Байланысты: антология- Тіл білімінің негізгі мәселелері (1)
14. √-қы//-кі:
Бұл аффикс жоғарыда келтірілген -қа//-ке моделінің фонетикалық варианты ретінде етістік негіздерінің құрамында лексикаланған. Мысалы: *бал-қы=, *бер-к=і, *бүр-кі=, *был-қы=, *қаң-ғы=, *қар-ғы=, *тол-қы=, *шал-қы=, *шұл-ғы=, *шыл-қы=, *ыр-ғы=, *кер-гі=, *қал-ғы=, *сар-қы=, *сер-гі=, *көл-к=і, *кіл-кі=, *мөң-кі=, *мүл-гі=, *мүң-кі=, *мыз-ғы=, *ор-ғы=, *үң-гі=, *ыт-қы= және т.б.
15. √-қыр//-кір, -ғыр//-гір:
Осы модель бойынша жасалған негіздер барлық түркі тілдерінде кездеседі. Олар негізінен -қыр//-кір тұлғасы және дыбыселіктеу түбірлері болып бөлінеді. Мысалы: *а-қыр=, *аз-ғыр=*ба-қыр=, *жаз-ғыр, *жаң-ғыр=, *жым-қыр=, *ке-кір=, *қа-қыр=, *қай-ғыр=,*қым-қыр=, *қыш-қыр=, *мың-ғыр=, *ос-қыр=, *ө-кір=, *пыс-қыр=, *ша-қыр=, *шыж-ғыр=, *шың-ғыр=, *тү-кір=, *түш-кір=, *ыс-қыр=. Олар семантикалық тұрғыда бір топты құрайды. Осы модель бойынша жасалған сөздердің өзге тобын дыбыселіктеуіш түбірлер емес, көнеленген өлі түбірлерден жасалған бірқатар туынды (диахрондық) түбірлер құрайды. Мысалы: *аз>аз-ғыр=, *жаз>жаз-ғыр=, *жаң>жаң-ғыр=, *қаң>қаң-ғыр= т.б.
Аталған топтарды салыстыра келе, дыбыселіктеуіш түбірлерінің шығу төркінінің байырғы екендігін пайымдауға болады. Осы тұлғалардың өлі түбірлерге қосылуы өз кезегінде тілдердің болашақтағы дамуының келесі сатысына сәйкес келетін грамматикалық (императивтік) мағынасымен байланысты. Егер дыбыселіктеуіш түбірлер тек осы модель бойынша ғана жасалса, екінші топтағы өлі түбірлерге басқа тұлғалар да қосылады. Мысалы: *жаң>жаң-а, *жаң-ар=, *қаң>қаң-ғы=, *қаң-ыра= және т.б.
Бірқатар түркі тілдерінде бұйрық райдағы -қыр/-құр, -ғыр/-ғұр аффикстерінің қолданылатындығына назар аударған жөн, А.М.Щербактың пікірі бойынша, олар «тілек білдіруді, аса қатты эмоционалдық реңкті береді: осы аффикстің көмегімен жасалған тұлға өздігінен де және тұрақты тіркестердің құрамында да бақытты болуды, сәттілікті немесе бақытсыздықты білдіреді»122.
16. √-ла//-ле:
Бұл сөзжасамдық модель қазіргі қазақ тілінде және өзге түркі тілдерінде де ең өнімді және белсенді болып табылады. Л.Н.Харитонов якут тілінде -1аа аффиксінің көмегімен кез-келген зат есімнен етістік жасауға болатындығын атап көрсетеді123. -Ла жұрнағы кең мағынадағы етістіктің ұғымына тән мағыналардың бәрін береді. Оның есім түбірде жалғануы сол сөзді етістік тобына ауыстырады.
Оны синхрондық тұрғыдан да түбір морфемалардан оңай ажыратуға болады. Мысалы: -ла жұрнағы кең мағынадағы етістіктің ұғымына тән мағыналардың бәрін береді. Оның есім түбірде жалғануы сол сөзді етістік тобына ауыстырады: ау-ла=, бап-та=, бар-ла=, бас-та=, бет-те=, би-ле=, жау-ла=, жөн-де= т.б.
Сонымен қатар түбірдің қазіргі тіл деңгейінде морфемалық жіктелмейтіндері де кездеседі. Осы дерек көптеген аффикстер кірігіп кетуінің себебі олардың тек пассивтенуінде емес, түбір морфема семантикасының күңгірттенуінде жатқандығын да айғақтай түседі. Мысалы: *ай-да=, *ал-да=, *аң-да=, *бау-ла=, *боз-да=, *дән-де=, *жас-та=, *күн-де=, *мақ-та=, *өр-те=, *сақ-та=, *сіл-те=, *тас-та=, *ту-ла=, *ұр-ла=, *ұс-та=, *шар-ла= және басқалар.
Модельдік талдау арқылы осындай мысалдар негізінде аффикстік морфеманы анықтау қиын емес, ал түбір морфемалар туралы бұлайша айтуға болмайды. Олардың кейбіреулері көнетүркі ескерткіштерінде, кейбір қазіргі тілдерде де дербестігін сақтаған. Мысалы: аl= «алдау» /ДТС. С.31 / may= «даңқ», «мадақ» /ДТС. С.335/, tϋ = «шаштың талы», «жүн», «қанат» /ДТС. С.594 / және т.б.
Осындай сипаттағы жекелеген деректер кейбір қазіргі тілдерде де сақталған. Мысалы, біі якут тілінде «өткір», «ұстара» дегенді білдіреді124, қазақ тілінде және тағы басқа тілдерде біле= «пышақтың, ұстараның жүзін өткірлеу, қайрау». Осы жағдайда, түбір морфемалар мағынасының күңгірттенуін қарастырып отырған мысалдардағы аффикстік морфемалардың бүгінге дейінгі өнімділігіне қарамастан, түбір сөздер қатарына жатқызады. Осымен байланысты зерттеу барысында байырғы түбірдің лексикалық мағынасын жоғалтуға әсер еткен кейбір факторларды көрсетуге болады: 1) қолдану аясының кеңеюі; 2) қолдану аясының тарылуы; 3) мағынасының тереңдеуі; 4) мағынасының үстірттігі; 5) бастапқы мағынадан туынды тұлғаның айырылуы нәтижесінде лексикадан ығыстырылуы мен метафоралануы. Мысалы: ау>ау-ла=, көз>көз-де=, мұз>мұз-да=, ту>ту-ла=; 6) сөз құрамындағы дыбыстың бұзылуы. Мысалы: бауыз=дажәне т.б.
Қазақ тіліндегі -ла//-ле аффиксті етістіктердің табиғатын А.Хасенова арнайы зерттеді125. Көптеген ғалымдар осы аффикстің салыстырмалы шығу тегіне қатысты О.Бетлингктің пікірімен келіседі126. Ғалым оны көпше түрдегі -лар, -лер тұлғасымен байланыстырады. Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі етістіктерді зерттеген башқұрт тілшісі М.А.Ахметов осы аффикстің мағынасын былайша сипаттайды: «-ла етістігімен тұтасқан ортақ етіс жасаушы аффикстер қимыл-әрекетке қатысушы жақтардың байланыстылығын, тұтастығын және көптігін сан алуандығымен толықтырған, сондай-ақ мағынаны күшейтудің, іс-әрекеттің тартымдылығы мен жалғасымдылығын, іс-әрекет жасау кезіндегі «жарыс», «көмек» мағынасын білдіреді, салт етістіктерді сабақты етістіктерге айналдыру және сабақты етістіктерден ырықсыз етістік жасау қабілетін көрсетеді»127.
17. √-на//-не Осы модель бойынша жасалған етістіктер қазір түбір сөздерге айналған. Мысалы: *ар>ар-на, *жай>жай-на, *қай>қай-на, *тыр>тыр-на және басқалар.
Кейбір ғалымдар –на//-не және –ла//-ле тұлғаларын варианттар ретінде қарайды. Өйткені шор және якут тілдерінде –ла/-ле тұлғасының фонетикалық варианттарының бірі ретінде /-на/-не аффикстері қолданылады. Бұған негіз де жоқ емес, негізінен алғанда, үнді дауыссыздарға аяқталған түбірлерге, сондай-ақ кейбір дыбыселіктеуіш түбірлерге қосылған /-на/-не аффиксінің сөзжасамдық қабілеті біртіндеп әлсіреген.
18. √-ра//-ре:
Қазіргі қазақ тіліндегі сөзжасамдық жүйедегі бұл аффикстің өнімсіздігінің нәтижесінде осы үлгі бойынша жасалған барлық туынды түбірлер морфемалық жіктеуге жатпайды.
Э.В.Севортян мен Н.К.Дмитриевтің пікірінше, осы модельде сөзжасамдық қызметті түпкілікті түрде –а/-е орындайды, ал –ыр-дың бірінші бөлігі модификация көрсеткіші болып қызмет етіп, бірбуынды имитативтерге қосылады128.
Осындай көзқарастарға қазақ тілшілері де, атап айтқанда, қазақ тіліндегі етістіктің морфологиялық құрамын зерттеу барысында А.Ысқақов та қосылады.
Қазақ тілінің материалынан -ра/-ре аффиксі қосылған туынды түбірлердің көптеген мысалдарын келтіруге болады: *аңыра=, *божыра=, *былжыра=, *бытыра=, *дүркіре=, *зымыра=, *зырқыра=, *жалтыра=, *маңыра=, *мөңіре=, *сырқыра=, *пышыра=. Бір тұлғаның фонетикалық варианттарының бірі ретінде қараған Л.Н.Харитонов оларды туынды емес түбір санатында қарастырады. Себебі, «етістіктер, әдетте, қазіргі тілде дербес қолданылмайтын түбірлік элементті ұстайды. Олар сондай-ақ өзінің тұлғасы мен семантикасы бойынша айрықша, алайда қазіргі тілде формалды маңызы жоқ аффикстік элементті байқайды»129.
Н.А.Баскаков, керісінше, бұл қысқа тұлғалы аффиксті (-ыр -ла) дыбыселіктеуіш етістікті құрайды деп санайды. Сонымен қатар, осы тұлғаның дыбыселіктеуіш түбірлерімен қатар, синкретизмдерге қосылғандығының біршама мысалдары да кездеседі. Бұл дерек олардың көнелігін көрсетеді. Нақ осылар біздің назарымызды аударады130. Мысалы: *ажы-ра=, *аңы-ра=, *асы-ра=, *бау-ра=, *бүй-ре=, *еңі-ре=, *жады-ра=, *жамы-ра=, *жау-ра=, *күй-ре=, *қай-ра=, *қаңы-ра=, *қақы-ра=, *қи-ра=, *сай-ра=, *сүй-ре=, *тоқы-ра=, *ту-ра=, *түй-ре=, *ұшы-ра=, *үй-рен=, *шашы-ра=, *ыды-ра=.
Байқап отырғанымыздай, сонор дыбыстан басталатын –ра//-ре аффиксі мен түбір морфеманың арасына ұластырушы дауысты дыбыс қосылып үшбуынды етістіктер жасалған.
Осы императивтер түбір морфемаларының этимологиясы көмескіленген. Сонымен қатар имитативтер қатарына жатпайтындығы да айқын. Біздің ойымызша, түбір морфемалар мағынасының күңгірттенуі аффикстік морфеманы өнімсіз морфемаға айналдырған. Мысалы, қазақ тіліндегі күйре= етістігінің туынды емес түрі татар тілінде «күю» мағынасында қолданылады /ТРС. С.171/.
Осы түбірлерді талдау кезінде екі морфеманың тоғысында олардың кірігуіне әсер ететін фонетикалық құбылыстарды кездестіреміз131. Мысалы, осындай жағдайларда дыбыстардың, әсіресе дауысты дыбыстардың алмасуы жиі байқалады: –ра аффиксін саз түбіріне қосу арқылы саз-да етістігімен қатар, сай-ра етістігі де жасалады. Мұндай құбылыстар тіл дамуының ортатүркілік дәуіріне тән болатын132.
В.Л.Котвич етістік жасауда –ла/-ле және –ра/-ре тұлғаларын ең көне және әмбебап суффикстер деп атайды. Ол былай деп жазады: «Егер -ла/-ле қандай-да бір заттың көмегімен жасалатын іс-әрекетті білдіретін нақты етістіктерді құраса (сабақты етістік), онда –ра/-ре қандай-да бір заттың берілу немесе оны алу әрекетін білдіретін ырықсыз етістіктерді құрайды (салт етістік)»133.
Г.Рамстедттің пікірі бойынша, бұл тұлға сондай-ақ –р немесе –ар тұлғасының ұзартылуы болып табылады. Осы суффикстің шығу тегі туралы басқа да көзқарастар бар.
19. √-са//-се, сы//-сі:
А.Н.Кононов осы сөзжасамдық морфеманы қалау райдың көрсеткіштерімен байланыстырады134. Н.А.Баскаковтың пікірінше, оғыздық емес тілдерде дамыған -сыра аффиксінің қысқарған тұлғасы осы модель үшін негіз болып табылады135.
Осы тұлғаның қалау раймен байланысын мүлдем жоққа шығаруға болмайды. Осы императивтік тұлғаның тілек модальдығымен байланысты бұйрық райдың жалпы грамматикалық мағынасының бұйыру идеясында да жүзеге асатындығымен түсіндіріледі. Басқаша айтқанда, қалау рай модальдықты білдірудің грамматикалық құралдарының бірі болып табылады. Көптеген ғалымдар шығу тегі тұрғысында әртүрлі райлардың сараланбағандығын атап көрсетті136. Бұл тұрғыда Б.А.Серебренниковтің мынадай пікірі назар аудартады: «Осы аффикстерде көбінесе «өзін сезіну, бірдеңені сезіну»137 мағынасы бар. Олар байланыс себебінің алғашқы (қалау) мағынасымен байланысты... Осы аффикстің ұқсастыру мағынасы да болуы мүмкін. Бұл аффикстің ұқсастыру мағынасын, сондай-ақ В.Л.Котвич пен Г.Рамстедт те атап өтті. Сонымен қатар, олар тұнғұс тілдерінде іс-әрекеттің созымдылығы мен үздіксіздігі, қайталануы сияқты мағыналарды атап көрсетті138.
Көрсетілген модель бойынша жасалған көптеген сөздер бар. Олардың тарихи туындылығы, семантикалық жүйелілігі, түбір жүйесінің өнімсіз жүйеге айналуы осы тұлға мен етістік сөзжасамының өткен уақыттағы белсенділігін және көнелігін көрсетеді. Мысалы *аң-са=, *ақ-са=, *жұм-са=, *көк-се=, *ұқ-са=, *күй-се=, *бор-сы=, *бық-сы=, *қақ-сы=, *жіп-сі=, *қаң-сы, *сар-сы=, *сың-сы= т.б.
20. √-сыр//сір:
Осы модельмен жасалған етістіктер өте аз. Бұл дерек оларды өнімсіздер қатарына жатқызуға мүмкіндік береді. Мысалы: *жап-сыр=, *қау-сыр=, *қап-сыр=, *қу-сыр=, *тап-сыр=, *тық-сыр=, *ық-сыр=. Жоғарыда атап өтілгендей, аффикстік морфема өнімсіздігінің себебі өзіне кез-келген аффикстік тұлғаны қоспайтын түбір морфема табиғатынан туындайды. Мысал ретінде ең өнімді және ең көрсеткішті –ла//-ле етістік жасаушы аффиксі мен оның варианттары қызмет етеді. Оның өнімділігі мен белсенділігіне қарамастан, оны кез-келген атауларға бірден қосылады деп кесіп айта алмаймыз.
21. √-т: Есімжасам саласында бұл аффикс даусыз өнімсіздер қатарына жатады, мұны етістік жасаушыларға қатысты айтуға болмайды. Қазіргі қазақ тілінде ол туынды түбірлерге қосылып, өзгеліс етістік тұлғасы ретінде кең түрде қолданылады. Сонау Орхон және ескіұйғыр ескерткіштерінде де осы тұлғаның осындай грамматикалық мағынасы болды. Қараңыз: 1) ičikdϋk ϋčϋn-tänri ölutmiš «осы бағыныштылықтан сені аспан құтқарды»; 2) tuz ašig tatїttї «ол тағамды тұздауға мәжбүр етті» /МК. ІІ Т. С.299/ және т.б.
Түркітанымдық әдебиеттерде айт= және қайт= етістіктері жалпы белгілі, мұнда –т форманты сөзжасамдық мағынасын жоғалтып, этимологиялық түбірге кіріккен. Басқа да осындай мысалдарды келтіруге болады. Мысалы: *ар-т=, *бөр-т=, *жор-т=, *қор-т=, *оя-т=, *тар-т=, *түр-т=, *тін-т=. Осы дериваттардың түбірлік бөлігі қазіргі тілде мағыналық дербестігін жоғалтқан. Мысалы: *жор-т=. Көне ұйғыр тілінде жо түбірі бар «шаршағанша жүру», ол М. Қашғари сөздігінде: aya bϋktϋr ϋza jordїm - «мен тау көтеріліп, тау жоталарының үстімен жүрдім» /МК, 1 Т. С.445/. Қазақ тілінде ол жорт=, жорық, жорға сөздерінің құрамында кездеседі.