«Қазақ тілі» пәнінен 4-тоқсан бойынша жиынтық бағалау тапсырмалары
Аспан әлемінің құпиялары
Саяхат және демалыс. Синтаксис
Тыңдалым мен айтылым
Тапсырма
Мәтінді тыңдап (оқып), көтерілген басты мәселені анықтаңыз. Өз көзқарасыңызға тыңдаушыны сендіру үшін, дәлелді мәтін ақпаратын, қыстырма, қаратпа сөздерді қолданыңыз.
Жұбыңызды мұқият тыңдап, мәтін бойынша сұрақ қойыңыз. Өз көзқарасыңызды білдіру не толықтыру мақсатында жұбыңыздың сұраққа жауап беруі кезінде келісу, келіспеуіңіз бойынша диалогке қатысыңыз.
[10]
1-мәтін
Саяхат қызықтары
Кей адамдардың саяхаттауға деген құмарлығын айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл адамдар саяхаттау үшін ғана жаралғандай. Ал кейбір адамдар саяхатты дүниетаным кеңейтудің жолы деп емес, тек демалыс деп қана ұғады. Сіздің қай топқа жататыныңызды білмейміз, алайда саяхаттаудың басты себептерін атап бере аламыз.
1. Демалыс және күш-қуатты қалпына келтіру Күнделікті күйбең тіршіліктен бір мезет өзге кеңістікке көңіл жүгіртіп көріңізші, қаланың шуы мен дабылынан даланың дархан желі артық емес пе?! Таза ауа мен жасыл табиғат сізге серпін беріп, күш-қуат сыйлайды. Күнделікті мезі етер, шешімі қиын мәселелерден арылып, тыныш табиғатта тыныққанға не жетсін. Бірнеше күн саяхаттап, демалып көріңізші, сергіп қаласыз.
2. Жаңа қабілеттерге ие боласыз Саяхаттау жаңа мәселелер мен міндеттерді алға қояды, бұл міндеттерді, мәселелерді шешу арқылы өзініңіздің қабілетіңіз бен мүмкіншілігіңізді арттырасыз.
3. Дүниетанымыңызды кеңейтесіз Сапар шегу арқылы сіз өзге мәдени әлемге, өзге адамдардың өміріне саяхаттайсыз. Жергілікті халықтың мәдениетіне, тұрмысына үңілесіз, мәнін іздейсіз. Сол арқылы әлемді тануда жаңа көзқарас қалыптастырасыз. Өз еліңізге келгенде санаңызда салыстыруға болатын дүниелер пайда болады. Бір ескерерлігі, салыстырып отырған ұғымдарыңыздың тарихы мен ауқымын назардан тыс қалдырмаңыз.
4. Табиғатпен оңаша қалу Біз көп уақытымызды жабық кеңістікте өткіземіз. Ал саяхат жасау сізді кең кеңістікке – табиғат ананың аялы алақанына алып шығады. Аймақтың кеңдігі кеудеңіз кеңеюіне де жол ашады. Табиғатпен оңаша қалу сізді терең ойларға жетелейді.
2-мәтін
Аспан түсінің көк болу себебі
Аспанның түсі неліктен көк? Аспан бізді қоршап тұратын ауадан тұрады. Бірақ басты шалқайтып, көкке көз тіксек, жүзін бұлт торламаған, ашық аспанның түсі көк екенін көреміз. Күнделікті жұтатын ауамыз көзге көрінбейтін, түссіз болғанымен аспанымыздың түсі көк. Оның сыры неде?
Аспан барлық жерде де көкшіл түсті. Солтүстікте бозғылт, оңтүстікте қою көк, бізде ашық көк түс. Аспанның алуан түрлі ғажайып түсі қалай пайда болады?
Аспан ауаға түскен күн сәулесі әсерінен сан түрлі түске енеді екен. Күн Жерге шуақ шашады, ол Жер қабатын қоршап тұратын қалың ауа қабатына түседі екен.
Ал күннің шапағы қызыл, сары, жасыл, көк, қою көк секілді түрлі түсті болады. Осындай алуан түсті сәуле қалың әуе қабаты арқылы таралғанда ауа сәулені ыдыратып, шашыратады. Бірақ көк түс барлығынан көбірек бөлінеді. Себебі, ауа қысқа толқынды сәулелерді жақсырақ шашыратады. Ал көзге көрінетін сәулелердің ішіндегі толқыны ең қысқасы – көк түс.
Міне, аспан түсінің бар құпиясы осында жатыр.
Оқылым
Тапсырма
Мәтіндерді оқып, олардың жалпы қысқаша мазмұны мен нақты ақпараттарды ажыратып көрсетіңіз.
[10]
Достарыңызбен бөлісу: