Балашық – қысқа керегелік желі.
Өріс – үзын керегелік желі.
Жетім бас – жалғас керілген керегенің шеткі басына айқасатын керегенің сыңар басы.
Ыру – кереге басына, уық иініне жүргізілген сай сызықтар.
Сыздық– керегенің жоғары бас бөлігіне әдемілік және үзіктен, туырлықтан өткен жаңбыр суының бір ізбен ағуы үшін жүргізілген жол-жол жіңішке сызық өрнектер.
Кереге жосалау – керегенің көктеліп құрастырылған шыбықтарын бояу. Әдеттекереге қызыл сырмен боялады.
Киіз үйдің ауқымы (көлемі) қанат не кереге басының санымен өлшенеді.
Уық – шаңырақ пен кереге басын қосатын, ұзындығы 2-2,5 метр, үшы сүйір, түп жағы имек сырық. Тұтас бір ағаштан жасалғанмен, үш бөлікті атауы бар.
Уықтың басы– уық бау тағылып, керегеге бекітілетін түп жағы.
Уықтың иіні немесе уықтың қары – бау тағылатын жағындағы 46-60 градустік иін. Қарнау деп те аталады.
Уықтың қаламы– уықтың ұшы, шаңырақ көздеріне – қаламдығына енетін сүйір бөлігі.
Босаға – төрт бұрышты, жалпақтығы 10-15 сантиметрдей, берік ағаштан жасалған, керегеден сәл биік, оң және сол босаға атанатын есіктің екі таяныш жақтауы.
Табалдырық (табан тұрық, табан ілдірік) – екі таяныштың аяғын көлденең бекітіп тұратын, жалпақтау қалың тақтайдан жасалған жабдық. Таяныштың төменгі жағы қалақшаланып, табалдырықтың арнайы қашалған ойықтарына сұғындырылады. Маңдайша – екі босаға жақтаудың – таяныштың жоғарғы бастарын бір-бірімен жалғап тұратын әшекейлі көлденең тақтайша. Ұзындығы табалдырықпен бірдей болғанмен, одан сәл жіңішке. Үстіңгі қырында бес-алты уық шаншылар ұя қашалған. Сықырлауық қиылысатын ыра (ырын) жасалған шұңқыр ернеуі тесіледі.
Сықырлауық – киіз үйдің өте әшекейленіп жасалатын, ортасынан ашылып, жабылатын жарма есігі.
Иткірмес – киіз үйдің ағаш есігі, ергенек.
Бақан – киіз үйдің шаңырағы мен түндігін көтеруге арналған бір басы ашалы сырық. Ұзындығы 3-4 метр.