XVI ғасырдың басындағы ірі саяси тұлғаның бірі ретінде танылған, «қазақ жерлерін біріктіруші» Қасым хан болды. Оның билік құрған кезінде Қазақ хандығы қуатты, іргелі елге айналды. Қасым хан ел басқарған жылдары Еділ мен Жайыққа дейінгі аймақ біржола хандық құрамына енді. Кең-байтақ аумақта қоныстанған далалықтардың билеушісі ретінде ол қазақ халқының этникалық аумағының қалыптасу үдерісін жүзеге асырды.
Хан қарамағында 160 мыңға жуық жауынгері болды. Ал жасақ жинаған жағдайда қазақ әскерінің саны 300 мыңға дейін жетті.
Қасым ханды «Хан көтеру» рәсімі
Қасым хан қоғамдық және мемлекеттік өмір қалыптарын сақтап қалу үшін әдет құқығын жаңғыртты. Кейбір ескі заңдарды жойып, сол тарихи дәуірдегі қазақ қоғамының өмірлік жағдайларына бейімделген жаңа құқықтық заңдар жинағын жасады. Бұл халық жадында «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен сақталып қалды. Қасым хан көрші елдермен тату болуға тырысты.
Қасым хан қоғамдық және мемлекеттік өмір қалыптарын сақтап қалу үшін әдет құқығын жаңғыртты. Кейбір ескі заңдарды жойып, сол тарихи дәуірдегі қазақ қоғамының өмірлік жағдайларына бейімделген жаңа құқықтық заңдар жинағын жасады. Бұл халық жадында «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен сақталып қалды. Қасым хан көрші елдермен тату болуға тырысты.
Әлихан Бөкейхан: «Қасым хан қазақ халқын біріктіру арқылы үлкен әскери күшке ие болды. Қарауындағылардың бақытына орай, ол өзінің бейбітшілік саясатымен халықтың ыстық ықыласына бөленді, есімі ерекше әйгілі болды», – деп сипаттап кетеді.
Хақназар мен Есім хан
Қазақ хандығының айтулы саяси қайраткерлерінің бірі Хақназар хан. Ол қазақ халқын біріктірген, мемлекеттің жерін аймақтық жағынан ұлғайтып, халықаралық жағдайын нығайтқан тұлға ретінде тарихта қалды. Ішкі және сыртқы саясатта әкесі Қасым ханның жолын жалғастырды. Хақназар бұрынғы Алтын Орда мен Шағатай ұлысы аумағындағы елдер алдында хандықтың ықпалын қалпына келтіруге күш салды. Түркі тілдес көрші мемлекеттер билеушілері онымен санасуға мәжбүр болды. Хақназар төңірегіндегі елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, Қазақ хандығының қуатын арттырды.
Халық жадында өшпестей із қалдырған қазақ хандарының бірі Есім хан. Ол мемлекеттің аумағын одан әрі кеңейтіп, Орта Азия елдерінің біраз жерін Қазақ хандығына қаратты. Есім қалыптасқан күрделі саяси жағдайлардан дұрыс жол таба білген ақылды және кемеңгер басшы ретінде танылды. Ішкі саяси тұтастықты қалыптастырып, Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етуді көздеген Есім хан өзіне дейін көп өзгеріске ұшырай қоймаған Қасым ханның заңдарын іс жүзінде қолдануды енгізді. «Қасым ханның қасқа жолы» аталып кеткен заңды Есім сол дәуірдің әскери-саяси және әлеуметтік қажеттіліктеріне, халықтың тұрмысы мен дәстүріне сәйкес жетілдірді.