Пілден құтылған әулие Аллаһқа бір табан жақын жүрген құлдардың бірі Абдуллаһ Қаланиси бір
жолы кемемен жолаушылап бара жатып қатты бір дауылға тап болды.
«Кемедегінің жаны бір» демекші, жолаушылардың бәрі естері шыға осыдан
аман-есен құтылар болса бір-бір мал атап соятындықтарын айтып Құдайға уәде
берісті. Олар өз кезегінде Абдуллаһ Қаланисидың үндемей қалғанын жөн
көрмей оған да бір мал құрбандық шалғанның дұрыс болатындығын білдірісті.
Абдуллаһ Қаланиси оларға:
– Мен бұл өмірмен қатысымды біржолата үзгенмін, – деп қанша түсіндірмек
болса да, олар қояр да қоймаған соң: – Мейлі, ендеше мен осыдан аман-есен
жағаға шығар болсам, піл етін тегі ауызға алмайын, – деп әлгілер үшін
түсініксіздеу өз уәдесін айтты. Абдуллаһтың бұндай құрбандығын естіген
жанның ешқайсысы да түсінбеді. «Піл етін жемеймін деген несі? Елдің бәрі
жанымен қайғы болып құрбандыққа мал атап жатқанда, оның бұлай деп
Құдайға уәде еткеніне жол болсын?! Сірә, ақыл-есі кемістеу болар» десіп
үндемеді. Олардың өзара күбірлесіп өзін ақыл-есі кеміске жорығандарына іштей
ренжіген ол жай ғана:
– Дәл қазір менің ойыма келгені осы болды. Сондықтан да Аллаһқа осылай
деп уәде бердім, – дегеннен артық ештеңе айтпады.
Аллаһ тағала оларды әлгі дауылдан аман-есен құтқарып, жағаға шығарды.
Алайда кемедегі бүкіл жолаушылар дін аман жағаға шыққанымен бірнеше күн
бойы тіске басар ештеңе таппай қатты қиналды. Аштықтан қатты бұратылған
бір сәтте алдарынан бір пілдің баласы шыға келген еді. Бәрі бас салып, оны
бірден өлтіріп етін пісіріп жей бастады. Абдуллаһ ибн Қаланиси болса кемеде
берген уәдесіне беріктік танытып, піл етіне еш қол созбады.
Қасындағылар:
– Аштан өлмес үшін піл етін лажсыздан жеп отырған жайымыз бар. Кел, сен
де же! – десті.
Алайда Абдуллаһ Қаланси олардың сөзін тыңдамады. Қанша аштығына
қарамастан піл етін жемеді.
Сәлден кейін-ақ пілдің етін жегендердің бәрі тегіс ұйықтап кетті. Артынша
пілдің өзі келді. Баласының сүйектерін көрген кезде ұйықтап жатқандардың
бәрін алдымен иіскеп көрді. Баласының исі шыққандардың бәрін тегіс таптап
өлтірді. Сөйтті де Абдуллаһ Қаланисиге келді. Оның бойынан иіс таппаған соң
сыртын тосып арқама мін дегендей қимыл көрсетті. Абдуллаһ барып пілге
мінді. Піл оны белгісіз бір жер апарып түсірді.
Абдуллаһ Қаланиси таң ата бір елге жолықты, олар оны барынша қонақ
қылып күтті. Осылайша әулие кісі елден ерек Құдайға берген уәдесімен әрі сол
уәдесінде табанды тұра алғанымен бір ажалдан аман қалған еді.
Иә, «Судың да сұрауы бар» дегенді әркез ұмыт-паған абзал.