3. Академияның білім беру қызметін ұйымдастыру:
24. Академияның білім беру қызметінің түрлері:
1) қосымша білім;
2) жоғары оқу орнынан кейінгі білім.
25. КОИ-да қосымша білім беру мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
1) Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары басшылығының Президенттік резервінде тұрған құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кәсіптік қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру;
2) Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кәсіптік қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру;
3) Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кәсіптік даярлау.
Академиядағы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлығы, қайта даярлау және біліктілікті арттыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген.
26. Кәсіптік даярлықты, қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды өту кезеңінде КОИ білім алушылары (тыңдаушылар) Академия жатақханасында тұрады және оның аумағы шегінде болады.
Оқу орнының аумағы шегінен шығу және Академия жатақханасынан тыс жерде тұру Академия Ректорының жазбаша рұқсатымен беріледі.
27. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлығы, қайта даярлау және біліктілікті арттыру құқық қорғау органдарына жүктелген міндеттерді орындауға, қызметтік жұмысты есепке ала отырып, қажетті білім, икем мен дағдыларын бойына сіңіру, тереңдету және кеңейтуді көздейтін ұйымдастырушылық, оқу іс-шараларының жүйесін қамтиды.
28. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлығы, қайта даярлау және біліктілікті арттыру оқу процесінің мазмұны құқық қорғау органдарымен келісілген тиісті оқу жоспарларымен және оқу бағдарламаларымен айқындалады.
29. КОИ-дың оқу-әдістемелік жұмысына:
1) алғашқы кәсіптік даярлау оқу процесінің, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, оның ішінде құқық қорғау органдары басшылығының Президенттік резервінде тұратын қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарының нәтижелерін қорыту және талдау;
2) КОИ қызметінің практикасын қорыту, жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу, ұйымдастыру-талдау және оқу-әдістемелік жұмыстың инновациялық нысандары мен әдістерін енгізу;
3) КОИ-дың штаттық қызметкерлерімен қатар жетекші ғалымдарды, сарапшыларды, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың, оның ішінде шетелдік құқық қорғау және мемлекеттік органдардың практикалық жұмыскерлерін оқу сабақтарын жүргізуге тарту;
4) оқу процесін ұйымдастыру, оқу жоспарлары мен бағдарламаларын әзірлеу және бекіту;
5) жұмыс жоспарларына сәйкес оқу сабақтарын өткізуді үйлестіру;
6) білім алушылардың өзіндік жұмысын ұйымдастыру және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету;
7) құқық қорғау органдары қызметкерлеріне оқыту іс-шараларын (семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, тренингтер) ұйымдастыру және өткізу;
8) білім беру және оқу-әдістемелік қызметті іске асыру кезінде ғылыми, білім беру, мамандандырылған ұйымдармен және мекемелермен жасалған келісімдердің шеңберінде мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен, оның ішінде шетелдік мемлекеттік және құқық қорғау органдармен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жасау кіреді.
30. Қосымша білім беру кезінде КОИ-да қашықтан оқытуға рұқсат етіледі.
31. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша кадрларды даярлау тиісті Институтта күндізгі оқыту нысаны бойынша, сондай-ақ қашықтан оқыту бойынша жүзеге асырылады.
32. Академияға оқуға қабылдау "Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясына оқуға қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2015 жылғы 13 тамыздағы № 101 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу реестрінде № 12000 тіркеген).
33. ЖООКБИ-дың оқу-әдістемелік жұмысы жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру бағдарламаларымен оқу процесін іске асыратын және үйлестіретін кафедралармен жүзеге асырылады.
34. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқу процесін ұйымдастыру үшін кредиттік оқыту технологиясы қолданылады.
35. Академияда оқу жұмысының мынадай түрлері белгіленеді: дәрістер, семинар (практикалық) сабақтар, консультациялар, оқытушының басшылығымен өткізілетін білім алушылардың өзіндік жұмысы, практикумдар, кәсіптік практикалар және тағылымдама, магистранттар және докторанттардың диссертациялық зерттеулеріне ғылыми жетекші, білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау жүргізу және дайындау.
36. Дәріс сабақтарын өткізуге, магистранттар және докторанттардың диссертациялық зерттеулеріне ғылыми жетекшілік етуге Ректор, проректор, институт директоры, институт директорының орынбасары, кафедра меңгерушісі, профессор, доцент, аға оқытушы, оқытушы лауазымдарын атқаратын қызметкерлер жіберіледі.
Сонымен қатар, дәрістер және/немесе басқа оқу сабақтарының түрлерін өткізуге ғылыми қызметкерлер, мамандық бейіні бойынша кемінде 3 жылдан кем емес практикалық жұмыс өтілі бар мамандарды тартуға жол беріледі.
Бұл ретте, базалық білімнің немесе ғылыми дәрежелердің немесе академиялық дәрежелердің оқылатын пәндер бейініне сәйкестігі міндетті болып табылмайды және Академиямен дербес реттеледі.
37. Білім алушылардың білім берудің жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім бағдарламаларын меңгеруі үшін барынша қолайлы жағдайлар жасай отырып, Академия оқыту нысандарын, әдістері мен құралдарын дербес анықтайды.
Академия оқу процесін жоспарлау және ұйымдастыру кезінде оқу жұмысының түрлері бойынша уақыт нормаларын, оқу жұмысының түрлері арасындағы сағат көлемінің арақатынасын, оқыту технологияларын, оның ішінде қашықтан білім беру бойынша оқыту технологияларын дербес айқындайды.
38. Академия оқытушысы білім беру бағдарламалары және оқу жұмыс бағдарламалары негізінде оқу сабақтарын ұйымдастырудың оқыту әдістерін, өткізу тәсілдері және нысандарын дербес таңдайды.
39. Магистратураның білім беру бағдарламасының құрылымы білім беру мазмұнын айқындайтын оқу және ғылыми жұмыстардың әртүрлі түрлерін қамтиды.
Магистратураның білім беру бағдарламасының құрылымы мыналарды:
1) базалық және бейінді пәндер циклдерін оқытуды қамтитын теориялық оқытуды;
2) магистранттарды практикалық даярлау: практиканың, ғылыми немесе кәсіби тағылымдаманың әртүрлі түрлерін;
3) ғылыми-педагогикалық магистратура үшін магистрлік диссертацияны орындауды қамтитын ғылыми-зерттеу жұмысын немесе бейіндік магистратура үшін магистрлік жобаны орындауды қамтитын эксперименттік-зерттеу жұмысын;
4) қорытынды аттестаттауды құрайды.
Докторантураның білім беру бағдарламасының құрылымы екі құрамдастықтан тұрады: білім беру мазмұнын айқындайтын білім беру және ғылыми.
Докторантураның білім беру бағдарламасының құрылымын:
1) базалық және бейінді пәндер циклін оқытуды қамтитын теориялық оқыту;
2) докторанттарды практикалық даярлау: кәсіби практикалардың, ғылыми немесе кәсіби тағылымдамалардың әрқилы түрлері;
3) докторлық диссертацияны орындауды қамтитын, ғылыми-зерттеу жұмысы;
4) қорытынды аттестаттау құрайды.
Әрбір пән бір академиялық кезең ішінде оқытылады.
40. Академия білім алушылардың ағымдағы және межелік үлгерімін бақылау және аралық аттестаттаудан өткізу нысандарын, тәртібі мен мерзімділігін дербес таңдайды.
41. Оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыруға жауапты бөлімше академиялық топтарды жасақтайды, игерілген кредиттердің есебін жүргізеді, аралық және қорытынды аттестаттауды ұйымдастырады және өткізеді, білім алушылардың транскриптісін жазады, Академиядағы білім алушылардың оқу жетістіктерінің барлық тарихын жүргізеді.
42. Оқу процесін қамтамасыз ету мақсатында оқу полигондары құрылады.
43. Білім алушылардың білімін бағалау үшін Академияда білім алушылардың білімін бақылау мен бағалау жүйесі жұмыс істейді.
Академияда білім алушылардың оқу жетістіктерін бақылау жүйесі түрлі нысандарды қамтиды: кіріс және шығыс бақылау, үлгерімнің ағымдағы бақылауы, аралық аттестаттау және қорытынды аттестаттау.
44. КОИ-да кіріс бақылау білім алушылардың кәсіптік құзыреттілік деңгейін анықтау мақсатында курстардан өтуі алдында, шығыс бақылау – курстарды өткен соң жүргізіледі.
45. Академияның тәрбие жұмысы білім беру үдерісінің құрамдас бөлігі болып табылады және патриоттық, азаматтық, интернационализм, жоғары мораль мен адамгершілік сезімдерін, құқықтық мәдениетті, конфессияаралық толеранттылықты қалыптастыруға, сондай-ақ білім алушылардың мүдделері мен қабілеттерін жан-жақты дамытуға бағытталған.
Академиядағы тәрбие жұмысы қосымша жұмыс түрі болып табылады және білім алушылар мен профессорлық-оқытушылық құрамның адамдық қадір-қасиетін өзара құрметтеу негізінде жүзеге асырылады.
Академия білім алушылардың ерікті негізде құрылатын Магистранттар мен докторанттар кеңесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Магистранттар мен докторанттар кеңесінің қызметін ұйымдастыру тәртібін Академия дербес анықтайды.
46. Академияның тәрбие жұмысы мыналарды қамтиды:
1) білім алушылардың бойында патриотизм, азаматтылық, интернационализм, жоғары мораль мен адамгершілікті қалыптастыру;
2) білім алушылардың бойында өз бетінше және білікті түрде шешімдер қабылдау мен біліктілікті жүзеге асыру икемділіктерін қалыптастыру;
3) білім алушыларды салауатты өмір салтына, қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысуға ынталандыру;
4) білім алушылардың ой-өрісін кеңейтуге, өзінің мамандығына құндылық қатынасты қалыптастыруға ықпал ететін тақырыптық іс-шаралар өткізу;
5) білім алушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқын қалыптастыру;
6) білім алушылардың бойында құқықтық сана және құқықтық мәдениетті дамыту.
Достарыңызбен бөлісу: |