Дәл бұлай айту Жамбылға жарасымды. Жетісу өңірінде ақынның табаны тимеген жер бар ма екен, сірә. Кезінде киелі Түркістан өлкесіне сапар тартып барып, оңтүстіктің ақындық дәстүрімен жете танысудың өрнегі Жамбыл өлеңдерінен айқын аңғарылады. Өмірді көру мен көңіліне тоқу жөнінен Жамбыл өз уағының алдыңғы қатарлы перзенті. Қартайып қуаты қайта бастаған шақтағы тап келген қиындық атаулыға мойымаған. Коммунистік жүйенің шексіз қамқорлығына бөленіп, атағы дүркіреп әлемге тарағанда – Аяз би жарықтықтың өсиетін бұлжытпай орындаған Жамбыл ағайынға асып-таспай бұрынғы жаратылысынан бір мысқал өзгеріп көрмеген. Кәрілік терең дендесе де ақыл-ойының тұнықтығынан айырылмай «домбырасын қолға алып» өлең шығарудан танбаған. Мүсінші Хакімжан Наурызбаев: «Жамбыл болмысынан шынайы қазақ болмысын көрем», – дегені тегін емес-ау. Әдебиетші ғалымдардан Жамбылдың ақындығы туралы айтып беруін өтінген едік. – Жамбыл Жабаев шығармашылығына қатысты біздің әдебиеттануда екі түрлі көзқарас бар. Советтік қазақ әдебиеттануы Жамбылды партия мен коммунизмді мақтаған, советтік дәуірді жырлаған ақын ретінде ғана таныстырады. Ал тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиеттануының басты мәселелерінің бірі – Жамбылдың советтік әдебиеттану анықтамай кеткен ақынның көркемдік әлемін зерттеп білу. Кезінде тек партия мен коммунизмді, Сталин мен Ленинді ғана мадақтады деген халық ақынының көркемдік әлемі тек сол тақырыптарға ғана бағытталмағанын қазір анық айтуымыз керек. Жамбыл Жабаевтың шығармашылық ерекшелігін анықтап берген зерттеулердің бірі 2001 жылы шыққан Серік Негимовтің «Ақын-жыраулар поэзиясы» монографиясы. Осы еңбекте Жамбыл шығармашылығы жаңа көзқарас тұрғысынан сараланған. Ақын шығармаларының көбі көзі тірісінде редакциялауға көп түскені айтылады. Маңайындағы хатшылары жыр алыбының көмейінен төгілген күміс жырларына «партия», «пленум» деген сияқты сөздерді қосып отырған. Шынында да Бұқар жырау, Ақтамбердіден келе жатқан жыраулық дәстүрдің ізімен «Отан», «қазақ», «халық», «ұрпақ», «тарих», «дәуір», ұлттық мүдде: «елдің мүддесін жоқтап келдім» деген мәселелерді қозғаған ұлы ақын тек партияны жырлады дегенге кім сенеді? Кейде тақырыпқа қатысты Отанын, яғни Совет үкіметін жырлаған шығар, сол кездегі Сталин мен Лениннің халыққа жасаған істерін сол қоғамның азаматтары ретінде айтқан шығар. Бірақ «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлеймін сыйынбай! Сырлы сұлу сөздері – маған тартқан сыйындай!» – дейтін Жамбылды күні-түні тек сол екі көсемді жырлады дегенге қазір біз сенбейміз. Өйткені, ол мүмкін емес. Мәселен, Марк Тарловский Жамбыл туралы былай деген: «Көшпелі сөз зергері, жыр айтудың көшпелі академиясы Жамбыл туған жерінің тауы мен даласын ұзақ жылдар талмастан кезумен өткізген». Менің бір байқағаным, Жамбылдың қай шығармасы болсын, айтысы болсын,біреуге қаратып айтқан сөзі болсын, басты тақырыбы – елдің, қазақтың мүддесін көздеген. Оған бір дәлел – «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Саурық батыр» сияқты тарихи тұлғаларға арнаған дастандары. Совет үкіметі кезінде осындай батырларды жоқтауының өзі неге тұрады. Яғни ақынның басты тақырыбы ұлт мүддесі болғандықтан тарихи толғаған.
1946 жылы «Сыздыққа» деген өлеңі шыққан. Өлеңнің басты кейіпкері – Кенесары Қасымұлының ұлы Сыздық төре. Осы өлеңде қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының көсемдері Кенесары мен Наурызбай сұлтан бейнелері халық батырлары ретінде алынған. Сыздық сұлтан мен Жамбыл достық қатынаста болған.
1880 жылы Сыздық Кенесарыұлы ақынмен бірге Қырғыздардың Орман ауылына барғаны белгілі. Осы сапардағы айтыста Жамбыл ақын Кенесары, Наурызбай батырлардың ұлт қозғалысының қаһарманы болғанын жырлаған. Егер ақын Советтік заманға риза болған болса, сол кезде атын айтуға тиым салынған Кенесарыны жырлап несі бар? Жамбыл Сыздық төренің басынан өткен тарихының бәрін осы жырында бізге аманат етіп қалдырды. Күні бүгін Сыздық төренің Қырғызға барып анадай істер атқарғаны, тағы да басқа өмірі жайлы Жамбыл жырларынан басқа нақты тарихи деректер бізде жоқ. Совет кезеңінің тарихшылары мұны жазған емес, жазбайды да.
Ақын шығармаларына үңілсеңіз, халықтық сөздерді көп кездестіресіз. Соның ішінде осы күнде қолданыстан түсіп қалған керемет тіркестер көп кездеседі. Мәселен, «балықша бұлттың жүзгені», «ақ матасы – күмістей, жері кілем – пүліштей» дейді ақын «Өтеген батыр» дастанында. Дастанды ақын «Жырлаған ескен жел маған, Бұл жырды мен естігем жұлдыздың аққан көгінен», деп бастайды. Мұндағы жыр ескен желмен келеді деуі ата-бабадан келе жатқан дәстүр. Тәуелсіздік кезеңінің қазақ әдебиеттануы Жамбыл Жабаевтың көркемдік әлемін зерттеуге көбірек мән беруі керек. Бұрынғы идеологияға ұшыраған өлеңдерін қайта қарап өз қалпына келтіру қажеттілігі тұр. Ақынның әр өлеңін алып қарасаңыз, «ақ», «алмаз», «асыл» деген сөздер көп кездеседі.
Соғыс кезіндегі ленинградтықтарға арнаған өлеңдерінде Отанға деген үлкен сүйіспеншілік сезімі көрінеді. Ұлтына, жеріне қарамай, бүкіл халыққа келіп тұрған қасіретті бір Отанға төнген қауіп деп қабылдауы, Отан деген қасиетті ұғымды ерекше құрметпен сөз етуі, қазаққа ғана тән үлкен аталығының белгісі. «Қазақтың тиеп алған көп мақалын, Мен өзім көпті көрген ақ сақалмын». Төлеген Тоқтаровқа арнаған өлеңінде «өткір қияқ», «болат қияқ» деген тіркестер бар. Бұл жерде майдан алаңындағы қазақ жастарының қолдың артында жүрмей, жарқылдап алғы шепте қол бастаған батырлығын айтып отыр. «Совет гвардеецтеріне» деген өлеңінде «қардан кебін кигізген» деген тіркес кездеседі. Мен мұндай тіркесті басқа ешбір жерден кездестірген емеспін.
Майданда шаһит боп кеткен боздақтарға айтылған мұндай бейнелі сөз, тіпті орыс поэзиясында да жоқ шығар деп ойлаймын. Қай өлеңін алсақ та, атадан қалған асыл сөзді жаңғыртып айтуымен құнды. Оны ақын «Ата-баба мұраты – көздің қара-ағыдай» деп өлеңінде де көррсетіп кеткен. «Өтеген батыр» дастанында ел мүддесін жоқтағалы келдім дейді ақын. Ақынның ақындық әлемін анықтап алу қазіргі күннің қажеттілігі. Өйткені, көзі тірісінде мұндай қиянатқа ұшыраған ақын көп емес.
Жырларын оқып келе жатқанда толғауларының ішіндегі өзгертілген сөздер анық байқалып тұратыны рас. Ақын Совет кезеңінде сый-құрметті көрді ғой, сол да жеткілікті деп, ол кісіге жасалған қиянатты айтпай қалуға болмайды. Жамбыл – бабалар сөзін жалғастырушы. Жамбылды осы тұрғыдан қарастырудың негізін бізге С.Негимов салып берді. Өлеңдері мен дастандарын сүзіп, өз қалпына келтіру қазақ әдебиеттануының алдында тұрған үлкен міндет. Әлі де болса, Жамбыл ақынның архиві қайда, ол қолымызға қашан тиеді деген сауалдар бар. Біз осыны мәселе ретінде көтеруіміз керек.