1.2 Қазақ тіліндегі сөйлеу етістіктерінің семантика-морфологиялық құрылымы туралы
Сөйлеу етiстiктерiнiң негiзгi қызметi сөйлеу процесiнiң өзiн немесе сол айтылған сөздiң қандай да болмасын бiр жағын бiлдiру болып табылатын сөйлеу процесiмен тығыз байланысты. Сөйлеу eтicтiктepi ерекше семантикасымен және сөздердiң лексикаграмматикалық жеке тобы ретiнде қрастыруға мүмкiндiк беретiн бiрқатар морфологиялық және синтаксистiк белгiлермен сипатталады.
Сөйлеу мәнді етістіктер қайталанып келіп, белгілі мағынаны береді. Мысалы, сөйлей–сөйлей, айта-айта, бақырып-бақырып, айғайлап-айғайлап, күңкілдеп-күңкілдеп, күбірлеп-күбірлеп, бұрқылдап-бұрқылдап, сайрай-сайрай, сарнай-сарнай т.б.
Сөйлеу мәнді етістіктер қосарланып келіп, амалдың, іс-әрекеттің бірнеше рет қайталану мағынасын білдіреді: сөйлей-сөйлей, айта-айта, т.б. Мысалы, “Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың”; Айта-айта жалықтық.
Сөйлеу атаулары сөздерді біріктіру жолмен, сондай-ақ түбір немесе туынды екі немесе одан көп сөздердің қайталануы яки қосарлануы арқылы жасалады. Мысалы, ой-пікір, әңгіме-дүкен, әзіл-қалжың, өсек-аяң, айқай-шу, сөзбе-сөз, ауызба-ауыз т.б.
Сөйлеу мәнді етістіктер күрделі сөйлеу етістіктерін жасауда маңызды рөл атқарады. Мысалы, әңгімеге кірісті, күңірене үн қатты, хабар салды, айтып отырады, айқай салып келеді, т.б.
Сөйлеу етістіктері сөйлеудің бүкіл өту процессін: қарқындылығын, жылдамдығын, уақытқа сай созылмалылығын, нақтылық дәрежесі бойынша көрсетеді.
Сөйлеу атаулары қатысқан мәтіндегі қызметтері алуан түрлі, ондай түрлілік сөйлеу етістіктерінің лексика-грамматикалық ерекшеліктерінен шығады. Сөйлеу етістіктері қатынасатын хабарлы сөйлемдер баяндау мазмұнына мүмкінділік, мүмкін еместік, керектілік, қалау, болжалдық тәрізді модальдық мағыналарды білдіреді. Мысалы, Айта ма оны Нұртаза? –Жоқ, айтпас, айтпас! (С.Мұқанов). Айтайын білгенімді (С.Мұқанов). Осы аз күн ішінде Оязбен менің жауаптасуым мүмкін (М.Әуезов). Манадан бері соныңды айтсаң еді (Б.Майлин).
Сөйлеу етістіктері әлдене жайлы жаңа мәлімет алуды, сөйлемді растауды, теріске шығаруды мақсат ететін сұраулы сөйлемдер жасауға қатысады. Ғой, ау, да демеуліктермен келген сөйлеу мәнді етістіктер қатысқан сөйлемдердің сұрақ мазмұны болжалдық, қалау-тілек, мүмкінділік сияқты модальдік реңктерге айқындалады. Мысалы, Сонда сіздің атыңызды сұрамаппын-ау? (Ғ.Мұстафин). Айтсам ғой осыны? (С.Мұқанов). Үнемі модальдік-эмоциялық мағынада берілетін риторикалық сұраулы сөйлемдер де сөйлеу етістіктерінің қатысымен жасалады. Мысалы, Ойбай, неге айтайық? Неге айтайық?..деді (С.Мұқанов).
Бұйыру, күштеу интонациясымен келетін бұйрықты сөйлемдер жасауға да бұйрық рай тұлғасындағы сөйлеу етістіктері белсенді қатысады. Мысалы, Сөйле,Арғынбай, құлағы жоқ шұнақ биім, құйрығы жоқ шолақ биім!-деп кемсітіпті (Шешендік сөздер).
Бұйрықты сөйлемдер кейде сөйлеу етістіктерінің шартты, қалау, ашық рай тұлғалары арқылы қалыптасады. Мысалы: Соны тек бір қайырып айтсаңыз екен! (М.Әуезов).
Айтсаңшы, айтарыңды!-деді (Ғ.Мүсірепов).
Сөйлеу етістіктері лепті сөйлем жасауға қатысады. Лепті сөйлемдердің жасалуына екен көмекші етістьігімен де демеулігінде тұрған өткен шақтағы есімше формасында келген сөйлеу етістігі, шартты рай тұлғасындағы сөйлеу етістігі, ай, аң, да демеулікті сөйлеу етістіктері, қандай сұрау есімдігі тіркесіп келіп сөйлеу етістігі қаратпа сөздермен қатар жұмсалған сөйлеу етістіктері маңызды рөл атқарады. Мысалы, Айту керек еді ғой! Сен де маған қосыла жөнелсең! (С.Мұқанов).
Сонымен сөйлеу мәнді етістіктер сөйлеу актісін ғана білдірмейді, айтылудың барлық қырын қамтиды, бұл орайда сөйлеудің сипатын немесе тәсілін анықтайды, сөйлеу нысанын оның айтылу тұлғасына назар аудара отырып атайды.
Сөйлеу етістіктері төмендегiдей категорияларда қолданылады: рай, модальдық және шақ категориялары: осы, өткен және келер шақтар; айтылу қарқындылығы бойынша (айтылу процесiнiң өту жылдамдығына қарай), уақыт бойынша созымдылығына қарай (айта бастады, сөйлей жөнелдi, сөзiн бiтiрдi және т.б.). Сөйлеу мәнді етістіктер барлық етістіктер тәрізді рай категориясының ашық рай, шартты рай, қалау рай сияқты түрлерінде жұмсала береді. Сөйлеу мәнді етістіктер шақ тұлғаларымен жекеше, көпше түрде жіктеледі. Нақ осы шақ сөйлеу етістігіне +п, -ып,-іп + отыр, тұр, жатыр, жүр көмекші етістіктері тіркесу арқылы жасалады.
Қазіргі қазақ әдеби тілінің сөйлеу етістіктері ашық рай өткен шағының күрделі жүйесімен ерекшеленеді. Нақ өткен шақ әрекет тікелей дәл сөйлеу сәтіндегі оқиғаны да, бұрын өтіп кеткен оқиғаны да білдіретіні белгілі. Бұл орайда сөйлеу етістіктері айтылу процесі бірқалыпты өтпейтіндігіне байланысты басқа етістіктерден ерекшеленеді.
Қазақ тілінде нақ өткен шақтың кең тараған түрі етістік түбірі + -ды,-ді, -ты, -ті көрсеткіштері + жіктік жалғаулары болып табылады.
Мысалдар: Бұл сөз төңкеріс болғалы талай айтылып, талай жазылып, иi қанғандай eскi сөз болса да, Ақбала шыт жаңа сөздей қып айтты (Ж.Аймауытов). Онысын әуелi Дәркембай мен Абылғазыға арнап айтты (М.Әуезов). Ораз Мұхаммед мұның бәрi жаңсақ eкeнi, ақ патшаның мейiрбандығы, орыс халқының көмегi туралы айтты (М.Мағауин). -Шiркiн, дүние-ай, қызығың қандай көп едi? О жалғанда мың күн ұжмақ бергенше, бұ жалғанда қаңғырғанан бiр күнiмдi ұзартшы!-дедi (Т.Әлiмқұлов) - Сен өзiц оған да бiлек сыбанып араласпай-ақ қой, күрес жағын Әужанға берсейшi, сол бақарсын, жақсы ат, жаман атына сол қалсын, - дедi Мұса болыс iнiciнe (З.Ақышев). - Болыс-билерде дағдарыс барын сезiндi де, Ұлпан ширағырақ сөйледi (F.Мүсiрепов). Бiрақ бұл жолғы сөздерiнен қарт кici Қайныкеш те еш жасандылық аңғармады, сол еебептi оны қоштай сөйледi (Б.Нұржекеев).
Өткен шақтағы сөйлеу етістіктерінің семантикасы өзгеше. Бұған жалқы дифференцияланған мағыналы да, жалпы мағыналы да сөйлеу етістіктері: бұйрық беруден өтініш пен үгіттеуге дейінгі әр түрлі реңктегі айтылуды білдіретін сөйлеу етістіктері, айтушының эмоциялық күйін беретін сөйлеу етістіктері: жағымы эмоциялық айтылу процесі және жағымсыз эмоциялық айтылу процесі жатады. Мысалы: Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Түркия реформалар жолымен жүрiп келе жатқан елдер екендiгiн хабарлады («Егемен Қазақстан» газетi). Келтiрiлген сөздердiң қосымшаларын тауып, олардың атқарып тұрған қызметін, сөз мағынасына тигізетін әcepiн анықтады («Жаттығулар жинағы»). Бiлiсбай үй-iшiнiң, ағайын-туысқанының хал-жайын сұрады (Т.Әлiмқұлов). Бiр жағы Әбендi өлгенше жамандап, Мұқашты мақтады (Ж.Аймауытов). Мұстапа ағасының сөзiн анадайдан естiп тұрып өзiне өзi күбiрледi (F.Мұстафин). Қарап тұрмай, бұл жанына тақай бергенде, келiншек тағы әзiлдедi (Б.Нұржекеев). Нұрила өзi бiлетiн жайларды айтып, аз көргенін ұзақ сырдай баяндады (F.Мүсiрепов).
Өткен шақтың екiншi бiр түpi бұрынғы өткен шақ тұлғасы болып табылады. Қазақ тiлiнiң нақты материалдары көрсеткендей, бұрынғы өткен шақ нақ өткен шақта көрсетiлген әрекетке қарағанда едәуiр бұрын өткен оқиғаны бiлдiредi. Бұрынғы өткен шақтың грамматикалық көрсеткiшi -ған болып табылады. Өткен шақтың бұл тұлғасы өткен шақ есімшенің -ған жұрнағына жіктік жалғаулары жалғану арқылы жасалады.
Өткен шақ едi көмекшi eтістігі арқылы да жасалады. Нақты мағынасы жоқ және сөз түрлендiрушiлiк қабiлетiн жоғалтқан едi тұлғасы көмекшi eтістіктерге жатады. Едi етістігі -п көсемше жұрнағы жалғанған тұлғамен, есiмше тұлғалармен және күй-жағдай етістіктермен тiркесiп өткен шақ тұлғасын жасайды [29, 53].
Достарыңызбен бөлісу: |