Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері манкеева жамал Айтқалиқызы кіріспе


Қазақ тіліндегі МЛ-ның тарихи-семантикалық деривациясы мен тарихи-ономасиологиялық жүйесі



бет58/248
Дата29.09.2023
өлшемі4,42 Mb.
#111426
1   ...   54   55   56   57   58   59   60   61   ...   248
2.3 Қазақ тіліндегі МЛ-ның тарихи-семантикалық деривациясы мен тарихи-ономасиологиялық жүйесі.
Қазіргі тіл білімінде тілдің табиғатын анықтау барысындағы (оның қай деңгейінде болмасын) зерттеулерде мазмұндық жағына басым назар аудару үрдісі жоғарыда атап көрсетілді. Оның себебі, ғалымдар атап көрсеткендей, тіл мен ойлаудың сабақтастығын іске асырудың негізгі тетігі адам қоғамындағы әртүрлі ақпаратты берудің вербалды қызметімен байланысты. Ал, оны тілдің жүйелі, құрылымдық негізінде, релятивті заңдылықтар арқылы толық түсіндіре алмаймыз. Себебі тілдік субстанцияның екіжақты (мазмұн мен форма) сипаттағы ерекшелігі оның танымдық қызметімен байланысты. Өз кезегінде таным динамикасы тілдің деривациялық сипаттағы коммуникативтік мәнін айқындайды да, семантика проблемасын алға шығарады. Бұл құбылыстың түркі тілдерінің лексикасының бетінде жатқан ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ғана көрсететін тілдік жүйенің қалыптасқан статикалық күйі олардың коммуникативті-прагматикалық тұрғыдан сипатталатын парадигмалық мәнділігін көрсете алмайды. Ол үшін лексикалық жүйені динамикалық күйде-қолданыста қарастыру қажет. Осы талапқа жауап беретін, этнолексиканың танымға сүйенген коммуникативтік қызметінің көрініс беретін аясы – лексиканың тарихи даму барысындағы тарихи-семантикалық деривациясы, тарихи-ономасиологиялық жүйесі.
Тіл біліміндегі бір тілдік бірлік негізінде екінші бір тілдік бірлік жасалуын, яғни екінші немесе туынды таңбаның жасалуын білдіретін, көбінесе сөзжасамдық жүйемен сабақтасып жататын «деривация» ұғымы – күрделі де өзекті мәселелердің бірі.
Дегенмен, оның қалыптасу мен қолданыс шегін жіктеп, айқындау мәселесі қазақ тіл білімінде де қарастырылуда (Сағындықұлы Б., Қажыбеков Е., Салқынбай А., Жалмаханов Ш., Құрманалиева А. т.б.).
Бұл мәселенің зерттелуіндегі бетбұрыс «сөз мағынасында болатын семалық өзгерістің реңкі оның қызметімен тікелей қатысты» деп қараған Е.Курилович еңбектерімен байланысты. Оның зерттеулерінде компоненттік талдау негізінде мағынаның көмескіленуі, кеңеюі, тарылуы т.б. өзгерістерді сипаттайтын белгілі бір мағыналық белгілердің жіктелуінің, түрлі транспозицияның нәтижелері анықталады.
Бүгінгі күнгі тіл білімінде бұл қағида өз жалғастығын функционалды, когнитивті лингвистика салаларынан таба алады. Соның нәтижесінде адам қоғамының қарым-қатынас және таным құралы (оның нақты көрінісі – лексика) ретіндегі тілдің тарихи-динамикалық категория ретінде жаңа деңгейдегі зерттеу нысанына айнала алатын ғылыми негіздері бар. Осымен байланысты қазақ тіліндегі зергерлік бұйымдар, киіз үй құрылымы, тамақ, киім атауларының ономасиологиялық табиғатын тарихи-функционалдық кеңістікте этнолингвистикалық негізде салыстыра зерттеуге арналған Р.Шойбековтің, А.Оқаның, А.Жылқыбаеваның, Ә.Алмауытованың т.б. еңбектерінің мәні аса өзекті.
Уақыт пен кеңістік контексінде тарихи дәуірлер мен кезеңдер, түрлі тарихи процестер нәтижесінде кейде сөз мағынасынан ажырағанмен, тілдік бірліктердің семантикалық тұрақтылығы сол тілде сөйлейтін адамдардың бір-бірімен түсінісуін, ал бірлік мағыналарының өзгергіштігі тілдің коммуникативтік қызметін атқаруына қызмет етеді. Себебі сөз мағынасының қалыптасуы – адамның ойлау әрекетінің өнімі десек, сөз мағынасының өзгеруін, дамуын адамның танымдық іс-әрекетінің нәтижесі деп санауға болады.
Осымен байланысты «тілді семантикалық аспектіде зерттеу мүмкін емес, ол өзгермелі жүйе» деп қараған структуралистердің пікірін жоққа шығарған А.Потебня, М.Покровский, А.Уфимцева т.б. еңбектеріне ерекше назар аударып, мән-мағыналық құрылымдағы мағыналардың қарым-қатынасын, лексикалық өзгеріс пен дамуды нақты тарихи шарттастықта қарауға болады.
Осы тектес зерттеулерде, жоғарыда нақты көрсетілгендей, түркі жазба ескерткіштері мен қазіргі түркі тілдеріне ортақ сөздердің деректері, мағыналық өзгерісі тарихи-салыстырмалы тұрғыдан ретроспективалық әдіспен анықталған. Семантикалық динамикасына қатысты танымға, танымдағы ассоциациялық байланыстарға талдау жасап, ономасиологиялық уәжімен сабақтастыру этнолингвистикалық тұрғыдан нақты этнолексиканы зерттеуді тереңдетіп, лингвистикалық және мәдени реконструкцияны тоғыстырады.
Осы бағытта жүргізілген қазақ тіл біліміндегі зерттеу нәтижелерінің қатарына топонимдік жүйеде сақталған ұлттың материалдық және рухани мәдениетінің тілдік бейнесін зерттеу нысаны еткен Е.Керімбаев, Қ.Рысберген, Ұ.Ержанова, А.Арысбаевтың т.б. еңбектерін жатқызуға болады. Мысалы, Қ.Рысбергеннің зерттеуінде қарастырылған топонимдердің этнолингвистикалық сипаты көшпенді тұрмысқа сай материалдық мәдениеттің сол аймаққа тән егіншілік кәсібі мен ирригация және рухани дүниесінің шөлейттілік пен діни-мифологиялық танымға қатысты анықталады: Астауқоба, Астаусай, Сандықтас, Шымылдықсай, Кебежетас, Босаға, Бәйгеқұм, Ақбура, Найманарық, Ақарық, Өрісарық, Кәрітоған, Сұлукесік, Еспеқұм, Төбеқұм, Қызылшағыл, Балқұдық, Үшқұдық, Баранжол; мифотопонимдер: Келіншек тау, Ақ бикеш, Ақсақбақсы, Шайтанқұм, Қалмақ қырылған, Қатын қамал; сакральды топонимдер: Арыстанбап, Үйреката, Қара бура, Қарлығаш т.б.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   54   55   56   57   58   59   60   61   ...   248




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет