Қазақ ертегілер жинағы



бет9/13
Дата05.05.2023
өлшемі120,9 Kb.
#90713
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
Байланысты:
кітапша

Құмырсқа қанағаты
Ертеде бір оқымысты болыпты. Ол барлық халықтың, жан–жануардың, жәндік, өсімдіктің тілін түгел біледі екен.
Бір күні ғұлама бақ ішінде келе жатып, құмырсқаның илеуіне тап болады. Қарап тұрған біреуі жоқ: бір тобы індерін кеңейтіп жатыр, бір тобы нән құртты сүйретіп келеді, енді біреулері күзет қорықта жүр, ал ана біреуі басқа илеуден ұшырасқан құмырсқамен алысып жатыр.
Әлгі адам бір құмырсқаны ұстап алады да:
– Сенің басың неге үлкен? - деп сұрайды.
– Ақылым көп.
– Құйрығың неге үлкен?
– Қайратым көп. Өзімнен қырық есе ауыр жүкті көтере аламын. Қайратымды құйрығыма жинамасам, ауыр жүкті көтергенде, тоңқалаң асар едім, - дейді
Құмырсқа:
– Ал сенің ішің неге жіңішке?
– Қанағатым көп.
– Жарайды, - деді оқымысты. – Ақылың мен қайратыңның көп екеніне көзім жетіп тұр. Енді қанағатыңның қандай екенін білейін. Егер саған бидайдың бір дәнін берсем, қаншаға жеткізер едің?
– Бір жылға жеткізер едім, – депті құмырсқа.
– Оқымысты құмырсқаны сауытқа салып, қасына бидайдың бір дәнін қояды. Бір жыл өткен соң сауытты алып қараса, құмырсқа бір қырынан бүк түсіп, қимылсыз жатыр екен. Қасында бидай дәнінің жартысы қалыпты. Әрі–беріден кейін бірте–бірте мұртын, аяғын қимылдатады да, құмырсқа орнынан тұрады.
– «Бір дән маған бір жылға жетеді» деп едің. Жыл өтті, ал сен дәннің жартысын ғана жепсің. Оның қалай? – деп сұрады оқымысты.
– Иә ... ол дәнді бір жылда жеп бітірсем, қазір менің халім әлде қайда жақсы болған болар еді. Бірақ сен бір жылдан кейін мені босатуды ұмытып кетсең, онда мен бостан–босқа аштан өлген болар едім. Сол себепті бір жыл бойы жарты дәнді қанағат қылдым, – деп жауап береді құмырсқа.
– Егер босатуды ұмытып кетсем, қалған жарты дәнді қанша уақытқа жеткізген болар едің?
– Төрт-бес жылға жеткізген болар едім, –депті құмырсқа.
Хан мен құмырсқалар ертегісі
Баяғы заманда бір хан өмір сүріпті. Ол өзін әлемдегі ең ақылды, ең білгір адам деп санаған екен. Бірде хан өзінің әскерін ертіп аң аулауға шығады. Және шабармандарын жан-жақтағы құмырсқаларға, кішкентай жәндіктерге хабар айттыру үшін тездетіп жолға шығарады. Хан: ”Барлық құмырсқаларға, құрттарға және басқа да кішкентай ақымақ мақлұқтарға ‘Он күн бойы індеріңнен шықпаңдар’ деп ескертіңдер. Егер айтқанды тыңдамаса, онда менің атты әскерім оларды таптап өтеді” деген бұйрығын айтады. Барлық жәндіктер мен құрттар қатты қорқып індеріне тығылып, шықпай қалады. Тек құмырсқалар ғана ханды өздерінің ауылдарында қарсы алмақ болып, індерінде тығылып отырмайды.
Уақыты келіп, хан өзінің әскерімен келе жатса, жолдарында жыбырлап жүрген құмырсқаларды көреді.
—” Мен бұлардың барлығына ескертпеп пе едім?! Құмырсқалардың менің айтқанымды тыңдамай сыртта жүргендері қалай?” деп сұрайды.
Ханның жанындағы қызметшілері абдырап, абыржып қалады. Біраз жер жіріп барып, хан өзінің нөкерлеріне ”Құмырсқалардың патшасын алдыма әлып келіңдер!” деп бұйырады. Құмырсқаның патшасы ханның алдына келгенде хан:
— ”Неге менің айтқаныма құлақ аспай, жолда қырсығып тұрып алдыңдар?” деп сұрайды.
— ”О, тақсыр! Біз сізді ауылымызға шақырып, қонақ етпекші едік” деп құмырсқаның патшасы жауап береді.
Патша бұл жауапты естігенде мысқылдап күледі де:
— Әй, ақымақтар-ай! Ойлаңдаршы. Біз сендердің ауылдарыңа қонақ болдық делік. Сонда сендер бізді қалай тамақтандырмақсыңдар, қалай шөлімізді қандырмақсыңдар? Біздің әскеріміз бен аттарымыз көп. Ол жайлы ойландыңдар ма?
— ”Ол жағына алаңдамаңыздар. Біз бәріміз жұмыла еңбек етсек, тауды да қопарып жіберуімізге болады” деді құмырсқаның патшасы.
— ”Егер сендер ақылға қонымды сөз айтсаңдар, мен сенер едім. Бірақ сен бос сөзді далбасалап отырсың” дейді киіздің үстінде жайғасқан хан.
— О, тақсыр! Сарбаздарыңызға аттан түсуді бұйырыңыз. Мен сіздерді өз үйімде қонақ қылып күтпесем, несіне құмырсқалардың патшасы болып жүрмін?!
Бұл сөзге таңданған хан күліп жібереді.
— ”Жарайды. Біз барамыз сендерге” деп, аттағы сарбаздарына тездетуді бұйырады.
Сонымен хан мен оның әскері құмырсқала рдың арнайы тігілген шатырына келеді. Аттарды ат байлайтын орынға байлайды. Құмырсқалардың патшасы өзінің маңындағы құмырсқаларға нанның қиқымын, бір шөптің қиқымын және судың тамшысын әкелуді бұйырады. Бұйрықты тыңдаған құмырсқалар жан-жаққа кетіп, біразу ақыттан соң тапсырылған нан ұнтағын, судың тамшысын және аттарға арналған шөптің қиқымын алып келе бастайды. Содан біразуақыт өткенде шатырдың алдында наннан тау жасалады, шөптен мая жасалады ал шұңқырға су толтырылып, хан мен оның әскері және аттары тойғандарынша тамақтанып, шөлдері қанғанша судан ішеді.
Құмырсқалардың әрекетіне таң қалған хан өзін олардың алдында төмен сезінеді де, құмырсқаның патшасына сөзбен тиісуге тырысады. Патша:
— Әй, құмырсқалардың патшасы, сенің басың неге қазандай үлкен?
— Тақсыр, мүмкін ақылымның көп болғандығынан болар.
— Ал белің неге үзілейін деп тұр? деген ханның сұрағына құмырсқалардың патшасы ақылдылығымен:
— ”Әрбір қиын еңбектің алдында белімізді буып алып, содан соң кірісеміз, тақсыр. Міне, бүгін сіздерге қалай еңбек ететіндігімізді көрсеттік” деп жауап қатады.
Құмырсқаның жауабына аузы ашылып қалған хан енді не сұрарын білмей абыржып тұрғанда уәзірі құлағына келіп сыбырлайды:
— Хан ием, сіздің ақылыңыз дариядай кең. Қалайша сөз таппай қысылып қалдыңыз? деп әдейі сұрайды. Сонда хан көзін төмен қаратып:
— ”Даналық сөз тек қана ақымақтарды ғана масқаралайды. Мен доғардым.” деп, атына міне жөнеледі. Бара жатқан аңшылығы іске аспай қалады. Өйткені масқара халге түскен хан әскерін ертіп еліне қарай шаба жөнеледі.
Міне, осылайша өзін ең ақылды санаған ақымақтың беті ашылып, ұятсыздығы мен ақымақтығы әшкере болады.

Бай мен баласы


Ертеде бір бай болыпты. Байдың жалғыз баласы бар екен. Бала ерекше болып өседі. Оның жаны кеудесінде емес, ақ бәкісінде көрінеді. Бұл ақ бәкіні байдың үйіне қонаққа келген данышпан қария тарту етіпті. Сол күннен бастап бай бәкіні ұлтарақтың астында сақтайды екен.
Бірде байдың баласы жылқы бағып түн болғанша жүріп қалады. Осы кезде түйеге мінген бір қыз сағым болып елестейді. Сонда бала сағымға қарап:
- Ақ түйеге мінген қыз, жерді басып жүрген қыз, — дейді. Ал, әлгі сағым:
- Ақ түйеге мінгенбіз, жерді басып жүргенбіз, зердең болса іздеп тап, — деп жауап береді.
Жылқы баққан бала үйіне келіп:
- Әке, маған бір сағым кездесті, соны іздеуге аттанамын, — дейді.
Әкесі:
- Барма, — деп, рұқсатын бермейді.
- Жоқ, әке, оны іздеймін! Мен күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалатын түрім бар, — деп бой бермейді.
Ақыры болмаған соң әкесі:
- Айтқаныма көнбедің, енді өзің білерсің, жас бала емессің ғой, — деп келіседі.
Бала;
- Әке, маған қандай ат бересің? – деп сұрайды.
Әкесі:

- Қай атқа мінемін десең өз еркіңде. Болмаса етегіңді қаудыратып, жүгеніңді сылдыратып жылқыға бар. Бетіңе қарағанға мін, — дейді.


Бала етегін қаудыратып, жүгенін сылдыратып жылқыға барса, бір қотыр тай қарайды. Бұл тайдың аты «Қарақұнақ» еді.
Бала Қарақұнақты жүгендегенде ол құнан болады. Ер салғанда дөнен болады. Мініп алғанда сегіз жасар бесті болады. Осылай Қарақұнаққа мінген бай баласы алыс жолға аттанады. Жолда келе жатып бір көлге кездеседі. Әлгі көлден өте алмайды. Атын бір ай бойы күтіп-баптап барып, қарғытқанда ғана қөлдің арғы жағасына шығады. Көлден өтіп сапарын әрі қарай жалғастырады. Осылай келе жатып, бір жерде шөлден шырылдап тұрған торғайды көреді. «Тым болмаса кішкене әлденіп алсын» деген оймен бір шынтағын қанатады. Торғай кенет қыз болып шыға келеді. Қызбен сөйлесе келе жалмауыз кемпірдің оны торғайға айналдырғанын біледі. Бұл сиқыр қызға арнап қан шығарғанда ғана жойылады екен. Бай баласы енді қызды ертіп сапарын жалғастырады. Біраз уақыттан кейін бір жігітке жолығып, жөн сұрасады. Ол:

- Жолда айдаһар бар. Ол қасынан өткен адамдардың бәрін жалмап жатыр, абай бол, — деп ескертеді.


Бай баласы жігітке алғысын айтып, ары қарай жүрмек болады. Ал, жолшыбай жолыққан жігіт қызды ұнатып қалыпты. Бай баласы жігітке қызды қалдырып, өзі жолын жалғастырады. Келе жатып, тауды қопарып жатқан айдаһарды кездестіреді. Әлгі айдаһар екеуі алысады. Ақырында ойды қыр қылып, қырды ой қылып айдаһарды жеңеді. Енді бір жерге келгенде астындағы арғымағы адамша:


- Сұр мерген дейтін мерген бар, түстік жерден атып, күншілік жерден болжайды. Сондықтан оның атқан оғы тимес үшін, мен саған еңкей деп айтқан кезде, еңкейетін бол, — деп ескертеді.
Иесі:
- Жарайды, — деп келіседі.
Олар әрі қарай жүре береді. Бір жерге келгенде арғымағы:
- Еңкей! — дейді.
Бала еңкейе қалады. Осылай бірнеше уақыт жүргеннен кейін әлгі мергеннің аулына жетеді. Баланы көрген Сұр мерген:
- Менің атқан кісім өлмей қоймаушы еді. Бұл өзі қандай сақ жігіт? – деп әйелінен сұрайды.
Үй иелері келген жолаушыны аттан түсіріп:

- Жолың болсын. Неғып жүрген адамсың? – деп жөн сұрасады.


Сонда бала:
- Мен бір сағым боп көрінген сұлу қызды іздеп келемін, — деп жауап береді.
- Олай болса, сен сол жерге жақын қалдың. Бүгінше жатып дем ал. Ертең таң ата жол көрсетіп жіберемін, — дейді.
Келесі күні ерте тұрып, Сұр мерген көрсеткен бағытқа қарай жүреді. Сәлден кейін әлденеше қабат темір үйге барады. Жолда Қарақұнақ:
- Мені байлап кет, — деп тағы да адамша тіл қатады.
Бай баласы үйдың жанына келгенде, қызды көруге асығып, атын байламай кетеді. Әлгі үйдің жеті бөлмесінен өтіп, ең төргі бөлмесіне кіреді. Осы бөлмеде бір алтын сандық тұр екен. Бала сандықты ашады. Сандықтың ішінде сұлу қыз жатады. Бұл қызды да жалмауыз кемпір алдап әкеліп, сандыққа тығып тастайды. Қыз бен жігіт сөйлесіп, бір-бірімен келіседі. Содан кейін екеуі сыртқа шығады. Қараса, баланың аты өліп қалыпты. Серігінен айрылған жігіт қатты қайғырып жылап жібереді. Сонда қыз:
- Қайғырма, мен бір дәрі беремін. Сол дәріні иіскеген ат тіріледі, — деп бай баласын жұбатады.

Қыз берген дәрінің көмегімен жігіт арғымағын тірілтеді. Қызды алып, өз аулына оралады. Әкесі баласын үйлендіріп, үлкен той жасайды. Осылай екеуі тату-тәтті өмір сүре бастайды.


Бір күні жігіттің аулына әлгі жалмауыз кемпір келеді. Ол сұлу қыздарды ұрлап, басқа елдің хандарына әйелдікке апарып береді екен. Кейде осы еңбегі үшін ақысын алғанша, ұрлаған қыздарын құсқа айналдырып, не болмаса үйіндегі сандыққа тығып тастайтын көрінеді. Енді осы қыз үшін ақысын алып қойған мыстан үйіне келіп қызды таппай қалыпты. Жігіттің атын өлтірген күзетшілерін шақырып, олардың қайда кеткендерін біліпті. Айласын асырып бұл жолы да қызды қолға түсірмек болады.
Осы оймен кемпір баланың үйіне келіп:
- Шешесі жоққа шеше боламын, — дейді.
Қыз күйеуне:
- Біз шеше қылып алайық, — деп өтінеді.
Жалмауыз кемпірге тағы да алданған қыз, оны шеше қылып үйлерінде қалдырады. Қыздың сеніміне кіріп алған жалмауыз кемпір бір күні:
- Сенің күйеуіңнің жаны қай жерде? Соны неге сұрап білмейсің? — дейді.

Кешке жігіт келген соң әйелі


- Сенің жаның қай жерде? Неге айтпайсын? Әлде маған сенбейсің бе? – деп сұрайды.
Күйеуі келіншегін өкпелетіп алмас үшін:
- Менің жаным – ұлтарағымның астындағы ақ бәкі, — деп жауап береді.
Кемпір бұл жолы да қулығын асырып, бәкіні ұрлап алады. Жігіт өліп қалды. Келіншегі жылайды. Келіншекті жұбатқан болып:
- Өлгеннің соңынан өлемісің, жүр суға түсейік, су денеңді босатып, қайғыңнан арылтар, — дейді.
Осылай қызды алдап ауылдан алысырақ жерге ертіп әкетеді. Сәл ұзай бергенде кемпір қызды қапқа салады. Қапты арқалап, уәделесіп кеткен ханға әкеліп береді.
Енді жігіттің атына келейік. Ол осы оқиғаның бәрін сырттай бақылап жүріпті. Кемпір осы ауылға келгелі сәйгүлік тілінен айырылыпты. Бәрін біліп жүрсе де иесін алдын-ала сақтандыра алмапты. Мыстан қызды әкете сала, ол суға тастаған бәкіні алып шығарады. Енді осы бәкіні жігіттің ұлтарағына салады. Жігіт тіріледі. Басын көтерсе, үйінде әйелі жоқ. Жігіт әйелін іздеп шығады. Жолда бір қойшыға жолығады. Амандасып:
- Мынау кімнің ауылы? – деп сұрайды.
- Бұл – ханның ауылы, — дейді қойшы.

- Мұнда не болып жатыр? Халық неге жиналған? – дейді жігіт.


- Хан бір сұлу қыз алып, соның тойы болып жатыр, — дейді.
- Ол сұлу қызды қайдан әкелген екен? – деп сұраса, қойшы:
- Жалмауыз кемпір сұлу қыздың күйеуін өлтіріп, алыс жерден әкеліпті, — деп жауап береді.
- Олай болса, ақыңды берейін, екеуміз орын алмасайық, — деп сұранады.
Қойшы келісіп, ақысын алады. Әлгі жігіт кетейін деп жатқан қойшыдан:
- Мына судан қайтып өтесің? – деп сұрайды.
Қойшы:
- Құрғырдың суы құры десе, су құрып қалады, — дейді.
Содан кейін бай баласы қойшының киімін киіп, қойды ауылға айдап келеді. Ол қойларды судан өткізе алмай әлек болады. Қойшының айтқан сөздерін ұмытып, қойларды біртіндеп лақтыра бастайды. Қойшы болып келген бай баласының бұл қылығын хан көріп:
- Антұрған, шартты сөздерді неге ұмытасың? – дегенде, қойшының айтқан сөзі есіне түсіп:
- Құрғырдың суы құры, — дейді. Сол кезде алдындағы су жоқ болып, жол ашылады.

Хан жігітті баяғы қойшы деп ойлап, әйеліне тамақ апарып беруге жұмсайды. Бай баласы тамақ апарып берген болып, келіншегімен көріседі. Қуанған екеуі ұзақ әңгімелеседі. Келіншегі баяғы жалмауыз кемпірдің бірнеше сиқырын үйренген екен. Олар келісіп, түнде қашпақ болады. Жұрттың көзі ұйқыға кеткенде қыз дұға оқып, күзетшілерді ұйықтатып кетеді де, жігіт екеуі уәделескен жерге келеді. Өзеннен шартты сөздерді айтқып өтеді де, әйелін тапқан бай баласы еліне оралады. Халқын жиып, ала бие сойып, үлкен той жасайды. Бақытты болып, мақсат-мұратына жетеді.




Етікші
Ерте заманда бір кедей етікші болыпты. Бала-шағасы көп екен. Үй-ішін асырау үшін ол ел аралап, қобдиын құшақтап жүріп етік тігіпті.
Күндердің күнінде қобдиын қолтықтап, таныс емес бір ауылға аттанады. Бұрын жүрмеген жолы болған соң, етікші адасып кетеді. Түн болады. Ақырында етікші далада жалғыз тұрған иесіз үйге кездеседі. Иесіз қыстаудың ішіне кірген етікші пештің үстіне шығып, қобдиын басына төсеп жата кетеді.
Бір уақытта салдыр-гүлдір еткен бір нәрсенің даусы шығады. Етікші есікке қараса маңдайында жарқыраған жалғыз көзі бар, бір еңгезердей дәу кіріп келе жатыр екен.
- Пеш үстінде жатқан қандай адам? – деп сұрайды дәу.
Етікші:
- Бұл – етікші, — деп жауап береді.
Дәу:
- Бізге керек шебер етікшімісің? — дейді.
Сонан соң дәу бұйырып:
- Кәне, бері кел, шебер, мына үйге кір. Егер ертеңге дейін бір керемет етік тіксең, жаның аман қалады. Ал, егер орындамасаң басыңды аламын, — дейді де, етікшіні ішке кіргізеді.
Дәудің өзі есіктің алдына жатып ұйқыға кіріседі. Етікші ішінен:
- Енді өмірім жойылды, өліп кетсем, бала-шағамды кім асырар екен? – деп үрейленеді.
Амалы таусылған етікші таң атқанша отырып ғажайып етік тігеді. Етіктің сыртқы көрінісінің басқа етіктерден айырмашылығы – ұшы тіп-тік сүйір, жоғары көтеріліп тұрады. Ал оның бір керемет қасиеті – аяғына киген адам аспанға қалықтап ұшып, баратын жеріне лезде жетіп барады. Бірақ ол дәудің оны оңай үйіне жібере қоймасын біліп:
- Бәрібір дәу қолынан өлемін. Одан гөрі бұл дәуді өзім өлтірейін, — деп, өткір пышағын алады.
Дәу ұйқыға кетті-ау деген кезде етікші етігін киіп, сыртқа шығады. Қалықтап ұшқан күйі қолындағы пышағымен дәудің жалғыз көзін түйреп алады. Дәу бақырып:
- Ер болсаң екі соқ, — дейді.
Етікші:
- Бір де жетер, — деп, дәудің үстінен ұшып өтеді.
Ал, дәу жарақаттан табанда өлген екен дейді.
Етікші сырттан тұрып әрі ойлап, бері ойлап, иесіз үйдің төбесіне шығып түнейді. Таң атқан соң дәудің үйін аралап, қарап шығады. Үйдің бір қараңғы жерінде темір сандық тұр екен. Етікші темір сандықты әзер дегенде ашады. Оның іші толған алтын-күміс екен. Бұдан кейін етікші алтын мен күмісті керегінше алып, ғажайып етігін киіп үйіне ұшып келеді.
Дәуден алған байлығының жартысын еліндегі жетім-жесірлерге таратып береді. Осылай, етікші тұратын ауылдың тұрмыстары жақсарып, мұраттарына жетеді. Ал, қартайған кезінде етікшіні балалары асырапты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет