Өс, өс, өс,– деген сияқты балаға жақсы тілектер тілеу сипатында болып келеді. Бұл сияқты өлеңдер баланы шомылдырған кезде де айтылады. Баланы шомылдырып болған соң, денесін майлап, сылап жатқызады. Бұл бала денесіне массаж жасаумен бірдей. Бұл уақытта:
Бисмиллаһир рахманир рахим,
Сыламақ менен,
Қатып қалмақ сенен.
Менің қолым емес,
Бибі Фатима, бибі Зухра қолы,
Ұмай ана қолы, Қамбар ана қолы,
Тастай қыл,
Темірдей қыл
Сүттей ақ қыл!– деген сияқты ырым өлеңдер айтылады. Бұл өлеңнің мазмұнынан түп-тамыры тым әріге, арбау өлеңдеріне қарай кететін мәпелеу жырының көне сипатын байқау қиын емес. Мәпелеу жырларында халықтың әр кезеңдегі ұғым-түсініктері, діни сенімдерінің ізі анық байқалады. Мәселен, Ұмай ана түркі тектес халықтардың көне ұғымында әйелдердің, балалардың, от басы, ошақ қасының қамқоры ретінде танылатыны белгілі. Бұл бейне қазақ фольклорының басқа жанрларында да кездеседі.Ал Бибі Фатима, Бибі Зухра – ислам дінінің пірлері. Мұндай арбау сарынындағы көне тіркестер қазір көп айтылмайды. Әлпештеу жырлары соңғы кезеңде діни ұғымнан арылып, таза практикалық мәнге ие болған. Олар көп жағдайда:
...Сыламақ менен,
Мықты болмақ сенен!
Жауырынъң жабыспасын,
Қабырғаң қайыспасын
Өс, өс, өс,– деген сияқты тілектерге құрылады.
Сәбиді суға құйындырып жатқан апасы оны алдандыру үшін:
Шылдыр, шылдыр, шылдырақ,
Су атады сылдырап,
Балам менің тап-таза,
Шыға келді жалтырап,– деп әндетеді, құйындырып болған баланы қолынан ұстап сілкілеп:
Суы сарқылып,
Өзі қалсын.
Кірі кетіп,
Иманы қалсын!– деп, бірнеше рет қайталайды.
Мұндай өлеңдер жөргегінде бос жатқан баланың денесін созу кезінде де мол айтылады. Олардың үлгісі мынадай:
Екі қолын екі жаққа жая созып:
Қаздың қанатын берсін.
Екі аяғын төмен қарай созып:
Тырнаның аяғын берсін.
Аяқ-қолын сілкілеп:
Серпінің сұңқардай болсын,
Тебінің тұлпардай болсын,
Өс, өс...
немесе
Менің бөпем аппақ,
Күліп, ойнап жатпақ.
Көзі улының көзіне – теріскен,
Тілі улының тіліне – теріскен,
Өс-өс...
Әрине, мәпелеу жырларының барлығы да төрт аяғынан тең тұрған көркем поэзия емес. Олардың ішінде прозалық тіркестер де мол. Өлең құрылымы, ұйқас, тармақ жағынан да бұл жырлар бата-тілек, уату жырларынан ерекшеленбейді. Бұлардың ішінде бір-біріне ауысып жүрген шумақтар да жоқ емес. Қазақ әлпештеу жырлары мазмұндық, өлеңдік құрылысы жағынан туысқан халықтар поэзиясымен іштей тұтасып жатады. Әсіресе, түркі тектес халықтар поэзиясында түпкі тамыры бір шумақтар өте көп ұшырасады.
Қазақ әлпештеу жырларының ішінде көркемдік деңгейі жоғарысы да, халық арасына кең тарағаны да «Ақ білек» өлеңі. Бұл өлеңді халық баланың білегін ұстай отырып айтады.
Түйіп айтсақ, мәпелеу жырлары халықтың баланы бағып-қағуға байланысты өмірлік тәжірибесінен туындаған. Бұл өлеңдерде халықтың дәстүрлі дүниетанымының алғашқы айшығы анық аңғарылады. Өлеңнің ұйқасы мен ырғағы, көркемдік құрылысы дене жаттығуларын сүйемелдеуге ыңғайланған, сол әрекеттермен үндес шығып отырады.
Уату, алдарқату жырлары. Балалар фольклорын зерттеушілер уату-алдарқату жырларын әлпештеу жырымен бір жанрлық арнада қарастырып келді.
Тілі шығып, сөз мәнін ұғына бастаған бөбектерді қолына алып:
Бөпем менің қайда екен?
Асқар-асқар тауда екен.
Тауда неғып жүр екен?
Алма теріп жүр екен.
Алмасынан қане екен?
Жаңа теріп жүр екен..
Қызыл алма қолында
Қыздар оның соңында,– деп әндетеді.
Қазақ фольклорының терең білгірі Ә.Диваев өзінің «Қазақтар балаларын қалай алдандырады» атты мақаласында қазақ халқы арасында кең таралған саусақ ойындарының бір түрін келтіреді. Автор қазақ халқының мұндай ойындарға кенде емес екендігін көрсете келіп, саусақ ойындарының көп халыққа тән екендігін ескертеді.
Шынында да, саусақ ойындары барша халықтарға ортақ, кең таралған ойын. Олардың айырмашылығы халық педагогикасымен жымдаса өрілген ел өмірінің, шаруа тұрмысының, халық дүниетанымының көріністерінде. Мәселен, жоғарыда Ә.Диваев келтірген саусақ ойынының негізінде саусақтардың неге ұзынды-қысқалы болып жаратылғандығы жөніндегі халық аңызы жатыр. «Алғашқыда адам саусақтарының ұзындығы бірдей болыпты-мыс. «Ұрлық істейік,– деп жамандыққа бастағаны үшін құдай басбармақты ортасынан кесіп тастапты. «Істесек істейік»,– деп қостағаны үшін сұқ саусақты да қысқарта кесіпті. «Құдайдан қорықпайсыңдар ма?» дегені үшін ортан қолға тиіспепті. «Құдай не істейді» дегені үшін аты жоқ қолды да қысқартыпты. «Ұрлайық та, сояйық» дегені үшін шынашақты одан да қысқартыпты»,– дейді халық аңызы.
Астарында үлкен тәрбиелік мән жататын уату-алдарқату жырларының әрқайсысының мазмұнынан халық тұрмысының өзіндік ерекшеліктері танылады.
Қазақ халқы арасында кең таралған сондай уату жырының бір түрі – «Қуырмаш». Жылап отырған баланың алақанын алып, «Қуыр-қуыр, қуырмаш, тауықтарға бидай шаш»,– деп бидай қуырғандай етіп қытықтайды да:
Достарыңызбен бөлісу: |