XX ғасыр аяғы тілді зерттеудегі ғылыми парадигманың ауысуымен сипатталады. Атап айтқанда, сол тілде сөйлеушінің тілдік жүйе мен оның мүмкіндіктерін пайдаланудағы жеке сапалық қабілеттеріне ерекше назар аударылады. Осымен байланысты тілдің жалпы зандылықтары мен аялық білім индивидуумның санасында қалай жаңғыратынын анықтау үшін жеке тілдік қолданушының дискурсын зерттеу кажеттілігі туындайды. Соның нәтижесінде, біріншіден, сөйлеушінің жеке сөйлеу дағдысының тілдік көрінісі анықталса, екіншіден, жеке сөйлеушінің сөз шығармашылығының ұлттық тілдің тарихы мен дамуына әсері нақты көрінеді.
Осыған орай, лингвистикада тілдегі когнитивтік процестер мен оның прагматикалық, психологиялық және әлеуметтік қырларын қарастыратын зерттеулер күшейіп, жеке тұлғаның ойлау және интенционалды ерекшеліктерін оның жасаған мәтіндері арқылы белгілі дәрежеде дәлме-дәл айқындауға мүмкіндік береді. Бұл аспектілердің интеграциялық мәнін кешенді түрде зерттеу тілдік тұлға теориясымен тығыз байланысты.
Тілдік тұлға теориясының толық және жүйелі түрде қарастырылуы Ю.Н.Карауловтың еңбектерінде қалыптасқан [50]. Атап айтқанда, зерттелуші тілдік тұлғаның дискурсын анықтау жеке тілдік қолданыстың вербалды-семантикалык, когнитивті және прагматикалық деңгейлерін талдау арқылы іске асырылады. Бұл тектес зерттеулердің өзектілігі тілдік тұлғаның шығармашылығы негізінде туған дискурстың тек тілге ғана қатысты емес, сонымен бірге, тарихтың бөлігі екендігінде. Себебі жоғарыда көрсетілген тілді зерттеудің жаңа ғылыми парадигмасына сәйкес өзіндік санасы мен ойлау жүйесі деңгейінде білім алған, сақтаған және пайдаланған адам болмысына ерекше мән беріледі. Сондықтан антрополингвистикалық бағытқа сәйкес тіл таным құралы, білім қоймасы, ақпарат беру құралы, сананың бейнесі мен жеке қасиет-қабілеттерінің көрінісі ретінде қарастырылады. Демек, интеллектуалдық, әлеуметтік, психологиялық т.б. негіздеріне сай құрылған ракурста жеке тұлғаның болмысы жан-жақты ашылады. Сондықтан ғалымдар (акад. В.В.Виноградов т.б.) «автор тұлғасын», оның дискурсының тілдік ерекшеліктерін талдау арқылы анықтауға тырысады. Мұндай зерттеулер қазақ тіл білімінде де бар екені белгілі (Р.Сыздық, Б.Шалабай, О.Бүркіт т.б.). Соның негізінде лингвостилистика саласы қалыптасқаны да шындық. Бірақ бұл, негізінен, тілдің құрылымдық жүйесіне сүйеніп жасалған талдаулар болып келеді. Осы орайда Абай тілінің табиғатын тануда академик Р.Сыздық еңбектерінің мәні ерекше [51]. Жеке тілдік тұлғаның шығармашылық тілі, көркемдік жүйесін зерттеуде үлгі ретінде, қазақ тіл білімінің жетістігі ретінде ғылыми да, ресми де жоғары бағасын алған академик Р.Сыздықтың Абай тілі бойынша зерттеулерінің маңыздылығы – олардың жаңа ғылым көкжиектеріне негіз болып жалғасуында. Себебі біз сөз етіп отырған тіл зерттеу бағыты Абайтану проблемасындағы өзекті мәселенің бірі Абайдың шығармашылық әлемін, Абай феноменін оның тілдік тұлғасын анықтау арқылы ашуға жол ашады. Ал ол, Ю.Н.Караулов көрсеткендей, «тілді тек өз ішінде емес, тілден тыс та қарастырмай, оны жасаушы, сөйлеуші, қолданушы – адамға, нақты тілдік тұлғаға көңіл бөлмей» зерттеу мүмкін емес. Олай болса, қазақ әдеби тілін қалыптастыруда ғана емес, қазақ мәдениетінде, философиясында ұлттың санасындағы ерекше тұлға ретіндегі Абайдың құдіретін тану үшін осындай кешенді сипатта қарастыру – осы мәселенің шешімін табуға үлес қосатын, қазіргі қоғамдық-әлеуметтік шындық жағдайында тіл білімі шеңберіне сыймайтын өзекті мәселенің бірі.
Ю.Н.Караулов тілдік тұлға ұғымын оның көркем тілі, тілдік құралдары арқылы көрінісімен байланыстырады. Ғалымның пікірінше, тілдік тұлға үш деңгейден тұратын құрылым арқылы көрінеді: 1) вербалды-семантикалық (нөлдік деңгей, яғни аялық білім); 2) когнитивті (тезаурусты деңгей). Мұнда адамның білім, сана, танымның бейнелеген мәтіндері, тілдік құралдары, авторлық қолданыстары т.б. негізінде тұлғаның дискурсы танылады; 3) прагматикалық (уәждік) деңгей.
Тілдік тұлғаның лингво-когнитивті деңгейінде аялық білім және авторлық ерекшеліктер талданады. Осы орайда тілдік тұлғаның тезаурусын зерттеу авторлық, шығармашылық даралығын дәйектейді. Мысалы, Абайдың өзіндік сөз тіркестері, теңеулері, метафора, жаңа сөз қолданыстары т.б. Мәселен: «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы»; «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың»; «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат»; «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да»; «Жас жүрек жайып саусағын» т.б. метафоралық қолданыстар Абай шығармашылық жүйесінің өзіндік танымы негізінде қалыптасып, тілдік тұлғасын анықтайды.
Аталған деңгейлердің дамуының белгілі бір тілдік тұлғада көрініс табуы әртүрлі дәрежеде өрістеп, түрлі сипатта көрінеді. Оның шығармашылық-танымдық мазмұны дүниетанымдық, мәдени құндылықтар жүйесінен тұрады. Сондықтан тілдік тұлғаны алдымен ұлттық тілдік тұлға ретінде түсінеміз. Себебі тілдік тұлғаның табиғаты тұлғаның ұлттық мәдени сатысымен тікелей байланысты. Осыған қатысты шығармашылық негізінде анықталатын Абайдың тілдік тұлғасының жоғарыда көрсетілген үш деңгейін ұлттық арқау арқылы талдауға болады. Өйткені Абай шығармаларының тілі – ұлттық байлық (игілік), қазақ халқының сөздік мәдениетінің қазынасы. Сондықтан да Абай атымен «қазақтың ұлттық ақыны» деген ой әрқашан қатар жүреді. Шын мәнінде, қазақ тарихында көркемдік мәні, мәдени мазмұны тұрғысынан Абайдан асқан, Абайдан жоғары ұлттық ақынымыз болған жоқ. Оның шығармаларының тілінде ана тіліміздің бар байлығы, күші және икемділігі мен оралымдылығы көрініс тапқан. Абайдың ұлылығы – оның тілдің шекарасы мен кеңістігін өзінің шығармашьшық күшімен одан әрі кеңейтіп, көтеруінде. Абай өлеңдерінде қазақтың табиғаты, жаны, тілі, мінезі мен көңілі бар болмысымен көрінеді.
Орыстың ұлы сыншысы В.Т.Белинский: «А.С.Пушкин орыс тілінен ғажайып істеді» – деген, сондай пікірді ұлы Абайға қатысты да айтуға болады. Басқасын былай қойғанда, жылдың төрт мезгілі қыс, жаз, көктем, күзді жырламаған әлемде ақын кем де кем. Бірақ соны тап Абайша кім қазақша жырлады? Мысалы, «Жазды» алайық: көз алдыңызға «сабадан қымыз құйдырып, ортасына қойдырған», «ат-айғырлары, биелері бүйірі шығып, ыңқылдаған» қазақ ауылының, табиғатының суреті келе қалмай ма? Тіпті, қыстың қаттылығын суреттеу үшін «Кәрі құдаңқыс келіп әлек салды» деп құдаға теңеуін алып қарайық, мұның бәрі Абайдың рухани-танымдық мәдениет тезаурусын құрайды. Мысалы, Абай өлеңдерінде аңшылардың кәсіптік ортасына тән сөздер мен сөз тіркестері кеңінен қолданылуы арқылы бейнеленуі мәдени көріністің шынайы да кең суретін жаңғыртып, көз алдыңызға елестетеді. Оның нақты мысалын атақты «Қан сонарда бүркітші шығады аңға» өлеңінен көруге болады. Өлеңді түгел келтіріп, көркемдік тәсілдеріне талдау жасау біздің жұмысымызға шарт емес. Дегенмен мына сөздерге, лингвокультуремаларға этнотанымдық талдау жасауға болады: қансонарда, қағушы, томаға, сорғалап құлау, үйірімен үш тоғыз, жасы үлкен жанына байлағанда т.б. Осы сияқты толып жатқан этнографиялық мәнді бояулы сөздер мен сөз тіркестері Абайдың тілдік тұлғасының лингво-когнитивті сипатын білдіреді. Немесе, авторлық, дискурстық сипаттағы портреттер, сұлу қыздың бейнесі, табиғат суреті т.б. әртүрлі көркемдік айшыққа толы суреттеулер. Мысалы: Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы; Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл, ұқсайды қаса сұлу шомылғанға; Ақ білегін сыбанып т.б. Ал фразеологиялық тіркестердегі тұнып тұрған поэтика Абайдың көркемдік әлемін бейнелейді. Мұны да Абай ақын қазақтың ұлттық характерін, мінезін бейнелеу үшін жасаған, шебер пайдаланған. Мысалы, Аузымен орақ орған өңкей қыртың; Толғауы тоқсан қызыл тіл; Ойлағаны айт пен той, ыржаң-қылжақ ит мінез; Ақ көйлекті, таяқты Ақсақал шығар бір шеттен; ... Малшыларға ыңқылдап; Сілке киіп тымақты, насыбайды бір атасың көңілің жайланғанда т.с.с.
Біз бұл мақалада Абай шығармашылығын тілдік тұлға теориясы негізінде талдаудың өзектілігін көрсетуді мақсат еттік. Ал, кең тұрғыда мәтіндік талдау болашақтың ісі деп үміттенеміз. Бұл тектес зерттеулер қазақ тіл білімінде де соңғы кезде қолға алына бастады [52].
Сонымен, Абайдың ұлттық тілдік мұрасын лексика-семантикалық деңгейде ғана сипаттап қоймай, сонымен қатар оның ұлттық мәдени құндылықтарды, ұлттық ділді, ұлттық психологияны терең меңгерген және оны келер ұрпақка бере алар тұлға екендігіне баса назар аудару – қазіргі тіл білімінің антропоцентристік бағытына сәйкес өзекті мәселелердің бірі.
Демек, тілдік тұлға теориясының нөлдік деңгейіне сәйкес Абай – ұлт тілі мен ұлт мәдениетінен толық ақпаратты меңгерген тілдік мәдени құзірет иесі.
Екінші деңгей арқылы Абайдың өзіндік танымы негізінде қалыптасқан ерекше қолданыстарының тезаурусы талданады. Олар өзінше «ғаламның тілдік бейнесін жасап» өзіндік дискурсын танытады.
Үшінші деңгейде Абайдың тілдік тұлғасының білімімен, түсінігімен жаңа мазмұнға ие болған прагматикалық мақсат, уәждер көрінеді.