РУХАНИ КЕЛІСІМ ЖӘНЕ ЖАСТАР ТӘРБИЕСІ
Кәрімбек Құрманәлиев,
Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының
вице-президенті-академик, филология ғылымдарының
докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі
Таяуда ғана әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті бесінші съезі
Астана қаласында өткені белгілі. Осы мақаламызды жастар арасындағы діни тәрбиенің
маңызына арнап отырмыз.
Әлемдік және дәстүрлі діндер өздерінің құндылықтары арқылы ұлттар мәдениетінің
дамуына, өркениеттердің өркендеуіне жол ашатын үлкен күш екенін өмірдің өзі дәлелдеп
отыр. Қазіргі кезде қазақстандық татулық, ынтымақ, сыйластық және бірлік әлемдік
өркениеттерге өзіндік үлесін қосып отырғанын айтуымыз керек. Қоғамдық үйлесімділік
пен рухани байлық – барлық діндердің негізгі діңгегі екенін жастарымыздың бойына
сіңіру - біздің басты міндетіміз екенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Қазақстан ұлттық
құндылықтарға тамыр жібере отырып, бейбітсүйгіш ел ретінде әлемдік және дәсүрлі
діндер көшбасшыларын Астанада бас қостырып, осынау алқалы жиында бейбітшілікке,
әлемдік татулыққа үн қосуы - ғаламдық деңгейдегі теке-тірестер мен сын-қатерлерге
жауап іздеуден, үн қатудан туындап отырғанын жастарымызға жеткізе білсек нұр үстіне
нұр болар еді.
Жастар арасындағы діни тәрбиенің негізгі көкейтесті сұрақтарына жауап
қарастырғанда, төмендегі мәселелерге аса назар аудару керек деп санаймыз.
Жалпы, халқымызда «Ақпаратты меңгерген адам, әлемді билейді» деген әдемі
қанатты сөз бар. Қазіргі жастар 2011 жылы қазан айында қабылданған Қазақстан
Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заңын бәрі бір кісідей
оқып, оларға өздерінше талғам-талдау жасады дегенге кепілдік бере аламыз ба? Әрине,
жоқ. Міне, мәселені осыдан бастағанымыз абзал. Өйткені, бұл заңның азаматтардың діни
сенімдер бойынша еркіндігін бекітетіндігі, кейбір құбылыстарды нақтылай түсетіндігі
түсінікті деңгейде берілгенін біреу білсе, біреу білмейді. Жастар арасындағы қазіргі
кезеңдегі діни тәрбиенің маңыздылығын аталған заңның өң бойынан табылатындығын
тағы да айтқымыз келеді.
Діни бірлестіктер жөніндегі жаңа заңның қабылдануының қажеттілігі туралы
бірнеше
басқосуларда,
конференцияларда,
түрлі
деңгейдегі
форумдарда
талқыланғандығынан студенттердің бәрі хабардар десек, тағы да шындыққа
жанаспайтындығы анық. Сондықтан, бұл заңның дер кезінде қабылданғанын, күн
тәртібінен түспейтін мәселе екендігін, ондағы негізгі тұжырым – Қазақстан исламы -
ханафиттік сипаттағы ислам екендігін жұртшылыққа ғылыми стилмен емес, жалпы
халықтың жүрегіне жылы тиетін қарапайым ғана сөздермен жеткізсек, бұдан ұтарымыз
анық. Осы жерде қазақ халқының және елімізді мекендеген өзге ұлттардың ата діні –
исламның мәнін қазіргі жастарымыз жете түсініп жүр ме деген сұрақ туындауы әбден
мүмін. Әрине, бұған бір жақты жауап беру қиын. Еліміздің тарихы мен мәдениеті
көптеген ғасырлар бойы ислам дінімен байланыса дамып келе жатқанын ешкім жоққа
шығара алмас. Сондықтан да, қазақ халқының рухани байлығы мен зор мәдениетінің
қалыптасуындағы діннің рөлін төмендете алмаспыз. Енді жастарымыз исламның
қалыптасуы мен оның жеткен жетістіктерінен хабардар болу үшін біз білгенімізді айтудан
жалықпауымыз керек. Қазақстандық ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісімнің
мол тәжірибесін жинаған елімізді әлемдік қауымдастық жоғары бағалаудың өзі бұл салада
да ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріміздің бар екенін айғақтаса керек. Алайда,
жастарға берер діни тәрбиеде бәрі керемет деп айтуға ауыз бармайды. Кейбір жастарымыз
радикалды көзқарастағы, патриоттық сезімді сезінбейтін әртүрлі ағымдардың жетегіне
кетіп, шоқпарына айналып жатқанын ақпарат құралдары жарысып жазып жатқаны
19
Қазақ өркениеті / Казахская цивилизация. №2, 2015 ж.
жасырын емес. Міне, осындай жастарымыздың діни сауаттылығын арттыру мақсатында
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Дінтану» саласы бойынша ғылыми
журнал шығаруды қолға алғанын алты алашқа жеткізген «Егемен Қазақстан» газетіне
жарияланған мақаладан ақпараттандық. Қазақстанда алғаш рет «Дінтануды» ғылыми
зерттеу және академиялық оқыту нысаны ретінде бағытталған аталмыш ғылыми-
теорияылық журналда дінтанудың барлық бағыттары қамтылып, өзекті мәселелер
талқыланып, іргелі және қолданбалы зерттеулер нәтижесі жарияланады деп
жоспарланыпты. Сондай-ақ, журнал беттерінен әлемнің белгілі дінтанушы ғалымдарының
еңбектері жарияланбақшы. Осынау діни тәрбиедегі күрделі мәселелерге алыс-жақын
шетел ғалымдарымен қатар, еліміздің теологтары мен дін қайраткерлері атсалысатыны
құптарлық жай. Ұлттық университет бастамасын өзге жоғары оқу орындары да
жалғастырып кетсе, жалпыға ортақ жастарға діни тәрбие беру ісінде де зор жетістікке
жеткен болар едік. Сондай-ақ, рухани келісімге қол жеткізуді мақсат еткен Астанада әр
үш жыл сайын өткізіліп келе жатқан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының
съездерінде қойылған негізгі мақсаттардан да хабардар етіп отыруды да ұмытпағанымыз
абзал. Сайып келгенде, осынау әлемдік маңызы зор съездер өткізу арқылы Қазақстан мол
тәжірибе жинап, тағылымды тарих қалыптастырғанын, әрі татулық пен келісім бойынша
дүние жүзіне үлгі болып отырғанын жастардың санасына сіңіруде бүгінгі күннің міндеті
екенін де аңғару қиын емес. Студент жастарымызға әрбір съезд материалдарының мәнін
түсіндіріп, өзінің саналы ғұмырында өзіне өмірлік жол көрсеткіші ретінде танылуына әсер
етуде алатын орны жөнінде тұшымды ойлар айта білу де, аға буын өкілдерін ойландыруы
керек. Атап айтсақ, 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде өткен бірінші съезге Еуропа, Азия
және Африканың он жеті елінен келген белгілі дін басшылары мен қайраткерлерінің
қатысуымен қазақстандық идеяның өміршеңдігін танып, съезд хатшылығын құру туралы
шешімді қабылдағаны жастарымыздың жадында десек, тағы да шындыққа жанаспайды.
Ал, 2006 жылғы «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» атты тақырыпта өткізілген
екінші съезде «Дінаралық үн қатысу қағидаттары» атты құжат қабылданғанын, сонымен
қатар, 2009 жылғы үшінші съезде «Толеранттылық, өзара құрмет және ынтымақтастыққа
негізделген әлемді қалыптастырудағы дін көшбасшыларының рөлі» тақырыбындағы
талғамды ойлар талайларға ой салғанынан да барша жастар хабардар деп айта алмаймыз.
Ал, соңғы өткен 2012 жылғы төртінші съезде «Бейбітшілік пен келісім – адамзат
таңдауы» атты тақырыпта өтіп, оған әлемнің қырық елінен келген барлық әлемдік
дәстүрлі діндерге қатысы бар қайраткерлер «Мәңгілік Ел» қақпасының жанында «Рухани
жарасым» аллеясын ашқанын көпшілігіміз білеміз десек, тағы да шындықтан алыстап
кетеміз. Міне, осындай жылдар жалғасып, жоспарлы түрде жүйелі өкізіліп келе жатқан,
форма тұрғысынан да, мазмұн тұрғысынан да маңыздылығы жағынан өте жоғары
деңгейде мемлекеттік мәні бар істі жастардың санасына сіңіруде атқарылар шаруалар шаш
етектен екенін мойындауымыз керек. Ал, биылғы өтетін бесінші съездің басты мақсаты
ретінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Марат
Әзілханов - әлемдік және дәстүрлі діндердің жасампаз әлеуетін жаһандық бейбітшілік пен
келісімді нығайтуға бағытталған, діндер мен мәдениеттер арасындағы үнқатысуды баянды
ету, діни қауымдар арасындағы өзара түсіністік пен құрметті тереңдету, діни экстремизм
идиологиясына қарсы тұра алатын толеранттылық пен өзара құрмет мәдениетін
қалыптастыру деп атап өтті. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің
ғаламдық деңгейдегі дінаралық қатысуы мен келісімі сақталуына ерекше үлес қосып
отырғанын жастармен бірге талқылап, талдап түсіндіру жұмыстары жүргізген болсақ, бұл
мәселелде де, діни тәрбиені айтып отырмын, әжептеуір алға жылжуды байқар едік.
Сондықтан, студент жастарға әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезд
материалдарын және «Діни ұйымдар және діни бірлестіктер» туралы Заңды іске асыру
тетіктерін нақтылы түсіндіргеніміз абзал. Ол үшін дәстүрлі болып саналған ұстанымдарды
білуге мүмкіндік тудыратын әртүрлі форматтағы басқосулар, форумдар мен
конференцияларды ұйымастырғанымыз дұрыс. Тек қана, формальді түрде өткізілетін
20
Қазақ өркениеті / Казахская цивилизация. №2, 2015 ж.
форумдардан аулақ болайық. Жүз, жүз елу мақала жинап алып, екі-үш шетелдік ғалымды
шақырып, халықаралық деңгейдегі конференция өткіздік дейтіндер дәстүрге айналып бара
жатқаны, біздерді қатты алаңдатады. Ал, бұл жөнінде жастарлың не ойлайтынын өзіңіз
бағамдай беріңіз. Біздің ойымызша, жүздеген ғалымдар босқосқан мәслихаттарда нақты
нәтижелерге қол жеткізіле берілмейтіндігін өмірдің өзі дәледеп отыр. Ендеше, елімізге
танымал теолог ғалымдар мен діни қайраткерлерді қатыстыра отырып, студенттер
арасында басқосуды, әрі форматы сұрақ-жауап ретінде, өткізілетін «дөңгелек
үстелдердің» беретін тиімділігін тілге тиек еткізгіміз келеді. Қазіргі жастарымызды
толғандырып отырған – Қазақ хандығының құрылуы, оның мәдениеті, тілі мен діні, саяси
жағдайы, алыс-жақын шетелдермен байланысы қалай қалыптасқаны туралы толыққанды
дәйекті деректермелерге сүйене отыра, жастарды сендіре алатын аптал азаматтар осындай
«дөңгелек үстелдің» құрметті қонағы болуы керек. Сонда ғана, мәңгілік елдің мәнін терең
ашып, діни ұстанымдарымызды айқындауға анық жол ашылар еді. «Мәңгілік Ел»
идеясының негізінде жұртты топтастыратын рухани құндылықтардың ішінде ғасырлар
бойы елімізде қалыптасқан ханафиттік ислам сабырлықпен, төзімділікпен ислам
құндылықтарын тиімді түсіндіру жолдарын жастарымызға ұғындырудан бірде
тынбауымыз керек.
Бұл жерде бұқаралық-ақпарат құралдарының атқаратын рөліне ерекше тоқталғым
келеді. Біздің ойымызша, бәлкім республикалық мемлекеттік басылым беттерінен жастар
арасындағы діни тәрбиенің маңыздылығы туралы арнайы бет арнап, ол жерде жастардың
өз іштерінен пікір-талас ұйымдастырып, олардың ұсынымдарын жариялап,
университеттердегі кураторлық сағатта талқыласа, көп нәрсенің байыбына бара алмай
жүрген жастарымызға нақты көмек болған болар еді деп ойлаймыз. Бұл жерде
теледидарларда ұйымдастырылатын ток-шоулардың тақырыптық жоспарына жастар
арасындағы діни тәрбиені жүйелі түрде енгізіп отырсақ, күрделі мәселенің күрмеуінің
шешілуіне өзіндік септігін тигізері айқын.
Студенттер газет-журналдардан көрі, ғаламтор, әлеуметтік байланыстар, блогтарда
белсенді қолданатынын ешқашан естен шығаруға болмайды. Сондықтан да, діни
каналдарды, мұсылмандық туралы сайттарда талқыланып жатқан тақырыптар төңірегінде
дәстүрлі емес және радикалды діндер белсенділерінің кейбір қисынға келмейтін сұрақтар
бойынша мемлекет тарапынан орынды жауаптардың нұсқалары ұсынылса, онда біздің
студент жастардың теріс пиғылдағы ағымдарға аңсары аумасы анық.
Жастардың діни тәрбиедегі сауаттылығын арттырамыз десек, оларды ҚМДБ
өкілдерінен құрылған үгіт-насихат топтарымен қоян-қолтық қызмет етуді қолға алу керек
деп санаймыз. Діни мамандардың арасында құранның сүрелерін жай ғана жаттап алып,
оның мән-мағынасын, философиясын терең талдап, түсіндіруге келгенде өз деңгейінде
бола бермейтіндігі де шындық. Сондықтан, жастар ұйымымен бірлесіп жұмыс істеу
кезінде тек қана құранды жақсы білетіндерді ғана емес, өзінің терең білімділігімен,
пайым-парасатымен өзгелерді өзіне қарата алатын, шешендік өнердің қыр-сырын
меңгерген мамандарды тартсақ, сонда кімнің айтқаны дұрыс, кімдікі бұрыс екенін ойлы
студент өзі ақ-қарасын ажыратып алар еді.
Осы бағытта ойымызды қорытындылай келіп, еліміздің дінтанушылары, дәстүрлі
көшбасшылары, сондай-ақ, діни мамандар тарапынан түсіндіру жұмысы әлі де жетілдіре
түсуді талап етеді. Сонда ғана дін тұтудың жанама қырларынан, атап айтқанда,
балаларымыздың сақал қою, қыздарымыздың тұмшаланып киім киюі сияқты тірліктеріне
толыққанды мағлұматтар алуына мүмкіндік туар еді. Біздің ойымызша, олай еткенің
дұрыс емес, бұлай еткенің дұрыс емес деп сынның астына алғаннан гөрі, олардың
санасына әсер ететін әрекеттерді пайдалансақ, ұтарымыз мол болар еді.
Тағы бір мәселе – отбасы тәрбиесіне келіп тіреледі. Тәуелсіз мемлекетіміздің ірге
тасын нығайтып, еңсесін биіктететін, әлемдік «отыздыққа» жеткізетін, ертеңгі ел
азаматтары – біздің жалынды жастармыз ұлт болашағы боларлық тұлғалар қалыптастыру
мәселелесі оқу ордаларынан бастау алатыны баршамызға аян. Тәрбие беру дегеніміз, оның
21
Қазақ өркениеті / Казахская цивилизация. №2, 2015 ж.
ішінде діни тәрбие беру, ақыл айту, білгішсіну, «қызыл сөзді көпіру» емес, жастарды
жаңашылдыққа, ерлікке, патриотизмге баулу екенін ұғынуымыз керек. Тәрбие – тал
бесіктен басталатынын ескерсек, отбасы тәрбиесінде келешек ұрпақтың болашағы жатыр.
Соңғы кезде жастар арасында жарасым таппай ажырасу, жанұя құндылығын сақтамау,
түні бойы түнгі клубтарда қыдырыстау - кәдуілгі әдетке айналып барады. Қазіргі кезде
дәстүрлі емес және де радикалды діндер өкілдері ұйып отырған отбасының ыдырауына да
көп әсер етуде. Қаншама отбасы шайқалып, жанұя мүшелері жан-жаққа, неше түрлі
ағымдардың ізіне түсіп, бала - әкені, қыз – шешені тыңдаудан қалды. Осындай қиын
тағдырдың тәлкегіне түскен жастарымызға ауадай қажет нәрсе – біреу-ақ. Ол – жастардың
таңдау алдындағы шынайы ақпараттың қажеттігі. Мәселенің мәні осы деп түсінгеніміз
абзал. Сапалы діни сарапшылардың қорытындылары – қаншама адасып жүрген
жастарымызға көмегін тигізер еді. Міне, осындай адам тағдырын шешетін ойлы пікірді
бере алатын мамандар бізде жеткілікті ме? Әртүрлі ағымдағы ұйымдардың нені мақсат
тұтатыны, немен айналысатыны, оларды насихаттайтындардың түпкі мақсаты не деген
сан-алуан сұрақтарға қазіргі қызметте жүрген дін ағартушыларымыз дайын ба? Әрине,
бұл мәселеде де ойланатын шаруалар шаш-етектен. Рас, дінтану пәні бойынша оқулықтар
шығарылуда. Бірақ, сол оқулықтар діни тәрбиеде ағартушылық қызметін өз деңгейінде
атқарып отыр ма? Бұл да ойланатын мәселе. Яғни, дәстүрлі діндердің артықшылықтары
айшықталған, тайға таңба басқандай әрбір жасқа әсер ете алатын деңгейдегі оқу
құралдарын көптеп шығаруды қолға алу керек. Оған қаражатты үнемдеу өте қисынсыз.
Үнемдемейтін нәрседен үнемдейміз деп жүргенде, үндемей ғана өзінің құйтырқы
пиғылын жүзеге асыруға ұмтылған ағым өкілдері өз мақсатына жету жолында қыруар
қаржы жұмсап, неше түрлі насихат-уағыз кітапшаларын қаптатып жіберіп жүрмесіне кім
кепіл?
Сондықтан, біз қыздарымызға ислам дінінің әкелген жаңалықтарын үнемі айтып
отыруымыз керек. Отбасындағы әрбір ата-ана қыздарының ертең күні елдің анасына
айналатын, ұлттың болашағын айқындайтындығын есіне салып отырсақ, әрі ана тәрбиесі
өнімді болса олардың қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуі арта түсетіні анық.
Адамдардың адамгершілік туын биік ұстап, рухани кемелденуімен жететін нәтижесі –
адамдардың бір-біріне деген жақындығын, бауырмалдығын тереңдете түседі.
Сондықтанда, Қасиетті Құранда кемелдену мен үйлесімділікке жетуге көмектесетін
рухани құндылықтарды дәріптеу өн бойында айтылады. Мысалы:
«Өз ата-аналарыңды
құрметтеңдер, жетімдерді жебеп жүріңіздер» (198 аят) деп, отбасылық құндылықтарды
қадірлеуге, адамзаттың бар баласын жақын тұтып, өзгелердің мұң-мұқтаждарына құлақ
асып жәрдемдесуге шақыратындығын байқаймыз. Бір қарағанда әркімге де түсініліктеу
көрінетін бұл ұғымның түбінде терең пәлсәпә жатқанын байқай бермейміз. Ең бірінші
отбасыңа, содан соң туыстарыңа, қала берді барша халыққа жақсылығыңды аямай
керектігін де күнделікті өмірде байқай бермейміз. Әрқашанда жақсы ойлар, ізгі ниеттер,
кірпияз қамқоршылықтар өн бойымыздан табылып жату керектігін біз төмендегі Құран
сүресінен де байқаймыз: “
Аллах жақындарға әділетті болуы, жақсы істер жасау мен
жомарт болуды бұйырады. Ол зұлымдыққа, заңсыздыққа және көтеріліске тыйым
салады (16 сүре, 90 аят).
Жалпы, жастар арасындағы діни тәрбие, әсіресе қылықты қыздарымыздың, көркем
қыздарымыздың бойындағы қалыптасқан қасиетті мінез-құлық мәселесі жәй ғана айта
алатын сөз емес. Оның астарында ұлт болып ұлысудың, елін сүйген, жерін сүйген
патриотизмнің жатқанын ешқашан ұмытпауымыз керек. Сондықтан да, ұлы Мұхтар
Әуезов айтқандай “ел боламын десең – бесігіңді түзе” деген қағида әр қазақ отбасының
өмірлік кредосына айналуы тиіс.
Еліміздің тұрақты дамуында жастардың үлесі зор екенін ескерсек, сол
жастарымыздың бойында патриотизмге, рухани- келісімге, татулық пен бірлікке деген
қасиеттері еліміздің кемел келешегіне қызмет етуден туындағанын қалар едік. Келісім мен
бірлікті ту еткен еліміз – жүз отыздан астам ұлт өкілдерінің ортақ Отаны, татулығы
22
Қазақ өркениеті / Казахская цивилизация. №2, 2015 ж.
жарасқан «Қазақстан» атты шаңырақтың әлемдік кеңістікке еркін еніп, әрдайым ынтымақ-
бірлікте болуы жастар қолында екенін әркез есте ұстауға тиіспіз. «Тәрбиесіз берілген
білімнің қоғамға қатерлі» екендігі әрқашан да қаперімізде болғай.
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ҚҰРЫЛУЫНЫҢ АЛҒЫШАРТТАРЫ
Бақытжан Сатершинов
ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану
институтыДінтану бөлімінің меңгерушісі,
философия ғылымдарының докторы, доцент
Алмасбек Шағырбаев
ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану
институтыДінтану бөлімінің ғылыми қызметкері
Қазақ халқының мемлекеттілігінің құрылуы еуразиялық көшпенділіктің дағдарысқа
ұшыраған кезеңімен тұспа-тұс келді. Бұл кезең құдіретті Алтын Орданың ыдырап, оның
бұрынғы иелігінде жекелеген дербес ордалар мен хандықтардың түзіліп, тегі бір түркі
халықтарының тарихи қалауларына сәйкес өз алдына отау құрып, этностық құрылымдарға
біріге бастаған дәуірі болатын. «Тарих-и Рашиди» мен өзге жазба деректерге сүйене
отырып, еліміздің тарихындағы ең маңызды кезең және Қазақстан тарихы мен отандық
әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардағы ең өзекті мәселелердің бірі – төл
мемлекеттілігіміздің қайнар көзі саналатын Қазақ хандығының құрылуының мәдени-
тарихи алғышарттарын сипаттауға болады. Жәнібек пен Керей бастаған жұрттың қоныс
аударуы және Керейдің хан сайлануы сияқты тарихи айғақтармен сипатталатын Қазақ
хандығының пайда болу датасы қазақстандық медиевистикада осы уақытқа дейін әртүрлі
пікірлер тудырып келді. Ақырында бұл пікірталасқа нүкте қойылып, биылғы жылыҚазақ
хандығының 550 жылдығын атап өтуіміз ел тарихындағы айшықты парақтардың қатарына
жатқызылатын болады.
Қазақ хандығы құрылуының бірқатар объективті алғышарттары болды. Оның терең
рухани-мәдени алғышарттарын қарастырмас бұрын, бұл мәселеге қатысты XV ғасырдың
ортасына қарай Шығыс Дешті Қыпшақта (көшпелі Әбілқайыр мемлекетінде), Жетісуда
(Моғолстан мемлекеті) және Мәуреннахрда (Темір әулетінің мемлекеті) қалыптасқан
саяси-этностық жағдайға, ондағы династиялық (әулеттік) талас-тартыстар мен руаралық
жанжалдарға терең тарихи талдау қажет.
Алғашқы қазақ хандарының Әбілқайыр ханнан бөлініп ауа көшуінің кейбір
итермелеуші мотивтері жазба деректерде келтіріледі. Мысалы, Мұхамед Хайдар Дулати:
«Ол кезде Дешті Қыпшақта Әбілқайыр хан билік жүргізетін. Ол Жошы тұқымдарынан
шыққан сұлтандарға тыныштық көрсетпеді. Жәнібек хан мен Керей хан одан қашып
Моғолстанға бет алды» [1, 217 б.]. Әбілғазы бахадүр де осыны қостайды. Махмұд бен
Уәли былай деп жазады: «Тұқай-темірдің кейбір ұрпақтары, мысалы, Керей хан мен
Жәнібек хан бағынудан бас тартты. Олар ата-бабаларынан қалған елден безіп,
Моғолстанға жолға шықты» [2, 352 б.]. Бұл сөздерден қазақ хандарының тікелей Дешті
Қыпшақ хандарының ұрпақтары ретінде көрініп, көшу себебі Шығыс Дешті Қыпшақтағы
билік үшін болған әулеттік күрестен туындағаны көрініп тұр.
Бұл күрес Шейбан (Жошының бесінші баласы) мен Тұқай-Темір (Жошының он
үшінші баласы) ұрпақтары арасындағы бақталастық ретінде Алтын Орда ханы Бердібек
тұсында Батудың тармағы үзілген кезеңнен басталады. Шейбан және оның ұрпақтары
Батудың тұсында, кейінірек Өзбек ханның кезінде барлық Жошы тұқымдары қудаланған
тұста ерекше артық жағдайға ие болды. Сондықтан да, Өтеміс-қажының айтуынша, өзбек-
шейбанидтер осы артықшылықтарын есіне алып, мақтанатындығы белгілі [3, 92 б.].
XIVғасырдың екінші жартысында Алтын Орданың дағдарысы кезінде бұл әулеттің
23
Қазақ өркениеті / Казахская цивилизация. №2, 2015 ж.
бірнеше өкілдері Саин тағына таласты. Ал Тұқай-Темір ұрпақтары 1359 жылы Бердібек
хан қайтыс болғаннан соң Жошы ұлысының шығыс қанатында Орда-Ежен әулетін
ығыстырып, билікті қолдарына алды [4, 57-75 бб.]. Бұл дербес мемлекеттің (Ақ Орданың)
соңғы билеушісі Барақ Саин (яғни Алтын Орданың) тағына да отырды. Демек алғашқы
қазақ хандарының арғы тегі Шығыс Дешті Қыпшақтағы билікке бұдан бір ғасыр бұрын
араласа бастаған, сондықтан олардың шейбанидтермен күресі заңды көрінеді. Барақ хан
дүниеден өткеннен кейін осы территорияда өз мемлекетін құрған шейбан әулетінен
шыққан Әбілқайырдың тұсында (1428 – 1468 жж.) Орыс хан ұрпақтарының 1457 жылға
дейін ұстанған позициясы туралы мәлімет жоқ. Жалпы осы дәуірге байланысты жазба
деректер өте аз. Прошейбанидтік бағыттағы Масғұд бен Кухистанидің «Тарих-и Абу-л
Хайр-хани» еңбегінде Әбілқайыр ханға қарсы топтың ішінде бұлардың аты аталмайды.
Бұл кезеңге байланысты ақтаңдақтың орнын халық арасына тараған тарихи аңыз-
әңгімелермен толықтыруға болады. Тарих ғылымында кеңінен қолданылмағанымен
«даланың ауызша тарихнамасы» деген атпен белгіленетін бұл деректемелер тобына Ш.
Уәлихановтың, В.П. Юдиннің, А. Сейдімбектің берген бағалары көпшілікке мәлім.
Қазақтың «Ақжол бидің өлімі», «Қодан тайшының жоқтауы», «Ноғай мен қазақ
айрылысуы» сияқты ортағасырлық тарихи айғақтарды дәлелдейтін аңыздар, сонымен
қатар ноғайлы дәуірі мен онан кейінгі кезеңге қатысты тарихи тұлғалар (әз-Жәнібек, Асан
қайғы, Алаша хан және т.б.) туралы әңгімелер тенденциялық сипатта жазылған жазба
деректермен салыстырғанда шындыққа жақындығымен ерекшеленеді. Аңыз бойынша
руаралық жанжал қара қыпшақ Қобыландының арғын Ақжол биді өлтіріп кетуінен
басталады. Құн сұраған арғынның сұлтаны Жәнібектің талабын жоғары билеуші
Әбілқайыр хан орындамайды. Мұның арты бірқатар тайпаның ноғайлы туысқандарымен
айрылысып, ел-жұртынан ауа көшуімен аяқталады.
Демек, ата-бабадан қалған жұрттан безіп, бөтен елге, Шағатай нәсіліне көшудің бір
себебі Әбілқайыр хандығында бұрынғы қалыптасқан далалық рулық демократиялық
тәртіптің бұзылуымен де түсіндіріледі. Бұл жағдай жазба деректермен де дәлелденеді.
Камал ад-Дин Бинаидің айтуынша «билік жүргізу мен сұлтандықтың жарғысы ескі
тәртіпке сай келмей бұзылды» [5, 99 б.]. Жоғарыда келтірілген «Тарих-и Рашиди» және
«Бахр ал-асрар фи минакиб ал-ахиар» шығармаларынан да осы тәріздес хабарлар
ұшырасады және олардан Әбілқайыр ханның жеке билікке ұмтылғаны аңғарылады.
Хан билігінің беріктігі хан саясатының анағұрлым ірі рулардың мүдделеріне сай
келу-келмеуіне байланысты екендігі көптеген мысалдардан көрінеді. Егер мүдделері сай
келмей немесе құқы төмендетілген жағдайда вассалды рубасылары өзінің жұртымен үдере
көшіп кететін немесе ашық қарсыласатын. Ол уақыттарда «ауып көшу»
бағынбаушылықты білдіретін және көп қолданылатын қарсылықтың формасы болып
табылатын еді. «Қазақ» сөзінің семантикалық мағынасы жөнінде ғылымда алуан түрлі
пікірлердің орын алғанына қарамастан «қазақша өмір кешу» бағынбауды, еркін өмір
сүруді білдіреді деген болжам қабылданған. Ортағасырларда «қазақшылық»
институтының кең таралғаны жазба деректерден мәлім. Мысалы, Тоқтамыстың қазақтары,
Ибақ ханның ноғай қазақтары, шейбанидтік қазақтар және т.б. Яғни Жәнібек пен Керейдің
көші арқылы ғана этникалық мәнге ие болған «қазақ» термині бұған дейін саяси-
әлеуметтік мағынада қолданылған. Сонымен хандықтың құрылуы мен халықтың
қалыптасуы тарихындағы көп нәрсені этнонимнің өзі айқындап тұр.
Енді хандықтың құрылуы мен бекуіне қалыпты ықпал еткен XV ғасырдың орта
тұсындағы Шығыс Дешті Қыпшақ, Жетісу мен Мәуреннахрдағы саяси және мәдени
жағдайларға тоқталайық. Әбілқайыр ханның қырық жыл бойы билік құрғанына
қарамастан көшпелі өзбектер мемлекетінің ішкі саяси жағдайы берік болмады. Алайда
Әбілқайыр хан 1457 жылға дейін өз ішіндегі оппозициялық топтың (Сейтек-хан, Айбақ
хан, Бүреке хан, Мұса, Жаңбыршы, Аббас бектер, Мұстапа хан) әлсіз қарсылықтарын
басып тастап, көрші елдердегі саяси тұрақсыздықты пайдаланып, сыртқы экспансия
арқылы мемлекетінің территориясын едәуір кеңейтті. Ұлықбек әскерін Сығанақ
24
Қазақ өркениеті / Казахская цивилизация. №2, 2015 ж.
ауданында Барақ хан тас-талқан етіп жеңгеннен кейін Мәуреннахр билеушілері ұзақ уақыт
бойы қорғаныс позициясын ұстанып, қырға қарай ешқандай жорық әрекетін ойластырған
жоқ. «Тарих-и Абу-л Хайр-ханида» шейбанидтердің Хорезм мен Сыр бойы қалаларын
алуға толық құқы бар екендігі, сондай-ақ Сұлтан Құсайын мырза, Мұхамед Жөкі мырза
және т.б. тимуридтік «қазақтарды» өзіне паналатып, олардың өзара қырқысында қазы
рөлін атқарғаны баяндалады. Масғұт бен Кухистанидің сөздерінен Әбілқайыр хан Темір
ұрпақтарының патроны, ал олар оның вассалдарына айналды деген идеологиялық мәндегі
ұлыдержавалық ой-пікірді ұғуға болады [6, 149-151 бб.]. Ал, Жәнібек пен Керейді
шағатайлықтардың паналатуына қарағанда Әбілқайыр хандығы мен Моғолстан арасында
одақтық қатынас болмаған. 1457 жылы Көк кесене түбінде (Қызылорда обылысы
Жаңақорған ауданы Қожамберді ауылы) Әбілқайырдың Өз-Темір тайшы бастаған ойрат
әскерінен оңбай жеңілуі мен «қазақтардың» жаппай қоныс аударуы салдарынан бұл
мемлекет көп ұзамай ыдырай бастады.
Мәуреннахрда 1447 жылы Ұлықбек өлтірілгеннен кейінгі Темір ұрпақтары
арасындағы билік үшін күресте Мираншахтан тарайтын Әбу Сейіт мырза 1451 жылы
жеңіске жеткенімен саяси жағдай тұрақтамады. Ақсақ Темірден қалған империяны сақтап
қалу үшін Әбу Сейіт екіжақты соғысуға мәжбүр болды. Шығысында Моғолстан ханы
Есен-бұғаның тонаушылық жорықтарына қарсы өзіне келіп паналаған оның туған ағасы
Жүніс-ханды пайдаланса, өзі батысында Хорасанға көз салған Қара Қойынлы әулетінің
(Әзірбайжандағы батыс оғыздық әулет) билеушісі Шах-Жаханға қарсы соғысты.
Сол сияқты Жетісу мен Қашқарда орналасқан Моғолстанның да саяси жағдайы
бірқалыпты болмады. Моғолстан біріктірген аудандар табиғи-географиялық жағдайы,
экономикасы және тарихи даму барысындағы этногенетикалық және мәдени байланысы
жағынан әркелкі [7] болғандықтан шағатайлық Есен-бұға ханға (1423-1462) билікті ұстап
тұру оңайға түскен жоқ. Бұл ханның қазақтарды «ілтипатпен қабылдап, оларға
мемлекеттің батыс бөлігінен Шу мен Қозыбасы өңірін беруінің» өзіндік себептері болды.
Оған тайпа басылары және әмірлермен қатар, билікке таласқан туған ағасы Жүніс-хан
Темір әулетіне сүйене отырып қарсы шықты. Сондай-ақ XV ғасырдың басынан басталған
Жетісу мен Моғолстанның басқа да аудандарына ойраттардың шабуылы үдей түсті. XV
ғасырдың 50-жылдары билеуші Исан тайшы біріктірген ойраттардың шабуылына
Қашқарда өзара қырқыстармен айналысып жүрген Есен-бұға ешқандай қарсылық көрсете
алмады.
Осындай қиын кезеңдерде көшіп келген қазақтарды ол батыста Жүніс-хан мен Темір
ұрпақтарына қарсы пайдаланбақ болған, шынында 1462 жылы Есен-бұға қайтыс болғанға
дейін батыс өлке тынышталды. Сонымен бірге қазақтарды әскери күш ретінде ойраттарға
да қарсы пайдаланған. Жәнібек қазақты Қашқардағы Шағатай нәсіліне қаратқан соң
«Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда біз қалмаққа не көрсетпедік» [8, 31-33 бб.]
деген халық аузындағы сөз де осыны дәлелдесе керек. Ұлы Абай бұл халық аузындағы
сөзді «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққандығы туралысында» осы кезеңмен
байланыстырады.
Осылайша, Орталық Азиядағы саяси-этникалық процестер шиеленісіп тұрған шақта,
1458 жылы Қазақ хандығының негізі салынып, өзінің этностық ауқымының кеңдігіне орай
дереу күш ала бастады. Жәнібек пен Керейге берілген «қазақ» атауы олардың қол
астындағы халықтың этнониміне айналды және олар иемденген территория Қазақ елі деп
атала бастады.
Алайда бұл тарихи айғақтың орын алуын тарихшылар әртүрлі этностық-саяси
объективті себептермен түсіндіргенімен, оның мәдени астарларына көңіл бөле бермейді.
Біздің пікірінше, «бұл инцидент пісіп-жетіліп тұрған өмірлік бағдар мәселесінің
шешілуіне түрткі ғана болды. Қазақ тарихында аса маңызды орын алатын бұл ауа көшу
прецедентінің орын алуының негізгі себептерінің бірі Алтын орданың күйреуімен
сипатталатын еуразиялық көшпенділіктің жалпы дағдарысы мен батыстық отырықшы
өркениеттің экспансиясы барысындағы «көшпенділік-отырықшылық» баламаларын
25
Қазақ өркениеті / Казахская цивилизация. №2, 2015 ж.
таңдаудан келіп шығады». Қазақ халқының осы қалауы ауыр кезеңде ауа көшіп, жеке отау
құрғанын мәдениеттанушы М.М. Әуезов көшпенді-отырықшы баламаларымен
байланыстырады [9, 53 б.].
Бұл қос өркениеттің қақтығысы шиеленіскен тұста таза көшпенділік өмірқамын
ұстанған қазақтардың мұнан кейінгі дамуы «қилы заманмен» байланысты болды. Бұл
кезеңнің жалпы тенденциялық ерекшеліктерін ноғайлы мен қазақ айрылысуына
байланысты айтылатын халық әндері мен күйлері және XV-XVIII ғасырлар аралығындағы
қазақ жырауларының (Дайырқожа, Қазтуған, Асан қайғы, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет,
Марқасқа, Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей, Бұқар жырау және т.б.) авторлық поэзиясы
арқылы сипаттауға болады. Белгілі зерттеуші Ә. Қодар өз монографиясында ұлттық
әдебиеттің кейбір теориялық мәселелерін қайта қарай отырып, бұл құбылысты
«көшпенділік апокалипсистің жақындауын алдын ала сезген түрік рухының соңғы
серпілісі... софистика мен трагедияның нышандары бар далалық интеллектуализмнің
қияға шырқауы, Ұлы дала сахнасы болған өзіндік көшпелі театр» деп сипаттайды [10, 118
б.].
Бастапқыда дала еркіндігі мен рулық демократияның туын жоғары ұстаушы
апологеттері болған «батыр-жыраулар» поэзиясында ерте түрік және ноғайлы дәуірінен
мұра болып қалған патриотизм мен бірбеткей өрлік өз орнын сақтап қалғанымен, өткенге
деген ностальгиялық сағыныштың, туыс халықтардың тарихи тағдырларының жолайрығы
тұсындағы шарасыздық көңіл-күйдің басым екендігі аңғарылады. Кейінірек, бұрынғы
көзсіз ерлік пен батырлықтың, гедонизмнің (бұл дүниенің қызығымен шаттанудың)
орнына күнделікті күйкі тірлік жырлана бастайды. Әсіресе, терме, толғау жанрлары
түрінде моралистика мен дидактика араласа бастайды. Алайда бұл жырлардың астарында
терең философиялық мән-мағына мен адамгершілік мазмұн бар.
Осылайша, қазақ мәдениетінің дәстүрлі кезеңі «алтын заманнан» «қилы заманды»
бастан кешірді. «Ақырзаман» (қара қытайдың қаптауымен сипатталатын) туралы түсінік
жер жаннаты «Жерұйық» туралы утопиялық арман-аңсарды туғызды. Осы себептерден
қазақтың сөздері, өлеңдері мен әндеріне билік, ерлік, еркіндікпен қатар арман, зар, шер,
қайғы, ойларына уайым араласады [11, 201 б.]. Ұлттық мәдениеттегі осындай қарама-
қайшылықты ерекшеліктерді, қазақы өмір сүру тәртібін, оның салт-дәстүрлері мен әдет-
ғұрыптарынан көрінетін дүниетанымдық және ментальдық ерекшеліктерді «қазақшылық»
деген ұғымға сыйдыруға болады.
Халқымыздың ұлттық дәстүрі бойынша, кісіні сыйлау, құрметтеу, оның кісілігін
үйрену әрбір жастың парызы болып табылады. Үлкен кісінің алдынан қия өтпеу, үлкен
адамға орын беру, оны төрге шығарып құрметтеу, оған сәлем беру, көңіліне қарау –
адамгершілік борыш ретінде қалыптасқан дәстүрлер. Ерлік пен елдік, отаншылдық пен
сүйіспеншілдік, ынтымақ пен бірлік, жан тазалығы мен адал достық – бәрі де ақын-
жырауларымыздың жыраулық поэзиясынан орын алған, осының өзі – болашақ
ұрпақтарыздың бойына бүкіл кісілік асыл қасиеттерді жинақтауға зор көмек беретін бала
тәрбиесінің бастау бұлағы.
Жыраулық поэзияның ірі өкілдері Асан қайғы мен Қазтуғанның, Доспамбет пен
Шалкиіздің, Ақтамберді мен Бұқар жыраудың және т.б. елдік пен ерлікті, азаматтық пен
адамгершілікті жырлаған өршіл өлең-жырлары, туған жер, ата-қоныс, ел тағдыры, өмір
өткелдері мен қоғам жайлы философиялық толғау-тұжырымдары, өткір ойшылдық пен
шешендік өнер өнегелері адамзат атаулыға тән асқақ кісілік идеяны паш етеді. Осы үлгі-
өнеге тұтар, ұрпағымыз мақтанышпен мәңгі естерінде ұстар ақын-жырау,
даналарымыздың әрқайсысының өмір жолдары сол өзі өмір сүрген заман тарихымен
тығыз сабақтастықта жатыр. Жалпы кісілік құндылық болып табылатын: салауаттылық,
инабаттылық, ізеттілік, ар-ұятты болу, қайырымдылық, перзенттік парыз, ата-анаға,
отанға қызмет ету, ұлтын, халқын отанын сүю, қорғау, әдептілік, имандылық, ар-
намыстылық, өнерпаздық, ата-текті қастерлеу, бүкіл адамзаттық адамгершілік қасиеттерді
ардақтау, ерлік деген ұғымдарды тәлім-тәрбиеде кісілік өлшемдердің көрсеткіші деп
26
Қазақ өркениеті / Казахская цивилизация. №2, 2015 ж.
санасақ, адам бойына қуат берер осынау ізгі қасиеттерге баулуда жыраулық позэиядан
аларымыз өте көп.
Тұтастай белгілі бір кезеңдердің қоғамдық-әлеуметтік, тарихи сипатын таныта
алатын дидактикалық-философиялық сарындағы толғаулармен қатар сөз зергерлері
адамгершілік, этика, мораль тақырыптарын да адам өмірінің түрлі жағдайларына қатысты
келістіре жырлап, ел ішінде тәрбиелік міндет атқарып отырғаны байқалады.
Қазақ халқының этномәдениеті мен әлеуметтік жадындағы батырлық рух XVIII ғ.
жоңғарлармен соғыста және XIX ғ. ұлт-азаттық күресте (Махамбет, Шернияз, Нысанбай
және т.б.) қайта көтерілгенімен, Қазақ хандығының Ресей құрамына өтуі нәтижесінде «зар
заман» құбылысы басталады.
Еркіндік пен бодандықтың, дәстүр мен еуропалық метрополиядан енген жаңа
тәртіптердің шегіне жете шиеленісуі Шортанбай Қанайұлы, Дулат Бабатайұлы және
Мұрат Мөңкеұлы сияқты «зар заман» ағымы ақындарының шығармалары арқылы
пайымдалады. Олар XIX ғасырдағы қазақ өміріне тән барлық құбылыстарды сынға алады.
Отаршылықты әшкерелеп, әлеуметтік үйлесімділік уақыты ретінде өткен дәуірді
идеалдандыра отырып, бүгінгі заманның келешегінен де үмітін үзіп, түңіледі. Қазақтар
ата-бабадан қалған рухани құндылықтарын ұмытып, елдің ішін әділетсіздік, арамдық,
өтірік, өсек-аяң, ақымақтық басып кетті, тіпті мал да айдауға көнбей қойды. Көңіл
қуантатын ешнәрсе таппаған зар заман ақындарының кеудесін кернеген кернеген мұң мен
зар әбден күнәға батқан замандастарының құлағына жете қоймайды.
Қазақтың дәстүрлі этномәдениетіндегі индивидуалдық және қауымдық
факторлардың арақатынасын қарастырғанда, оларды органикалық тұтастық немесе
адамдық ынтымақтасудың көшпелілік тәртібі деп анықтауға болады. Хандық дәуірде бұл
тәртіп қазақ қоғамының болмыс бітіміне сәйкес болғанымен, кейінгі трансформацияларда
өзінің үйлесімдіруші функцияларынан айырылып қалды. Өйткені, XVIII ғасырдан бастап
қазақтың әлеуметтік мәдениеті ішкі қисындылықтан гөрі сыртқы әсерлер ықпалымен
түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Бұл әсерлер (Ресей отаршылдылығы, Қытай мен Орта
Азия мемлекеттерінің экспансиясы, жоңғар шапқыншылығы) қазақтың әлеуметтік
мәдениетін шайқалтып жіберді.
Атамекеннің тарылуы қазақтың кісілік негіздерін шайқалтатын, жаугершілік пен
отаршылық әсерінен өрістеген теріс қылықтардың көбеюіне әкелді. Біз бұл жерде
бодандық психологиядан тарайтын жасқаншақтық, үрей, жағымпаздық, ұлт мүддесін сату
сияқты құбылыстарды айтып отырмыз. Қауымшыл кісінің (ынтымақтастық құндылығы
мағынасында) орнын «пысық» пен «масыл» басты.
Сонымен, қорыта айтқанда,тәуелсіздікпен сипатталатынұлттық идеяның астарлары
ұлттық болмыстың кескінін бейнелейтін ұлттық тарихи өзіндік сананың қойнауында
жасырынған және дәстүрлі қазақ қоғамындағы осындай ұлтты ұйыстырушы идеялардың
ізін халқымыздың философиялық және әлеуметтік-саяси ойының тарихынан табуға
болады. Сонау ертетүркі және түркі дәуірлерінен бергі қазақ мемлекеттілігі кезеңдерін
қамтыған ел мен жердің бірлігін білдіретін «Атамекен», «Өтікен», «Ергенеқон», «Жиделі-
Байсын», «Қайырымды қала», «Еділ мен Жайық», «Жерұйық» идеялары мен «еділшілдік»,
«тұраншылдық», «түркішілдік», «оғызшылдық», «шыңғысшылдық», «ноғайшылдық»,
«түркістаншылдық», «Алаш», «Қазақ» идеологияларынан қазақ даласындағы тарихи
сананың эволюциясын байқауға болады. Ал кейінгі отаршылдық пен тоталитаризм
дәуірінде алдыңғы қатарға азаттық, еркіндік, тәуелсіздік мәселелерінің тікелей өзі
шығады. Осылайша, бүгінгі тәуелсіздік жылдары Қазақ елі әлемдік қауымдастық
қатарынан өзіне лайықты орын алып, ендігі бағдарын «Мәңгілік елге» қарай бағыттауда.
Достарыңызбен бөлісу: |