Менің бөпем ақ сары,
Бөпем шашы сап-сары,
Бөпем мінген бесіктің
Бекімейді жапсары.
Бекімесе бел түрсін,
Шекер мен бал келтірсін.
Беліне шашы құйылсын,
Бикелері жиылсын,– деп келетін жырлар кезеңдік тұрғыдан қарағанда шығу тарихы XV ғасырға дейінгі дәуірге келетін көне жырлардың қатарына жатқызуға болады.
С.Сейфуллин:
Бұрынғыдай жайың бар ма?
Мінетұғын тайың бар ма?
Жылағанда дайын тұрған
Қарындағы майың бар ма?
Бұрынғыдай елің бар ма? деген өлеңді «қалмақ шапқыншылығынан қалған» дейді. Бас аяғы күзеліп жеткен ана жырының бұл үзіндісінен біз XVIII ғасырдағы қазақ-қалмақ халқы арасындағы шапқыншылықтардың ауыр сызын сезінеміз, бірақ дәл қай уақыт, қандай оқиға екендігін тап басу қиын.
Сәбилік ғұрып жырлары – бөбек жырының бір түрі. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» демекші, баланың алғаш бесікке бөленуі, қырқынан шығуы, тіс жаруы, құйрық басып отыруы, тұңғыш киім киюі, тұсау кесу, т.б. сәттерінде айтылатын өлең-жырлардың мазмұны мен мәні терең, жанрлық сипаты ерекше. Ел арасына кеңінен тараған сәбилік ғұрып жыры – “Тұсау кесу”.
Бөбек жырына жататын жырдың келесі түрі - мәпелеу жырлары. Нәрестенің дені сау, ауру-сырқаудан аман, әбден шыныққан, ел армандаған мықты азамат болып өсуі үшін туған сағаттан бастап-ақ қам жейтін ата-ана халық тәжірибесі әбден калыптасқан дәстүрлі әрекеттерді бұлжытпай орындайды: суға шомылдырады, майлап, сылайды, денесін жазып, түрлі жаттығулар жасатады, кеудесіне отырғызып, мойынына, тізесіне мінгізіп ойната жүріп буынын бекітеді. Бұл әрекеттер қай халықтың болмасын өмірлік тәжірибесінде әбден дәлелденген, жылдар бойы мысқалдап жинақталған халық педагогикасының жемісі. Бала тәрбиесіндегі осы әрекеттердің барлығының да әнмен, жырмен, сөзбен сүйемелдене отырып жасалатанын байқау қиын емес. Ата-ана баланың дене құрылысын дамытуға арналған жаттығу әрекеттерін жасай отырып, өлең ұйқасы, ән сазы арқылы олардың көңілін де аулайды және өзінің ішкі сезімін, тілегін де сыртқа шығарады. Фольклортану ғылымында мұндай өлеңдерді мәпелеу жырлары (пестушки) деп топтастыру қабылданған.
«Пестушки,– деп жазады В.П.Аникин,– получили свое название от слова пестоватъ – нянчить, пастить, ходить за кем-либо, воспитывать, носить на руках. Это короткие стихотворные приговоры, которыми сопровождают движения ребенка в первые месяцы жизни». Қазақ ұғымындағы «мәпелеу» сөзі де осы түсінікке жақын. Сондықтан да бұған дейін жеке жанр ретінде сараланбаған бұл өлеңдерді біз мәпелеу өлендері деп атадық.
В.П.Аникин пікірін дамыта келіп, М.Н.Мельников: Шығармаға тән барша жанрлық белгілері бар мәпелеу жырларының шоғыры белгілі тұрмыстық функцияға ие. Олар халық педагогикасында қалыптасқан дене қимылдарының жүйесімен тұтасып жатады. Олар баланың жас ерекшелігіне қарай қажетті шағын дене жаттығуларының сипатымен үндес келетін өзіндік құрылымға тәуелді,– деп анықтай түседі.
Мәпелеу жырларының негізіндегі дене жаттығулары өмірлік қажеттіктен туған. Қазақ баласының алғашқы жылдарының көп уақытын бесікте өткізетіні белгілі. Егер баланы бесіктен шешіп алып, сергітпесе, дене құрылысы дұрыс өспейді, кейде жауырыны жабысып қалатын сәттері де болады. Оны кезінде М.Жұмабаев та қатты сынға алған. Міне, осындай жағдайлар болмас үшін, сәби денесінің дұрыс жетілуіне қолайлы жағдай туғызу мақсатынан баланың аяқ-қолын созып, әр түрлі жаттығулар жасату практикалық қажеттілікке айналған. Ол сәби денесінің құрыс-тырысын жазып, сергітіп қана қоймайды, жанын да жадыратады. Ана бала құлағына жағымды сөзбен жаттығу әрекеттерін сүйемелдей өлеңдетеді. Бұл өлеңдердің ырғағы жаттығу әрекетіне лайық болса, мазмұны:
Өс, өс, балам, өсе бер,
Батыр бол балуан білекті.
Батыл бол таймас журекті!
Аяғыңды созайық,
Саусағыңды жазайық
Етті болсын балтырың,
Епті боп өс, жарқыным!
Достарыңызбен бөлісу: |