Қазақ фольклоры арқылы эстетикалық тəрбие берудің мазмұны


Фольклор мен әдебиеттің бір-бірімен тектес, туыстастығы



бет3/5
Дата31.12.2021
өлшемі31,04 Kb.
#22676
1   2   3   4   5
Фольклор мен әдебиеттің бір-бірімен тектес, туыстастығы.

Әдебиеттегі фольклорлық дәстүр мәсе­лесін белгілі бір жазушының көркемдік әдіс-тәсілдерінің жүйесі деп қана емес, соны­мен қатар философиялық, этикалық, дүниетанымдық категорияда қарастыру қажет. Отандық ғылымда фольклоризм мәселесін анықтаудың түрлі аспектілері қалыптасып келеді. Ұлттық әдебиеттің қалыптасуындағы фольклордың  рөлі зор. «Фольклор» терминіне қатысты тұжырымдар жалпы дүниежүзінің жетекші ғалымдары арасында бірталайға шейін пікір таласқа негіз болып, бүгінгі күні сөз өнерінің ерекше мұрасы ретінде мойындалып, жазба әдебиеттің бастауы ретінде тұжырымдалды. В. Я. Пропп фольклор деп дамудың қандай деңгейде болғанына қарамастан, барлық халықтарды әлеуметтік төменгі сатыдағыларына тән шығармашылықты  атайды да, әрі қарай фольклордың өзіне тән белгілерін белгілеп, фольклор мен әдебиет байланысына ұластырады. Фольклористика мен әдебиеттану ғылымының күрделі де маңызды міндеттерінің бірі ретінде шығарманың ішкі құрылысын зерттеуді атайды.  Фольклорлық шығармалар мен әдебиет туындыларының құрылымы әр түрлі екендігі ғылымда дәлелденген, яғни фольклордың  тек қана өзіне тән құрылымдық заңдары болады. Ал осы өзіндік заңдылықты түсіндіруге әдебиеттану ғылымының күші келмейді, бірақ оны тек қана  әдеби талдау тәсілдерімен анықтауға болатынын айтады. Осылайша фольклор мен әдебиеттің өзара байланысы мен ерекшелігі мәселесі бүгінгі күнге дейін өзек тартып келеді. Әдебиет пен фольклордың байланысының тамыры тым тереңде жатыр. Екеуі де сөз өнері болғандықтан бір-бірімен тығыз байланыста дамитыны сөзсіз. Қазіргі заман әдебиетінде фоль­клорлық элементтер рөлі шығарманың көркемдік идеялық концепциясының мазмұнын байытып қана қоймайды, халықты адамгершілік рухта тәрбиелеуде де үлкен маңызға ие. Көркем әдебиеттің фольклормен байланысын тек этно-генетикалық жағынан ғана емес, сонымен қатар тарихи-әлеуметтік тұрғыдан да біртұтас қарастырған дұрыс. Сонда ғана оның көркем әдебиетпен біте араласып кеткен қасиеттерін, оның көркемдік ерекшеліктерін тереңірек ұғамыз. Сондай-ақ фольклор мен қазіргі әдебиеттің бірінен-бірі туындап, дамып жататын жанрлық принциптерін де ескерген дұрыс. Бұл туралы Б.Н.Путилов: «Разумеется, нет основании к тому, чтобы вообще отрывать поэтику фольклора от поэтики литературы. Контакт между ними, взаимодействие, если угодно союз, будут плодотворными и необходимыми, но лишь при том условии, что фольклор и его поэтика станут рассматриваться в их генетической и исторической самобытности, эстетической самоценности как особый художественный (и не только художественный) мир, понять который можно изнутри, раскрыв присущие именно ему закономерности» [4.14], – деген пікірі ойымызды тұғырлай түседі. 


Сонымен, фольклордың өзіндік табиғаты оның теориясына да айрықша түр береді.  «Фольклордың теориясы, ең алдымен, оның әр кезде атқаратын әр түрлі қоғамдық-тұрмыстық  міндеті мен танымдық, тәрбиелік және эстетикалық функцияларынан, мақсаттарынан туындайтын мәселелерді қарастырады» [5.11]. Осылардың ішіндегі  ең бастылары, әрине, фольклорлық дәстүрлермен тығыз байланысты. Фольклорлық дәстүр деге­німіз – қалыптасқан шығармашылық әдістің жалғастығы, ал, әдебиеттегі дәстүр дегеніміз – бұрынғы тәжірибені жаңғырту болып табылады. Әлде де нақтылы айтар болсақ, фольклордағы дәстүр – қалыптасқан шығармашылық әдістің жалғастығы, ал, әдебиеттегі дәстүр – ескіні өзгертпей қолдану емес, керісінше соны өзгерте дамыту, жалғастыру. Сондықтан да әдебиетте даралық сипат басым болады да, автор өзіне дейінгіні қайталамайды, бұрынғыны бойына сіңіре отырып, өзі қабылдаған шындықты халыққа қайтадан, жаңарған күйінде ұсынады. Дәстүр нағыз халықтық рухта сусындаған суреткердің қанымен келіп, еріксіз көрінетін құбылыс. Мінекей, осынау «фольклорлық дәстүр» ұғымы (немесе ғылымда оны «фольклоризм» деп те атайды) қазақ әдебиеттану ғылымының да басты арналарының бірі болып қалыптасуының өзіндік даму жолды да бар.
  Фольклордың әдебиетке, әдебиеттің фольклорға әсері
Ең алғаш ХІХ ғасырда қазақ даласына орыс ориенталистерінің келуі арқылы қазақ халқының фольклорлық  мұраларын жинап, бастырып, бағалау істері қолға алынғаны белгілі. Талай ықылым замандарды басынан кешіріп, рухани байлығын ішіне бүгіп жатқан дархан қазақ даласына патшалық Ресей алдымен осы жағынан қызығушылық туғызды. Қазақ фольклортану ғылымының қалыптасуы  осы  алғашқы жинап-бастыру істерінен басталғаны мәлім. Ал орыс әдебиетінде  ұлттық әдебиеттің қалыптасуындағы фольклордың рөлін бағамдау қадамдары ХVІІІ ғасырдың өзінде-ақ көріне бастады. ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басында  фольклоризм «халықтық» деген түсінік аясында қарастырылды. Ал жазушы шығармашылығы мен халық ауыз әдебиетінің арасындағы  байланысты зерттеу нақты ХІХ ғасырдың аяғында байқалды. 
Жалпы, фольклор мен фольклортану туралы   ғылыми таным-түсініктер қазақ арасында ХІХ ғасырдың екінші жартысынан Шоқан, Ыбырай еңбектерінен бастап қалыптаса бастады. Әрине, қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу кезеңінде оның ең басты құрамдас бөлігі болып табылатын фольклортанудан басталуы заңдылық. Әдеби мұраны игеру жұмысы ғылымның ең басты міндеті десек,  жоғарыда атап кеткен орыс ориенталистері әуелі осы міндет өресінен көріне білді. Орыстың отаршылдық саясатымен қатар қазақ даласына келген елеулі жаңалықтар ұлттың зиялыларының қалыптасуына да игі ықпал етті. Мәдениет пен ғылымды игеруге деген ерекше құлшыныс сирек те болса қазақ балаларының арасынан да байқалды, сөйтіп ұлттық интеллигенцияның алғашқы өкілдерін де туғызып, әдеби мұраны игеру жұмыстарына олардың да араласуы байқалды. Бұл жұмыс, ең алдымен, фольклорлық үлгілерді жинап-жариялау әрекеттерінен басталды. Халық жадында сақталған сан мыңдаған фольклорлық мұраларды жинауда орыс ғалымдарына көмектесе отырып, олардың арасында өз аттарынан да жариялаушылар болғаны белгілі.Осыларға қоса ХІХ ғасырдың аяғына қарай халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап-жариялаумен қатар, оны ғылыми тұрғыда  сараптап, зерттеушілік пікірлермен ұштастырған зерттеушілер де пайда болды.   Мысалы, Т. Сейдалин, Д. Сұлтанғазин, С. Жантөрин, М. Бабажанов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, Ш. Құдайбердиев еңбектерінде  фольклорлық мұраны ғылыми тұрғыда зерттеудің алғашқы бағыттары қалыптасты. Абай мен Ыбырай ауыз әдебиеті мұраларын арнайы зерттемегенмен, олардың шығармаларында фольклордың халықтық сипаты туралы көзқарастары айқын танылды. Ал Шоқан еңбектерінде алғаш рет ғылыми зерттеудің тарихи принциптері жүзеге асты. Ал ХХ ғасырдың бас кезіндегі зерттеу еңбектерде «фольклор» терминіне балама сөздер қолданыла бастады. Мысалы,  А. Байтұрсынов «ауызша шығарған сөз»,  С. Сейфуллин «ауыз әдебиеті», «ел әдебиеті» деп атаса, М. Әуезов «ауызша әдебиет», «ел ақындығы» деп қолданады.  ХХ ғ. басындағы әдебиеттану ғылымының да­муын саралағанда байқалатын басты нәрсе әдебиеттің ауыр жүгін арқалаған азаматтардың сол өздері жасаған әдебиеттің ғылыми проб­лемаларынан да ешқашан тыс қалмағандығы. Ғылымға шөлдеген қазақ халқының бағына жа­ралған асыл азаматтарымыздың қай-қайсысы да  қазақ халқының ерекше мұрасы ауыз әдебиет үлгілерін жинаумен айналысып қоймай, ғылыми жағынан негіздеді. Өз шығармаларында халық ауыз әдебиетінің үлгілерін батыл пайдаланды. Осы орайда  жаңа әдебиет үшін күресті қоғамдық-революциялық күрестерімен ұштастыра білген Сәкеннің өзі халық мұрасының жақсы үлгілерін пайдалануды әдебиеттің басты міндеті деп көрсетеді. Халық ауыз әдебиеті мұраларын жинап оған ғылыми тұрғыда баға берген Сәкен  жаңа   әдебиет ескі әдебиет мүсіндерін іс жүзінде меңгеріп алып, жаңа ережелермен мүсіннің үлгілерін, типтерін қарастырып, бажайлау, екшеу, сөйтіп оған еңбекші тап мазмұнын кіргізу негізінде жасалады  деп , таптық тұрғыда қарауға баса назар аударса да , ең бастысы, фольклордың жазба әдебиетке негіз болатынын айтады. Мағжан Жұмабаев  та ауыз әдебиеті үлгілерін аса бағалы рухани байлығымыз ретінде бағалап, оны сақтауға, қастерлеуге ерекше мән береді.  «...Бірақ, талайлар ұмытылып қалды деп қанша өкінгенмен, әлде болса да ауызда аман қалған әдебиетіміз талай елдердің ауыз әдебиетінен бай. Әлі де болса ауыз әдебиетіміз, бір елдің жазба әдебиетіне негіз болуға жарарлық. Өзінің ауыз әдебиетін  негіз қылмай ешбір елдің жазба әдебиеті өркендемек емес. Біздің де жазба әдебиетіміз ауыз әдебиетін  негіз қылуға міндетті. Негізі берік өз еліміздің әдебиеті боламын десе, өзіміздің ауыз әдебиетімізге қайтуға міндетті», - деген Мағжан пікірінен жаңа дамып келе жатқан қазақ әдебиетінің алдына нақты, қомақты да сындарлы міндет қойғанын көреміз [6.341]. С.Мұқанов  та халықтың ең таңдаулы фольклор үлгілерін жинап, олардағы көркемдік шеберлікті, халықтың тарихы мен қоғамдық өмірін үйрену керектігін баса көрсетеді. Ғасыр басындағы әдебиеттің жүгін арқалаған ақын-жазушылардың әрқайсысы халық мұрасынан өз шығармаларына негіз іздеді және қолдана білді. Олар , ең алдымен, фольклорлық тақырыптарды жазба әдебиеттің игілігіне айналдыруымен бағалы болса, екіншіден, өз шығармаларының сюжеттік тінінде фольклорлық дәстүрлерді кеңінен қолдана білді. Яғни сарын, тақырып, кейіпкерлер жүйесі сияқты түрлі фольклорлық байланыстарды өз шығармаларында жан-жақты пайдаланды.  
Ұлттық әдебиетімізде әр суреткер өзгеше көркемдік форма табуымен ерекшеленеді, өзгелерге ұқсамайтын соны сүрлеуімен дараланады. Сөйтіп әдебиет тарихынан орын алады. Әйтпесе, оны зорлықпен оқырманға таныту мүмкін емес. Көзге көрінбейтін өзгеше тін – фольклор. Осы тін арқылы жазушы оқырманмен біте қайнасып, оның жүрегіне жол таба біледі. Себебі әр қазақы оқырманның бойында ана сүтімен бірге дарыған, ұлттық сана, ұлттық діл бар. Соны дамытатын, жарыққа шығаратын бір жол – сөз өнері десек, сол өнердің шектеусіз мүмкіншілігін дұрыс пайдалана білген суреткер ғана классикалық дәрежеге жете алмақ.
«Бұрынғы дана қыздарын, бұрынғы батыр ұлдарын, бұрынғы бәйге тұлпарын қазақ халқы   жырымен жеткізді бізге.  Бүгінгі дана қыздарын, бүгінгі батыр ұлдарын, бүгінгі жүйрік тұлпарын өзіміз көріп отырмыз. Жаңарған ел, жасарған дүние жаңа жыр күтеді. Қазынасына қазына қосып кейінгі ұрпаққа, сыншыл талғампаз ұрпаққа ұялмай ұсын дейді» [7.132], -деп  заңғар жазушы Ғ. Мүсірепов туған халқының талғамды тілегі өресіне бей-жай қарай алмайтын асыл мұраты тұрғысынан айтса керек.  Классикалық қазақ әдебиетінің тұғырлы кірпішін өз қолымен қалағандардың бірі боп саналатын жазушы қай уақытта да туған әдебиетінің жаңарып, жасарып отыруын дәстүрдің негізінде жүзеге асыруды қалады. Халықтық ұғымдармен бірегей астарласып жататын, келешек ұрпақтың қабылдауына лайықты, әрі түйсік-сезіміне әсер етіп, басқа қырынан дамытылып жататын дәстүр ғана ғұмырлы болмақ. Осы дәстүрді байыту, жаңа мазмұн үстеп, көркемдік бояуларды ажарландырып, қанықтыра түсу жолындағы ізденіс жаңашылдыққа алып келетіні даусыз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет