Күйеу қазық – үй сыртында, іргесінде жел арқан байланатын қазық.
Алабақан – үй ішіне көлденең қойылатын сырық.
Ісіріп – үйдің іргесі.
2. Киіз үйдің киіздері– түндік, үзік, дөдеге, туырлық, ірге киіз, киіз есік, уыққап. Түндік – шаңырақтың төрт бұрышты, төрт баулы жабыны. Үйге жарық берер, ауасын желдетіп тазартар, сондай-ақ жауын-шашыннан қорғар жабдық.
Үзік – туырлықтың жоғарғы жағынан, кереге басы мен уықтар байлауы тұсынан бастап шаңыраққа дейін жеткізіле жабылатын, толмаған Ай бейнелес пішілген екі бөлек үлкен киіз.
Жабық – үзік етегінің туырлықты баса жабылған тұсы.
Дөдеге– сән үшін үзіктің етегін айналдыра бөлек-бөлек бастырған өрнекті, алақандай жапсырма киіз.
Туырлық – үзіктің етегін ала жабылатын қалың киіз. Екі түрлі. Бірі – уықтың орта беліне дейін жететін жай туырлық. Екіншісі – шаңыраққа дейін жететін көтерме туырлық.
Жапсар– туырлықтардың өзара жалғасқан шегі.
Ірге киіз – туырлықтың жерге жетпеген етегінен керегенің аяғына дейін үйді айналдыра орай тартылған, баулар арқылы кереге шыбықтарына іліне байланған, ені бір метрдей киіз. Іргесі түріліп үй ауасы тазартылады.
Киіз есік– жоғарғы жағы үш бұрышты, төменгі жағы төрт бұрышты үзынша жабын. Түрмелі киіз есік деп те аталады.
Ергенек – үй есігінің алдына қоятын тосқауыл, есік бастырғыш.
Белдік ағаш– есіктің үй белдеуіне дәл келетін тұсының, іш жағына көлденең жапсырылған жұқа, енсіз тақтайша.
Уыққап – көшкенде тасымал кезінде сынбас үшін біріктіріліп, буылған уықтардың басына кигізілетін киіз не кенеп қап. Сыптығыр(көне атауы).
Ішкі көшкі – шаншылған уықтардың ішкі бетін саба, айнала ұсталған түрлі түсті әдемі мата.
Сыртқы көшкі – үзік пен туырлықтың үстіне жабылатын ақ мата.
3. Киіз үйдің бау-шуы ағаш жабдықтарды бір-біріне жалғастырып байлау және сәндік үшін қолданылады. Қой, түйе жүндерінен, жылқының қылынан есіліп тағылады.
Басқұр – киіз үйдің ішін безендіретін және уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан орай бастырып таңатын өрнекті жалпақ бау. Ұзындығы киіз үйді ішінен айналдыра орап шығардай, ені 20-30 см.