1.10. Тілдің адамтанымдық және прагматикалық уәжінің «тілдік тұлға» теориясы арқылы түсіндірілуі.
Қазіргі тіл біліміндегі тілдің коммуникативтік әлеуетін зерттеуге кең өріс беретін мәтін лингвистикасы негізінде қазақ сөзінің шығармашылық әлеуеті мен контекстік қолданысын көрсететін көркем тілдің коммуникативтік қызметі жан-жақты ашылып, мәтін мазмұнындағы «ұлт пен тіл біртұтас» қағидасына сай жеке шығармашылық тілдің сан қырлы қоғамдық-әлеуметтік қызметін анықтауда «тілдік тұлға», «дискурс» теориялары тиімді қолданылады.
Тіл білімі нысанына «тілдік тұлға» санатының енгізілуі жалпы тұлға ұғымының жаңа мазмұнмен толығуына мүмкіндік жасап, тілді зерттеудің құрылымдық-функционалдық аспектісі аясынан шығып, адамның санасы, ойы мен рухани қызметімен тығыз байланыстағы антропологиялық тіл біліміне айналуына негіз жасалды. Соның әсерімен тіл ғылымында тілді тұтынушы адамға, шығармашылық тұлғаға деген қызығушылық күшейіп, қазіргі таңда жаңаша зерттеулердің өзегіне айналып отыр.
Антропоөзектік парадигмада «тілдік тұлға» түсінігінің, анықтамасының пайда болуы, оны зерттеу қағидасы мен теориясы орыс тіл білімінде жасалғанымен, «тіл және тұлға» мәселесі, тілдің қызметі мен өмір сүруін оны тұтынушы тұлғамен байланыста зерттеу идеясы тіл білімінде барлық кезеңдерде де болды. Еуропа тіл білімінде бұл теорияның пайда болуының тарихи алғышарттары тілдің әлеуметтік табиғаты, тіл мен сөйлеудің, жеке адам мен ұжым тілінің арақатынасы (В.Гумбольдт, И.А.Бодуэн де Куртене, Ф.де Соссюр және т.б.) туралы мәселелрдің қозғалуымен сипатталады.
В. фон Гумбольдт тілді «адамның ішкі болмысының органы» ретінде және «халықтың рухы мен мінездемесін бейнелеуші» ретінде түсіндіріп, адамның дүние туралы түсінігі оның тіліне байланысты емес деген идеяны жоққа шығарады. Ол өз еңбектерінде адамның ішкі әлемі мен оны қоршаған болмыстың арасын жалғастырушы болып табылатын тілдің мән-маңызын тануға тырысты.
В. фон Гумбольдт пікірінен тілдік тұлға туралы ойын дыбыспен біріктіріп бере алатын және сол рухани қызметі нәтижелерін қарым-қатынас барысында қолдана алатын өз ұлтының жиынтық өкілі ретінде жалпы түсінік қалыптастыруға мүмкіндік туады.
Тіл білімінде «тілдік тұлға» теориясының негізін салушы академик Ю.Н.Карауловтың тұжырымы бойынша, жалпыұлттық және жекелей алғанда ұлттық тілдік тұлға құрылымы бір-бірімен өзара байланысты үш деңгейден тұрады: 1) белгілі бір мағыналарды бейнелеу құралдарын суреттеуді (тілдің лексикалық, грамматикалық т.б. құрылысын суреттеу) жүзеге асыратын вербалды-семантикалық деңгей; 2) тұлғаның құндылықтар дүниесін бейнелейтін (фрейм, фразеологизмдер, қанатты сөздер, метафоралар және т.б.) «ғаламдық бейнесіне» кіретін, бірліктері, ұғымдар, концептілер болып табылатын когнитивтік деңгей; 3) тұлғаның мақсатын, қызығушылықтарын, аргументация, бағалау және т.б. тәсілдерін зерттейтін прагматикалық деңгей.
Тілдік тұлғаны зерттеу міндеттеріне қатысты жазған мақаласында ғалым бұл терминді «адамның а) тілдік-құрылымдық күрделілік дәрежесімен, ә) болмысты дәл және терең бейнелеуімен, б) белгілі бір мақсатқа бағытталуымен ерекшеленетін тілдік шығармаларды (мәтіндерді) ұғынуға және жасай алуға, жарыққа шығаруға қабілеттілігінің жиынтығы» ретінде анықтайды. Бұл анықтамада адам қабілеттері мен ол шығаратын, жасайтын мәтіндер ерекшеліктері бірлікте қарастырылған. Аталған тілдік тұлғаның тілдік қызметінің үш факторы жоғарыда көрсетілген үш деңгейге сәйкес келеді.
Осы бағытта қазақ тіл білімінде «тілдік тұлға» ұғымымен қатар қолданылатын – ұлттық тұлға термині. Қазақ тіліндегі дүниенің тілдік суретін арнайы қарастырған зерттеуші И.А.Айбарша ұлттық мәдениеттің тілде орныққан тілдік бейнелеріне жан-жақты талдау жасайды.
Көркем мәтінді тілдік тұлғаны сипаттайтын ұлттық мәдениеттің тілдік релеванттарын зерттеген Ш.М.Елемесова дара тіл өзгешелігін лингвостилистикалық және психолингвистикалық сабақтастықта талдаса, Т.Ізтілеуовтің тілдік тұлғасының дискурстық сипатын зерттеген Ф.Б.Қожахметова тілдік тұлғаны «ұлт тілі мен ұлт мәдениетінің ақпаратын сатылы деңгейде толық меңгерген тілдік-мәдени құзірет иесі» ретінде анықтайды.
Г.Е.Имашева М.Дулатұлы тіліндегі қазақ ұлтының рухани дүниетанымы оның тіліндегі «ғаламның бейнесі» ретінде байкалатындығын айта келіп, сонымен бірге оның тілдік түлгасы айтқан сөздері, шығарған өлең-жырлары, жазған мақалалары арқылы танылатынын нақты дәйектейді.
Абайдың тілдік тұлғасын зерттеген Г.Ә.Мұратова қазақ тіл біліміндегі тілдік тұлғаның классикалық үлгісін ұлы Абайдың қазақ әдеби тіліндегі орнын саралау арқылы айқын көруге болатындығын атай келіп, тілдік тұлға мәселесін анықтауда «өзі меңгерген ұлт тілі мен мәдениетін өзгеге таныта отырып, тілді тұтынушы ретінде әрі тілді жасаушы ретінде, тұтастай алғанда тіл тарихына (синхронды, диахронды күйіне), тілдің дамуына қандай үлес қосқанын айқындау мәселесі - Тілдік тұлға мәртебесін одан әрі бекіте түсетін немесе оның тағы бір қырын, яғни толыққанды Тілдік тұлға болмысын ашатын басты ұстаным болуға тиіс», - деп біледі.
Мысалы, Осындай өлшемдер тұрғысынан белгіленетін талаптар үрдісіне толық жауап беретін М.Жұмабаев - ұлттық тілдік тұлға. Тұлға тіліндегі ұлттық ерекшелікті танытатын жеке ғаламдық тілдік бейнесінде берілу көрінісін саралау арқылы оның тілдік тұлғасының ұлттық болмысын тануға болатыны белгілі. Мысалы, М.Жұмабаев дискурсындағы теңеулер ойға келмейтін әртүрлі заттар мен қүбылыстарды бір-біріне тосын теңеуімен ерекшеленеді: «ұршыққа оралған жіптей бас-аяғы жоқ қыстың ұзын кеші еді». Бұл жердегі ұршық лексемасының тура мағынасы «жіп иіруге арналған құрал» дегенді білдіретін лингвомәдени бірлік. Бірақ бұл сөйлемнің құрамында ол өзіндік мағынасынан тыс көркем контекстке сай түсініліп, ұлттық адресаттың санасында бұрыннан таныс ұршыққа оралған жіптің суреті жаңғыртылуы арқылы қысқы кештің қаншалықты ұзақ болатындығы ұғынылады.
Сонымен бірге ғаламның айшықталған ұлттық бейнесін халықтың мінез-құлқының біркелкілігін беретін стереотиптерден, халықтың шындық болмыс туралы жалпы түсініктерінен, мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерден де табуға болады. Халықтың тарихы мен мәдениетінің ерекшеліктері алдымен пайымдаудан өтіп, халықтың ой әлеміне еніп, оның ғаламдық бейнесінің құрамдас бөлігіне айналады да, кейін тіл арқылы бейнеленіп, халық тілінің семантикалық кеңістігіне қосылады.
Соңғы кездері тілдік тұлғаны түсіндіруге бірнеше тұрғыда келу үрдісі қалыптасқандығын байқауға болады: 1) тілдік тұлға болып табылатын жеке адам қалыптасуының негізгі жүйелерін анықтау (тегі, өмір сүрген ортасы, әдеби және тілдік, ұлттық-мәдени ықпал және т.б.); 2) жеке адамның тілдік тұлғалық болмысын қүрайтын жеке қасиеттерін танытатын ерекшеліктерді көрсету, яғни оны өз бетінше білім алу, өзін-өзі жетілдіру, тәрбиелеу, өз тілдік тәжірибесін үрпақтарына мұра етіп қалдыруда жеке жауапкершілігін сезіну, білім дагдыларын игеру, шеберлік дагдыларын меңгеру, игерген білімдері мен тәжірибесін болмысты өзгерту үшін цолдану т.б. қасиеттерден түратын күрделі, көпсатылы зерттеу нысаны ретінде оның тілін ассоциативтік-вербалдық, когнитивтік, прагматикалық деңгейлерін сипаттаудан тұратын деңгейлік талдау арқылы қарастыру қажет.
Сонымен біргеу тұлғанын өмір сүруінің негізін құрайтын, оның мақсаттары, ниеттері мен ұстанымдарын белгілейтін шыгармашылық қажеттіліктері туралы да айтуға болады. Тұлғаның қоршаған әлемге, айналадағы басқа адамдарға, өзіне деген қарым-қатынасы арқылы анықталынатын құндылықтар жүйесі, яғни адамның материалдық және рухани қоғамдық игіліктер мен мұраттарды, белгілі бір әлеуметтік, мәдени және адамгершілік құндылықтарды таңдап алуының себептері оның танымындағы ғалам бейнесін ашу арқылы анықталынады. Ал танымы мен мақсат-мүдделерінің прагматикалық әлеуеті оның тілі арқылы көрініс табады.
«Тілдік тұлға» ұғымы қоғамдық қарым-қатынастар, мәдениет жүйесі арқылы аныкталынатын және биологиялық ерекшеліктер себепші болатын саналы қызмет пен қарым-қатынастар субъектісі болып табылатын «тұлға» ұғымын тірек етеді. Тұлға - шығарманы жасаущы, сонымен қатар тарихтың, мәдениеттің әрі өнімі, әрі субъектісі. Адамның рухани қажеттілігі таным, ойлау және қарым-қатынас кұралы болып табылатын тіл арқылы қанағаттандырылады, сол себепті тұлға тіл арқылы, яғни тілдік тұлға ретінде ашылуы керек.
Әрбір мәтінді, әдеби шығарманы нақты тұлға жасайтыны белгілі. Шынайы автор (сөзді жасаушы) жазуға кіріспес бұрын алдына белгілі бір мақсат қояды. Осы сәттен бастап шығармашылық басталады, яғни өмірлік жадығаттың (санада, қиялда әлдеқашан пайда болған идея мен мазмүнның) әсерімен автор сол жадығатты берудің жолдарын іздей бастайды. Мәтінді жасаушы мәтінде ақпаратты тілдік жүйенің фонетикалық, морфологиялық, лексикалық, синтаксистік құралдарының көмегімен өзінің мақсаттарына сай береді. Кез келген мәтіннің өзінің тікелей жасаушысы болады, бірақ ресми және ғылыми мәтіндерге қарағанда көркем шығармадағы баяндау субъектісін табу қиындық туғызады. Бүндағы сөзді жасаушы шынайы автордың (жазушы немесе ақынның) шығарманы дүниеге әкелуіне қызығушылығына сәйкес таңдап алған өмірлік материал, оны жүзеге асырудың айқын және дәлелді жолдарын табу ниеті, бейнеленетін оқиғаға деген өзінің құлықтылық қарым-қатынасы және өзіндік ғаламдық бейнесі әсер етеді және бұның барлығын сөз арқылы береді. Сөз - құдіретті әсер етуші күш, әсіресе, сөздің рухы ол поэтикалық қызмет атқарғанда еселене түседі. Өйткені сөз поэтикалық қызмет атқарғанда өзінің жасырын жатқан, яғни контексте ғана көрінетін әлеуметін ашады.
Адам өмір сүретін шынайы орта адам санасында оны қоршаған заттар мен құбылыстар туралы жинақталған білімнен тұратын түсініктер жүйесі түрінде бейнеленіп, жеке адамның ойында өз тәжірибесі мен түйсінуі нәтижесінде, сонымен қатар ұжымдық тәжірибенің әсері нәтижесінде қалыптасқан ғалам бейнесі түрінде көрініс табады. Ғалам бейнесі - адамның танымдық қызметінің нәтижесі, ақыл-парасатының өнімі. Адам санасындағы ғалам бейнесі, шындығына келгенде, оны қоршаған әлемнің өте оңды, идеалды бейнесі болып табылады. Ғалам бейнесі ұғымын философия, психология, мәдениеттану, гносеология, когнитология, лингвистика ғылымдарының өкілдері қолданады. Бұл ұғым қосымша ғылыми, жалпы ғылыми, жеке ғылыми, тарихи, тілдік т.б. анықтамалармен нақтыланып, басқа да көптеген ғылыми білім салаларының зерттеу аясына кіреді.
Зерттеушілер адамның қоршаған дүниені тануының екі маңызды тәсілін бөліп көрсетеді: 1) адамның күнделікті тәжірибесі мен қайта жасақталып отыратын қызметінің әр түрлі түрлерінің нәтижесінде қалыпты, саналы, эмоционалдық танымы барысында өзектелетін ғалам; 2) шынайы болмыстың бейнеленуі мен ғылыми таным барысында қалыптасқан ғалам. Бұл екеуіне пәк ғалам бейнесі (наивная картина мира) мен ғылыми ғалам бейнесі сәйкес келеді. Сонымен, «ғалам бейнесі» ұғымының негізі адамның дүние туралы түсініктерін зерттеу құрайды.
Ғаламның ұлттық бейнесі туралы зерттеушілер пікірлері мынандай қорытындыға алып келеді: галамның ұлттық бейнесі - халықтың ойлау, таным қызметінде, оның физикалық және вербалдық мінез-құлқында көрініс табатын танымдық-психологиялық шындық. Өз ділі арқылы белгілі бір қауым және оны құрайтын жеке адамдар шындық болмысты бағалап танып, нәтижесінде өзінің ғалам бейнесін жасайды. Ұлттың ділі, тарихы, дәстүрі, үрпақтар сабақтастығы арқылы жалғасқан ғалам бейнесі адам санасында өмір сүреді. Себебі, «сана - бүкіл этностың, элеуметтің ғасырлар бойы жасаған ой еңбегінің нәтижесі». Демек, сол санада сақталған «ғалам бейнесі» кейін белгілі бір таңбалар жүйесі арқылы, алдымен ұлттық тіл мен көркем шығармашылық арқылы заттанады. Сондықтан да ұлттық діл қызметінің өзіндік нәтижесі, яғни «ғаламның ұлттық бейнесін» бейнелейтін көркем шығармаларды талдау сол ұлтты түсінуге айтарлықтай ықпал етері сөзсіз.
Жеке тілдік тұлғаның шығармашылығы арқылы ұлт болмысының сипаты іспетті мәдени ақпараттарды қазіргі ұрпақтың қабылдап, игеруі көркем мәтінде бейнеленген мәдени мұраның танылуының тетігі оның коммуникативтік қызметімен тікелей байланысты. Міне, осы арада мәдениет игіліктерін өндіруші (сол кезеңдегі) мен тұтынушы (қазіргі кезеңдегі) арасындағы мәдениаралық танытушылық қызметті тіл ғылымы атқарады. Мысалы, нақты айтқанда, мәтін мазмұнында суреттелген тарихи-мәдени феномен шығарманың көркем тілі арқылы оқушы танымынан орын алып, мәдени-тілдік коммуникация іске асады.
Достарыңызбен бөлісу: |