Зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты филология факультетінің “Қазақ тілі мен әдебиеті” кафедрасында талқылаудан өтті.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, жұмыстың қорытындысынан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
СӨЙЛЕУ МӘНДІ ЕТІСТІКТЕРДІҢ ЛЕКСИКА-ГРАММАТИКАЛЫҚ ЕРКШЕЛІКТЕРІ
Сөйлеу мәнді етістіктердің зерттелу тарихы
Етістік сөздің лексика-грамматикалық категория ретінде обьективті іс-әрекеттің динамакасын білдіретіндігі жалпыға белгілі.
Етістіктердің сан алуан қызметі ерекше маңыздылығымен тіл мамандарының назарын аударып келеді.
Қазақ тілінің ғылыми грамматикаларында етістіктер төмендегідей семантикалық топтарға бөлінеді: қол күшін жұмсау, яғни айтқанды күшпен істету мағынасындағы етістіктер, нысансыз қозғалыс мағынасындағы етістіктер, қалып мағынадағы етістіктер, дерексіз мағынадағы етістіктер, еліктеуіш мағынасындағы етістіктер, қалыптасу мағынасындағы етістіктер, функционалды мағынадағы етістіктер, сөйлеу етістікері, ойлау етістіктері. Б.Б.Құлмағамбетова етістіктерді төмендегідей семантикалық топтарға топтастыруды ұсынады:
әрекетті,адам қимылын білдіретін етістіктер,
адамның ойлау және сезінуін білдіретін етістіктер;
тамақ ішу тәсілдерін білдіретін етістіктер;
адамның уайымын білдіретін етістіктер;
адамның мінез-құлық сәттерін және бет-әлпетін білдіретін етістіктер;
дыбыстық еліктеуіштік сипаттағы етістіктер [2,6].
Байқап отырғанымыздай, ғалым етістіктердің семантикалық топтарына сөйлеу етістіктерін қоспайды.
Етістік – көлемді де икемді, модальдық реңктерге бай категория. Солардың ішінде сөйлеу мәніндегі етістіктер айырықша орын алады.
Сөйлеу етістіктері етістіктің ажырамас бөлігі бола отырып, қалған семантикалық топтардан өзінің мағынасы, өзіне тән морфологиялық белгілері мен синтаксистік қызметі жағынан ерекшеленеді, ерекше семантикамен және сөздердің лексика-грамматикалық жеке тобы жөнінде айтуға болатын бірқатар морфологиялық және синтаксистік белгілерімен сипатталады.
Сөйлеу етістіктерінің негізгі қызметі сөйлеу процесінің өзін немесе сол айтылған сөздің қандай да болмасын бір жағын білдіру болып табылатын сөйлеу процесімен тығыз байланысты.
Сөйлеу етістіктері төмендегідей категорияларда қолданылады: рай, модальдық және шақ категориялары: осы, өткен, келер шақтар; айтылу қарқындылығы бойынша (айтылу процесінің өту жылдамдығына байланысты), уақыт бойынша созымдылығына қарай (айта бастады, сөйлей жөнелді, сөзін бітірді және т.б.). Сөйлеу етістіктері нақтылық (айт, сөйле, сұра, бұйыр, кеңес, үгітте, талқыла, сұхбаттас) және дерексіз дәрежесімен ( қағыт, мысқылда, сайра, қайра, сыбырла, әкіреңде, күбірле, күңкілде, қазбала және т.б.) ерекшеленеді.
Зерттеуші Т.Қапесова сөйлеу етістіктерін семантика-грамматикалық белгілеріне қарай екіге бөледі. Тілші: «1) Нақты сөйлеу етістіктері, бұларға -де, -сөйле, - айт сөйлеу етістіктері және олардың жасалу тәсілдері жатады. 2) Сөйлеу әрекетін атап қана қоймай, сөздің сипатын немесе берілу тәсілін анықтайды, олардың сөйлеу нысанын айтылу қалпына назар аудара отырып атайтын жалпы мағыналы сөйлеу етістіктері» [3, 11].
Сөйлеу мәнді етістіктердің мағынасы ауқымды әрі көп қырлы болып табылады. Осы ерекшеліктері көптеген түркі танушылардың назарын аударды. “Қазіргі қазақ тіліндегі “де” етістігінің семантико-грамматикалық табиғаты” дейтін еңбегінің үшінші тарауында А.Әбілқаев де етістігінің төл сөз бен төлеу сөздегі қызметіне тоқталады. Түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде төл сөздің автор сөзімен байланысы де көмекші етістігінің әр түрлі әр формаларда келуімен жүзеге асатынын айта келіп: “де” етістігінің қандай формада тұруына байланысты оның орны, қызметі және төл сөздің белгілі бір сөйлем мүшесі немесе құрмалас сөйлемнің белгілі бір компоненті болу түрі анықталады. Егер төл сөз автор сөзімен де етістігінің аяқталған формаларында –дейді, депті, деді түрімен байланысса, онда ол баяндауыштың құрамына енеді. Автор сөзіне деп көсемшесімен енген төл сөз сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңары болады не сөйлем мүшесінің құрамында болады. Есімше деген төл сөзді жайылма анықтауыш немесе баяндауыш қылып жібереді» [4,7], - дейді. Олай болса, де етістігінің басқа сөздермен тіркесіміне және қызметіне қарай басқа етістіктерден әлдеқайда өзгешеленеді. Осыдан де етістігінің, сонымен қатар, сөйлеу мәнді сөйле, айт т.б. етістіктердің түрлі формаларын жеке-жеке қарастыру қажеттігі туындайды.
М.Оразовтың «Қазақ етістігінің семантикасы» тақырыбына жазылған докторлық диссертациясында сөйлеу етістіктері дербес семантикалық топ ретінде қарастырылады. Сөйлеу етістіктері мағыналарына қарай бірнеше шағын топтарға бөлінеді: -де етістігі; айтылу етістіктері (сөйле, сөз баста, ниет білдір, сөзді бұрмала және т.б.); хабарлау етістіктері (хабарла, айт, жарияла, дәлелде және т.б.); семантикалық сөйлеу етістіктері (айтыс, ақылдас, пікір алыс, әзілдес, әңгімелес және т.б.); сөйлесу қарым-қатынастары етістіктері (жауап бер, жауап қайтар, сұра және т.б.); сөйлеу реңкін және эмоциялық реңкті етістіктер. Бұл етістіктердің мағыналары көңіл-күйді, эмоцияны білдіреді: (сөк, мысқылда, малтасын ез (у), және т.б.); жеке өзара қарым-қатынасты білдіретін сөйлеу етістіктері ( әжеле, жеңгетайла, насихат бер, құпта және т.б.); бейнелілік мағынасындағы сөйлеу етістіктері (отта, бөс, былшылда, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шық (у); дыбысталу тұлғаларымен байланысты сөйлеу етістіктері (бақ-бақ ет, бажалаңда, бажбақта, балп-балп және т.б.); сөзді бөлумен байланысты сөйлеу етістіктері (ауыз ашпа, аузына құм құй, тілі байлан(у), сөзін бөлу т.б. [5, 23].
М.Оразовтың таптастыруынан оның сөйлеу, айтылу етістіктерін айқын бөлмегендігіне көз жеткізуге болады, соның нәтижесінде етістіктердің жасалу тәсілдері семантикалық топтармен араласып жатыр. Осы талдаулардың барлығынан сөйлеу етістіктерінің әлі де тереңірек, әрі жан-жақты зерттеу қажеттілігі көрінеді [5].
Сөйлеу етістіктері өзінің мағынасы жағынан, яғни семантикалық реңкінің көп түрлілігімен ғана емес, сол сияқты өзіне тән морфологиялық белгілерінің біршама басымдығымен де, атап айтқанда, тек етістік негіздеріне ғана жалғана алатын (етістіктен, есімнен және басқа сөз таптарынан етістік жасайтын аффикстер) лексикалық және грамматикалық сөзжасамның айырықша аффикстерінің едәуір мөлшерде болуымен де дербес сөз таптары ретінде ерекшеленеді. Сөйлеу етістіктері етістіктің ажырамас бөлігі бола тұра, қалған семантикалық топтардан өзінің мағынасы, өзіне тән морфологиялық белгілері мен синтаксистік қызметі жағынан ерекшеленеді.
Тілші ғалымдар А.Қалыбаеваның [6], Н.Оралбаеваның [7], М.Ахметовтың [8], К.Қасабекованың [9], Р.Әміровтің [10] және т.б. еңбектерінде сөйлеу етістіктері дербес мәселе ретінде толық қарастырылмағандығын айтуға болады.
Сөйлеу етістіктерінің ішінде де етістігі өте көне етістік болып табылады. Бұл етістіктің мағынасы ауқымды, әрі көп қырлы. Осы ерекшеліктері көптеген ғалымдардың назарын аударып, арнайы зерттеулерінің нысанына айналды. Қазан төңкерісіне дейінгі ғалымдар (М.Казембек, О Бетлинг, ВВ.Радлов, Н.Ф.Катанов), сонымен қатар кеңестік замандағы түркологтардың да зерттеу объектісіне айналды. Мысалы, Н.К.Дмитреев, Н.А.Баскаков, А. Н.Кононов т.б. басқа ғалымдар еңбегінде қарастырылады.
Қазақ тіл білімінде С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, С.Жиенбаев, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, А.Әбілқаев, А.Ысқақов, Ғ.Мұсабаев, И.Маманов т.б. еңбектерінде сөйлеу мәнді етістіктер жөнінде, олардың мағынасы, қызметі туралы құнды пікірлер айтылады. Осы түркі тіліндегі зерттеулерде және V-VIII ғғ. көне жазба ескерткіштерінің материалдары де –етістігімен оның туынды тұлғаларының қолданылу жиілігі бойынша сөйлеу етістіктерінің ішінде алдыңғы қатардан орын алатынын көрсетеді. Мысалы, Білге Тониқұқ маңа айды: -бу сү елт, - тіді.қыйынығ көңлүңче ай, бен саңа айтайын? – тіді. Қатун йоқ болмыс, аны йоқлатайын,-тіді [4, 174-182, 184]. Сол сияқты тіді етістігінің туынды тұлғалары да кездеседі. Мысалы, тірмен, тійін, тіміс, тідім, тейін, тер т.б.
Түрколог ғалымдар орта ғасырлық тәпсірде “те” – сөйлеу, айту етістігі және оның туынды тұлғалары жиі кездеседі деген пікірді айтады. Орта ғасырлық ескерткіш тілінен мысал келтіре отырып дәлелдейді. Мысалы, “Біз аны іаңа білмазуз магар анің аураті бірла, бірлашауыз теділар [4, 35] Осы ескерткіштер тілінде де, те, ді, ті, тә, ди, ти (фонетикалық нұсқалармен) сөйлеу етістіктері мен олардың туынды тұлғалары өте көне, байырғы түркі сөйлеу етістігі екендігі байқалады.
Сөйтіп, функционалдық тұлғалар сөйлеуде етістіктің қызметін қамтамасыз етіп, сөйлем құрамында етістікті басқа сөздермен байланысқа түсіреді. Бұл тұлғалар шартты түрде екі топқа бөлінеді предикаттық тұлғалар, предикаттық емес тұлғалар. Түркі тілдерінде екі топ тұлғалары бір-бірінен өзгешеленбейді, тек бір-біріне ауысады. Тек предикаттық тұлғалар үшін абсолютті уақыт, әрекеттің болмысқа сөйлесуге қатысушыларға қатынасы көрінісі тән, ал предикаттық емес түлғалар мұның бәріне бейтараптық танытады. Предикаттық тұлғалар етістік-баяндауыштың бастауышпен өзара байланысы үшін қызмет етсе, предикаттық емес тұлға етістікті сөйлем ішіндегі басқа сөздермен байланыстырады, белгілі мөлшерде сөйлемнің тұрлаулы мүшесі баяндауышқа тәуелді етеді.
Етістікті басқа сөздермен байланысқа түсіруге дәнекер болып, жіктеліп, сөйлем ішінде қолдануға негіз болатын тұлғалар – рай, шақ, жақ категориялары. Түрколог ғалымдар көне түркі дәуірінен қалған жазба ескерткіштерінің материалдары де- етістігі мен туынды тұлғаларының қолданылу жиілігі жағынан сөйлеу етістіктерінің ішінде алдыңғы қатарлардан орын алады деп көрсетеді.
Ғалым Т.Қапесова зерттеу еңбегінде академик А.Аманжоловтың тұжырымын келтіреді: “В современном казахском языке глаголы “сын”- сломаться, айт-говорить, сказать являются корневыми (непроизводными) глаголами, а в памятниках они выступают как залоговые образования сын-ломаться, быть сломанным” [11, 49]. Ал ғалым Ж.Манкеева: “aj является мертвым корнем для многих тюркских языков, так как в современных тюркских языках он сохранился лишь в якутском языке ый-говорить, здесь мы имеем соотношение ый = ~ ай =по закону соответствия широких и узких гласных в тюркских языках в лонборнском – (aj-говорить), а также в диалектах азербайджанского языка и в памятниках древнетюркских писменности (ay-“говорить”, “рассказывать”, говорить при тяжбах, при судебных разбирательствах”) т.е. вообще держать официальную речь. “Омертвение элемента “aj”, по-видимому, связано, во-первых, со слиянием его с залоговым формантом, во-вторых с использованием в этом значении другого глагола, совлэ//сөзлә// сөйле” деген “айт” етістігінің алғашқы түбірі жайлы пікір айтады [12, 23]. Түркі тіліндегі гомогенді түбірлерді зерттеуші З.Қажыбеков: “Видимо, в эпоху Махмуда Кашгари (или, точнее, им самим) в ajt ощущалось побудительное значение, возможно, потому, что в языке бытовала первичная форма aj “дегеніне орай, “Түрік сөздігіндегі” “айт” етістігін қарастырар болсақ, XI ғасырда бұл етістік түрі “ай”, “айт” түрінде де, сондай-ақ, осы мағынада “сөйле” етістігі түрінде де қолданыста болғандығын байқаймыз [12, 130]. Aйды: айтты. Oл мaңа сөз aйды - Ол маған сөз айтты [14, 26]. Aйұды: айтқызды. Oл мaңа сөз aйтұрды - Ол маған сөз айтқызды [14, 18]. Aйтылды: айтылды. Сөз айтылды - Сөз айтылды [14, 19]. Сөзледі: сөйлесті. Oл мeнiң бiрлe сөйлeйдi - Ол менімен бірге сөйлесті [14, 23]. Сөзлeндi: сөйленді, сөзін сөйледі. Oл сөзiн маңа сөзлeндi - Ол маған сөзін сөйленді [14, 23]. Сөзлeттi: сөйлетті. Oл мeнi сөзлeдi - Ол маған сөз сөйледі [14, 24]. Сөзлeдi:сөйледі. Oл маңа сөз сөзлeдi - Ол маған сөз сөйледі [14, 40].
Мысалдардан байқағанымыздай, бұл кезеңде «ай» түріне қарағанда «айт» түрі жиірек қолданылып, «сөйле» етістігінің белсенділігі артқан.
Сөйлеу мәнді етістіктері қазіргі қазақ тілінде де етістіктің ажырамас бөлігі бола тұра, қалған семантикалық топтан өзінің мағынасы өзіне тән морфологиялық белгілері мен синтаксистік қызметі жағынан ерекшеленеді. Етістік күрделі сөз табы болғандықтан қазақ тілінде көп зерттелген. Алғаш рет А.Байтұрсынов анықтап, грамматикалық категорияларын айқындаған.
Сөйлеу мәнді етістіктер қазіргі қазақ тілінде А.Ысқақовтың [15], Ы.Мамановтың [16], Н.Оралбаеваның [7], М.Оразовтың [5], Р.Әміровтың [17], Т.Сайранбаевтың [18], Г.Жылқыбаеваның [19], А.Саденованың [20], Т.Капесованың [3]т.б. тілші зерттеушілердің еңбектерінде қарастырылады. «Етістіктердің грамматикалық формаларын, қызметтерін дұрыс айқындау үшін олардың түбір формаларының семантикалық құрылымына қарай жіктеп алу қажет»,-дейді ғалым А.Ысқақов [15]. Сонымен қатар, ғалым: «Себебі, граматикалық семантика қашан да болсын сөздің құрылысы мен құрамына байланысты болады. Осыған байланысты етістіктерді грамматикалық семантикасына соған сәйкес қалыптасқан негізгі қызметіне қарай үш топқа бөліп қарастырылады. Бірінші топқа өздеріне тән негізгі лексикалық мағыналарын дәйім толық сақтап отыратын соған орай дербес грамматикалық қызметтерін түгелімен атқарып отыратын етістікке жатады. Оларға: айт, ас, ат, бақ, ек, ер, жаз, кір, күл т.б. етістіктер жатады. Екінші топқа, өздеріне тән негізігі лексикалық мағыналарын толық сақтап, сөйлемде дербес мүше болумен қатар, басқа бір жетекші етістікпен тіркескенде лексикалық мағыналарын не жартылай, не бүтіндей жоғалтатын, оған қосымша грамматикалық мағына үстеп, жәрдемші ретінде де қызмет атқаратын етістіктер жатады. Бұл етістіктер әрі негізгі, әрі жәрдемші етістіктер негізінде жұмсалады. Мұндай етістіктер тілімізде отыз шамалы, олар, ал, бар, баста, біл, ет, де, жат, жүр, кел, кет, қой, қыл, отыр, сал, тұр, т.б. Үшінші топқа енетін етістіктер саны аз. Оларға лексикалық мағыналары я жартылай, я бүтіндей жоғалтып, тек қана грамматикалық мағына жамап көмекші ғана есебінде жұмсалатын, е, еді, екен етістіктері жатады»,-дейді[15, 232].
Сөйлеу мәнді етістіктер ғалымдардың назарын ертеден аударған, күрделі табиғаты әлі де зерттеуді қажет етеді.
Түркі тілдеріндегі етістіктердің басқаша семантикалық таптастырылуын С.А.Рзаев еңбегінен көреміз. Автор өз зерттеуінде әзербайжан тілі етістіктерінің семантикалық түрлерін сегіз топқа бөледі: сөйлеу етістіктері, ойлау етістіктері, көру етістіктері, есту етістіктері, ахуал етістіктері, қозғалыс етістіктері, орын ауыстыру етістіктері [21,16].
Осылайша, түркі тілдеріндегі етістіктердің негізгі семантикалық топтарының бірін сөйлеу процесіне қатысты етістіктер құрайды.
Түркі тілдеріндегі сөйлеу етістіктеріне Н.З.Гаджиева, А.А.Коклянованың еңбектері арналған. Олар сөйлеу етістіктерін екі семантикалық топқа бөледі: 1) сөйлеу актісінің өзін білдіретін негізгі етістіктер, 2) сөйлеу әрекетін бөліп көрсететін етістіктер: олардың бірі сөйлеу сипатын немесе тәсілін анықтайды, екіншісі айтылу формасына тағы басқаларға назар аударылған сөйлеу нысанын атайды [22,27].
Сөйлеу етістіктері өзбек тілінде де арнайы зерттеу нысаны болды. Бұған И.Қошқартаевтың «Өзбек тіліндегі сөйлеу етістіктерінің семантикасы (құрамдық, валенттілік талдау» тақырыбына жазылған докторлық диссертациясын айту,а болады. Оның еңбегінде сөйлеу етістіктерінің лексика-семантикалық топтарының басты қасиеттері лингвистикалық зерттеудің негізгі нысаны ретінде жеке көрсетілді [23,15].
Сөйлеу етістіктеріне С.Арназаровтың еңбегі арналған. Оның еңбегінде қазіргі түркімен тіліндегі сөйлеу етістіктерінің лингвистикалық мәні аяқталады. Түркімен тіліндегі сөйлеу етістіктеріне фонетика-морфологиялық және лексика-семантикалық сипаттама беріледі [24,17].
Қазақ тіліндегі сөйлеу етістіктерінің ішінде де етістігінің семантикалық грамматикалық табиғатын А.Әбілқаев жеке тақырып ретінде қарастырған [4].
А.Е. Саденованың «Де етістігінің синтаксистік тұлғаларды қалыптастыруға қатысуы» атты зерттеу еңбегінде де сөйлеу етістігінің функционалдық ерекшеліктері ашылады, синтаксистік тұлғалар ұйымдастыруға қатысуы талданады[20].
Т.Қапесова сөйлеу етістіктерін семантика-грамматикалық белгілерін, түркі тілдеріндегі сөйлеу мәнді етістіктердің зерттелу тарихына тоқалады [3].
Достарыңызбен бөлісу: |