді» [1,141]. 
С.Баязитовтың «Қызғалдақтар гүл ашқанда» жинағынан «Махаббат» атты 
әңгімесінің сюжетін талдау арқылы әңгімелердегі типтік кемшіліктерді атап өтеді. 
«Сюжеттің бірден-бір міндеті – әңгімедегі геройлардың характерлерін ашу, өзара қарым-
қатынасын көрсету. Ал «Махаббатта» суреттелген оқиға бұл жұмысты атқармайды» деп 
автор шорт кеседі. Сюжеттің даму кезеңдерін сатылай келтіре отырып, конфликт, тартыс 
мәселелеріне де назар аударады. Себебі, шығармадағы екі топ адамдар арасындағы 
тайталас, жанжал емес. «Ол – адам мен адамның қарым-қатынасындағы, адамның ой-
санасындағы, дүниеге көзқарасындағы, тіршілігі мен тағдырындағы тартыс. Бір адамның
басында қарама-қарсылық болса, онда да тартыс бар. Адманың жеке өз басы, өзімен-өзі 
алысуы, өз ұғымын өзі жөндеуі, не жөндей алмау – мұнда да толып жатқан сырлар бар», 
деп өте ұғынықты тәптіштейді. Бұл орайда неміс жазушысы Стефан Цвейгтің «Бейтаныс 
әйелдің хаты» әңгімесін саралай келе, қаламгер қызығатын үш асыл бар деп анықтама бере 
отырып, тақырыптың ерекшелігі, сюжеттің қызықтығы мен композиция әсемдігін 
байланыстыра отырып, тұтас талдау жасайды. Сонымен бірге ғалым көркем әдебиеттегі 
детальға да жоғары мән береді. С.Мұқановтың»Мөлдір махаббат» романынан, 
Ғ.Мүсіреповтің «Ананаың анасы» әңгімесінен мысалға келтірілген детальдар көз тартады. 
Сонымен бірге С.Сарғасқаевтың «Шабыт» әңгімесіндегі детальға айнала алмаған 
суреттемеден үзінді келтіреді. Деталь бола лмау себебін де аша кетеді.Бұл сөйлемдер көп 
айтылған, әсері аз сөздерден, «тозған детальдардан» құралған деп түсініктеме береді. 
Жалпы, З.Қабдолов еңбегінде әңгіме туралы жан-жақты қарастырып, қазақ әдебиетінің 
тұтас бір кезеңі болған елуінші жылдардағы шағын жанрдың көркемдікпен жазылуына, 
түрленуіне, жаңаша сипат алуына сындарлы ой айта білген.
Еңбекке қорытындыны академик М.Қаратаевтың пікірмен келтірсек: «Бұл 
монография кезінде әдебиеттану ғылымында белгілі бір жанрдың теориялық мәселесін 
арнайы тақырып етіп алған алғашқы ғылыми еңбектің бірі еді. Әрине, мұны мен қазақ 
әдебиеттануына қатысты айтамын. Ол тұста жазушы Антоновтың «Мен әңгіме жазамыны» 
мен «Әңгіме туралы хаттарын» былай қойып, тіпті қазіргі Нанов, Шубин, Ромонец сияқты 
ғалымдардың тиянақты зерттеу кітаптарының әлі жарық көрмегенін ескерсек, З.Қабдолов 
қозғаған проблема орыс әдебиеттануы үшін де тың, маңызды мәселенің қатарында 
болғанын түсінеміз» [3,168]. 
ӘДЕБИЕТТЕР 
1.
Қабдолов З. Жебе Алматы Жазушы, 1977.-380. 
2.
Қабдолов Жанр сыры Алматы, ҚМКӘБ, 1964.-172. 
3.
Қаратаев М. Көргенім мен көңілдегім Алматы Жазушы, 1966.-348. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет