Ой түбіне жетпеу – көп ойлану
Ойы бұзылу – айну
Ойы онға, санасы санға бөліну – не істерін білмеу
Оқалы киім кию – шен алу
Омырау жасқа малыну – еңіреу
Он екі де бір гүлі ашылмаған – қыршын жас
Он саусағындай білу – жақсы білу
Оң көзбен қарау – мақұлдау
Оң мен солын айыру – ер жету
Оң мен солына қарау – өмірге, төңірегіне қарау
Опық жеу – өкіну
Орақ ауыз – өткір тілді
Орға жығу – құлату
Отқа май құю – өршіту
Өкпесі қара қазандай – реніші таудай
Өлген жері осы – қатты ұялу
Өң алдырмау – сыр бермеу
Өң мен түстей – әп-сәтте
Өңменнен өту – айтылған сөз қатты тию
Өрісі кең – білімді
Өрісі тар – ақылы аз
Пейілі тар – сараң
Пейілін кеңге салу – жомарт болу
Рай бермеу – ыңғай бермеу
Райынан қайту – ашуы қайту
Сабақ алу – үйрену
Сабасына келу – ашуы тарқау
Сағы сыну – беті қайту
Сай сүйегі сырқырау – бүкіл денесі ауыру
Сайтаны ұстау – жыны қозу
Сақал сипап қалу – алдану
Сақинасы бар – ұстамалы ауруы бар
Салқын қанды – байсалды
Санын соғу - өкіну
Сау басына сақина тілеп алу - өзіне ауру тілеу
Саудасы біту – ісі біту
Сәлемі түзу – ниеті дұрыс
Сегіз кессе, сіркедей қан шықпас – бір беткей
Сең соққан балықтай болу – есеңгіреу
Соқыр тиынға арзымау – түкке тұрмау
Соқырға таяқ ұстатқандай – анық
Соры қайнау – бақытсыз болу
Сөз байлау – уәделесу
Сөз есту – сөгіс алу
Сөз қайыру – жауап беру
Сөз қонбады – түсінбеді
Сөзге қалу – өсекке іліну
Сөздің майын тамызу – әдемі сөйлеу
Сөздің тігісін жатқызу – жуып-шайып айту
Сөзі мірдің оғындай – өткір сөз
Сөзі түйеден түскендей – дөрекі сөз
Сөзін жерге тастамады – дегенін істеді
Сөзінің жаны бар – айтқаны дұрыс
Су жұқпас – алаяқ
Су татиды – дәмі жоқ
Суқаны қашу – қорқу
Сүтке тиген күшіктей болу – сүмірейіп қалу
Сүттей ұйыды – кәміл сенді
Сыбағасын алу – жазасын тарту
Сыр шерту – көңіл құпиясын айту
Сырдың суы сирағынан келмеу – елемеу
Сідік шаптырым жер – жақын жер
Сілесі қату – әбден шаршау
Сілтідей тыну – тым-тырыс болу
Сіңбіруге қол тимеу – уақыты аз
Сіркесі су көтермейді – ештеңені көңілі жақтырмайды
Таба болу – мазақ болу
Табалдырығын тоздыру – қайта-қайта бару
Табан тіреу – тоқтамға келу
Табанын жалау – жалыну
Табанын жалтырату – жоқ болу
Табанынан сарсылу – титығу
Тақияда тамтығы қалмады – барынан айрылды
Тақымға алу – қысымға алу
Талағы тарс айрылу – қатты ашулану
Талшық ету – аздап қорек ету
Тамағы істі – дәмеленді
Тамақ асырау – күнелту
Тамыр жаю – кең таралу
Тамырына балта шабу – жою
Тас жүрек – қатыгез
Тасы өрге домалау – бағы жану
Тәубесіне келтіру – есін жиғызу
Тәуекелге бел байлау – көну
Тепсе темір үзеді – мықты
Терісіне сыймау – ашулану
Тойған қозыдай – жуас
Толас таппады – бәсеңсімеді
Тон пішу – сырттай болжау
Тонның ішкі бауындай - өте жақын, өз адамындай
Тонына сыймау – мақтаншақ
Төбеге жай түскендей – кенеттен
Төрт аяғынан тік тұрғызу – қалпына келтірту
Төсек тарту – сырқаттану
Түбіне жету – құрту
Түйдей жасты – жасы бір құрбы
Түйенің танитыны жапырақ – білетіні бір-ақ нәрсе
Түйенің тұяғы түсетін жер – өте алыс жер
Түн жамылды (қатты) – түнде жүрді
Түс шайысу – ұрысу
Түтін түтету – өз алдына үй болу
Түтіп жеу – қысымға алу
Тырнақ астынан кір іздеу – бәле іздеу
Тышқақ лақ жоқ – малдан жұрдай
Тізе батыру – күш көрсету
Тізе жазбау – жұбы ажырамау
Тілге келмеу – бір ауыз сөз айтпау
Тілі байлану – сөйлей алмай қалу
Тілі қышыды – сөйлегісі келді
Тірідей жерге кірді – қатты ұялды
Тіс жармау – айтпау
Тіс қаққан – ысылған
Тісі шыққан – есейген
Тісін қайрау – ыза болу
Уысынан шығу – билігінен кету
Ұзын құлақ – лақап сөз, өсек
Ұрты солу – жүдеу
Ұстараның жүзінде отыр – өте қиын
Үйірге қосылды – адам қатарына қосылды
Үлде мен бүлдеге бөленді – ырысқа кенелді
Үнжорғасы (ұнжырғасы) түсті – еңсесі түсті
Үріп ауызға салғандай – сүп-сүйкімді
Шайнап берген – анық
Шаң жуытпау – қорғаштау
Шаңырағы ортасына түсу – отауы бұзылу
Шаңырағына ат ойнатты – астан-кестен етті
Шаңырақ көтерді – үйленді
Шашасына шаң жұқпайды – жүйрік
Шашбауын көтеру – жағымпаздану
Шекесіне тиді – беті қайтты
Шерменде болды – масқара болды
Шие жегендей қылды – тұмсығын бұзды
Шиыршық атты – қатуланды
Шошқа тағаладың ба? – көзге көрінер ісің жоқ
Шүйдесін көрсетті – теріс бұрылды
Шығынға батты – зиян шекті
Шыр бітпеді – жүдеді
Шырағы сөнді – үміті үзілді
Шытынай қалды – ашуланды
Ығай мен сығай – бетке ұстарлар
Ындыны ашылды – араны ашылды
Ізі суымады – көп уақыт өтпеді
Ілуде біреу – бірлі жарым
Ініне су құйды – жойды
Ірге тепті – орнықты
Іргесін аулақ салу – жоламау
Ісі өрге баспады – жолы болмады
Іш тарту – жақын тұту
Іші ауыру – өкіну
Іші бұру – жақтыру
Іші жарылу – зерігу
Іші пысу – зерігу
Іші тар – сараң, қызғаншақ
Іші түтін, сырты бүтін – уайымды
Ішін тарту – таңырқау
Ішіңді жылан жайлап отыр ма? – тоймадың ба?
МАҚАЛ мен МӘТЕЛ
Мақал – өмір құбылысын жинақтай отырып, түйінді пікір айтатын ықшам сөз өрнегі.
Оның мәтелден ерекшелігі:
Құрылысы жағынан екі, үш бөлімді болады.
Ой нақты айтылады.
Ақыл-кеңес, үлгі-өнеге түрінде айтылады.
Жақсы бала ата-анасын төрге сүйрейді, жаман бала ата-анасын көрге сүйрейді.
Жері байдың елі бай.
Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің.
Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болған артық.
Еменнің иілгені – сынғаны, ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені.
Мәтел – белгілі бір ойға, ұғымға ишара жасайтын, астарлап, жұмбақтап айту мәні басымдау болатын халық мұрасы.
Оның мақалдан ерекшелігі:
Көбіне бір бөлімді болады.
Ой ишара, тұспал түрінде айтылады.
Көбіне эмоциялық мағына басым болады.
Көппен көрген - ұл той.
Әлін білмеген әлек. Кемедегінің жаны бір.
Ел құлағы - елу.
Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарар.
НАҚЫЛ СӨЗ
Нақыл сөз (афоризм) – мағынасы терең, ойды қысқаша бейнелейтін, мақал-мәтелге ұқсас, айтуға оңай көркем сөз тіркесі. Яғни қысқа әрі ойлы, авторы белгілі, тұжырымды ереже – қағидалар. Мысалы:
Еккенің тікен болса, орғаның балауса болмас. (М. Әуезов).
Білімнен қымбат нәрсе жоқ, көңілде жатса баспай тот. (Н. Байғ.)
ИДИОМА
Идиома(лық тіркес) дегеніміз:
бөліп-жаруға келмейтін және оның тұтас мағынасы құрамындағы сөздердің әрқайсысының лексикалық мағынасына байланысты тумаған сөздер;
құрамындағы сөздердің мағынасында метафоралық, пародиялық ерекшеліктер болатын мәтелге және тұрақты тіркеске бейім келетін тіркестер;
өзге тілге тура аударуға келмейді;
Мысалы:
Идиома(лық тіркес)
|
Мағынасы
|
ұзын құлақ
қырық пышақ
өгіз аяң
мұртын балта шаппау
асқар тау
ақ саусақ
аузын қу шөппен сүрту
|
көпшілік
ұрыс-керіс
жай
мұқтаждық көрмеу
биік тау
жалқау
сараң
|
СӨЗ МАҒЫНАЛАРЫ
Сөздің лексикалық мағынасына қарай мынадай түрлері бар:
Сөздің тура мағынасы – сөздің бастапқы мағынасы.
Сөздің ауыспалы мағынасы – сөз мағынасының ауысып, бастапқы мағынасынан өзге мағынада қолданылуы. Сөздің ауыспалы мағынасы екінші сөзбен тіркескенде ғана пайда болады.
Мысалы:
Тура мағына
|
Ауыспалы мағына
|
терең көл
ашық терезе
өткір қайшы
домбыра шерту
майлы төстік
|
терең ой
ашық мінез
өткір көз
сыр шерту
майлы дастархан
|
Сөздің көп мағыналығы (полисемия) – бір сөздің басқа сөздермен тіркескен кездегі әр түрлі мағынаға ие болуы. Мысалы:
Адамның басы
Судың басы (бұлақ)
Сөздің басы (сәлем)
Таудың басы (шың)
Омоним – дыбысталуы бірдей, бірақ мағыналары әр түрлі сөздер.
Мысалы: «Жақ» омоним сөзінің мағыналары:
Адамның жағы / От жақ / Оң жақ / Маған жақ бол / Қара бояу жақ
Омонимдердің жасалу жолдары:
Жұрнақ арқылы: шығыс (шық+ыс), жастық (жас+тық);
Кірме сөз арқылы: бақ (парсы. "бақт»), сап (араб. "саф");
Сөздің дыбыстық өзгеріске ұшырауы: біз (бігіз);
Көп мағыналы сөз бен омоним сөздің айырмашылығы:
Омоним сөз жеке тұрып, бірнеше мағынаны білдіреді, ал көп мағыналы сөз екінші сөзбен тіркескенде ғана бірнеше мағынаны білдіре алады.
Омоним сөздің мағыналарының арасында ешқандай мағыналық ұқсастық болмайды. Мысалы, адамның жағы, отты жақ дегендегі «жақ» сөзі бірінде есім сөз болып, дене мүшені білдіріп тұр, бірінде етістік ретінде қимылды білдіріп тұр. Ал көп мағыналы сөздің мағыналарының арасында ұқсастық болады. Мысалы, судың басы (бұлақ), таудың басы (шың), сөздің басы (сәлем) дегендегі «бас» сөзі бірінде «бұлақ», бірінде «шың», бірінде «сәлем» деген мағыналарды білдірсе де, бәрінде де бір нәрсенің басталу орны, басталар жері деген мағынаны білдіріп тұр.
Антоним – мағыналары бір-біріне қарама-қарсы сөздер. Мысалы: Аласа – биік, Ұзын – қысқа, Ақ – қара, Жақын – алыс, Су жүрек – жүрек жұтқан
Синоним – айтылуы әр түрлі, бірақ мағыналары бір-біріне жақын сөздер. Мысалы: сабырлы, байсалды, төзімді, ұстамды, салмақты.
Синонимдерді қолданудың мынадай тәсілдері бар:
Алдыңғы сөйлемде немесе қатар тұрған тексте бір рет пайдаланған сөзді қайталамас үшін оны басқасымен алмастырады. Мысалы: Ерегісте ер өлер, екі батыр егессе, екеуінің бірі өлер (Мақал). Айнала шабытты еңбек, қызу жұмыс.
Белгілі бір ұғымды түрлі белгілерімен жан-жақты сипаттап көрсету үшін синонимдер бір-біріне қарсы қойылып та, салыстырылып та, ыңғайласып та тұра береді. Мысалы: Бет көрсе, жүз ұялады (Мақал). Қауіп бар жерде қатер бар (Мақал). Ақтамақ жымиса, ол ыржияды. Ақтамақ мырс етсе, ол жарқылдап күледі (Ғ.Мұстафин). Ата дұшпан сен едің, ата жауың мен едім (Махамбет).
Белгілі бір ұғымды әр жақтан толық сипаттап беру үшін 2 немесе 3-4 синоним сөз қатарынан қолданылады. Мысалы: Балташ жолдасқа опашыл, уәдешіл болатын (Ж.Аймауытов). Майлыбайдың уысындағы күміске өзді-өзі таласып, қырылысып, төбелесіп, өліп қала жаздады (Ж.Аймауытов). Жылатушы көп болса, уатушысы, жұбатушысы да мол болған ел сорлы бола ма? (М.Әуезов). Дәл қасымызда үш бастау, қайнар, бұлақ бар. (Ә.Тәжібаев). Жақып езіліп, еріп, балқып кеткен сияқты болады (Ғ.Мұстафин). Ибалы, инабатты, ізетті жандар қазақта баршылық («Жас алаш»).
Тілдегі синонимдерді жекелеп те, кезектестіріп те, жұптап та, топтап та қолданғанымыз сияқты бұларды қосарлап та пайдалануға болады. Мысалы: күш-қуат, кұрбы-құрдас, ар-ұят, аман-сау, үлгі-өнеге, азып-тозу, қорқытып-үркіту, қажымай-талмай, өткен-кеткен, даусыз-талассыз, мұңды-зарлы, өніп-өсу т.б. Екі синоним сөз қосарланып қолданғанда бұлардың бұрынғы жеке мағыналары абстракцияланып (яғни жалпыға айналып), білдіретін ұғымның көлемі кеңейеді. Мұндағы күрделі ұғым екі сөздің дара мағыналарының жиынтығынан шығады.
Қазақ тілінде мағыналас екі сөз қатар келіп, алдыңғысы соңғысын анықтап, мағынасын күшейтеді. Мысалы: кең байтақ ел, айдын шалқар көл, қырмызы қызыл жібек, заңғар биік тау, зәулім биік үй, қызыл жоса қан, нән семіз жылқы, жайдары жарқын мінез, орасан зор жұмыс, құр бекер жүріс т.б.
Синонимдер тек жеке сөздерден ғана емес, фразалық тіркестерден де кездеседі. Көңілдегі көрікті ойды сөзбен кестелеп айтып беру үшін фразалық тіркестер де тілде орасан зор қызмет атқарады. Мәселен, Кеңес армиясы 1945 жылы неміс басқыншыларын талқандады деген сөйлемдегі талқандады деген сөздің орнына жермен-жексен етті, күлін көкке ұшырды десек, сөзіміз әлдеқайда күшті шыққан болар еді. Сондай-ақ екі синоним сөздің қатар қолданылғаны тәрізді мағына жағынан өте жақын екі фразалық тіркестер де қаз-қатар жұмсала береді. Мысалы: Қатерлі қауіп төнген күндер де өтті, итжығыс, бірде олай, бірде бұлай (Қ.Айнабекұлы). Бармақ шайнап, сан соғып, құсамен өткен өмір ғой – бұл да бір (Қ.Жұмаділов). Бұл салада да жетістіктермен қатар әттеген-ай дегізіп, сан соқтырарлық олқылықтар да бар («Жетісу»).
Синонимдерді жеке сөз бен жеке сөз, қос сөз бен қос сөз, фраза мен фраза күйінде ғана емес, араластырып та жұмсай беруге болады. Мысалы: Ақсақал абдырды, састы, қысылды, жан терге түсті (Ж.Аймауытов). Гүлнаш апай ақтарылмады, шешіліп сыр жармады (Т.Әлімкұлов). Жолыққан жанның бәрі де оған ат үсті, асығыс жауап берді (Ж.Жұмақанов). Ойдың да шикісі бар күлді-көмеш, Сүйкімсіз арам астай адам жемес. Дүмбілез, дүбарасы бар оның да, Әрі-сәрі, не ол емес, не бұл емес (Ә.Оңалбаев). Ел-жұрт, халқы мен ата-анасын көреді (Батырлар жыры).
Синонимдерді қолданудың тағы бір тәсілі – парафраза. Бұл сөздің мәнісі жеке сөздің орнында оның түсінігін сипаттап беру болып шығады. Мәселен, Алматы дегеннің орнына Қазақстанның астанасы, М.Әуезов деудің орнына «Абай жолы» романының авторы, Күләш деудің орнына қазақтың бұлбұл әншісі деп қолдануға болады. Парафраза бір заттың белгілі бір қасиетін айрықша атап өткісі келгенде, немесе соған ерекше назар аудартып, ден қойғызу мақсатында қолданылады. Кейде бір сөзді қайталамай, ойды түрлендіріп баяндау үшін де жұмсалады.
Мағынасы жағымсыз сөздердің мәнін тыңдаушыларға жеңілдетіп, жұмсартып айту тәсілін тіл білімінде эвфемизм деп атайды. Бұл да тіл мәдениетінің бір тәсілі болып саналады. Мәселен, өсек-аяң дегеннің орнына жаяу почта, ұзын құлақ, сымсыз телефон деп, өтірік сөз дегеннің орнына қоспа деп, өсекші дегеннің орнына жеңіл ауыз деп, пара дегеннің орнына ауыз бастырық деп, ұрлық дегеннің орнына жиендік деп, қартаю дегеннің орнына жасы ұлғаю деп жұмсартып қолдана беруге болады.
М.Әуезов «Абай жолы» атты романында Абайдың өлімін мынадай эвфемизмдер арқылы бейнелеген: «Осылайша айналасы айықпаған сұр тұман, суық заман ішінде ұлы жан дүниеден көшті. Мағаштың қырқын беріп болған күннің ертеңінде Абай және қаза тапты. Ұлы кеуденің демі тоқталды. Шел даланы жарып аққан дариядай игілік өмір үзілді. Сонау бір шақта тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шығып, зәулім өскен алып шынар құлады. Өмірден Абай кетті». Мұнда жазушы Абай деудің орнына бірде ұлы жан, бірде ұлы кеуде, бірде игілік өмір, бірде зәулім өскен алып шынар деп парафраза тәсілімен ерекше назар аудартқызып отырған болса, өлді деген жағымсыз сөздің орнына дүниеден көшті, қаза тапты, демі тоқталды, үзілді, кұлады, кетті сияқтанған эвфемизмдер қолданған. 1Сөздің ауыспалы мағынасының көркем әдебиетте қолданылатын түрлері
Метафора (грек. «ауысу, ауыстыру») – бір-біріне ұқсас екі не одан да көп зат немесе құбылыстың балама аталуы. Мысалы, Хан емессің, қасқырсың... Хан емессің, шаянсың... өлеңіндегі «қасқыр», «шаян» сөздері жауыз, қатыгез сөздерінің орнына қолданылған.
Метонимия (грек. «атын өзгертіп атау») – ойда сақталып тұрған бірер сөзді айтпай-ақ, ол сөзді екінші бір сөз мағынасына сыйыстырып жіберу. Мысалы, Сәкеннің шығармаларын оқыдым деудің орнына Сәкенді оқыдым деу.
Синекдоха (грек. «бірге жобалап, шамалап түсіну») – бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны, үлкеннің орнына кішіні, немесе керісінше, бөлшектің орнына бүтінді, жалқының орнына жалпыны қолдану негізінде сөз мағынасын алмастыру амалы. Мысалы, Төрт-бес қой-ешкіміз бар деудің орнына төрт-бес тұяғымыз бар деу.
МОРФОЛОГИЯ
Морфология сөз құрамы, қосымша және сөз таптарын зерттейді.
Сөз құрамының 2 түрі бар: дара сөз және күрделі сөз.
Достарыңызбен бөлісу: |