Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрлігі «Болашақ» академиясы


ҚАЗАҚ ТАРИХЫ МЕН ШЕЖІРЕЛЕРІ ТУРАЛЫ ОЙ-ТҮЙІНДЕР



Pdf көрінісі
бет25/68
Дата06.03.2017
өлшемі5,4 Mb.
#7947
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   68

ҚАЗАҚ ТАРИХЫ МЕН ШЕЖІРЕЛЕРІ ТУРАЛЫ ОЙ-ТҮЙІНДЕР 

 

Жақан Ə.Қ., Қасымова Н.Б. 



Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, 

Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы 

 

Абай – қазақ  ұлттық  руханиятының  мөлдір  мұхиты  болса,  Шəкəрім – телегей  теңізі 



іспетті.  Осы  қос  алыптың  маржанды  мұраларынан  қанып  ішпеген  қазақты  ұлтымызға  жаны 

ашитын ұрпақ деудің өзі ұят.  

Екі  ойшылдың  қазақ  тарихына,  ел  шежіресіне  қатысты  туындылары – біздің  туған 

топырағымыз бен ата тегімізді түгелдейтін ұлттық құжатқа қосылар үлкен үлес екендігі даусыз.  

Тарих пен шежіре ежелден егіз дүние. Туған жердің тарихы мен сол елдің шежіресі бір-

бірімен тығыз байланыста. Біз жер мен елдің тарихын шежірелерден іздейміз. Тарих – шежіре, 

шежіре – тарих! Жер бетін мекендеген əрбір ұлт өзінің жүріп өткен жолынан тарих жасайды. 

Ал  тарих  жасаудың  ең  тиімді  жолы – шежірелік  дүниелерге  сүйену.  Жалпы  шығыс 

халықтарында  сонау  орта  ғасырлардан  бері  қарай  əр  түрлі  деңгейде  шежірелер  мен 

жылнамалар  хатқа  түсіріліп,  елдің  игілігіне  жаратылған.  Солардың  алғашқысы – адамзат 

мəдениетінің  құнды  мұраларының  қатарына  жататын  «Моңғолдың  құпия  шежіресі».  Онан 

кейінгі  З.М.Бабырдың  əйгілі  «Бабырнамасы»  жəне  Қ.Қосымұлының  «Жылнамалар  жинағы» 

т.б.. Осы жəдігер туындылардың ішінде қазақ халқына қатысты мағлұматтардың бар екендігін 

алғаш айтқан адамдар – біздің ұлтымызда Шоқан мен Абай десе де болады.  

Бұл  жайында  зерттеуші  Ж.Шекен  өз  еңбегінде: «Қазақ  ғалымдарының  «Моңғолдың 

құпия  шежіресін»  зерттеуі  Ш.  Уəлихановтан  басталады.  Ол  Қадырғали  би  Қосымұлының 

«Жылнамалар  жинағы»  туралы: «Қазақ  тарихына  қатысты  деректердің  молдығы  жағынан 

«Жылнамалар  жинағына»  иықтасар  ештеменің  жоқтығы  күмəнсіз»  деген  құнды  пікір  айтқан 

болатын.  

Өз  кезегінде  «Жылнамалар  жинағының»  кейбір  тармақтары  «Моңғолдың  құпия 

шежіресінде»  көрініс  тапқан.  Ендеше,  Шоқанның  пікірі  жанама  түрде  болса  да  аталмыш 

«шежіреде»  көрініс  тапқан.  Яғни,  сол  «шежіреге»  қатысты  деп  ойлаймыз.  Демек,  орта 

ғасырдағы  қазақ  тарихымен  байланысы  бар  «Құпия  шежіре»  бөлімдерінің  Шоқан  тарапынан 

жоғары бағалануы – тұңғыш рет ғылыми тұрғыдан назар аударылғандық деп білеміз. Сондай-

ақ,  ұлы  Абайдың  «Қазақтың  қайдан  шыққандығы  жөнінде»  дейтін  тарихи-этимологиялық 

мақаласында Шыңғыс есіміне қатысты оқиғаларды ел-жер тарихымен сабақтастыра əңгімелей 

келіп,  аталмыш  тұлғаның  ұлт  тарихына,  əдебиетіне  қатыстылығын  ерекше  атап  өткендігі  де, 

Шыңғыс хан есіміне байланысты ел есіндегі өткендегі əңгімелерді жаңғырту деп түсінген жөн» 

[1], - деп  өз  тұжырымын  жасайды.  Бұған  біз  де  қосыламыз.  Олай  дейтініміз:  ұлттық  жазба 

əдебиеттің  жаңа  кезеңі  дəл  осы  Шоқан  мен  Абайдан  басталғаны  анық.  Бұрыңғы  əр-əр  жерде 

шыққан  жазба-сызба  дүниелердің  барлығына  əсіресе  Абай  сын  көзбен  қарап,  ұлттық 

руханиятқа көптеген өзгерістер енгізді, жаңалықтар қосты. Ұлы ойшылдың «Біраз сөз қазақтың 

түбі  қайдан  шыққаны  туралы»  дейтін  еңбегінде  қазақ  халқының  түп  тамырына  тереңдеп 

бойламаса  да,  болашақ  зерттеушілерге  жол  көрсетіп,  бағыт-бағдар  беріп,  қазақ  шежіресін 

қалыптастырудың алғышарттарын жасауға тырысқаны көрінеді.  

Мəселен: «Əуелде  адам  балалары  бұл  күнгі  орындарына  екі  жақтан  толқынданып 

келгендігі: бірі – Үндістан тарапынан, ол жақтан келген жұрттардың көбі білімді жұрт болып, 

ертерек ғылымға үйір болып, қайдан шыққандарын білгендер; екінші – маңғұл жағынан келген; 

олар  заманның  көбін  ғылымсыздықпен  өткізіп,  тауарихларын  терең  білмей,  түбі  ескерусіз 

қалып,  ата-бабаларын  ақсақалдарының  айтуымен,  ауыз  хабарынан  білгеніне  қанағат  қылып 

жүріскен.  Соның  бірі,  яғни  сол  маңғұлдан  шыққан  (бұл  сөз  моңғолдың  қол  астында  болған 

деген ұғымнан туындаса керек. – Ə.Ж.) халықтың бірі – біздің қазақ. Біздің қазақтың маңғұлдан 

шықпақтығы – бізге ұят емес, бірақ біздің білімсіз, ғылымсыз қалмақтығымыз – ұят» [2, 349]. 

Абайдың бұлай айтуына екі негіз бар. Бірі – əлімсақтан бері түркі- моңғол тайпаларының өзара 

туыстығы,  көші-қоны  араласқан  көшпенділер  екендігі  болса,  екіншісі – Алаш  елінің  бірлігін 

сақтап,  мемлекетін  құрысқан  игі  жақсылардың  бəрі  Шыңғысханнан  тарағандығына  жатса 

керек.  Бұл  жерде  «Моңғолмен  туыстығымыз,  олардың  қол  астында  ұзақ  уақыт  болғанымыз 

бізге кедергі келтірмейді, бірақ өзгелерден қалып қойған қараңғы, бейшара қалпымыздан ұялу 



152 

 

қажет»  дейтін  ағартушылық  бағыттағы  ойын  ашық  айтады.  Əрі  қарай, «арабтар  көшпелі 



халықтарды  «хибаи»  деп, «хұзағи»  деп  атапты. «Хибаи»  дегені – «кигіз  шатырмен  жүруші» 

деген  екен. «Хұзағи»  дегені – өз  жұртында  жəне  хұзағи  деген  көшпелі  халқы  бар  екен,  соған 

ұқсатып айтқан екен. Сол уақыттың бір ханы көшіп келе жатқанда бұлардың тіркеулі түйесін 

көріп: «Міне, мыналар шынымен қаз-ақ екен», – депті, «Əдейі қайтқан қазға ұқсайды-ақ екен», 

– деп. Сонымен, бұлар өзін де, өзге жұрттар да қазақ атап кетіпті, бұрын өздерін «ұлыс»дейді 

екен  де,  жүре  береді  екен» [2, 351], – деуінде  аңызбен  астасқан  бір  əңгіменің  шетін  қозғап, 

ұлтымыздың «қазақ» деп қалай аталғандығы жөнінде білмекке ұмтылады.  

Осы  еңбегінде  жалпы  шығыстық  мейрам  «Наурыз»  жəне  қазақтың  «Алаш»  атануы 

туралы да пікірлерін келтіріп өтеді.  

Шағын  шығарманың  иіріміне  бойласақ,  қазақ  хандығының  бастау  бұлағы,  қайнар  көзі 

Шыңғыс ханға барып тіреледі.  

Шыңғыс хан қанша жерден қатыгез, жауыз болғанымен əлемдік құбылыс екендігін Абай 

да  мойындаған.  Ендеше  ол  жайындағы  аз  ғана  эпизодтық  көрініске  құлақ  түрелік: «Қашан 

маңғұлдан Шыңғыс хан шыққанда, қазақтар құтты болсынға барыпты. Бірақ қай жерде барғаны 

мағлұм емес, сүйтсе де осы Шыңғыс тауында, əскер Қарауыл өзенінің бойында жатып, он екі 

рудан он екі кісі, маңғұлдың өз заңы бойынша, «Хан» деген үлкен биіктің басында ақ кигізге 

Шыңғысты отырғызып, хан көтерген дейді. Тауының Шыңғыс аталып, биігі Хан аталмақ себебі 

де сол болса керек. Сол он екі кісінің бірі – қазақтың Майқы би деген кісісі екен. «Түгел сөздің 

түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген мақал болған.  

Қазақтың  соғысқа  жарарлық  адамы  сол  Шыңғыстың  əскеріне  қосылыпты,  бұларды 

Шыңғыс Жошы деген үлкен баласына билетіпті» [2, 352], – дей келіп, біздің соңғы ханымыз да, 

төрелеріміз де бəрі осы Жошы нəсілінен тарағанын тілге тиек етеді.  

Ал,  шындығында,  Шыңғыс  хан  тарихы  жайында  жазылған  тұңғыш  еңбек  «Моңғолдың 

құпия  шежіресінен»  бастап,  онан  кейінгі  «Жылнамалар  жинағы», «Алтын  шежіре»  басқа  да 

түрлі  шежірелік  кітаптарда,  бертініректегі  зерттеулердің  барлығында  да  тарихи  Темучин – 

Моңғолия  жерінде  Онон  өзенінің  бойындағы  ұлы  құрылтайда  (жиын)  салтанатты  түрде  күллі 

моңғолдың  жоғарғы  əміршісі  болып  жарияланады.  Сонымен  бірге  құрылтай  Темүжінге 

Шыңғыс хан атағын бекітті. «Құрылтайда оны таққа отырғызып, Шыңғыс хан деген ұлы атақ 

берілді. Сол жерде «Шыңғыс хан» атын иемденген қырықтан асқан өжет еркек ант беріп, көк 

аспанға  тағзым  етіп,  қара  жерге  бас  иіп,  тоғыз  тұғырлы  ақ  туды  асқақтата  көтерді», – деп 

жазады  аталмыш  еңбектерде.  Бұған  қарағанда,  Абайдың  айтып  отырғаны  ел  ішіндегі  ескі 

сөздер мен аңыздардан туындаса керек. «Туындаса керек» демекші, Абай да өз еңбегінде осы 

сөздерді  жиі  қолданады. «Болса  керек», «қылса  керек», «екен»  дегендерді  көбірек  келтіре 

отырып, нақты деректердің керек екендігін баса айтқан сияқты. Қазақ тарихынан сөзді бастаған 

ұлы ойщылдың тағы бір ерекшелігі – сөз мəйегі мақалдарға көп көңіл бөлгендігі. Жалпы, мақал 

дегеніміздің  өзі – əрбір  халықтың  жылдар  бойғы,  ғасырлар,  тіпті  мыңжылдықтар  үлесіндегі 

рухани əлемінің кесек көрінісі ғой. Əр дəуірдегі, əр уақыттағы адамзаттың күнкөрісі, істелген 

ісі,  қимыл-əрекеттің  бəрі – мақал  мен  мəтелдерде  тұнып  жатыр.  Ендеше  осынау  Ұлы  уақыт 

ішінде  атқарылған  əрбір  істің  түйіні,  қорытындысы,  халық  тəжірибесінің  негізгі  көзі, 

тұжырымы саналатын мақал мен мəтелдерден қазақ тарихы мен шежіреге қатысты сыр іздеуі – 

Абай болмысындағы ойшылдық,көргендіктің бір көрінісі. 

Ұлт болашағын ойлап, күні-түні көз ілмеген ұлы Абай Қазақтың тарихы мен шежіресін 

келер  ұрпаққа  қалай  жеткізу  жөнінде  де  қатты  толғанған.  Осы  мақсатта  немере  інісі,  рухани 

шəкірті  Шəкəрімге  қайтыс  болар  алдында  үлкен  тапсырма  берген.  Ол – елдің  тарихы  мен 

шежіресін  жиыстырып,тасқа  бастырсын,  сөйтіп  келер  буынның  керегіне  жарайтын  бір  із 

қалсын деген ниеті еді. 

Ұлы  ұстаз,  ақылшы  ағаның  аманатын  орындап,  ұзақ  жылғы  ізденістердің  нəтижесінде 

Шəкəрім қажы өзінің «Түрік, қазақ, қырғыз həм хандар шежіресі» деп аталатын еңбегін жазды. 

Бұл  кітап  алғаш  рет 1911 жылы  Орынбор  қаласында  басылып  шықты.  Шежірелік  туынды – 

халқымыздың  сан  ғасырлар  бойы  ауызша  тараған  аңыз-əңгімелері  мен  əлем  ойшылдарының, 

тарихшыларының  еңбектеріне  сүйенген.  Əуелі  Адам  Ата,  Хауа  Анадан  бастап,  бүкіл  түркі 

елдерінің ата тегін айта отырып, қазақ халқының шежіресіне тереңдей үңілді. 

«Қазақтың  түпкі  атасының  жайын  білмек  болып,  көп  уақыттан  бері  сол  туралы  естіген 

білгенімді жазып алып жəне əр түрлі жұрттың шежіре кітаптарын оқыдым. 

Ол кітаптардағы сөздерді түгел жаза алмасам да, керектісін теріп алып, соған тура келген 

қазақтың  ескі  сөздерін  қосып,  бір  шежіре  жаздым.  Ескіден  қалған  тиянақсыз  ертегі  сықылды 



153 

 

ауызша болмаса, мұнан бұрын біздің қазақ тілінен шежіре жазылған жоқ» [3, 3], - дейді автор 



өзінің кіріспе сөзінде. 

«Қазақтың қайдан шыққаны» деген тараушасында: біздің қазақ Нұх пайғамбардың Яфас 

атты  баласының  нəсілінен.  Əрі  қарай  түркі  болып  таралады  дей  келіп,  қазақтың  тарихы  мен 

шежіресін Шыңғыс хан жəне оның ұрпақтарымен байланыстырады. 

Қазақ жерінің шығысындағы Шыңғыс таудың сол Шыңғыс ханға қатысты қойылғаны дəл 

Абай айтқандай, Шəкəрім де қайталайды. Бірақ «қазақтың ескі сөзінше» деп ескертеді. 

Қазақ  тарихы  мен  шежіресін  сонау  түп  тамырлардан  бері  таратқан  Шəкəрім  еңбегінде 

жер-су атауларына, халқымызды құрайтын əрбір руға жекелей анықтама берілгендігі де өзінен 

кейінгі  шежірешілерге  үлкен  мектеп  болды.  Мұнда  қазақ  мемлекетінің  қалыптасып  дамуына 

орасан  ықпал  еткен  Шыңғыс  хан  мен  Абылай  хан  арасындағы  «хандар  галереясы  да», 

хронологиялық сипатпен орынды сөз етілген. 

Сол  хандардың  ел  билеу  саясаты,  ұлтымыздың  алғашқы  заңдар  жиынтығы,  көршілес 

елдермен  қарым-қатынас,  арғы-бергі  дəуірлердегі  қазаққа  қатысты  бүкіл  тарихи,  саяси, 

əлеуметтік  жағдайлардың  өзі  кейінгі  тарихшыларға  да  тамаша  əсер  етті.  Осы  туынды  туралы 

Мұхтар Мағауин: 

«Шəкəрім шежіресі - көшпенді халықтар мəдениетіндегі көне салтты -бағзыдағы Рəшид-

əд-Дин,  кейініректегі  Қадырғали  Жалайыр,  Əбілғазы-бахадұр-хан  дəстүрін  жаңа  заманда 

жаңаша жалғастырған құнды еңбек. 

...Аңыз  бен  шындықтың  шегін  ажырата  бермейтін  бітіс-болмысы  Шəкəрім 

шығармасының  тарихи  зерттеу  емес,  шежіре  екендігін  айғақтайды.  Бірақ  бұл - жаңа  шежіре, 

бұрынғылардан басқаша кейіптегі шежіре» [4, 124], – деп бағалаған. 

Шəкəрім шежіресінің бір құндылығы - қазақ сияқты ғажап елдің үш бұтағы саналатын үш 

жүзден тараған рулардың барлығын шығу тарихымен һəм көршілес елдердің,тайпалардың түп 

тамырымен сабақтастыра алып, тұңғыш рет жүйелі түрде беруінде болса керек. 

«Қай  дəуір  туралы  қалам  сілтемесін,  жазушы - қашанда  тарихшы.  Əдебиеттің  басты 

парызы - адамзат естелігінің үзік-үзік болмауына күш салу, шежіре арқауы жалғанбаған жерде, 

адамзат  санасынан  ғасырлар  ғайып  болып,  тіпті  мың  жылдық  жеңістердің  даңқы  мен 

жеңілістер  трагедиясы  да  ұмыт  қалады.  Ал  жазушы – адамзат  зердесінің  бірден  бір 

жоқтаушысы  болғандықтан  да,  тарихтың  əлгіндей  жыртықтарын  романмен,  поэмамен 

жамайды» [5], - деп айтқан Олжас Сүлейменовтің пікірі де бұл ойымызға дəлел. 

Түйіндеп  айтқанда,  Абай  мен  Шəкəрім  мұралары - қазақ  халқының  рухани  əлемінің 

қарлығаштары.Ұлтымыздың  тарихы  мен  шежіресінің  бастау  бұлағы,  қайнар  көзі  екендігіне 

ешкімнің де дауы жоқ шығар. 

 

Əдебиеттер тізімі: 

1.  Шекен  Ж. «Моңғолдың  құпия  шежіресінің»  фольклорлық,  əдеби  негіздері. 

Автореферат. – Алматы, 2003. –24 бет.  

2. Абай. Қалың елім қазағым. Шығармалары. – Алматы, Жалын, 1995. – 384 б. 

3.  Құдайбердіұлы  Ш.  Түрік,  қазақ,  қырғыз  həм  хандар  шежіресі. – Алматы, «Ол – жас 

баспасы» ЖШС, 2004. – 80 б. 

4. Бес арыс (Естеліктер, эсселер жəне зерттеу мақалалар. Құрастырған: Д.Əшімханов). –

Алматы, Жалын, 1992. –544 б. 

5. Сүлейменов О. Сөзстан. –Алматы: Жазушы, 1987. –134 б. 

 

 

ƏОК 821.512.122 



 

КӨРКЕМ ПОРТРЕТТЕГІ Ə.КЕКІЛБАЕВ ҚОЛТАҢБАСЫ 

 

Жақанова Ж.Р. 



«Болашақ» академиясы» ЖММ, Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы 

 

Көркем  бейне  əдеби  шығармашылықтың  негізі  болып  табылады  əрі  бұл  мəселеге 



ғылымның  арғы-бергі  тарихында  барынша  назар  аударылып  келеді.  Ал  енді  қандай  əдіс-

тəсілмен  қыр-сырын  ашып,  жан  бітіріп,  толыққанды  бейне  сомдауға  болады?  Осыдан  келіп, 

портреттің  көркем  тəсілдер  жүйесіндегі  орнын  анықтау  қажеттігі  туындайды. 

Портрет  əдеби 



154 

 

қаһарманның  сыртқы  келбетін:  бет  бейнесі,  түр-түсі,  дене  бітімі,  дене  қалпы,  ым-ишарат, 



жүріс-тұрысы, киім-кешегі, жас ерекшелігін көрсетіп, көркемдік тəсілдер жүйесінде оның ішкі 

əлемін танытуда елеулі қызмет атқарады. Кейіпкер табиғатын танытуда жылт етіп көзге түскен 

əр  портреттік  белгі  құнды.  Портрет  жасау  ұстанымының,  құрылымының  семантикалық 

қанықтығы,  сипаттаудың  толықтығы  нақты  бір  кейіпкердің  шығармадағы  орнына,  автордың 

жекелеген стиліне, жанрлық ерекшелігіне тəуелді.  

Портрет  қызметі  сан  алуан,  көп  қырлы.  Алдымен, 

шығарманың  аса  маңызды 

композициялық  элементі  ретінде  ерекшеленеді.  Шығарманың  сюжеттік,  жанрлық  жүйесіне, 

қаламгер  стилінің  айшықталуына  ықпал  етіп,  көркемдік-эстетикалық  мақсат-міндеттерді 

шешуде шешуші рөл атқарады. Ең бастысы, адамтану ілімінде атқаратын қызметі салмақты. 

Қазақ  қаламгерлерінің  бейне  жасау бағытындағы  жетістіктері  əдебиетіміздің  көркемдік-

эстетикалық  толысуы  жолында  айрықша  маңызға  ие  болды.  Уақыт  пен  кеңістік  мəселесін 

көркемдікпен  игеріп,  ойы  ұшқыр,  тілі  құнарлы  қаламгер  Ə.Кекілбаев  осы  мəселеге  ұлттық 

құндылықтар тұрғысынан келеді. Ұлттық құндылықтардың қайнар көзі х

алықтың салт-дəстүрі 

мен  тұрмыс-тіршілігінде,  əдеп-ғұрпында  жатқанын  атап  өткен  жөн.  Əдебиетте  қалыптасқан 

«Кекілбаев  феномені»  ұғымының  бір  ұштығы  ол  сомдаған  көркем  бейне  табиғатында  екені 

талас  тудырмайды.  Портрет  жасау  үдерісінде  Ə.Кекілбаев  қолтаңбасы  айқын  бедерлілігімен 

оқырманын  өзіне  баурайды.  Сыртқы  белгі  киім-кешектер – портреттің  вестиалды  түрінің 

қызметіне  жазушы  аса  ден  қояды.  Төмендегі  «Елең-алаң»  романынан  қатар  берілген  екі 

мысалда осы мəселенің қалай шешімін тапқаны көрінеді: 

«Бірде тапа тал түсте бұл отырған 



бөлмеге  қайдағы  бір  сусар,  бұлғын,  сілеусін,  қарсақ,  барыс – əйтеуір  бұның  көргені  бар, 

көрмегені  бар – неше  қилы  түз  тағылары  қаптай  жөнелгені.  Сөйтсе  есіктен  екі  иығына  екі 

кісі мінгендей еңгезердей біреу қорбаңдап кіріп келеді. Əлгі бір аяқ астынан шұбыра жөнелген 

жер  қайысқан  көп  аң  да  сонау  қауқиған  тонына  жапатармағай  жабысып  алыпты»  [1, 24]. 

«Шатырға  кіріп  келгенде  қапелімде  тілінен  айырылып  қала  жаздады.  Самаладай  кең 



баспанада  өңшең  бір  дағарадай  қызыл  түлкі  тымақтан  көз  тұнады.  Шеттерінен  тойға 

келгендей сəнденіп киініпті. Өңшең бір қасқыр ішік. Өңшең бір күмістелген кісе белбеу. Өңшең 

бір құдасының төрінде отырғандай манаурай жайғасқан маңғаз немелер» [1, 197]. 

Автордың  портрет  бөлшегі  ретінде  киім-кешекке  мəн  бергенін  жаңалық  еді  деуден 

аулақпыз.  Өйткені  тарихи  роман  жанрының  табиғаты  қаламгерден  сөз  етіп  отырған  дəуірінің 

тұтастай əлеуметтік-мəдени, рухани суретін бейнелі тілмен кестелеп беруді талап етеді. Мəселе 

басқада. Біз келтірген мысал қазақ даласына келген Орынбор экспедициясының бастығы, статс-

советник  Кириловтің  далалықтардың  киімін  көргендегі  алғашқы  əсері  түрінде  берілген. 

Портреттердің  бəрі  оның  сүзгісінен  өтеді.  Бір  қарағанда,  терең  философиялық  һəм 

психологиялық  шығармаларында  ойшылдығымен  көзге  түскен  қаламгер  юморға,  күлкіге  күш 

түсірмейтін  тəрізді  көрінеді.  Ə.Кекілбаев  стиліндегі  юморлық  реңктің  əдемі,  жатық  көрініс 

табуына  ықпал  етуші  бірден-бір  құрал – портреттер  болып  отыр.  Шығарманың  көркемдік, 

өзіндік  бітім-болмысын  айқындауда  жазушы  қолданған  тілдік  құралдардың  орны  ерекше. 

Көркемдік қуат пен эмоционалды байлық, жарасымды юмор метонимия арқылы өрілген. Сусар, 



бұлғын,  сілеусін,  қарсақ,  барыс,  неше  қилы  түз  тағылары – метонимиялық  қолданыс. 

Кейіпкердің  тоны  қымбат  бағалы  осындай  аң  терілерінен  тігілген.  Түз  тағыларының  қаптай 



жөнелуі, есіктен екі иығына екі кісі мінгендей еңгезердей біреу қорбаңдап кіріп келуі, аңдардың 

соның қауқиған тонына жапатармағай жабысып алуы – нағыз жанды сурет. Ұғымның, сөздің 

эмоцияға əсерін тұздықтауға келгенде жазушы алдына жан салмайды, бар салмақты қимылдың 

сапалық өзгерісіне салады. Ең бастысы, оған барар жолды біледі. Ал екінші мысалда кейіпкерді 

мүсіндеу үшін автор портретті заттық белгіні (түлкі тымақ, қасқыр ішік, кісе белбеу) атап өту 

арқылы  беріп,  жансыз  заттан  жанды  адам  бейнесін  жасайды.  Жай  атап  қана  кетпейді,  негізгі 

нысанның эстетикалық қуатының кереметтігі бақылаушы кейіпкердің соншалық əдемі суретті 

көріп, эмоциялық тұрғыдан тұшына қабылдауы тілінен айрылып қала жаздап, көзі тұнғанын 

ескерту  арқылы  жеткізіледі.  Сөз  сиқырын  меңгерген  жазушы  экспрессивтік  əлеуеті  күшті 

сөздерді сəтті таңдай біледі. Жоғарыда көрсетілген киім-кешек түрлерін өңшеңмен тіркестіріп 

барып,  сыртқы  əсердің  сапалық  жағына  көңіл  бөледі.  Тағы  бір  шағын  портреттік  этюдте 

жылқының  қайсысы  жорға,  қайсысы  тұлпар  шығарын  топшыласқан  ақсақалдардың  кейпін 

«Сақалдар  тынымсыз  шошаңдап,  мұрттар  мігірсіз  ширатылады.  Шарт-шұрт  қол  алысып, 

бəс  тігіседі»  деп  нақты  атын  атап,  түсін  түстемей,  қимыл-əрекетті  (жест)  атап  қана  топтық 

портрет үлгісін ұсынады. Сақалдың шошаңдауы – сөйлеу, əңгімелесудің, мұрт ширату ишарат 



155 

 

ретінде – ойланып-толғанудың,  əлденеге  алаңдаудың;  шарт-шұрт  қол  алысу – келісімнің 



белгісі. Қаламгер қимыл-əрекеттің символдық мəнін асықтай шиырып оңтайлы пайдаланады.  

Жазушы  стиліндегі  юморлық  бояудың  қанықтығы  мына  мысалдардан  да  анық  сезіледі: 



Сырықтай  ұзын  сыриған  шалдың  тұла  бойында  доғалданып,  жұмырланып  жаратылған 

ештеңе жоқ. Қалақтай жағына қылыш жанығандай. Суалған екі ұртқа тақала беріп, қайта 

тікірейіп  кететін  қияқ  мұрты,  қашан  көрсең  де,  тышқан  тықырын  аңдып  қалған  аш 

мысықтың  құлағындай  едірейеді  де  тұрады.  Сүйір  иегіне  сүмие  біткен  сүңгі  сақалы  да 

төбелесқұмар əтештің құйрық жүніндей селтие қалған. Ешқашан кісіге тіке қарамайтын екі 

шегір  көздің  ортасында  орақтай  итиіп  оратыла  біткен  құс  тұмсық  едірең  мұрттың 

астындағы  қаймыжық  еріннен  əрі  асып  түсуге  əлденеден  қаймыққандай,  шаншыла  үңіліп, 

шапши  тоқтапты  [1, 56]. Пішіні  жағынан  Ə.Нұрпейісовтің  «Қан  мен  теріндегі»  домалағына 

қарама-қарсы  бейне  əрі  əсерлі.  Тікірейген  мұрт,  оның  едірейіп  тұруы,  селтиген  сақал,  итиген 

тұмсықтың  ерінге  шаншыла  үңілуі  жəне  шапши  тоқтауы  күлкі  тудырады.  Сөз  таптарының 

ішінде  еліктеуіштердің  эмоцияны  жеткізудегі  қызметінің  шексіздігімен,  стильдік  мақсатта 

құбылта  қолдануға  аса  икемділігімен  жоғарыдағы  бейне  сондай  қызық  шыққан.  Тағы  бір 

мысалға үңілейік: «Үшеуі – бірінен бірі айырып алғысыз сыптығыр қара, əлдебір мүсінші түсіп 



тап  басып  айтып  бере  алмастай  əлдеқандай  қоңырқай  балшықпен  жылтырата  сылап 

тастағандай  жып-жылмағай  бет-ауыздарынан  тышқанның  көзіндей  жылт-жылт 

сығырайған жымысқы жанарлары мен жарқыраған тістерінен басқа ештеңе көзіне түспейді. 

Бəрінің де сақал-мұрты ауыздарының айналасында қалыпты. Маңдайлары қандай жылмағай 

болса, жақтары да сондай жылмағай. Қылтанақ əу бастан бітпеген» [1, 230]. Көз бен тістен 

басқа ештеңе жоқ бетперде! Автордың алдыңғы планда ұстаған портреттік белгілері – осылар. 

Жып-жылмағай  əлемде  көз  бен  тістің  ғана  көрінуі  астарында  автордың  кейіпкер  характерін 

танытпақ  ниеті  байқалады.  Үшеуі  де  қу,  айлакер  адамдар  болуға  тиіс.  Жазушы  кейіпкерін 

мүсіндегенде  ұлтымыздың  тарихын,  əдет-ғұрпын,  салт-санасын,  содан  кейін  прозада  өзіне 

дейін  қалыптасқан  бай  дəстүрді  ескереді.  Өз  қаһармандарының  портретін  оның  ішкі  жан 

дүниесімен,  тағдырымен,  өмірімен  тығыз  байланыста  қарастырады.  Портретке  қатысты  оның 

қаламы  шиырлаған  белгілер:  дене  тұрқы,  бет  пішініндегі  өзгерістер,  киім-кешегі,  қимыл-

əрекеті,  ым-ишара  түрлері  кейіпкердің  мінез-құлқын  тануға  əсер  етеді.  Жоғарыда  берілген 

портреттен  Ғ.Мүсірепов  қолтаңбасы («Оянған  өлкедегі»  Жұман  портреті)  аңғарылады.  Автор 

ұзақ  сонар  портреттерге  бармай,  арасында  детальмен  көрсетуге  мəн  береді.  Кейіпкердің  дене 

жəне  бет  пішіні,  бойы,  түр-түсі,  киімі  деталь  ретінде  жиі  сөз  болып,  оны  даралауға  қызмет 

етеді:  иреңдеген  мосқал  еркек,  тау  тайлақтай  өңкиген  біреу,  түйедей  қаңқиған-саңқиған 



еркектер, көсе башқұрт, нарт күрең кісі, орақ мұрын, ақсары жігіт, серең аяқ, сызы мол ала 

көзді,  мосқал  еркек,  түбіт  иек  бозбала  жігіт,  имек  қара,  сыптима  шалбары  бар  мейман, 

гүжбан қара, жалбыр шаш жігіт, сыптығыр қара, жайнақ көз бойжеткен, тыртық езу шал, 

жылмаң төс т.б. [1].  

Кейіпкер психологиясын, жүрек лүпілін  жеткізуде  де  жазушы  айтарлықтай табысқа қол 

жеткізген. Мəселен, Əбілқайыр ханды «сүйектен мүсінделгендей ақ сұр хан» деп даралап алып, 

романның өн бойында ішкі жан дүниесіндегі өзгерістерді (ренжу, өкіну, шамырқану, алаңдау, 

мазасыздану т.б.) оның сұп-сұр күйге енуі арқылы символмен түсіндіреді. М.Əуезовте белсенді 

түс қызыл болса, Ə.Кекілбаевта сұр түс. Автор түстердің философиясын жете түсініп, кейіпкер 

психологиясын  жеткізудегі  қызметін  ұтымды  пайдаланады.  Түстер  символдық  мəнге  ие. 

Əрқайсысы белгілі бір көңіл-күйді білдіреді. Суреткердің биік талғамымен қатаң сүзгіден өткен 

түстердің  портрет  құрамында  кейіпкерге  қатысты  эмоцияналды-экспрессивтік  əрі 

психологиялық қызметін ұтымды пайдалану – біз талдап отырған шығарманың ірі жетістігі.  

Жазушы  портрет  жасайтын  құралдың  экспрессивтілігіне  аса  ден  қояды  жəне  осыдан 

оның  сатиралық-юморлық  қолтаңбасы  сезіледі.  Сондай-ақ  бұл  үрдіс  оның  замандастары 

О.Бөкей, А.Нұрманов, Қ.Ысқақов, Д.Исабеков, Ə.Таразилерге де тəн. Сайып келгенде, көркем 

бейне  жасау,  портрет  сомдау  тəжірибесі  қазақ  прозасында  жылдар  бойы  қалыптасып,  бұл 

бағытта бай дəстүрдің арқауы үзілмегені аңғарылады. 

Əдебиеттегі дəстүр жалғастығы мəселесі туралы академик З.Ахметов: «Əдебиет алдымен 

ұлттық негізде пайда болып, дəстүрлі түрде одан ары жалғасады», - десе [2, 53], Қ.Əбдезұлы: 

«Көркем  əдебиет  мазмұндық-идеялық  сапаларының  дамуымен  қатар,  пішіндік  жағынан  да 

жетілу  процесін  бастан  өткерді.  Əдебиеттегі  ішкі-сыртқы,  мазмұндық  жəне  формалық 

құбылыстардың  даму,  өркендеу  жолына  тарихи  тұрғыдан  көңіл  бөлген  жағдайда  олардың  əр 

кезеңде  түрлі  жаңашыл  сипатты  иеленіп  отыратындығын  аңғаруға  болады.  Басқаша  айта 


156 

 

болсақ,  əр  кезең  əдебиеті  бұрынғы  бір  кезеңнің  көркемдік  ойлау  дəстүрін  жалғастырып 



отыратын  болып  шығады.  Сол  дəстүрді  жалғастыру,  одан  үйрену,  соған  сүйену  арқылы  ғана 

жаңа  көркемдік  құбылыс,  жетістіктерге  қол  артуға  болатындығы  айқындалады», - деп 

қорытады [3, 17]. 

Тұжырып  айтқанда,  біз  қарастырып  өткен  қаламгер  статикалық  жəне  динамикалық 

портрет  түрлерінің,  кішігірім  детальдар  мен  ым-ишараттың,  түр-түстің  характер  табиғатын 

таныту,  психологиялық  иірімдерге  бойлау  мүмкіндігін  барынша  пайдаланады.  Портреттің 

лингвистикалық  жағына  көңіл  қойып,  көркемдегіш  элементтердің  экспрессия  тудырушылық 

қасиетін шығарманың көркем-эстетикалық міндетін шешуге мақсатты түрде жұмылдырады. 

 

Əдебиеттер тізімі: 

1. Кекілбаев Ə. Елең-алаң. – Алматы: Жазушы, 1984. – 432 б. 

2. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 1973. – 212 б. 

3. Əбдезұлы Қ. Əдебиет жəне өнер. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 300 б. 

 

 

ƏОК 82.0 



 



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   68




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет