Байланысты: антология- Тіл білімінің негізгі мәселелері (1)
1.2 Қазақ тіліндегі МЛ-ның түркі тілдер жүйесінде жаңғыртылуы. Қазақ тілінің қазіргі өркениетіміз бен мәдениетіміздің және ұлтымыздың қалыптасуында негізгі ұйыстырушы, ұйытқы болғандығы белгілі. Қазіргі қазақ тілінің қалыптасу тарихын, даму жолдарын зерделеу – тек тілді зерттеу тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге ұлттық, мемлекеттік, жалпы азаматтық міндет, парыз болуымен қатар, тарих пен мәдениетіміздің өткен жолын танып, таразылап келешектегі даму бағдарларын анықтауға септігін тигізер мүдделі қажеттілік. Осымен байланысты бабаларымыздың өткен тарихтағы асыл мұраларын танып білуге қатысты іс-шараларының нәтижесінде ескі қазақ тілінің жазба үлгілерін игерудің, жоғын іздестіріп ғылыми айналысқа тарту ісінің маңызы өте зор. Өкінішке орай, ескі қазақ жазба тілінің ХV-XVII ғасырлардағы жай-күйін танытатын жазба нұсқалардың көпшілігі бізге жетпеген, ал басым бөлігі түрлі объективті, ішінара субъективті жағдайларға байланысты шетелдік мұражайлар мен кітапханалар қорында жатыр.
Осы кезеңдегі тіл тарихын зерттеушілер қазақ хандығы өз алдына шаңырақ көтерген қазақ мемлекеттігінің хандық жүйесі тұсындағы тарихи жазба мұралардың көпшілігі толық сақталмай, келешек ұрпаққа көбі жетпей қалғанын атап көрсетеді. Түркі тайпалары тілінің көнелік белгілері, ерекшеліктері V-VIIІ ғасырлардағы Орхон-Енисей, одан кейінгі көне түркі, ұйғыр, араб жазулы және т.б. жазба ескерткіштерде сақталғаны белгілі. Әсіресе, «шағатай тілінде орындалған» деп танылып жүрген жазба ескерткіштер – көптеген түркі тілдес халықтарға ортақ тіл. Сондықтан қазақ ру-тайпалары дербес мемлекет құрып, өмір сүре бастаған ХV-XVI ғасырларда төл жазба дүниелердің қажеттілігі туды. Ол тілдік нұсқалар – хан жарлықтары, хан-сұлтандарының өзге елдермен қарым-қатынас жасау саласындағы құжаттары, жеке ірі тұлғалардың немесе әулеттердің кейінгі ұрпақтарына ата-бабаларын танытатын шежірелер.
Орта ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ тілінің жай-күйіне, тілдік ерекшеліктеріне тілші ғалымдар, мәдениет, қоғам қайраткерлері үнемі назар салып, түрлі жанрларда орындалған ізденіс жұмыстарына арқау етіп келеді. Осы бағытта зерттеулер жүргізіп, келелі пікірлерін, тұжырымдарын ұсынған Ш.Уәлихановтың, А.Байтұрсынұлының, М.Тынышпаевтың, Қ.Жұбановтың, Н.Сауранбаевтың, Ә.Марғұланның, Б.Кенжебаевтың, С.Аманжоловтың, Р.Сыздықованың, Ә.Қайдардың, Ә.Құрышжанұлының, Б.Әбілқасымовтың, Ә.Ибатовтың, М.Сабырдың, Е.Өмірбаевтың т.б. еңбектерін атап өтуге болады.
Жеке тілдердің даму кезеңінің келесі саты сайын өзіндік ерекшеліктері күшейіп отыратынына қарамастан, түркі тілдері өзінің ұзақ даму барысында ортақ лексика қорын сақтап қалды. Өзіндік дамудың күшейе түскен ішкі және сыртқы заңдылықтарының әсерінен әрбір түркі тілі (соның бірі – қазақ тілі, Ж.М.) бірте-бірте өзіне ғана тән сипатқа ие бола бастайды. Ол қасиеттердің кейбіреуі тілдердің бір тобына ортақ болса, екінші бір топ тілдерден осы қасиеттерімен ерекшеленеді.
Қазақ тілінің қалыптасуына қатысты ұзақ уақыт бойы қыпшақтардың бірігуінен туған лексикалық ортақтық пен айырмашылықтарды анықтаудың мәні ерекше.