Алас, алас, пәледен қалас,
Көзі жаманның көзінен алас,
Тілі жаманның тілінен алас,
Қырық қабырғасынан алас,
Отыз омыртқасынан алас! – дегендей ырым өлеңдер айтылады. Мұндай анимистік ұғым әр халықта сақталған. Орыс бесік жырларында да:
Сон да дрема,
Приди к Вене в голова.
Сон да дрема,
Накатись на глаза,– деп ұйқы шақыру сарыны бар. Бесік жырының магиялық негізін дәлелдеушілер көбінесе осы тектес мәтіндерді тілге тиек етеді. «Ұйқым қашып жүр», «Көзіме ұйқы тығылып», «Ұйқым келмеді» деген тіркестер мұндай магиялық түсініктің қазақ халқында да болғандығын аңғартады.
Орыс бесік жырын тереңдей зерттеуші А.Н.Мартынова мұндай мәтіндердің тегін арбау өлеңдермен байланыстыра келіп, орыс бесік жырларында екі түрлі арбау туралы айтады. Екіншісін арнай арбау деп түсіндіреді. Осы екі сарынның да элементтері қазақ бесік жырларында кезігеді.
Бесік жырының мазмұндық құрамын іштей жіктеу жөнінде де ғалымдар түрлі толғамдар айтады.
О.И.Капица орыс халық бесік жырларын мазмұнына қарай «балалар әлемін бейнелейтін», «аналар сырын шертетін» жырлар деп екіге бөлсе, Н.М.Элиаш оны бесіктегі бала күтіміне байланысты, тарихи, тұрмыстық, кеңестік кезеңдегі бесік жырлары деп төртке бөледі. Кеңес дәуіріндегі бесік жырлары дегенге қосылмағаны болмаса, М.Н.Мельников жіктеуі осыған ұқсас. Өзбек бесік жырларын зерттеуші А.Сафаров та осыны қолдайды.
А.Н Мартынова бесік жырын «дәстүрлі емес» деп екі жікке бөледі. Татар зерттеушісі Р.Ф.Ягафаров та осыны қолдай отырып, оған «қазіргі тақырыпқа арналған бесік жырлары» дегенді қосады.
Қазақ бесік жырларын зерттеушілер екі топқа бөліп қарастыруды ұсынады:
дәстүрлі бесік жырлары,
суырып салма бесік жырлары.
Дәстүрлі бесік жырына ұзақ жылдар бойы айтылып әбден қалыпқа түскен, мазмұндық-композициялық негізгі қаңқасы толық сақталып, Қазақстанның барлық түкпірінде өзгеріссіз айтылатын жырлар жатады. Бұл жырлар, негізінен, тікелей балаларға арналған. Жыр құрылысында «әлди-әлди» немесе «жылама, бөпем, жылама» тәрізді қайырмалар қайталанып, жырдың негізгі мазмұны баланы ұйықтауға, тыныштандыруға, оның жарқын болашағына ақ тілек білдіруге құрылады. Бұл жырларда қазақ халқының дәстүрлі бала тәрбиелеу ісінің, халық тұрмысының, ұғым-түсінігінің, арман-мақсатының көріністері мол.
Суырып салма бесік жырлары адамның жеке басындағы, тұрмыстағы, тарих пен қоғамдағы түрлі оқиғалардың әсерінен туып тарап отырған. Ол жырларда сол кезеңдік оқиғалардың бедерлері мол. Бала тербетіп отырған адам бесік жырының дәстүрлі нұсқасын пайдалана отырып, өз ой толқынысын, күйініш-сүйінішін сыртқа шығарады. Бұл топтағы жырларды іштей тарихи-тұрмыстық тақырыптағы және айтушының жеке басына байланысты мұң-шер жырлары деп екіге бөлуге болады. Бірақ бұл топтағы жырлардың көпшілігі белгілі аймақта ғана айтылып, кең тарамаса, кейбіреулері кең таралғанмен, өлеңнің тууына себеп болған оқиғамен бірге уақыт өткен соң ұмытылып кеткен.
Халық тұрмысында бесік жырын айтушылар аналар ғана емес. Оны немересін жұбатқан аталар мен әжелерден бастап отбасы мүшелерінің барлығы да орындайды.
Бірінші бала:
Апаң кетті бел асып,
Беліне белбеу жарасып.
Тезек теріп жүргенде
Кетіп қапты адасып.
Екінші бала:
Апасы оның келеді,
Жұмыртқа әкеп береді.
Дәркен оны біледі,
Жыламайды күледі,– деп бесік тербетіп отырған балалардың жырды кезектесіп орындайтындығын этнограф С.Қасиманов да жазады.
Балаға деген махаббат, еркелету, айналып-толғану – бесік жырының негізгі өзегі. Баланы әлдилей отырып:
Құрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Қызмет қылар ма екенсің?
Қолымыздан іс алып,
Бақытымызға, жан балам,
Бізді бағар ма екенсің?– деп халық өз арман-тілегін жырға қосады.
Ел тарихы, қоғам дамуында болған елеулі оқиғалар халық тұрмысы мен әрбір отбасы жеке адам өміріне әсер етпей қоған емес. Көшпелі елдің қағазға түспей, тарих тозаңының астында қалған суырып салма бесік жырларының бізге жеткен там-тұм нұсқаларынан халық жүріп өткен сол кезеңдердің түрлі іздерін байқаймыз. Мәселен, жазушы М.Мағауин хатқа түсірген:
Достарыңызбен бөлісу: |