Айдағаным торпақ,
ала тайым жортақ.
Кім ойынға шықпаса,
қоян жүрек қорқақ;
Әуеде ұшқан алты қаз,
атайын десем оғым аз.
Егер ойынға келмесе,
пәленшенің басы таз;
Сәуле бізбен дос,
қолы күнде бос.
Добын ала шығады,
дарбазасын жаба шығады.
Қаламақ (жеребьевки). Балалар ойынының басталуында да өлеңнің атқарар рөлі зор. Көпшілік ойындардың ойнау шарты бойынша балаларға екі топқа бөлінуге тура келеді. Мұндай жағдайда балалар әр түрлі тәсілдер қолданады. Осындай тәсілдің бірі – қаламақ арқылы жіктелу. Ойын алдында балалар екі жетекші сайлайды, содан соң екі-екіден жұптасып, өздеріне жасырын ат қояды. Сол жасырын ат бойынша екі жетекшіден кезек-кезек қалауын сұрайды. Мысалы, «аспандағы жұлдыз керек пе, судағы құндыз керек пе?» деп сұрайды. Жетекшінің бір «судағы құндыз» немесе «аспандағы жұлдыз» дейді. «Құндыз бала» немесе «жұлдыз бала» сол жаққа шығады. Осылайша олар екі топқа бөлінеді.
Санамақтар (считалки). Санамақтар балалар ойындарын бастауда басты рөл атқарады. Бұл жанрдың тәлімдік мәні өте зор. Ең алдымен ұйқасты өлеңдер баланың поэзияға құмарлығын арттырып, әдемі сөйлеуге дағдыландырады. Жаттау қабілеттерін, танымдық ой-өрісін дамытады. Санамақ тәртібін бұзбай айту баланы сергектікке, байқампаздыққа, турашылдыққа баулиды. Санамақтар көп жағдайда «сен тұр, сен шық», «сен кір, сен шық» деген тәрізді белгілі тіркестермен аяқталады.
Драмалық (рольді) ойындар. Ойын («Айгөлек», «Ақсүйек», «Ақ серек, көк серек», «Үй артында қол ағаш», «Соқыр теке», «Асау мәстек», т.б.) өлеңдерінің шартты белгісі – олардың орындалуының ойындық шартты әрекеттермен міндетті түрде қабысып келуінде.
Өлең ойындар (песни-игры). Бұл топтағы жырлардың қимыл-қозғалыс ойындарымен байланысы жоқ. Ойын сөзге, өлеңге негізделіп құрылады. Балалар диалог арқылы сөз қақтығысына, ой жарысына түседі. Сөзбен ойнай жүріп тілдерін сындырып, қиялдарын ұштайды, білім-біліктерін байытады, түрлі дағдылар қалыптастырылады. Өлеңді сөз бен ойды ермек етуге негізделген бұл өлең-ойындардың құрамына мынадай жанрлық түрлерді топтастыруға болады: тәжікелесу, жаңылтпаш, жұмбақтар, балалар айтысы.
Тәжікелесу (поддевки). Тәжікелесу – балалардың күнделікті тірлігінде кең тараған ермек өлеңдердің бір түрі. Олардың көлемі әр түрлі, көбінесе, ұйқастырылған тақпақ түрінде келеді. Мазмұнында балалардың бір-бірін келекелеп, қағытқан әзілі жатады.
Тәжікелесудің түрлері:
жасанды диалогқа негізделген тәжікелесулер:
қасық деші
қасық
аузың сасық,
табиғи диалогқа негізделген тәжікелесулер:
- немене
- тегене
-төмен қарай дөңгеле,
- мынау қандай ағаш?
- қайың
- сыбағаң дайын, т.б.),
тәжіке-жұмбақтар:
- белі бүкір алысқа түкір
- мылтық
- аузыңа жүн тық,
- даусы тырау-тырау, денесі қырау-сұрау
- тырна
- бас салып тырна,
тәжіке-сауалдар
- ақ па, қара ма?
- ақ
- бетіңе батпақ жақ
- ақ па, қара ма?
- қара
- басыңа шықсын жара
- ат па, айғыр ма?
- Ат
- арам қат
- ат па, айғыр ма?
- айғыр
- міне алмай қайғыр,
алдамшы тәжікелесулер
- ананы қарашы
(қарайды)
- қараттым, қараттым, қарғаның саңғырығын жалаттым,
-алдадым, алдадым, қара суды жалдадым деген түрлері бар.
Тәжікелесудің сөздің мағынасын бұра сөйлеуге құрылған дәстүрлі формалары да бар.
Негізгі әдебиеттер
Ш.Ахметов. Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі. А., 1965
Б.Уахатов. Қазақтың халық өлеңдері. А., 1974
К.Ісләмжанұлы. Рухани уыз. А., Ана тілі, 1995
Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. А., Мектеп, 1980
Қосымша әдебиеттер
М.Ғабдуллин. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. А., 1974
М.Әуезов. Әдебиет тарихы. А., 1991
А.Байтұрсынов. А., Ақ жол, 1991
Ә.Табылдиев. Халық тағылымы. А., Қазақ университеті, 1992
Ақ сандық, көк сандық. А., Жазушы, 1988
Соқыр теке. А., Өнер, 1990
Жаттамақ. А., Балауса, 1994
3-дәріс
Фольклор арқылы баланы халық даналығына баулу
Халық даналығына баулуда мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні
Өтірік өлеңдердің бала қиялының дамуына әсері
Бала логикасын дамытуда жұмбақтардың тәрбиелік ролі
Жаңылтпаштардың бала тілін дамытудағы қызметі
Халық ауыз әдебиетіндегі ұсақ жанрлар деп аталатын жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, өтірік өлеңдердің балалар фольклорынан алатын орны ерекше.
3.1 Халық даналығына баулуда мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні
Мақал-мәтелдер халық ауыз әдебиетінің ерте заманнан келе жатқан, өзіндік ерекшелігімен екшеленетін халықтың асыл ойын жинақтап көрсететін тамаша көркем сөздің жиынтығы болып табылады. Мақал-мәтелдерді пайдалану арқылы халық тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін көрсететін асыл мұра, ақылына ақыл қосатын, жарқын болашаққа дұрыс бағыт беретін өмірдің қамқоршысы деген баға береді халық қазынасын алғаш зерттеген Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, С.Көбеев. т.б.
Мақал – халық данышпандығының алтын қазыналы мұрасы болып табылады. Қазақ халық мақалы – қазақ әдебиетінде үлкен көркемдік мән беріп, сөздің байлығын, айтайын деген ойдың ұтымды жағын көрсететін әдеби әдістің тамаша түрлі формасы.
Мақал-мәтелдер халық бұқарасының ой-өрісін өте айқын анық көрсетеді. Халықтың әлеуметтік тарихи тәжірибесін мақал-мәтелдер жеткізеді. Қазақтың халық мақалдары, жұмбақтары адам өмірінің бастан кешіргенін және тіршілікке байланысты мол мұрасын жинақтайды.
Қандай мақалды алсақ та, оның шығуына үлкен уақиға, мәнді әңгіме себеп болған. Мақал соларға берілген баға, жасалған қорытынды, яғни «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» есебінде жүреді. Халық аз сөзге көп мағына сыйдыра отырып, өзінің өмірінде көргендерін, бастан кешірген кезеңдерін, алған тәжірибелерін мақал арқылы айтып береді. Бұл жағынан алғанда, көптеген мақалдар ақыл-өсиет, нақыл сөз есебінде қызмет атқарады.
Мақалдың мағынасы терең, ойы көркем, сөзі ықшамды және жеңіл болғандықтан, бала тәрбиесінде алатын орны ерекше. Халық шыр етіп дүниеге келген баласын терең, ойлы сөзбен тәрбиелеп, сөздік қорын дамытып, оларды жарқын болашаққа тәрбиелейді, өмірге бағыт-бағдар сілтейді. Халық үшін көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боласың деп талаптанудың игілігін қызықтырады. Балаларға арналған халықтың мәтелдері баланың көңілін сергітіп, ықыласын арттырады. Айтылған ойдың жемісін көрсеттіреді. Сондықтан да «ата балаға сыншы» деп өмірдің тәжірибесін арнайды. Бала тәрбиесінде халық өзінің асыл ойын, даналығын үлгі-өнеге ретінде ұсынады. «Бала – өмірдің жалғасы» деп, «Бала – бауыр етің, көздің нұры» деп армандайды. Бала тәрбиесінде халық мақалдарын бірталай тақырыптарға бөлеміз:
Тәрбиеге байланысты:
Достарыңызбен бөлісу: |