ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІ
А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ТІЛ БІЛІМІ ИНСТИТУТЫ
Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері
МАНКЕЕВА
Жамал Айтқалиқызы
КІРІСПЕ
Түркі тілдерінде қосымша морфема жалғанбаған түбір сөздердің табиғатын зерттеу бірқатар түркітанушы ғалымдардың назарын аударғаны белгілі. Себебі бүкіл лексикалық қордың өзегін құрайтын, бойында сан ғасырлық тарихи даму жолын сақтап қалған және оны тұтынушы халықтың материалдық, рухани мәдениетіндегі ерекшеліктерді бейнелейтін бұл түбірлердің түп негізінде жатқан басы ашылмаған лингвистикалық тылсым дүниелер аз емес. Соның ішінде түркі тілдеріндегі етістік түбірінің түрлі аспектілері, фонетикалық, морфологиялық, семантикалық ерекшеліктерінің бірқатары кеңес дәуіріндегі түркітанушы ғалымдардың еңбектерінде ғылыми зерттеу нысанына айналды.
Көрсетілген проблемалар бойынша жарияланған зерттеулер мен ғылыми мақалалардың көптігі бір жағынан түбір құрылымын зерттеудің теориялық, практикалық тұрғыдан өзектілігін айғақтаса, екінші жағынан, бұл мәселенің аса күрделілігін де көрсетеді. Соның негізінде кейде бір-бірін жоққа шығаратын үрдістер де туындайды.
Солардың ішінде етістік және есім түбірлердің құрылымын, даму, динамикасын әрқашанда ғалымдардың ерекше назарын аударды. Әр түрлі кезеңдерде бұл мәселелермен айналысқан көрнекті түркітанушы ғалымдар: Г:Вамбери, А.Л.Котвич, В.В.Радлов, Г.Рамстедт, Э.В.Севортян, Н.К.Дмитриев, А.Н.Кононов, И.А.Батманов, Б.М.Юнусалиев, М.А.Баскаков, Э.Р.Тенишев, Б.А. Серебренников, А.М.Щербак, Ә.Т.Қайдаров, Б.О.Орузбаева, В.В.Попов, Н.И.Букетова, А.Г.Шайхулов т.б.
Солардың қатарында қазақ тілі деректері негізінде тікелей түбір мәселесін зерттеген ғалымдар: Ә.Т.Қайдаров, А.И.Ысқақов, А.Қалыбаева, М.Томанов, А.Ибатов, К.Ш.Хұсайынов, Е.Қажыбеков, Б.Сағындықұлы, А.Салқынбай, Ж.Тектіғұл, М.Ескеева т.б.
Қазақ тілші ғалымдары да өз зерттеулерінде түркі лексикасының түбір құрылымы, түбірдің одан ары қарай жіктелмейтін сөз бөлшегі ретіндегі дәрежесі, қолданылу аясы, белгілі бір мағына (қимылдық, әсіресе синкретті етістікті-есімді түбірлер) білдіретіні немесе этимологиялық күңгірт мәнде болатыны жөнінде тұжырымдар жасады. Соның нәтижесінде ғалымдар бірбуынды түбірлер құрылымының бірнеше түрлері (V, VС, СV, СVС, СVСС) болатынын мойындап, соның ішінде түркі тілдерінің қазіргі дамуы кезеңінде СVС типіндегі түбірлер басымдылыққа ие екенін анықтады.
Дегенмен, аталмыш мәселенің өз деңгейінде зерттелгеніне қарамастан, түркі түбірлерінің тілдік табиғатында әлі де болса айқындалмаған, нақтыланбаған мәселелер баршылық. Нақты айтқанда, ғылыми қолданыста түркі тілдері агглютинативтік құрылымының тарихи дамуының әрбір кезеңіндегі түбірлердің құрылымы мен жалпы болмысы әлі де болса біржақты түсіндірілмей отыр. Диахрондық тұрғыдан алғанда жіктелмейтін лексема деп саналатын түркі түбірлерінің дәрежесін айқындайтын анықтамалар тек жорамал сипатқа ие.
Себебі, нақты бір түркі тіліне қатысты немесе сол кезеңдегі оның агглютинативті даму деңгейіне қатысты салыстырмалы-тарихи зерттеулер жүргізгенде түркі лексемаларының туынды (өнімді) немесе түбірлік тілдік ерекшелігі шартты түрде ғана анықталады.
Осыған орай жекелеген түркі тілдерінің материалына этимологиялық талдау жасау жалпытүркілік сипаттағы тұырымдарды дәйектеуге көмектесер еді.
Бұған қоса, түркі түбірлерінің дамуына синхрондық аспектіде талдау жасап, анықтама беру оның тарихи табиғатын толыққанды анықтай алмайды. Сондай-ақ түбірлердің құрамдық элементтерге жіктелуі/жіктелмеуі туралы мәселені де шеше алмайды.
Осыған орай, қазіргі түркі тілдерінің біршама деректеріне ғана сүйеніп, негізгі және перифериялық лексиканы кең ауқымда қарастыруды ескере бермейтін жеке ғалымдардың тұжырымдамаларын екі және көпбуынды негізгі түбірлердің жіктелу/жіктелмеу мүмкіндіктерін анықтауда шешуші анықтама-тұжырым деп атауға болмайды. Осыған байланысты кейбір зерттеулер қазіргі түркі тілдеріндегі тек екі немесе үшбуынды түбірлер ғана емес, сондай-ақ бірбуынды түбірлер де бір кезде жеке морфологиялық элементтер болып, кейінгі сан ғасырлық агглютинативтік даму кезеңдерінен өткен өнім ретінде өзінің бойында фонетикалық, морфологиялық, семантикалық заңдылықтарды сақтай отырып, тұтас бірлікке айналған, қазір құрамдас бөлшектерге жіктелмейтіндігін дәлелдеп отыр.
Осымен байланысты «жалпытүркілік тектілден (протоязык) өрбіп, өзара тоғысу, қайта ыдырау тәрізді тілдік үдерістерді бірнеше мәрте басынан өткізген, өзіндік ерекшеліктерімен, бітім-болмысымен сараланатын, сан ғасырлық дербес даму жолынан өтсе де, жалпытүркілік табиғатын сақтап келе жатқан, қазіргі түркі тілдерінің қалыптасу ерекшеліктерін, өзара туыстық деңгейін анықтауға арқау болып отырған құнды тілдік дерек VII-IX ғасырлардан жеткен көне түркі ескерткішткерінің тілі»1 деген бағаның қазіргі тілде көбіне түбір болып саналатын, бірақ тарихи туынды екібуынды түбірлерге де тікелей қатысы бар.
Тілдің осындай даму сатыларынан өткенін ескере отырып, түбір теориясына динамикалық тұрғыдан зерттеу жасауға болатыны байқалады. Осындай көзқарасқа сәйкес, түбір онтологиялық деңгейдегі бірлік ретінде үнемі өзгерістерге ұшырап отырады, соның нәтижесінде белгілі бір хронологиялық деңгейдегі түбірдің жалғыз ғана моделінің ататілде қолданылу мүмкіндігін жояды. Бұдан шығатын қорытынды, түркітануда анықталған түбір құрылымдарының (СV, VС, СVС және т.б.) әртүрлі хронологиялық деңгейі тек бір ғана модельге негізделмейді деген сөз.
Осымен байланысты көптеген күрделі мәселелердің күрмеуін шешудің тетігі тек тілдің бір саласы негізінде ашылмайтынын қазіргі кешенді тіл білімінің деңгейі көрсетіп отыр. Атап айтқанда, қалыптасқан ғылыми көзқарастар тұрғысынан тарихи фонетикалық заңдылықтар тұрғысынан түсіндіріп келген көптеген морфемалық құрылымда кездесетін ығысу, жылысу, т.б құбылыстардың ерекшелігі мен сырлары қазіргі тіл білімінде екі сала (морфология мен фонетика) тоғысында қалыптасқан морфонологияда қарастырылады.2
Қазіргі түркітануда қалыптасқан тіл онтологиясының күрделілігі тілдік құрылымның аясында кейбір қайшылықтардың із қалдыруымен сипатталады. Мұндай белгілер бір буынды түбірлердің тарихи эволюциясына да қатысты. Орхон, Енисей, Талас ескерткіштер тіліндегі бір буынды түбір-негіздердің құрылымын бейнелейтін V CV, VC, CVC, CVCC, VCC модельдерінің қазіргі қазақ тіліндегі тұрақтылық сапасы мен өзгермелі сапасының деңгейі әр түрлі. Бұл модельдердің тұлғалық-мағыналық белгілерін сол күйінде сақтаса, енді бір тұлғасын сақтап, мағыналық өзгерістерге ұшыраған, мағынасын өзгертпей, тұлғалық ауытқуларға ұшыраған. Мұндай құбылыстардың қалыптасуының лингвистикалық экстралингвистикалық жүйелі себептерін қазіргі тіл ғылымындағы заңдылықтың аясында анықтауға келмейді. Алғашқы моносиллабтардың CV моделініңбірнеше нұсқалары болғанмен, лингвоэволюциялық процесте ортақ идеямен дефинициялық белгілердің негізінде морфо-семантикалық қалыптасады. Сондықтан V және CV модельді түбрлес моносиллабтарды бір ғана тұлғада реконструкциялау нәтиже бермейді, олардың архитұлғасы мен архисемасы кешенді сипатты бейнелейді. Ал, келесі тарихи даму кезеңінде моносиллабтардың VC, VCC, CVC, CVCC модельдерінде нақтылау үрдісі байқалады.
Тіл білімінде фоно-семантикалық құбылыс, идеофондық сапа, фонетикалық сөзжасам тәсілі, ішкі флексия, жасырын синкретизм, рекликт түбір, “өлі” түбір деп қарастырылып жүрген гомогенді түбір-негіздердің бастапқы жалпы тұрпаты мен мазмұны бірдей моносиллабтарда ғана емес, дисиллабтар құрамынан да ажырату қиын, бірақ бірбуынды көне тұлғалар ретінде қарастыруға теориялық негіз бар. Зерттеулерде CVC бірбуынды сөздердің соңғы дыбыстарының тарихи тұрғыдан алмасуы соңғы дыбыстарының жаңа мағына тудырушы қосымша – модификаторлық сипатымен түсіндірілсе, VC, CVC модельдердің анлаут, инлаут позицицясындағы сәйкестіктер ішкі флексия құбылысының іздері ретінде қарастырылады.
Бұл ғылыми нәтижелер – академик Ә.Қайдаровтың түбір құрылымына ықпал еткен фактор ретінде атап көрсеткен мәселелердің арнайы бір жүйеге түсіріліп зерттелуінің айғағы. Сонымен бірге ол көптеген екібуынды етістіктердің құрамында кірігіп кеткен түбірлердің құрылымын анықтауда да тиімді болмақ.
Бұл нәтижелер зерттеушілердің қызығушылығын тудырған екі немесе бірбуынды түбірлер де көпбуынды түркі туынды түбірлері сияқты диахрондық тұрғыдан алғанда белгілі бір дәрежеде морфемалық бөліктерге жіктеуге келеді деген болжам ұсынуға негіз болды. Демек, келе-келе түбір мен аффикстің жіктелу қасиеттері жойылып, тірі аффикс уақыт өте келе аморфты түбірге айналып, жаңа мәнге ие болады. Мұны В.В.Радлов гиперагглютинация деп атайды. Бірбуынды түбірлердің түркі тілдерінің осындай құбылыстарға ұшырайтынын фузияға қатысты А.Н.Кононов та көрсеткен болатын.3
Екібуынды түбірлер түркі тілдеріндегі бірбуынды түбірлермен салыстырғанда этимологиялық морфемалық жіктелуге бейім келеді. Түркітанушылардың дені түркі тіліндегі екібуынды негізгі түбірлердің құрамды құрылымына (монолитіне) нақты сипаттама береді. Мысалы, Н.А.Баскаков екібуынды етістікті түбірлерді (императивтерді) былайша түсіндіреді: «Алғашқы етістікті түбірлерден басқа етістік мағынасында сөзжасамдық тұлғаны танытатын етістікті негіз-түбірлер бар. Бұл түбірлер туыстығы жағынан алғашқы түбір мен сөз тудыратын аффикстің тіркесуінен туындайды, бірақ қазіргі тілде олар туынды түбір емес, жіктелмейтін, алғашқы қарапайым негіздер деп саналады. Мысалы, ай+ыр».4
Нақ осындай мәселелер жалпы түркі түбірлерінің тарихи дәрежесін анықтауда және бір немесе екібуынды түбірлердің фономорфемалық құрылымын анықтауда өзекті мәселе ретінде алға қойылады. Осыған байланысты О.Бетлинг пен П.М. Мелиоранскийлер ұсынған бір немесе екі буынды етістік түбірлеріне берілген дәстүрлі бағаны ескере отырып, етістіктің негізгі және маңызды тұлғасы деп императив тұлғаны қабылдауға болады, яғни қимыл-қозғалыстың, әрекеттің жалпы мағынасын білдіретін жекеше тұлғадағы, бұйрық райдың екінші жақты тұлғасындағы етістікті атауға болады.5 Екінші жағынан, бұл тұлғаның тек түркі тілдеріне ғана емес, басқа да әлем тілдеріне тән негізгі және маңызды тұлға болып саналатыны6 және сол тұлғалардың морфологиялық бүтіндігін сақтап, одан әрі жітелмейтін қасиеті түркітанушы ғалымдардың осы бағыттағы ізденістеріне тосқауыл болды. Бұған қарамастан кейбір белгілі түркітанушы ғалымдар түркі түбірлеріне морфемалық талдау жасау негізіндегі екі немесе одан да көп буындардан құралған негізгі түбірлердің бірнеше құранды мүшелерге, көнеленген, этимологиялық күңгірттенген бірінші немесе екінші жасалымдағы өлі түбірлерге жіктелетінін атап көрсетеді. Сондықтан негізгі талданатын бірлік ретінде императив тұлғада қолданылатын дербес етістік-негіздер алынады. Олардың құрамындағы қазіргіе ажыратуға келмейтін этимологиясы көмескі моносиллабтар («өлі» түбірлер) түбірдің динамикалық дамуын бейнелейді.
Туынды негіздердің құрамынан аталмыш түбірлердің жіктелу (мүшелену) мүмкіндігі туралы Э.В.Севортян былай дейді: «Бұл өлі түбірлер әрқайсысы белгілі бір, көбінесе түбір сипатты негізден тарайтын гомогенді бірлестіктің құрамына енеді».7
Соңғы жылдары тіл біліміндегі тіл бірліктерінің танымдық тұрғыдан зерделеу мәселесінің жандана бастауына орай мазмұн мен мағынаға ерекше мән беріліп, сыртқы тұлғадағы өзгерістердің мазмұнымен сабақтастығы кей жағдайда назардан тыс қалып жатады. Шын мәнінде, қазіргі түркі тілдерінің көне түркілік сипатпен тікелей сабақтастығы гомогенді түбірлер мен түбір негіздер тұлғасының мазмұнын архитұлға мен архисемамен біртұтастықта қарағанда ғана ажыратылады. Түркітануда, соның ішінде қазақ тіл білімінде мұндай кешенді сипаттағы зерттеулердің бар екені белгілі. Атап айтсақ, олар: қазақ тілінің кең көлімді тілдік деректеріне сүйене отырып, моносилабтардың фоно-морфосемантикалық құрылымының ортақ, бастапқы сипатын анықтаған академик Ә.Қайдаровтың «Структуры односложных корней и основ в казахском языке» (Алма-Ата, 1986) атты монографиясы, түркі түбірлерінің архетиптік құрылымының көрінісіндегі синкретті семантикасын етістік-есімдік гомогенді түбірлердің сабақтастығы деп қарастырған Е.З.Қажыбековтің «Глагольно-именная корреляция гомогенных корней в тюркских языках» (Алма-Ата, 1986) атты монографиясы т.б. Ортақ түркілік негізден тараған түбірдің әртүрлі құрылымдарын дәйектейтін этимологиялық сөздіктер де түркітануда осы бағыттағы зерттеулерде аталады: Vambery H.Etymologische Worterbuch der turko-tatarischen sprachen. Leipzig, 1878;Rasanen M.Versuch eines etimologischen Worterbuchs der turkshrashen. Helsinki, 1969; Сlauson G.An etymological dictionary of pretirteenth-century Turkisch. L .,1972; Севортян Э.В. Этимологический словарь тюркских языков. 1 т. М, 1974, т.б. Осы қатарға белгілі түркітанушы В.И.Аслановтың пікірінше акад.Ә.Қайдаровтың жоғарыда көрсетілген монографиясына берілген қосымша сөздікті де жатқызуға болады.
Жоғарыда айтылғандарды сараптай келгенде, морфемалық талдау жасау арқылы нақты бір түркі тіліндегі түбірдің тілдік табиғатын зерттеу сол тілдегі қалыптасқан сөзжасамдық модель жүйесіне сәйкес жүргізілуі тиіс. (Бұл мәселе кейінгі тарауларда арнайы қарастырылады).
Қазіргі қазақ тіліндегі екібуынды етістікті негіз-императивтерге морфемалық талдау жүргізудің мақсаты – олардың құрамындағы жұмсалымдық тұрғыдан жеке алғанда түбір негіз бола алатын және осындай жекелік негізден айырылған бір буынды туынды морфемалардың жіктелуін анықтау және оның теориялық, практикалық өзектілігін моносиллабтық лексемалардың диахрондық дәрежесін анықтайтын жалпытүркітану мәселелерімен тығыз байланыста қарастыру.
Аталған мақсатқа орай, зерттеудің нысаны ретінде қазақ тілінде 30-дан аса сөзжасамдық модельде кездесетін 1000-нан аса бірлік құрамында көрініс табатын екібуынды етістікті түбір-негіздер алынды. Себебі, морфемалық жіктелу нәтижесінде пайда болатын туынды моносиллабтық морфемалардың саны жеке тұрып мағына білдіре алмайтын лексемалар екен, олар әртүрлі себептерге байланысты өзінің этимологиялық мәнінен айрылған. Олай болса, оның себебін анықтау үшін осындай тілдік элементтер мен олардың фонетикалық, морфологиялық, семантикалық сипаттамаларының тарихи сөзжасамдық негізін дәйектеудің мәні ерекше.
Осы бағыттағы зерттеулерде қарастырылатын моносиллабтар мен диссилабтардың архетиптерінің көрінісі көбінесе көнетүркі ескерткіштері тілінде сақталған. Академик Ә.Қайдардың осы тектес түбірлердің фоно-морфо-семантикалық құрылымының архитұлғасын табуда ұсынған “індете зерттеу” әдісіне сәйкес Орхон, Енисей, Талас ескерткіштерінің тіліндегі моносиллабтарды қазіргі қыпшақ тілдеріндегі нұсқаларымен салыстыра отырып, сабақтастығын фонокорреляттар негізінде қарастырған М.Ескееваның зерттеуі түбіртану деңгейін ғылыми да, деректік те дәйектелген жаңа сапаға көтерді.8
Мысалы, Мойун-Чор ескерткіші тілінде қолданылған Jar (is) «жазық» сөзімен қазіргі қыпшақ тілдеріндегі жай//жаз, жаз, жазық, жайдақ т.б. төркіндес болуы мүмкін.9
Осы арада көнетүркілік жәдігерлерді зерттеуде оның мазмұнындағы түркі жұртының ұлттық-мәдени, тарихи-әлеуметтік негіздегі тұтастығын бейнелейтін тілдік мұра ретінде жаңа ғылыми парадигмада қарастырыла бастағанын да атап өткен жөн.10 Ежелгі түркілердің санасы репрезенттелген тілдік деректерді когнитивтік жүйеде қарау әсіресе ескертікштер тіліндегі түбірлердің семантикалық құрылымына жаңғыртуда мәні ерекше.
Осыған сәйкес зерттеудің басты мақсаты мен міндеттері мынадай:
- тілде қалыптасқан барлық екібуынды императив-етістіктерді (ИЕ) тудыратын модельдердің ішкі жіктелімін жасау және оларды жинақтау;
- олардың туынды негіз бойынша және сөзжасамдық формант бойынша түрлерін сипаттау;
- туынды морфемалардың құрамын анықтау;
- туынды түбір мен негіз мағыналарының семантикалық күңгірттену себептері мен факторларын белгілеу, сондай-ақ олардың өлі түбірге айналу тетігін анықтау;
- өлі түбірлерді салыстырмалы-тарихи зерттеу әдістерінің көмегімен бастапқы түпкі тұлғасын қайта қалпына келтіру мақсатымен этимологиялық жағынан жаңғыртуға ұмтылу;
- өлі түбірлер мен негіздердің құрылымдық типтерін анықтау, яғни оларды тіларалық және тілішілік варианттарға жіктеу.
Жүргізілген талдаулардың нәтижесі қазіргі тілде жеке дара тұрып қолданыла беретін (бар-, кел -, бас- ) түбірлерді ғана негізгі түбір деп атап қоймай, сондай-ақ бастапқы жеке даралық мағынасын жоғалтып, күңгірт мағынаға ие болған (*ит-, *ал-, *ай- т.б.) тұлғаларды да түбір деп атауға болатына көз жеткізеді.
Барлық түбірлерді қазақ тіл біліміндегі қалыптасқан етістікті императив түбірлердің жіктеліміне сүйене отырып, дараланған және дараланбаған (өлі) түбірлер деп ажыратып көрсетуге болады.11
Егер бірінші топқа белгілі бір дәрежеде мағынасы күңгірттенген өлі түбірлер жатса, екінші топқа – негізгі лексикалық қорды құрайтын тірі дараланған түбірлер жатады.
Мысалы, Ахмет Йүгінекидің шығармасындағы uz сөзі жеке тұрып «біреудің артынан жүру», «еру» мағынасында қолданылады (ДТС, С.620). Қазақ тілінде аталмыш лексема ұза= «ұзап кету» мағынасында қолданылады. Дегенмен де алдыңғы тұлға да, соңғы тұлға да түбір сөз болып саналады, Олардың айырмашылығы – біріншісі *ұз- түбірі өзінің дербес бола алмағандығынан өлі түбір деп танылады, ал ұза- түбірі – тірі түбір деп танылады, дей тұрғанмен бұл түбір алғашқы туынды түбір арқылы бірнеше екінші туынды түбірлердің жасалуына негіз болып отыр: ұзар- «ұзару», ұзат- «алшақтау», «шығарып салу», ұзақ- «ұзаққа кету», т.б. Осыған ұқсас «бұрылу», «қайту», «кері бұрылу» мағынасындағы qai тұлғасы көне түркі ескерткіштерінде және қазіргі чуваш тілдерінде жек сөз ретінде қолданылады. Қазақ тілінде аталмыш негіз қайт- тұлғасында көрініс табады. Жеке тұрып мағынаға ие болуы жағынан *қай- түбірі өлі түбір деп саналады. Ал қайт- «оралу» түбірі – бірінші туынды түбір болып табылады. Осы арада мына жайды атап өту орынды: қайт- тұлғасы негізгі түбір деп танылады, себебі, жаңа сөздердің туындауына ұйытқы болады: қайта, қайтала, қайтар- т.б.
Түркі тілдерінде түбірлердің тағы бір ерекшеліктері анықталды: бір тілдегі өлі түбірлер басқа тілдерде тірі түбір болуы әбден мүмкін. Мысалы, қазақ тіліндегі жылжы- , жылыс- сөздерінің құрамындағы *жыл- тұлғасы өлі түбір деп танылады, ал осыған ұқсас якут тіліндегі сыыл-, қырғыз тіліндегі жыл-, алтай тіліндегі чыл-, татар тіліндегі шыл- түбірлері тірі түбір деп саналады. Сондықтан әрбір тілдегі түбір мен одан туындайтын тұлғалардың шегін ажырату кезінде әрқайсысының өзіндік арнайы ерекшеліктері байқалады. Сондықтан «өлі түбір» деген атаудың қолданысында шарттылық бар.
Қ.Жұбанов қазақ тіл білімінде бірінші болып қазіргі тілдік деректерді тарихи қағидаға сүйене отырып қайта жаңғыртуды ұсынды. Ол «палеонтология» терминін қолдана отырып, тіл біліміне қатысты мынадай тұжырым жасады: «Осылайша тіл адамзаттың бүкіл жүріп өткен сан ғасырлық тарихын танытады. Ал тілдің әрбір даму кезеңдері жердің геологиялық даму сатылары секілді кезекпе – кезек, бірінің үстіне бірі қабаттасып, өзінің ізін қалдырған».12
Жұмыста қарастырылатын «өлі түбірлер» ұғымы белгілі бір дәрежеде «байлаулы түбір» ұғымына жақын келеді. Ескерте кетейік, «байлаулы негіз» терминін Г.О.Винокур енгізе отырып мынадай анықтама берді: «... белгілі бір аффикстермен тек байланыстыру, біріктіру үшін берілетін негіздерді байлаулы негіздер деп атауға болады. Мысалы, при-выкнуть және от-выкнуть сөздерін салыстырып көріңіз, ондағы бастапқы негіз вык аффикстерден бөлініп еркін тұрса түсініксіз мағынада болады».13
Демек, екі ұғымның арасында өте тығыз жақындық бар. Бұған қоса байланыстырушы түбірлер синхронды талдаудың бірлігі болып табылады, себебі, ол өз кезегінде қалдық ретінде, сөз құрамындағы сөзтудырушы, сөзтүрлендіруші морфеманың нәтижесі ретінде мүшеленеді. Өлі түбір де байлаулық сипатқа ие, өйткені ол белгілі бір морфемасыз қолданылмайды, яғни қосымша арнайы белгілердің көмегімен ғана байланысады. Оған көмекші морфемалар жалғана алатынын этимологиялық талдау жүргізу арқылы ғана анықтауға болады. Сондай-ақ өлі түбірлер қарапайым синхронды әдіс арқылы түбір қосымшаға ажыратылмайды.
Осының барлығын қорытындылай келгенде, «түбір» ұғымын дәстүрлі талдаулардың күшімен анықтау әлде қайда күрделі екенін байқаймыз. Түркітану ғылымы түркі түбірлерінің дәрежесі туралы біржақты шешім айта алмай келеді. «Түбір», «байырғы сөздер», «түбірсөздер» терминдері тек шартты мағынада анықталады. Түркі тіліндегі морфологиялық жүйе қаншалықты айқын болғанымен, алтай тілідерінің салыстырмалы грамматикасында бұл элементтер түбірге жата ма, әлде олар өлі морфема қатарын құрайды ма деген мәселеленің басы ашылған емес».14 Ж.Денидің бұл сөздері бүгінгі күнге дейін өз құнын жоя қойған жоқ. Біз қарастырып отырған екі буынды императив етістік құрамындағы өлі түбірлер – бұлар әрбір тілдегі әртүрлі даму сатыларына тән заңдылықтар негізінде туындаған, өзінің тәуелсіздігін, жеке мағынасын ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен жоғалтқан, белгілі бір модельдермен ғана шектеліп, мән-мағынасынан айрылып, көне түбір қатарына енген тұлғалар. Императив етістік құрамындағы өлі түбірлерді қайта жаңғырту процесінде этимологиялауға бағынатын және бағынбайтын топтарды ажыратуға болады.
Осыдан барып, жаңғыртылған өлі түбірлер жорамалдық сипат алады. Бірақ оларды дерексіз ұғымдар деп түсінбеуіміз керек. Себебі, түркі тілдеріндегі түбір – бұл ақиқат дүние. Импетарив етістік құрамындағы жіктелетін этимологиялық түбірлер өзінің лексикалық мағынасынан айрылған. Дегенмен бұлар жай ғана жалған тұлғалар емес, тіл дамуының сан ғасырлық тарихының өнімі. Бұл тұлғалар жүйелі және дәстүрлі модельдердің көмегі арқылы жасалған. Осындай деректерге сүйене отырып, өлі түбір күйінде сақталған тілдік қорымыздағы мағынасы күңгірттенген лексика-грамматикалық элементтердің құпиясы мен табиғатын ашуға болады.
Тірі және өлі түбірлердің құрамындағы осыған ұқсас сөз тудырушы модельдердің болуы көне дәуірде өлі түбірлердің жеке сөз ретінде қолданылғанын байқатады. Олай болмаса қазіргі тілде олар өлі түбір күйінде сақталмас еді. Жұмысымызда қарастырылып отырған өлі түбірлерді атаудағы алғышарт – қазіргі тілде жеке тұрып мағына білдіре алмайтын өлі түбірлер көнетүркі, ортатүркі ескерткіштерінде немесе басқа да туыстас тілдер құрамында жеке тұрып мағына білдіре алатын лексема ретінде қолданылған. Кейде туынды негіздердің нақты мағынасын өлі түбірлердің семантикасы арқылы жаңғыртуға болады. Осы заңдылық этимологиялық жаңғыртумен тікелей байланысты.
Түркі түбірлерінің күрделі табиғаты туралы, тілдің өлі элементтеріне айналса да, туынды етістік құрамында көрініс табатын моносиллабемаларды түсіндіру, ажырату туралы әңгіме болып отырған бұл жұмысымызда лингвистикалық зерттеу әдістері мен тәсілдерінің бүтін кешені қолданылады. Солардың ішінде ең бастысы әрі тиімдісі – туыс түркі тілдерінің деректерін салыстырып, соған сәйкес архетиптерін анықтайтын салыстырмалы-тарихи әдіс және етістік негіздерінің тарихи сөзжасамдық түрлерін анықтайтын морфемалық, модельдік талдау әдістері. Сондай-ақ модельдеу және жоққа шығару әдістері, ішкі және сыртқы жаңғырту әдістері, статистикалық талдау, т.б. да бар.
Осы әдістерді қолдану нәтижесінде тілдің қазіргі даму деңгейінде ажыратылмайтын екі буынды түбір-негіздердің туынды етістіктерге негіз болған “өлі” түбірлер сыртқы және ішкі реконструкция арқылы анықталады.
Морфологиялық және лексикалық сәйкестіктер өзара дыбыстық үйлесімділіктері анықталған семантикалық жағынан өзара жақын болып келетін элементтер қоры арқылы белгіленеді.
Гомогенді түбірлердің морфемасын синхрондық талдау арқылы анықтау кезіндегі семантикалық қырының маңыздылығын ескере отырып, В.И.Ярцева былай деп жазады: «Морфеманың семантикалық қырын әрдайым бақылап отыру қажет, себебі, морфемаларды сол құрылымдық қатардағы дыбыстық варианттармен салыстыру үшін басқа тәсіл жоқ. Мағынаның тұтастығы, яғни морфема бойындағы тұрақты мағынаның сақталуы аталмыш мәселені шешудің кілті болуы мүмкін, яғни біз бір ғана морфема туралы айтып отырмыз ба, әлде олардың тек дыбыстық варианттары туралы немесе олардың әртүрлі морфологиялық элементтері туралы айтып отырмыз ба деген сұраққа жауап алудың кілті болып саналады».15
Егер тілдің кейбір тарихи дамуындағы ерекшеліктер мен өзіне тән арнайы қасиеттері өткен дүниенің кейбір қалдықтарын (реликтілерін) сақтауға мүмкіндік бермесе, онда тілді салыстырмалы-генетикалық тұрғыдан зерттеу де мүмкін емес болар еді. Себебі солардың негізінде әрбір тілдің тарихы қалыптасады, сол тарихи белгілер зерттеледі.16
Тілдің өткен тарихындағы қалдықтарды сақтауға мүмкіндік жасайтын екі факторды атауға болады: олар – жіктеліп отырған тілдің жеке компоненттеріндегі өзгерістердің біркелкі болмауы, кең көлемде алғандағы жалпы тілдердің бойындағы өзгерістердің бір қалыпты болмауы.
Салыстырмалы-тарихи әдістің осындай сәттерінің өлі түбірлерді талдауға да қатысы бар. Императив етістік құрамындағы байырғы түбірлердің этимологиялық құрылымын анықтаудағы оның рөлін жоққа шығармағанмен, сөздің морфемалық құрамының тарихи жіктелуін анықтау барысында салыстырмалы-тарихи әдіспен қатар морфемалық талдау мен жоққа шығару әдістерін де кеңінен қолданған дұрыс екендігін мойындауымыз керек. Себебі, олар бастапқы түбірді оған жалғанған грамматикалық форманттан біртіндеп ажырату жолымен анықтайды. Біз талдап отырған императив етістік құрамындағы морфемалық жіктелу құрылымы, ең алдымен екібуындылығымен сипатталады. Ал тілші ғалымдардың көбі олардың құрылымына интуиция арқылы қазіргі тілде жіктелмейтін бірбуынды түбір-негізді көреді.
Себебі түркі тілдеріндегі көптеген екібуынды ИЕ-дің құрамындағы моносиллабтар морфологиялық құрылымның сан ғасырлық тарихи дамудың жемісі деп саналады. Екібуынды императив етістіктердің морфемалық жіктелімі екі аспектіде қарастырылады: аффикстік морфемаға модельді талдау жасау жолымен түбірлі морфемаларды жаңғырту және бірнеше гомогенді туынды негіздер ұясы арқылы түбірлі морфемаларды жаңғырту. Осындай әдістердің көмегімен біз түбірлердің тірі (жеке тұрып мағына бере алатын) және өлі (жеке тұрып мағына бере алмайтын) түбірлер топтамасын жасаймыз.
Тілдің даму диалектикасына сай тірі түбірлердің өлі түбірге айналуы мүмкін, керісінше құбылыс байқалмайды. Бұл жайт бір кезде жеке морфологиялық бірліктерді қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Екібуынды императив етістік құрамындағы бір буынды туынды негізді диахрондық тұрғыдан зерттеу түркі тілінің жалпы тілдік қорының негізгі өзегі болып саналатын түркі түбірлерінің көп аспектілі және күрделі мәселесіне тікелей қатысы бар. Морфемалық талдау жолдарымен анықталған және қайта жаңғыртылған қазақ тіліндегі өлі түбірлер жалған этимология жасалған архаикалық элементтерді анықтауға да септігін тигізеді, жеке тұрғанда мағына білдіре алатын және әбден көнеленген, архаизмдік сипат алған түбірлік элементтердің саны мен қатынасын анықтауға мүмкіндік тудырады. Осындай зерттеулердің негізінде түркі түбірлерінің дәрежесін ғылыми тұрғыдан түсіндіруге, агглютинативтену процесінің сипатын анықтауға және түбір лексикасының ататүркілік күйін зерттеуге болады.
Қазақ тіліндегі өлі түбірлерді зерттеу этимологиялық ізденіс бағытындағы жұмыстарға, этимологиялық сөздік жасау жұмыстарына, жоғары оқу орындарында тарихи лексикология және морфология пәнінен дәріс беруде үлкен үлес қоса алады. Зерттеу жұмысының материалдарын басқа түркі тілдеріндегі аталмыш мәселеге қатысты проблемаларды зерттеуде кеңінен қолдануға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |