4.3.2.1 Бейтаныс сөздер кездесетін шағын мәтіндегі негізгі ойды түсіну
4.5.1.5 Сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін сақтап жай және құрмалас сөйлем құрастыру
Мұғалім оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыру мақсатымен және өткен сабақ пен бүгінгі сабақ арасында байланыс орнату мақсатымен сыныпты үш топқа біріктіреді. Оқушылардың бір тобы конструкторлар ретінде ғарыш кемесін құрастыратын болады, енді бірі нанотехнологтер болып ғарышкерлердің киімін таныстырады, үшінші топ ғарышқа апаратын тағамдарды әзірлейтін аспаздар рөлінде бөлініп, кемеге тиеу үшін қандай тағамдарды әзірлейтіндерін айтады. Мұғалім ғаламтордан мәлімет іздеуге рұқсат береді немесе оқушыларға ой салатындай материалдарды алдын ала дайындап, сыныптан табатындай жағдайды жасайды. Оқушылар өз тақырыптарын қорғап болғаннан кейін, мұғалім оқушылардың назарын оқулыққа аударады. Онда бірінші болып ұсынылған тапсырмамен танысуға шақырады. Балалар «Тыңдайық» айдары бойынша жетекші кейіпкер Бақыттың қалауымен таныс болады. Бұл тапсырманың негізгі мақсаты – ғарыштағы ас мәзіріне қызығушылықтарын тудыра отырып, сұраулы сөйлем туралы, оның қалай жасалатыны жөнінде білім беру. Тапсырманы оқушылар ауызша орындайтын болғандықтан 4.2.5.1 оқу мақсаты жүзеге асып отырады. Ал тыңдалым бұл тұста ой қозғауға арқау болып отыр.