ТӘУЕЛСІЗДІК КЕЗЕҢІНДЕГІ АБАЙТАНУ
Тәуелсіз қазақ әдебиеті туралы ғылымға Алаш әдебиеттануының теориялық еңбектері қайта оралды. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Ы.Мұстанбайұлы, І.Жансүгіров, Т.Марсековтің абайтанулық зерттеулері қазіргі абайтануға жаңаша серпіліс берді. Тек кеңестік қағидалармен шектелу жеткіліксіз екені айқындала түсті.
Абайтану тәуелсіздік тұсында жаңа тұғырға көтерілді. 1995 жылы Абайдың 2 томдық академиялық басылымы жарық көрді. Алла, Құдай, Мінәжат, тәубә, иман сөздері қалпына келтіріліп, араб, парсы тілдеріндегі сөздерге ғылыми түсініктеме берілді. «Абай» энциклопедиясы жарыққа шықты.
Абайтанушы М.Мырзахметов кеңес кезінде айтылмай келген «Алаш абайтануын» жариялады. 1993 жылы «Абайды оқы, таңырқа» атты мақалалар жинағы жарық көрді. Тұңғыш рет абайтанудағы ақтаңдақ осылай ресми ғылымға енгізілді. М.Әуезовтің: «революциядан бұрын Абай жөнінде ешнәрсе жазылмады, айтылмады деуге болмайды... Абайды танудың басы, алғашқы адымдары революциядан бұрын басталған. Абайдың өмірі мен ортасын, еңбектерінің әр алуан сипаттарын, өз шамасынша, көпшілікке мәлімдеп отырған үлкенді-кішілі танытқыш сөздерді, деректерді еске алуымыз керек»1, – деген сөздері алға тартылған: «абайтанудың бірегей білгірі Мұхтар Әуезовтің аталы сөзіне жүгінуден бастасақ та, абайтанудағы ақтаңдақтарды зерттеуші атаулыға меңзей сөйлеуінде астарлы сырлар жатқаны кәміл»2.
Абайтанудағы ақтаңдақ деп нені атаймыз? Ол туралы былай делінген: «Міне, М.Әуезовтің осы пікірінде айтылған ұлы ақын мұрасын танытқан үлкенді-кішілі айтылып өткен ой-пікірлер мен дерек, мағлұматтарды әдеби-ғылыми зерттеу еңбектерімізде көре тұра көрмедік, біле тұра айтпадық. Яғни бұлардың бәрі де жаңа буын жас ұрпақтың назарынан саналы түрде жасырылды. Тануына ерік бермедік. Яғни шындықтың шымылдығы айқара ашылмай, бүркеулі қалпында қозғаусыз жата берді» (8-10).
Кітапта тәуелсіздік тұсында ғана тұңғыш рет жарияланған мәтіндер бар, оны мазмұндап аңғаруға болады: «Абайтанудағы ақтаңдақ; Бөкейханов Ә. Абай (Ибраһим) Құнанбаев; Дж.Кеннан. Абайдың орыс достары; Ибраһим ибн Құнанбаев; Зейнелғабиден ибн Әміре. Әдебиет қазақия яки қазақтардың тіл өнері; Ысқақұлы К. Абай (Ибраһим) Құнанбайұғлының өмірі; Александр Белослюдов. Белослюдовтың қолжазбасынан; Байтұрсынов А. Қазақтың бас ақыны; Рамазанов Н. Абай Құнанбаев (1845-1904); Дулатов М. Абай; М.М. Семейдегі географический подотдел пайдасына жасалған кеш; Қазақ әдебиеті кеші; Төреқұлов Н. Әдебиетімізге көз салу; Шонанов Т. Абай кітабын бастыру керек; Кулеев Б. Абай кітабы басылатын болды; Аймауытов Ж., Әуезов М. Абайдың өнері һәм қызметі; Әуезов М. Абай – әдебиеттің басшысы; Жансүгіров І. Абай кітабы; Сағди Ғ. Абай; Д.А. Абайдың жиырма жылы; Жұмабаев М. Алтын хакім Абайға; Түсініктемелер» (3-4).
М.Мырзахметұлы бұл басылымға он жеті баптан тұратын түсініктемелер берген. Абайтанулық мақала қашан жазылған, қай жерде жарияланған деген мағлұматтар осы тұста анықталған.
Алаш ғалымдарының яғни алғашқы абайтану туралы еңбектері кеңес кезінде саналы түрде жасырылды. Ал бұл мұра 1905 жылы Әлихан Бөкейханның зерттеуінен басталып, 1924 жылғы «Ақжолдағы» Абай туралы жазылған редакциялық мақалаға дейінгі екі аралықтағы – 20 жылдық мерзімдегі авторларымен бірге репрессияға ұшыраған ғылыми мұра ұлы классикті таныту – абайтану саласы тек тәуелсіз әдебиеттану ғылымының еншісіне бұйырған екен.
Ол қандай еңбектер? Ең алдымен Ә.Бөкейханның «Абай (Ибраһим) Құнанбаев»3 атты мақаласы. Мұнда тұңғыш рет Абайдың айналасы, туған ортасы, ата тегі мен негізгі өмірі мен шығармашылығы тұңғыш рет сөз етіледі. Абайдың 13 жасынан өлең жазғаны, 15 жасында әкесінің қасында болып билік ісін меңгере бастауы айтылады. Ә.Бөкейхан тұңғыш рет Абай қандай кітаптар оқыды деген сауалға жауап береді: Спенсердің «Тәжірибелерін», Льюистің «Позитивті философиясы», Дрепердің «Европаның ақыл-ойының дамуы», Н.Г.Чернышевскидің «Современниктегі» мақалалары т.б. Ә.Бөкейхан Абайдың аудармаларына да арнайы тоқталған.
Ә.Бөкейхан 1904 жылы 14 мамырда Абайдың сүйікті ұлы Мағауияның қайтыс болғанын, 40 күннен кейін ақын өзі де дүние салғанын айғақтайды. Әлихан Бөкейхан осы мақалада Абайдың ұлы Тұрағұл ақын шығармаларын жинағаны, оны «таяу арада императорлық Ресей географиялық қоғамының Семей бөлімшесі басып шығарады» деген мәлімет береді. Осыншама деректі, әдеби мазмұны мол мақала Абайтану туралы тұңғыш ғылыми зерттеуі болып табылады.
Келесі еңбек «Уақыт» газетінде 1908 жылы жарық көрген. «Ибраһим ибн Құнанбаев» атты мақалада Лермонтовтың «Жалғыздық» өлеңі Абай аударуымен жарияланғаны сөз етілген. Абай туралы келесі мағлұмат берілген: «Бұл адам Семипалат облысы, қазақ, нәсілі тобықтыдан еді, Өскенбайдан тараған Құнанбайұлы Ибраһим мырза.
Ибраһим мырза ұлы ақын аталып бұдан төрт жыл бұрын дүниеден қайтты, 59 жаста еді. Ғылымсыз, қара халық арасында, сахара қазақтары ішінде жалғыз жұлдыздай болып жанып шығып тілі, оқушыларын оятатын өлеңдері оны бүкіл атырапқа машһүр етті. Шығармалары қазақша жазылды. Мейлінше мол еңбектенумен орыс тілін үйреніп, орыс әдебиетіне еркін жетіліп, достасып алды. Өлеңдері есіткеннің жүрегін жігерлендірерліктей табиғи болып шығармаларының асыл негізі Лермонтовқа үндес. Мәжілісінде болған кісілердің айтуынша, тілі ләззатты, араб, парсы, түрік, қалмақ тілдерінен хабардар, тарих, география пәндерінен мағлұматы кең болып, танымы тұқымды еді. Адамшылық ой-қиялы өте таза, ұлтжанды, елін-жерін сүйген кісі еді. Марқұмның өлеңдері көп болса да, басылғандары жоққа тән еді. Обалы шығармаларын біліп жарыққа шығаруға қайрат етпеген кісілердің басында тұр» (31-32).
Келесі еңбек Зейнелғабиден ибн Әміре-әл Жауһари әл-Омскауи «Әдебиет қазақия яки қазақтардың тіл өнері» деп аталған. Автор Абайды заманның көркем тілін дамытушылық ісі әрі өлеңшілігі қадірлі екенін ескертеді және ақын өлеңдерін берген» (1:34).
Алаш Абайтанудың реті мынадай: Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаев «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының өмірі», Алексей Белослюдов «Белослюдов қолжазбасынан», А.Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» («Қазақ», 1913, № 43); Нұқ Рамазанов «Абай Құнанбаев» (1845-1904) (Керуен уезінің қазағы, Мақала 1914 жылы «Әлшархият» жинағында Петроградта жарияланған); Міржақып Дулатов «Абай» («Қазақ», 1914, № 67).
А.Байтұрсынұлы Абай неге қазақтың бас ақыны деген сауалға жауапты келесі сөздерінде берген: «Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың.
Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларын да сынайды» (1:55).
«Заман бұрынғыдай болса, Абай Алаштың атақты билерінің бірі болуы шүбәсіз. Біліммен би болып, жұрт билейтін заман өтіп, таспен би болатын заманға қарсы туған. Білімі көптер жұрт билейтін заманға қарсы туған. Абай жұрт алдына білімін салғанда, басқалар малын салған, жұрттың беті малға ауып, ел билігі Абай қолына еркін тимеген. «Білімнен мал артық болушы ма еді?», – деп Абай жұрттың онысына көнбей таласқан» (1, 57).
«Абай өлеңге басқа көзбен қарап, басқа құрмет, ықыласпен күтіп алып, төр түгіл, тақтан орын берген» (1, 59).
«Жұрт мағыналы, маңызды, терең сөзден гөрі, мағына жоқ, маңыз жоқ, желдей гулеп құлаққа дыбысы тиіп, өте шығатын жеңіл сөздерді тыңдауға құмар екендігі Абайдың өлең жайынан жазған сөзінде көрсетілген. Сол сөзінен Абайдың сыншылығы, өлең жақсы болуға не керектігін білетіні де көрініп тұр. Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған. Бұлардың үстіне Абай көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған. Абайда өлең сөздің неше түрлі үлгісі, өрнегі табылады. Ол өрнектерді ойдан шығармай, орыстан алса да орыс өлеңдерінің өрнектері қазақ тіліне жарайтындығын бастап көрсеткені де зор көсемдік. Абай өлең жақсы болуға керек шарттардың бәрін білген» (1, 59).
«Басқа ақындар аз білімін сөздің ажарымен толтыруға тырысқан. Абай сөздің ажарына қарамай, сыпайылығына қарамай, әр нәрсенің бар қалыбын сол қалыбынша дұрыс айтуды сүйген».
«Абай көп нәрсені білген, білген нәрселерін жазғанда мынау халыққа түсінуге ауыр болар, мынаның сыпайышылыққа кемшілігі болар деп тайсақтап тартынбаған, хақиқатты хақиқат қалыбында, тереңді терең қалыбында жазған. Хақиқатты тануға, тереңнен сөйлеуге бойына біткен зеректігінің үстіне Абай әртүрлі Европа білім иелерінің кітаптарын оқыған» (1:62).
Міржақып Дулатов «Абай» мақаласында («Қазақ», 1914, № 67) былай деген: «Абай сынды ақынның қадірін білмеу қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге толық жарайды. Себебі қазақ өзге жұртпен үзеңгі қағысып, тең халық болып жасай алмауы – тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып жоқ болады. Қай жұртта болса да жалпы әдебиет жансыз тән жасамақ емес. Қайдан өрбігенін, қайдан өскенін, ата-бабалары кім болғанын, не істегенін білмеген жұртқа бұл талас-тартыс, тар заманда арнаулы орын жоқ. Сондықтан Абайдың аты жоғалуы, мұнан кейін де шығатын Абайлар сондай ескерусіз ұмытылу ықтималы қазақтың жоғалуы, қазақ атты халықтың ұмытылуымен бірдей.
Соның үшін жиырмасыншы ғасырдың таңында халқымыздың ұйқыдан азырақ бас көтеруі жас әдебиетіміздің өсуі, белгілі кісілеріміздің тірлігінде һәм өлген соң да мәңгі ұмытылмастай болуы – біздің бірінші ескеретін борышымыз. Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш Абай сөзі, Абай аты боларға керек. Абайға шейін қазақта қолға алып оқырлық, шын мағынасында қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді. Абайдың бізге қымбаттығы да сол» (1,71). «Бәлки мұнан кейін Абайдан үздік, артық ақындар, жазушылар шығар. Бірақ ең жоғары ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай» (1, 72). Сондықтан Міржақып Абайды Ломоносовпен қатар қойып, ұлт дүниетанымына қосқан үлесін айқындайды.
1921 жылы «Ақжолдың» 19 маусымындағы санында Телжан Шонанұлының «Абай кітабын бастыру керек» атты мақаласы шыққан. Бернияз Күлеевтің «Абай кітабы басылатын болды» («Ақжол», 1921,14.ІХ) мақаласында 1904 жылы Петерборда Бураганский баспаханасында шыққан 125 беттік ақын кітабы тиражының аздығынан жоқтың қасы екені айтылған.
Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезов «Абайдың өнері һәм қызметі» («Абай» журналында, 1918) мақаласы «Екеу» деген бүркеншік атпен шыққан. Мақаланың басты ойлары келесі:»Абайдың ең бір артық өзгешелігі заманының ыңғайына жүрмей өзінің «өздік» бетін мықты ұстап, ақылға, ақтыққа, көңілдің шабытына билетіп, көз тұндырарлық кемшілік, міннің ортасында туып, ортасында жүріп, үлгілі жерден өрнек алып келген кісідей ашық көзбен қарап, барлық мінді мүлтіксіз суреттеуі шарықтап жүріп, қылт еткенді көретін қырағы қырандай сыншылдығы. Мұндай сипат Абай бұл жүрген адамдарға ұқсамай өзгеше зор мақсат үшін келгендігіне дәлел» (1:95).
Абайдың тағы бір ерекшелігі былай айғақталған: «Абайдың ақындық өнері тар жолды, бір беткей емес, һәр тараулы, сегіз қырлы. Ол тараулар мынау: мінез түзететіндік (ахлақи), тереңнен толғайтындық (фәлсафа), сыншылдық (критика), суретшілдік (художественность), жүректің мұң-зарын, сырын тапқыштық (лирика), ащы тілділік, ызамен күлетіндік (сатира), һәм керемет переводчиктік» (1, 96).
«Және «Алла деген сөз жеңіл» деген сөзі фәлсафамен сөйлейтіндігін көрсетеді. Абайдың басылмаған қарасөздері көп. Сол сөздерінің бәрі терең ойға салып, толғап жазылған. Ахлақ, адамшылық, дін, халықтың мінезі, неше түрлі хақиқаттар туралы жазылған сөздері Абайда фәлсафа қуаты барлығына үлкен дәлел. Абайдың данышпандық белгісі – өзі шығарған он алты мақалы бар. Мақалының біреуі: «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адам баласы – бауырың» деген» (1, 97).
Абайдың қазақ тілін түрлендіргені арнайы айтылған: «Бұрын қазақ тілі аса ұстарып, өрнекті келмеген. Қазақ тілін анық түрлеп, өрнектеп, керекке жаратып түзеген – Абай. Бұл – бір. Екінші – Абайдан бұрынғы қазақ әдебиетінің беті мақтау, жамандау, асыру, кеміту, болмаса зарлаған сары уайым болып келген» (1, 99).
Абай үлгісі мен дәстүрі нақты аталған: «Абайдан бергі қазақ әдебиетінің беті жаңа түр тапты. Абай бұрынғы ақындардың ұстанып келе жатқан бетін тастап, тыңнан жол салды. Бұл Абайдың бұрынғы ақындардан ақыл көзінің артықтығы болды – бір, ақындығы күшті болды – екі, өлеңнің өнер екендігін білді – үш. Сонымен Абай Һешкімнен үлгі алмай қазақ әдебиетінің бетін бұрып мүйіс шығарды, өлеңшілікке өзгеше түр кіргізді. Осы күнгі қазақ әдебиетінің түрі Абайдың көрсеткен бетімен келеді. Абайдың ақындық күшінің зорлығы, өз заманында жұртты өзіне қаратып алып, кейінгілерді де сол ізбен әкеле жатыр. Кейінгі жазушылардың бәрін Абай өзіне еліктетіп, соңынан ертіп, шәкірт қып әкетті. Абай өлеңнен неше түрлі өлшеу көрсетіп, көп түр кіргізді. Бұл күнге ақындар Абайдың салған көп түріне түр қоспақ түгілі әлі сол түрлерді түгел сіңіріп ала алған жоқ» (1, 100).
М.Дулатов осы мақаласында «Абай дәуірі» деген ғылыми түсінігін енгізген: «Қазақтың әдебиеті ілгері басып өрлейтін болса, Абайдың бұл қызметі әдебиетімізге негіз болып, келешектегі көтерілуіне тұғыры болмақ. Пушкин айтқандай Абай «Өзіне мәңгілік ескерткіш орнатып» кетті.
«Қазақтың жұрты кең дала, еркін ауада сайран қылып жер мен көк, су мен ағаш, тау мен тастың тамаша сырларымен бірге туысып, біте қайнап, басы бос, қиялы күшті бұлғақтап жүрген дүниенің бір ерке баласы, сондықтан қазақтың сүйегіне біткен ақындығы бар – бұл бір. Екінші, әдебиетіміздің алғашқы адымында надан халықтың ішінен мәдени жұрттардың алдыңғы ақындармен таласа Абай сықылды кісі шығып көтермеші, таяныш болып отыр. Бұл екі себепке қарағанда біздің әдебиетіміз мәдени жұрттардың әдебиетінің қатарына тез ілінеді деп білеміз» (1:101-102).
М.Әуезов «Абай – әдебиеттің басшысы» мақаласында теориялық ойлар қамтыған: 1) «Қазақта жазба әдебиет Абайдан көп бұрын басталған. Бұл есепке, көбінесе, дін мақсұтымен жазылған қиссаларды кіргізбесек те, айтыс өлеңдерді кіргізбеуге болмайды.
Наурызбай мен Тілеуқабақтың қызының айтысуы, Біржан мен Сараның айтысуы, бір жағынан, ауызша әдебиетке кірсе, бір жағынан, жартылап келіп жазба әдебиетке кіреді.
Тегінде, қазақтағы айтыс өлеңдер – өзге жұрттың әдебиетінде кез келмейтін, біздің әдебиеттің байлығына дәлел болған айрықша бір түр.
Айтыс өлеңдердің ерте күндегілері ауызша әдебиетке кірсе де, бергі замандағы айтыстың ішінен ұзақ әңгіме тудыратын Наурызбай мен Біржан-Сара сияқтылары жазба әдебиетке кіреді. Екі кісінің айтысуынан немесе екі кісінің жайынан туатын әңгімелер ертерек уақытта ағылшын әдебиетінде Грандисон, Ричардсон, Достоевскидің уақыттарында туылған. Орыстардың «Бедные люди» деген кітабында бар. Мұндай әңгімелерді эпистолярный роман деп атаған. Біздің айтыстардың көбі – осы эпистолярный роман түріндегі өлеңдер...». Күні бүгін айтылмаған тың теориялық пікір! Тәуелсіз кезде бұл ой Ш.Елеукенов зерттеуінде орын алады.
«Одан беріде жазба әдебиеттің өз міндетін ұға бастап, қазақ тұрмысындағы кем-кетікті қолға ала бастағаны да Абайдан бұрын басталады. Бұл жағынан қарағанда, Абайдың алдындағы адамдар деп Шортанбай, Алтынсарин, Мәшһүр Жүсіп, һәм Нарманбеттерді алу керек» (1:104).
М.Әуезов әдеби тұжырымдарды ұлт тәуелсіздігі ойына бұрады: «Көшпелі деп ауызшадан жазбаға қарай көшкенін айтамыз. Мана сол замандағы ой ойлаған адамдардың ойында болған өзгерісті, сөздерден туған жаңа күйді айтамыз.
Әдебиеттегі бұл көшпелі дәуір қазақтың жалпы тұрмысындағы, тарихындағы көшпелі дәуірмен жалғасып келеді. Қол ұстасып қатар келді, егіз болып туды деуге болады. Қазақты патша саясаты билеп алған, қол аяғын байлап, бағындырып алған, жерін алып өзінің төрелерін қазаққа ұлық қыла бастаған отаршылдық әрекетін күшейте бастаған, дінінен айыра бастаған уақытына келеді» (3:104).
«Зар заман» түсінігін тұңғыш рет әдебиеттануға қосқан М.Әуезов ол сарын туралы әдебиеттегі көшпелі дәуір де осындай мұңды күйден құралған. Осы ретпен қарағанда Шортанбай жазған «Зар заман» – әдебиеттегі, тарихтағы көшпелі дәуірдің зор айнасы. Бұл өлеңнің ішінде қазақ тұрмысына жанасқан кемшіліктің айтылмағаны жоқ деуге болады. Патша ұлығынан бастап, қазақтың өзінің ішіндегі берекесіздігі, бұрынғы мінезден айырылып бара жатқандығы, дінін жоғалтып, жастарының азып бара жатқандығы, – барлығы да зарлы сарынмен айтылып өтеді...», – дейді (3:105).
Абай қандай жаңалық кіргізді? Оның ерекшелігі қандай? Ол туралы былай делінген: «...Қазақ әдебиетіне Абай кіргізген жаңалық көп. Абай – қазақтағы суретті, сұлу сөздің атасы; тереңге сырлы, кең мағыналы кестелі өлеңнің атасы. Қазақ өлеңіне үлгі, өрнек берген, түрін көбейтіп, қалыбын молайтқан – Абай. Ол қазақтың ішінен оқушы тапқан. Әдебиетке, өлең-жырға бұрыннан орнаған теріс пікір, теріс ұғымның бәрін жоғалтып, жұрттың ойын тәрбиелеген.
Бұдан соңғы бір үлкен қызметі – қырдағы қалың қазаққа Европа мәдениетінің есігін ашқан. Орыстың Пушкин, Лермонтов, Крыловтарын қазаққа танытушы – Абай.
Мәдениетті жұрттың ысылған тілімен айтқан тәтті күй, нәзік сезімдерін Абай қазақтың дүкен көрмеген жалпақ тілімен өзіндей тәтті қылып, сезімді қылып айтып берген. Сондықтан Абай қазақ оқушысының ойымен қатар сезімін де тәрбиелеген. Қазақтың тіліне Абайдың сіңірген еңбегінің арқасында бұл тілдің барлық байлығы, оралымдылығы, өрнектілігі табылған.
Абайдың барлық өлеңі – қазақтың сол күшті тілінің ішінен туған асыл құрыш: қырдағы қалың қазақтың осы күнге шейін сөйлеп жүрген жалпақ тілінің жемісі, соның сыры мен сымбатын көрсететін айнасы. Бұл – Абайдың қазақ тіліне істеген қызметі» (1:105).
Абай өлеңінің ішкі мағынасы мен сыры туралы М.Әуезов былай деген: «Абайдың өлеңінің ішіндегі мағынасы мен беттеген бағыты жағынан қарағанда, көшпелі дәуірдің өлеңдерінен айырылатын жері – мұнда сүлдері құрыған зар да, әлі құрыған уайым да жоқ, оның орнында қазақ өмірінің кем-кетігін түсінген көзі ашықтық бар, дәлдеп ауруын тауып, емін айтқан ширақтық бар. Бұрынғыдай әр нәрсені ем көрген далбасалықтың орнына, Абай қазақтың жасына білім жарығына ұмтыл дейді, малыңды дұрыстап бақ дейді, атқа мінген жақсыларына елді іріткіге салмай, адал еңбек қыл, қарызыңды атқар дейді. Қазақтың өміріндегі кемшіліктің қайсысына болса да, Абай өз емін айтып кеткен» (1:106).
І.Жансүгіров 1933 жылы «Қызыл Ордада» шыққан Абай жинағының жарық көруіне атсалысып, алғы сөз жазған автор. І.Жансүгіровтің «Абай кітабы» мақаласы да Абайтануға қосылған сүбелі үлес. Автор баспа қатесін түзетуші (корректор) нашарлау болғанын айтып, баспа тарапынан кеткен жаңсақ мысалдар келтірген. Әдебиетші 21 сөйлемдегі кеткен қателерді тізіп берген.
Абай өлеңдерінің биік дәрежесін айта келе І.Жансүгірұлы сол кездегі саяси ахуалды былай суреттейді: «Қазақстанның баспа сөзінен Абайдың толық кітабын да осы кезде дәмеленуге болмайды. Себебі Абайдың күні бұрын қорқып, Құдайға сыйынған сыншысы салпаң құлақ Сәбит Абайды жуан жұдырық деп, қара тақтай ұстап, бақырып отыр: Демеймін мені мақтасын, / Я жақсын, я жақпасын. / Сүйтсе де сондай сыншыдан / Құдайым мені сақтасын. (Абай).
Бірақ Қазақстанның жалпақ еңбекшілері кімнің қораз, кімнің бұлбұл екенін айырар» (1:113-114).
Ғабдрахман Сағди – Абай мұрасын зерттеуші педагог (1922 жылдан бері) – ғалым, Тәшкендегі САГУ профессоры. Ғалымның «Абай» атты мақаласы «Ақжолда» 1923 жылы жарық көрген, (№ 335, 336, 354, 372) Ғалымның зерттеуі Абай еңбектерінің басылуы, «Абайды жұртшылық жағынан тексеру» «Абай өлеңдерінің табиғаты һәм ішкі рухани жағы туралы», «Абайдың тілі һәм өлшеулері» атты тараушалардан тұрады.
Сағди тұңғыш рет Абайдың 5313 жол шамасында өлең жазғанын, 1700 шамасында орысшадан тәржіма қылғанын анықтаған (1:136). Тіпті қай жылы қаншаға дейінгісі нақтыланған. Абайдың шығармашылығы келесідей бөлініп қарастырылған: «1) Абайдың 20 жылдық әдеби өмірі бар. Соның әуелгі жартысында Абай күштілік көрсетеді. Соңғы жартысында әлсізденіп, өлеңнің табиғатын, ішкі рухын бүтіндей өзгертіп жібереді. 2) Өмірінің әуелгі жартысында Абайдың өлеңдері табиғат, ішкі рухы мен тұрмысқа жақын дайым тұрмыс қайғыларын, тіршілік пікірлерін шешеді. Соңғы жартысында (айрықша соңғы 70-80 жылдарында) Алла һәм ахрет туралы терең ойларға кетеді. Яғни Абай өлеңдерінің табиғаты, үміттері тұрмыстың түрлі дерттерімен суарылған болса, соңғы жартысы діни пікірлер һәм машһарға даярлану атымен суарылады. Идеализм деген пәлсапа жолына бұрып тұяқтайды. 3) Абай өлеңдерінде өзінің машық сипаттарын, өздігін көрсетеді. Абай кітабында түсірілген суретте қандай көрінсе, өлеңдерінде де сондай көрінеді. Абайдың суретте көрінген маңайы өлеңдерінде көрінген маңайының өзі. Абайдың маңайында ойшылдық пен толқындаушылық бірлеседі. Бірақ кейіннен ойшылдық жеңіп кетеді. 4) Абай өлеңдері халықшылдық, қазақшылық рухымен шығарылған. 5) Абай өлеңдерінде (әсіресе әдеби өмірінің соңғы жылында) шындық (реальность) күшті, хатта діни мәселелерге де шын ынтасымен қарайды. 6) Абай мұсылманшылдық дүниесіндегі сопылыққа әсер бермеген. Абай – мұндай сипатпен уланбаған кісі. Оның өлеңінен сіздер өтірікті сезбейсіздер. Жалғыз-ақ Абайдың кемшілігі өмірі ақтығында дінге берілгендігі. Әм мәшһар қорқынышынан жеңілгендігі. 7) Абайдың кейбір өлеңдерінің бір пікірден екінші пікірге, бір сезімнен басқа сезімге бірден секіргендігі, асығыстықпен көшкендігі көрінеді. Соның үстіне бағзы бір келіспегендіктер әм бір-біріне қарсы болған пікірлер де жоқ емес (Газет жүзінде орын аздықтан мысал келтіріп болмайды). 8) Абайдың әдеби өмірінің әуелгі жартысында орыс әдебиетінің берген әсері сезілмейді. Абайдың өзінен өлең шығарушылық дәуірінде ешбір халықтың әдебиетіне ешбір адамға еліктегендігі білінбейді» (1:142-143).
«Д.А.» «Абайдың жиырма жылы» мақаласы «Ақжолда» 1924 жылы жарық көрген. «Бүгін маусымның 21 күні қазақ әдебиетінің атасы – атақты ақын Абайдың өлгеніне 20 жыл толды» деп басталады. Мақаланың басты ойлары мынадай: «Абайдан бұрын да қазақ әдебиетінің жазбасы да, ауызшасы да болған. Бірақ ол әдебиеттердің өзін-өзі танымағандығы, қайда, қалай жұмсалатындығын, өзінің міндетін толық білмегендігі болатын. Абайдың жаңа әдебиеттің басы болып саналаты себебі де содан. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...», – деп Абай өлең жазуға қалай қарайтынын, өзі қандай жолға жұмсамағанын ашық айтып кетеді. Әдебиеттің өсіп, өнуіне түрлі тарихи дәуірлер бар. Қай дәуірдің әдебиеті болса да өзінің жарыққа шыққан заманының жемісі болып отырады. Заманының ой-қиялы, әдет-ғұрпы, білім ауданы, жалпы тұрмыс шартымен байланысты болады. Заманындағы тіршіліктің шындығымен байланысы жоқ, белгілі негізі жоқ шексіз еркін жайылған әдебиет болмайды. Сондықтан Абайдың қазақ әдебиетінде қандай орын алатынын, оның маңызын күшті болу үшін һәм түзу баға бере алу үшін алдымен оның тіршілік еткен заманы мен ақынның өзі ер жеткен ортасын білу керек».
Абай өзінің әр жұмысқа арналғанын сезіп, өзін сол жұмысқа дайындаған. Халыққа қызмет етуді өзіне зор борыш тапқан. Бірақ жоғарғы айтылған себептен айналасынан ешбір тірек таппай қараңғыда сипалап көп қиналған. Ақыры арты түзу жол тапқан. Ол жол ұстаздық құру, жаманшылықпен күресу болған».
Алаш әдебиеттануындағы соңғы еңбек – М.Жұмабаевтың «Алтын Хакім Абайға» (1912) атты арнау өлеңі жазылған. Ақын өз заманының абайтанулық мәселелерін өлеңмен айқындап берген: Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес, / Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес. / Қарадан хакім болған сендей жанның /Әлемнің құлағынан әні кетпес!» (1, 151).
Әдебиеттанушы Мағжан Жұмабаевтың «Шын хакім» сөзін дәлелдеу үшін бүгін қаншама диссертациялар жазылуда! Сөзді нақты, орынды қолдана білген М.Жұмабаев осы анықтама өлеңі арқылы Абайтануға зор үлес қосып кетті. Олай болса, әр сөзінен ұлттың рухы мен намысы өрлеп тұрған бұл Алаш Абайтануы – тәуелсіз әдебиеттанудың басты ұстанымы болып табылады»4.
Тәуелсіз кездің абайтанушысы М.Мырзахметов 2004 жылы жаңа «Абайтану тарихы» курсын шығарды. Алаш әдебиеттануы, Алаш абайтануы бұрынғы кеңес заманындағы шектеулі пікірлерге үлкен тойтарыс берді.
Тәуелсіздік кездің жаңа абайтануын М.Мырзахметұлы былай бастайды: «Қазақ әдебиет тарихы ғылымының іргелі саласының бірі – абайтанудың қалыптасу процесі мен зерттелу тарихының жайы да осы жолға қарайлас құбылыс. Бұл саланың негізгі зерттелу нысанасы болып отырған Абай мұрасын тану, бағалау жайы революцияға дейін-ақ басталып, бүгінге дейін үздіксіз зерттелу үстінде. Абай мұрасының зерттелу процесі ертеректен басталғанымен, ол негізінен екі түрлі жолмен жүргізіліп келеді: 1. Абай шығармаларын әртүрлі көлемде топтастырып жариялау, оларды бірте-бірте толықтыру жолымен бұл мұраның тұрақтана бастаған түпнұсқасын туған халқына, дүниежүзі тілдеріне аудару арқылы тану; 2. Бүкіл әлемге танылып отырған Абай шығармаларын арнайы зерттеу нысанасына алып, түрлі ғылым саласында да зерттеу жұмыстарын қатар жүргізумен бірге ол мұра жөніндегі әрқилы деректер көзін де жинастырып, молықтыра беру» 5.
Абай мұрасы тәуелсіз кезеңге дейін қаншама еңбекте орын алған? Ол туралы да абайтанушы М.Мырзахметұлы нақты мағлұмат береді: «Ұзақ жылдар бойы толассыз әрекет етудің нәтижесінде ақын мұрасы жайлы жазылған, жарияланған, зерттеу жүргізілген әртүрлі сипаттағы деректер көзі қазірдің өзінде төрт мыңға таяп қалды. Абай мұрасы туралы осындай орасан зор көлемдегі деректер сан жағынан ғана емес, сапа жағынан да ғылыми-зерттеу дәрежесі артып отырған қазіргі кезде абайтанудың зерттелу тарихы мен қалыптасу жолы қандай болды екен деген заңды сұрақ та туары хақ» (7:3).
Абайтану қашан басталды? Оған былай деп жауап берілген: «Абай шығармалары мен ол мұра жайлы зерттеулік пікірлер 1889 жылдан бастап ресми баспасөздерде жариялану, танылу тарихын ғылыми тұрғыдан біртіндеп аша түсу әрекеті біздің әдебиетімізде елуінші жылдардан сөз етіле бастады».
Кеңес кезіндегі абайтану қалай іске асты? Оған былай делінген: (74) «Ал қазақ әдебиеті жағдайында бұл тақырып алғаш рет «Абайды тану тарихынан» деген атпен, жалпы ақын мұрасының зерттелу тарихынан қысқаша шағын шолу пікірлер М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмаиылов, М.С.Сильченко, Ә.Жиреншиндер тарапынан көтерілді. Ақыры келіп М.Әуезов пен Қ.Жұмалиев тарапынан бұл тақырыпты арнайы түрде зерттеу қажеттілігі ұсынылды. Осы тұстан бастап бұл тақырып төңірегінде көптеген мақала, зерттеулер шоғырлана түсті. Х.Сүйіншәлиев университеттер мен педагогикалық институттарда оқытылып келе жатқан «Абайтану тарихынан» арнайы курс пен семинарға арнап бағдарлама жасады. Ал Т.Кәкішев қазақ әдеби сын тарихы жөніндегі іргелі зерттелу жұмысында жалпы қазақ әдебиетіндегі сынның тарихы мен абайтану тарихын жалғастыра баяндайтын «Оңаша отау» (1982) кітабында көптеген тың пікірлерін ортаға салды» (4).
Абайтанулық библиографиялық көрсеткіштер туралы: «Осы тұрғыдан ең әуелі Абай мұрасы жөніндегі жазба деректерді тұтас қамтитын картотекалық жұмыс жүргізіп, соның негізінде ұлы ақын мұрасы туралы хронологиялық принципке негізделген толық, дербес библиографиялық көрсеткіш жасап шығу қажет болды. Бұл міндет сонау 30-жылдардың аяғында-ақ қойылғандықтан, ақын мұрасы туралы тұңғыш библиографиялық көрсеткіш Е.Ысмайылов, Қ.Бекхожиннің еңбектерінде жарық көрді. Соңыра 1989-1945 жылдар аралығындағы баспасөзде жарияланған деректердің біршама түгел қамтуға тырысқан Абай мұрасы туралы библиографиялық көрсеткіш (970 дерек көзі қамтылған) Н.Сәбитов тарпынан түзелді6. Аталып өткен библиографиялық көрсеткіштердің жарық көру себебі – Абай мұрасына қатысы бар әртүрлі деректер мен зерттеу еңбектерінің көбейіп қорлануына байланысты еді. Библиографиялық көрсеткішті құрастырушылар негізінен тақырыптық принципті ұстанғандықтан, ақын мұрасы жөніндегі деректерді шартты түрде бірнеше тақырыптарға бөліп берген.
Жоғарыдағы еңбектердегі елеулі олқылық – ұлы ақын туралы баспасөз бен архивтік деректерді толық қамти алмауға келіп тірелетін. Өйткені кейбір себептерге байланысты Н.Сәбитов белгілі әдебиет қайраткерлерінің Абай жөніндегі еңбектерін көрсеткішке толық ендіре алмаған. Дегенмен, бұл еңбек Абай шығармаларының зерттелу жайы қалай, бұл мұраның қай жағы зерттеліп, қай жағы қозғаусыз жатыр деген ойды бірсыдырғы аңғартумен бірге әлі күнге дейін практикалық мәнін жоғалтқан жоқ. Көлемі шағын болса да оны сол кезде-ақ М.Әуезов өте жоғары бағалады: «... Көлемі сексен беттік тұтас бір кітапша, тек қана Абайды тану жолында баспаға шыққан еңбектердің тізімінен құралады. Осы кітапқа қарап отырып, ұлы ақынның революциядан бұрын жарыққа шыққаны бір-ақ кітап болса, социалистік құрылысымыздың жылдары ішінде жасалған еңбектердің құр ғана тізімі мол бір кітап болғанын көреміз. Н.Сәбитовтің «Абай» атты библиографиясына кірген бөлімдер айрықша еске алуды, атап өтуді қажет етеді»*, – деп мақтаныш сезіміне бөліне отырып пікір білдірген-ді. Н.Сәбитов Абайдың жүз жылдық мерейтойына байланысты 1945 жылға дейінгі деректер көзін қамтыған болатын Ал 1945 жылдан кейінгі дәуір, шын мәнінде, ақын мұрасын зерттеу жайы сан жағынан ғана емес, сапа жағынан да жаңарып молыға түскен кезең болды. Бір ғана 1954 жылы Абайдың қайтыс болуына жарты ғасыр толуға байланысты жарық көрген мақала, зерттеулердің өзі елу жылдан астам уақыт бойы топталғанынан көп» (4-5).
Хронологиялық принципті ұстанған абайтанулық библиографиялық көрсеткіш 1965 жылы жарық көргені анықталған. Сонымен қатар: «Жоғары оқу орындарында абайтанудың арнайы курсы мен семинар сабақтарының өтілуіне және курс, диплом жұмыстары мен ұлы ақын мұрасы жайлы ғылыми зерттеулер жүргізуге байланысты енді тақырыптық принципке негізделген библиографиялық көрсеткіш жасау қажеттілігі туды. Міне, осы талапқа сай Абай мұрасы жайлы жазылған ғылыми зерттеулер мен мақалалардың тақырыптық негіздегі көрсеткіші 1988 жылы біздің тарапымыздан «Абайтану. Библиографиялық көрсеткіш» деген атпен жарық көрді» (6).
Абай мұрасына арналған өлеңдер мен дастандар туралы да мағлұмат бар: «Абай туралы жазылған бұрыңғы-соңғы естеліктерді жинап, архив қазынасынан екшеп, өз алдына топтастырып жариялауды архивтанушы аса еңбекқор шәкіртім, ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының абайтану бөлімінің ғылыми қызметкері Бейсенбай Байғалиевке тапсырдым. Жуық арада бұл еңбек алғы сөз және түсініктерімен жарияланбақ» (6).
Ғылыми зерттеу келесі тараушалардан тұрады: Абайды танудың алғашқы кезеңі. Абай өлеңдерінің төңкеріске дейінгі жариялану, таралу жолдары. Абай мұрасын зерттеуші, насихаттаушылар. Абай мұрасының орыс тілінде танылуы. Абай мұрасының жаңа заманда зерттелуі. Абай мұрасы 1918-1926 жылдар аралығында. Абай мұрасы 1926-1940 жылдар аралығында. Абай мұрасының 1940-1945 жылдар аралығында зерттелуі. Абай мұрасының әр сала бойынша зерттелуі. Пайдаланған әдебиеттер. (мазмұны).
Абайтанушы М.Мырзахметұлының тәуелсіз әдебиеттануға қосқан негізгі үлесі кітаптың 1, 2 тарауларында айқындалған. Бұл зерттеуде М.Мырзахметұлы тұңғыш Абай өлеңдерінің төңкеріске дейінгі жариялануы; Абай мұрасын зерттеушілер туралы нақты ақпарат берген. Орыс тіліндегілерін бөлек сұрыптап алып қарастырған.
«Абай өлеңдерінің төңкеріске дейінгі жариялануы» тарауында «Дала уалаяты» бетіндегі өлеңдерден басталып Шайхисламұлы Жүсіпбек жариялаған, 1897 жылы Қазанда Бектұрған, Зейнелғабиден ибн-Әміре-әл Жаухари әл-Омскаяуидің (Уфа, 1909), Мұхамедсалим Кәшімов (1909, Қазан) бастырған өлеңдер қарастырылған. Абай мұрасын зерттеушілер кімдер? Осы ретте келесі есімдер аталған: Бөкейхан, Зейнелғабиден ибн-Әміре-әл Жаухари әл-Омскаяуи, Кәкітай Ысқақов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Самат Әбішұлы. Әдебиетші М.Мырзахметұлы тұңғыш рет аталған абайтанушылар туралы ғылыми деректер берген.
Әдеби тілдің тазалығы үшін күрескен Абай дәстүрі Зейнелғабиден, Торайғыров еңбектерінде одан әрі жалғастырылды. Зейнелғабиден түркі тілді халықтар ішінде таза сақталғаны» араласып көп өзгеріске ұшырағаны қазақ тілі деп айтуға жарайды»7, – деп қараған» [3:27].
Кәкітай Ысқақұлы Абай мұрасын қалай танытты? Оған былай делінген: «Революцияға дейінгі дәуірде Абайдың өмірі мен әдеби мұрасын танытуда елеулі еңбек еткендердің ішінде Кәкітай Ысқақұлының орны бөлекше. Кәкітайдың Абай мұрасын танытудағы басты еңбегі де Абай шығармаларының тұңғыш жинағын құрастырып жариялауы мен ақын өмірі туралы алғаш рет мәлімет беруінде жатыр. Кәкітай Абай мұрасын жинастырып, бастырудағы тарихи еңбегі жайлы Абай мұрасын зерттеушілер еңбегінде8 молынан айтылады да бірақ М.Әуезовтің монографиялық еңбегінде болмаса, басқа зерттеулерде Кәкітай еңбегі сын көзімен қаралмаған. Сондықтан да Абайдың дүниеге көзқарасының қалыптасуына Е.П.Михаэлистің әсері басым болды деген Кәкітай пікірі абайтану саласында көпке дейін орын алып келді» [29].
С.Торайғыров абайтанушы ретінде арнайы қарастырылған. Ең әуелі ол ұлт мүддесін қорғаушы ретінде танылды: «Ресей империясының қол астындағы мұсылман халықтарында ислам дінін насихаттау күшейіп, панисламистік, пантуркистік идеялар бас көтерді. Қоғамдық ой-санадағы бұл жай құбылыстың көрінісі, әсіресе, И.Гаспринский шығарған «Таржиман» газетінде дін бірлігі, тіл бірлігі ашық үгіттеліп жатты. Қоғамдық тұрмыста белең ала бастаған бұл құбылыстың зардабы сол тұста жарық көрген қазақ тіліндегі кітаптарға да тиді. Қазақ әдебиетінде әдеби тілдің шұбарлану процесі күшейді. С.Торайғыровтың сөзімен айтқанда: «Қазақ тілінде деп бастырылған кітаптардың көбінде қазақтың исі де жоқ. Неге десең тілдері бытбырық, бытбырық болмағандарының ағымы теріс»9[31].
Осы үрдіске С.Торайғыров Абай өлеңдерін қарсы қойды, қазақ тілінің үлгісі ретінде ұсынды: «Осы теріс ағым мен тіл шұбарлану процесіне қарсы С.Торайғыровтың алға ұстар үлгісі «соқыр кісі сыбдырынан танырлық Абай өлеңдері»10 болды. Рухы жағынан, шұбарланып бара жатқан қазақтың әдеби тілін таза сақтау, дамыту тек қана Абай негізін қалаған қазақ әдебиетіндегі халықтық дәстүрдің негізінде ғана болуы мүмкін деп, Абай мұрасының жаңашыл бағыты үшін күресті» [31].
С.Торайғыров Абайдың «әдеби тіл үшін күресін терең барлап бағалаушы ғана емес, ол көркемөнердің мәніне материалистік тұрғыдан қарап, Абайдың эстетикалық танымдарын да терең біліп, бағалай алды. Абайдағы эстетикалық ойды өз шығармасына батыл ендіруімен бірге оны замандастарынан да талап еткен. «Керекті-керексіз сөзді өлең деп қуанып жаза беру – дерті жоқ кісінің ыңқылдағаны, толғағы жоқ қатынның бебеулегені қандай жексұрын болса, бұл да сондай жексұрын болады11, – деп жазды. Сұлтанмахмұттың пікірінше, әрбір көркем туынды нағыз өмір шындығының қазанында қайнаған қанның, қиналған жанның, толғатқан көңілдің, толғанған жүректің сығындысы» болуы керек» [31].
Абайды танытушы С.Торайғыровтың басты талабы – өмір шындығын бейнелеу. Сұлтанмахмұттың ойынша, басқалардың басты кемшілігі – өмірдің ащы шындығын, ақиқатын бере алмай адасуында. Сондықтан «Абайды, шын мәніндегі, ақиқаттың жыршысы – реалист ақын ретінде танып, қазақ қауымының ой-санасындағы жаңа бағытты ақындықтың бас бәйгесін ұсынғандықтан да: «Ер Тарғын», «Қобыландыны» оқып байқа, /Абайды оқы, таңырқа, басың шайқа/. Ақындықтың қуаты есіңді алып, / Бас алмастан оқырсың қайта-қайта, – дейді» [32].
М.Мырзахметұлы «Қазақ» газетіндегі Абайтануды бөліп алып қарастырған. А.Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны», М.Дулатов «Абай», «Дау құмар», Нәзір Төреқұлов «Әдебиетімізге көз салу» мақалалары қарастырылған. Аталған үш мақалада теориялық ойлар қамтылған. Соңғы мақалада («Қазақ» 1916, № 164) былай делінген: «Ал Нәзір Төреқұловтың «Әдебиетімізге көз салу» деген мақаласы «Қазақ» бетінде айтылған пікірлерді жалғастыра отырып, Абай мұрасы жайлы тіпті ғылыми теориялық байламдарға келеді. Яғни автор «Абайдан кейінгі қазақ әдебиеті қай жолмен, қай бағытпен жүруі керек? Кімге ерсек жөн болмақ?» деген үзілді-кесілді сұрақты қоғамдық ойдың сарабына салумен ерекшеленеді. Міне, осындай пікірталасы өріс алған дәуірде қазақ әдебиетінің негізгі нысана ретінде ұстанар бағыт-бағдары, темірқазығы не болу керек деген өзекті мәселеге мақала авторы: «Бұл мәселені мен орыс-европа әдебиетіне еру мақұлырақ болар деп шештім... Өйткені татарда Тоқай, қазақта Абай баршалары франк, орыс әдебиеттерінің пікірлері, идеяларымен мәлім болды, баптанды», – деп, өзінің көзқарасының тұрғысынан нақтылы әрі дәлелді жауап береді» [36].
М.Мырзахметұлы абайтанушы Самат Әбішұлы туралы мағлұмат береді. 1916 жылы Орынборда шыққан Абай өлеңдерінің жинағын «Абай термесі» деген оймен жарияланған осы С.Әбішұлы еді. М.Мырзахметұлы осы жинақты Мүрсеиіт қолжазбаларымен салыстырып талдайды. Сонымен қатар Зейнелғабиден («Насихат-Қазақия») және М.Әуезов архивінде сақталған мәтіндер де салыстырылған. Осы тұста Абай мен М.Дулатов өлеңдерін алғаш рет орыс тілінде аударғандардың бірі деп – Сабатаев Сатылған аталады (Абайдың «Жаз» өлеңін орыс тіліне қарасөзбен аударған). Абайтанушы М.Мырзахметұлы мынадай тұжырымға келеді: «С.Сабатаев 1874 жылы Жетісу облысы, Верный уезіндегі Үлкен Алматы болысында туған. Ата-анадан ерте айырылып, Верныйдағы Ерлер гимназиясында оқиды. Мәскеудегі Лазарев атындағы Шығыс тілдері институтына түсіп, оны 1899 жылы аяқтайды (1872-1902. Тридцатилетие специальных классов Лазаревского института восточных языков. Памятная книжка, Москва, 1903, стр. 105)...
С.Әбішұлы тарапынан басылым көрген «Абай термесі» түпнұсқамен дәлме-дәл келетіні айтылған: «1909 жылғы жинақтан басқа жарық көрген Абай шығармаларының бәрінен де жоғары тұрғаны ешқандай талас тудырмайды, Самат құрастырған «Абай термесіндегі» Абай өлеңдері сөзсіз Мүрсейіт көшірмелерінің біріне сүйенуі себепті абайтану тарихында өзіндік елеулі орны бар ерекше құбылыс. Осы себепті де бұл «Абай термесі» жинағы 1909 жылы жарияланған тұңғыш жинақтан соң, Абай шығармаларының екінші жинағы болып енуімен-ақ жалпы абайтану тарихында өзіндік орны бар елеулі басылым ретінде бағалана бермек» [44-45].
«Абай мұрасының орыс тілінде танылуы» тарауында М.Мырзахметұлы «Айқап» бетіндегі мақаладан бастап, Халиолланың тікелей әсері болғаны айтылған. М.Әуезовке сілтеме жасай отырып Халиолланың Тургенев, Лермонтов, Толстой, Белинский, Добролюбовтарды оқығаны айғақталған.
Абайды орыс тілінде танытушылар ретінде Ә.Бөкейхан, Нұқ Рамазанов, Сатылған Сабатаев, Нәзипа Құлжанова, ағайынды Белослюдовтар, Потанин аталған. Ә.Бөкейханның («Абай Құнанбаев» (некролог), Тұрағұл Абайұлының ақын шығармаларын жинап, императорлық Ресей Географиялық қоғамының Семей бөлімшесі арқылы жариялағаны айтылған: «Өйткені 1928 жылы Тұрағұл (Тұраш) тәркілеуге ілініп, айдалып кетуіне байланысты ақтаңдаққа айналып, абайтану тарихында сөз етілмей келгені жұртшылыққа танымалы жай» [47].
Достарыңызбен бөлісу: |