1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық көтеріліс
1916 ж. шілде айының бас кезінде пайда болды.
Көтерілістің шығу себебі әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаттағы факторлар еді. Яғни отарлық езгінің соғыс кезінде барынша күшеюі, жерді тартып алу, орыстандыру саясаты және т.б. Көтерілістің басталуына патшаның 1916 ж. маусымдың 25 армияның қара жұмысына Түркістан өлкесінің және ішінара Сібірдің 19-дан 43-жасқа дейінгі ер-азаматтарын шақыру жөніндегі жарлығы түрткі болды.
Шілденің басында қазақ даласында көп кешікпей қарулы көтеріліске айналған стихиялық бас көтерулер басталды. Ол біртіндеп ұйымдасқан сипат алды: Торғай мен Жетісуда оның танылған жетекшілері А. Иманов, Ә. Жанкелдин, Т. Бокин, Б. Әшекеев, Ө. Саурықов басшылық еткен ірі ошақтары пайда болды.
Қазақ қоғамында патша жарлығы мен көтеріліске деген көзқарас бір мәнді болған жоқ: бай-феодалдардың бір бөлігі, жергілікті әкімшіліктің кейбір шенеуніктері патша жарлығын қолдап, оны орындауға шақырды. Қазақ интеллигенциясының кейбірі (Бокин, Ниязбеков, Жүнісов) жарлыққа қарсы шығып, оны орындауға қарсыластық көрсетуге шақырса, «Қазақ» гәзеті төңірегіндегі зиялылар (Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов және т.б.) күші басым үкіметке қарсы шығудың халықты қырғынға ұшыратарын ескертіп, сабыр сақтауға шақырды.
Көтерілістің аса ірі ошақтары Жетісу, Торғай болды. Жетісу облысында қарулы қарсыластық шілде-тамыз айларында жаппай қарқын алды. Шілденің 17 Жетісу мен Түркістан өлкесінде әскери жағдай жарияланды. Патша үкіметі мұнда ірі әскери күштерді жібере бастады. Қыркүйек, қазан айының басында жетісулық көтерілісшілер шегініп, Шығыс Түркістанға өтіп кетуге мәжбүр болды.
Торғай көтерілісі (басшылары А. Иманов, Ә. Жанкелдин) 50 мыңдай адам қамтыған ірі қозғалыс болды. А. Иманов көтерілісшілерді ондыққа, елулікке, жүздікке, мыңдыққа бөлді. Арнайы мергендер бөлімшесі құрылды. А. Иманов бас сардар болды. Оның жанында әскери кеңес жұмыс істеді.
Достарыңызбен бөлісу: |